Облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында 2023 жылы елді мекендерді сумен қамту және жолдарды жөндеу мәселелері қаралды. Облыс бойынша биыл 650 шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарлануда. Өңір басшысы Айдарбек Сапаров 1 мамырға дейін құрылыс-монтаждау жұмыстары мен техникалық қадағалау жұмыстарының конкурстық рәсімдерін аяқтауды жеделдетіп, бөлінген қаржының дер кезінде игерілуін ерекше бақылауға алуды, жобалардың кестеге сай орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Мердігерлер өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, оларды жосықсыз компаниялардың тізіміне енгізе отырып, шарттарды бұзу шаралары қабылдануы тиіс. Сондай-ақ нысандарда техникалық қадағалау мамандарының жұмысын бақылауға алу қажет.
Сумен қамту мәселесі бойынша облыс әкімі барлық аудандарда қаржының дер кезінде игерілуін ерекше бақылауға алу, жобалардың кестеге сай орындалуын қамтамасыз ету керектігін атап айтты.
Сонымен қатар, сумен жабдықтау нысандарын сенімгерлік басқаруға беру жұмыстарын жандандыру қажет. Петропавл қаласының әкіміне магистральдық желілерді қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасын уақытылы әзірлеуді қамтамасыз ету тапсырылды.