АЙТЫСҚА ҚОЛДАУ ЕРЕКШЕ

АЙТЫСҚА ҚОЛДАУ ЕРЕКШЕ

Тұрар ТІЛЕУЛИЕВ,  айтыскер ақын, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы Түркістан облыстық  филиалының төрағасы: 

– Тұрар, өзіңді сахнадан танитын көрерменді ақындық жолды  қалай бастағаның қызықтырады. Әуелгі әңгімені осыдан тарқатсақ?

– Менің туып-өскен ауылым Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Бесарық ауылы. Сол жерде №54 Жүсіп Қыдыров атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Түркістандағы Қ.А.Ясауи университетінің философия мамандығына оқуға түстім. Әкем Сәрсенбай сол ауылдағы қарашаңырақтың қазынасы болып отыр. Өкінішке қарай, анам Райымкүлден пандемия кезінде мәңгілікке айырылып қалдық. Өзім сол мектеп бітірген  жылдан осы Түркістан тұрғынымын. Негізі қандай өнер де ақындық,  қолөнер, ұсталық, мал бағу, тіпті төрт түлікке ие болатын баланың да қасиеті бабадан балаға мұра болып қанмен келеді деп ойлаймын. Біздің Төребай деген бабамыз жыршылықты, ақындықты ұстанса, өзімнің атам Дүйсенбі ауылдың алты ауызын, жарапазан, қисса-дастандарды жатқа айтатын кісі болған екен. Әкемнің кіші қарындасы «атамыздың сәл мазасызданып, түнімен қисса-дастандар айтып шыққаны ертеңіне білініп тұратын» деп айтып отыратын. Әкем Сәрсенбай да төрт-алты қатар өлеңді бұйым құрлы көрмейтін жан. Қаратау мен Сырдарияның дәл ортасындағы Ақтас деген ыстық су шығатын, небәрі он шақты үй тұратын мекенде әкеміз Манап Көкенов, Әбдікерім Манаповпен бірге қатар қоныстанған. Мектепте мұғалімдер мерекеге арнап өлең шығарып келіңдер десе, әкемізге жаздырып, өзім шығардым деп апарып көрсететінбіз. 

–   Өзіңізді     айтыссүйер    көрермен   Бекарыс Шойбековтің төл шәкірті деп таниды. «Айтыстың арыстанынан» үйренгенің көп болар?

– Иә, әрине. Бекарыс ағамыздың айтыстарын бала кезден ауылда теледидардан көріп өстік. Жарық сөніп қалса да көліктің аккумуляторын  қосып, ауылдықтар сөз қақтығысын тамашалаудан жалықпайтын тамаша жылдар еді ғой. Біз балалығымызда сол ұлттық өнермен бірге өсіп, тәрбиелендік. Әлі есімде, 2008 жылы ХҚТУ-дың Мәдениет сарайында «Бекарыс Шойбековтің айтыс үйірмесі әр аптаның бейсенбі күні сағат 15:00-де, 301 (қателеспесем) кабинетте болады» деген хабарландыруды оқып қалдым. Ол кезде домбыраны да дұрыс шерте алмаймыз, облыстық, аудандық, тіпті мектептегі айтысқа шықпаған баламын. Тек оңашада өзімше айтысып, өлең құрап жүрген кезім. Қызығушылықпен Бекарыс ағаның  үйірмесіне кіріп барсақ, 25-30 шақты бала отыр екен. Барлығы өзіміздің университеттің қазақ тілі мен әдебиеті, филология, өнер факультетінің студенттері. Әсіресе, тең жартысы Алтайдан, Баянөлгейден келген  қандастарымыз. Бекарыс аға барлығымыздан қандай өнер бар екенін сұрап,  айтқызып жатыр. Кезек маған келгенде: 

Бұл Түркістан болғанда мен Жаңақорған, 

Оншалық қашықтық жоқ арамызда. 

Айтысты меңгерсем деп келіп тұрмын,

Беделді Бекарыстай ағамызға, – дегенмін. Барлығымыздың аты-жөнімізді жазып алып, «әй, сен дәу қайдансың?» дегенде Манап пен  Әбдікерім ақындардың ауылы Бесарықтан екенімді біліп, ол жерде талай жақсы-жайсаңдармен араласқанын айтып, одан әрмен қуантқаны бар. 

Келесі сабақта әлгі отыз баланың он бесі ғана отырдық. Барлығы да айтыстың оңай өнер емес екенін білген сияқты. Бекарыс аға арасында айтысқа кетіп қалады, келгенде жүлдемен оралады. Айтыстағы қызықтарды айтады. Дәурен  Полатбаев, Ержан Әміров, Қанат Жандабай, Жанғали Мұсабаев, Жайна Ерахмет сияқты бірнеше өрен осы үйірмеде ұлттық  өнердің бастауынан сусындадық. Олардың көбісі оқу бітірген соң ауылдарына, тағы басқа қалаларға кетті де, мен жалғыз өзім-ақ қалдым. Республикалық айтыстарға қатыса бастадым. Түлкібаста, Отырарда өткен  айтыстар менің сахнадағы алғашқы баспалдақтарым. Осы айтыстарда Әселхан, Маржан апаларымның көзіне түстім. 

Бекарыс аға бәйгеге алғаш әкеліп қосқанда мені саспасын деді ме екен, қасыма келіп «нешінші жұп шығасың?» деді. «Үшінші» деп едім, «онда мен  сенің айтысыңды көріп үлгере алмайын деп тұрмын, көкпарға асығып тұрмын» деп кеткен. Кейін білсем, ешқайда да кетпей, үлкен кісілермен  бірге сахнада отырып көрген екен. Тек мені қорықпасын деп ойлаған  жанашырлығы екен. Осылай томағамызды сыпырып, түлетті ғой. Кейін  өлеңнен бөлек, өмір жолымызда табысып, туыстай араласып кеттік. Ағадан  үйренген ең үлкен қасиет – қарапайымдылық. Соншама биікке шығып,  танымал болса да қарапайым қалпын сақтап қалған жан.  

– Түркістан ежелден рухани астанамыз. Ал, ұлттық  өнерді түлетуге қасиетті шаһарда қандай бастамалар жүзеге асуда?

– Орынды сұрақ. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы бастаған  басшылықтың айтысқа көзқарасы оң және бұл нақты тірліктермен жүзеге асуда. Биыл қаңтар айынан бастап Халықаралық одақтың Түркістан  филиалындағы төрағасымын. Айтыс өткізу, оған демеушілерді немесе  ұйымдастырушылар тарту мәселесін Бекарыс аға шешсе, одан кейінгі шаруаның барлығын одақ филиалы атқарады. Ақындардың жатын орны, жол билеті, айтысқа келіп-кетуі, ісқағаздарын дайындап, шауып-шапқылаймыз. Қуантарлығы, облыс әкімдігі қолдап отырған соң, бұдан аудан әкімдіктері де тыс қалмайды, тіпті ықыластары зор десем де болады. Мәселен,  құрылғанына небәрі 3 ақ жыл болған Сауран ауданы үш дүркін  республикалық айтыс өткізді. Кентау қаласында бұрын-соңды тарихта айтыс болмаған деп айтылады. Міне, Қаратау тәжі де осы олқылықтың орнын  толтырып, үлкен сөз додасын өткізді. Ордабасы, Шардара, Созақ аудандары да тыныш жатқан  жоқ. Келес ауданы да кеше бөлініп шыққан өңір болса да,  айтыскер Жарқынбек Наушабеков ағамызды ұмыт қалдырмай, рухына бағыштап, еске алу мақсатында жылда айтыс ұйымдастырады. Облыс әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет және туризм басқармасының  ұйымдастыруымен Түркістан және Жамбыл облысы өнерпаздары командалық жарыс өткізіп, айтыс, күй, терме жанры бойынша бақ сынасты. Нәтижесінде түркістандықтар келесі айналымға жолдама алды. Осының барлығында айтыстың «сен тұр, мен атайын» сайыпқырандарымен бірге Түркістанның жас таланттары да танылып жатыр. Бұл игі іс алдағы уақытта да жалғасады деген ойдамыз. Айтыс барда қазақы өнер өлмейді. 

– Сұхбат бергеніңізге алғыс білдіреміз.

 

 

Әңгімелескен – Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ

Д.Тойлыбайқызы
24.07.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЛАР ЖАЛҒАСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 67
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 121
 ОТЫРАРЛЫҚ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРҒА ДУБАЙҒА ЖОЛДАМА ТАБЫСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 29
ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 70
ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 68
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 121
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 154
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 156
Жарқын жобаның жемісті жалғасы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 146
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 153
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 159
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 153

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11282
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10217
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 13463
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 12417
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 17425