Бүгінде қайраткер-қаламгер, айтулы ақын Шона Смаханұлының есімін білмейтін қазақ жоқ. Еліміздің қай түкпіріне барсаңыз да, осы бір «алмас қылыштай жарқ-жұрқ еткен» Шонаның (Асқар Тоқмағанбетовтың теңеуі) атына қанық. Көзінің тірісінде-ақ «Шоқ тілді Шона» атымен танылған сатира саңлағы биыл 100 жасқа толып отыр. Осыған орай таяуда ақынның туған өлкесі, Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында жерлестерінің ұйытқы болуымен ғасырлық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Бұл, сөз жоқ, Шонаның ақындығына қоса, қазақ балабақшалары мен мектептерін ашу жолында шовинистік пиғылдағы шенеуніктермен бітіспес айқасқа түсіп, күресіп өткен қайраткерге деген халық құрметінің көрінісі. Әрине, аталған іс-шара сонымен бірге халық тілегін құп алып, қолдау білдірген жергілікті биліктің біліктілігін де танытады. Негізінен, біздің айтпағымыз бұл емес. Айтайын дегеніміз – өзінің ғұмырында артында өшпес із қалдырған Шона Смаханұлының 1986 жылы Алматыдағы қазақ жастарының толқуы кезінде шерушілермен бірге алаңда болғаны туралы әңгіме. Жасыратыны жоқ, халық арасында «Желтоқсан көтерілісі кезінде қазақ зиялылары мен оқығандары қайда болды? Баррикаданың қай жағында тұрды?» деген сауал жиі қойылады. Бұл жазба сол сұраққа қайтарылған жауаптың бір парасы десе болады.
Енді бұл әңгімені кім айтып берді дегенге келсек, мұны бізге жеткізген сатирик ақын Мыңбай Рәш еді. Үстіміздегі ғасыр басында Жазушылар Одағында әдеби кеңесші қызметін атқарған Мыңбай ағамызбен біз жақын араласып тұрдық. Кезінде классик жазушы Ғабит Мүсіреповтың өзі жоғары бағалаған ағамыз шын мәнінде өткен-кеткенді, қазақтың айтулы тұлғалары арасындағы интригалардан жақсы хабардар және соны өрнекті тілмен майын тамызып жеткізе білетін сезімтал, тапқыр, әңгімешіл кісі еді. Есте сақтау қабілеті тіпті сұрапыл-тұғын. Не айтса да жаңылмай, айы, күні, сағатына дейін дәл көрсететін. Кейде сатира тілінде шымшып-шымшып, ішек сілеңді қатыратыны өзінше бір әлем. Ұмытпасам, «Бір өзі – бір театр» деген лақап аты да болды. Ол айтатын әңгіменің бір парасы әріптес ағасы, сатира сайыпқыраны Шона Смаханұлы туралы естеліктер.
Мыңбай Рәш ағамыздың Шона Смаханұлымен бірге Желтоқсан көтерілісіне қалай қатысқаны, онда не істегені туралы әңгімелеген бір хикаятын хатқа түсіріп, оқырманға ұсынғанды жөн көрдік. Рухтары шат болсын!
– 1986 жылдың желтоқсаны ешқашан ұмытылмайды. Тізгінді қолға алған қалдыбас хатшы М.С.Горбачев бірден іске кірісті. Қазақта қандай әкесінің өші бар екенін кім білсін, бірінші болып Қазақстанды қырына алды. Көшке берген тайлағын даулауды Қонаевты қудалаудан бастады. 16 желтоқсан күні таңертең Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің кезектен тыс шұғыл шақырылған пленумында небәрі 18 минутқа созылған мәжілісте қадірлі ақсақалымызды қызметтен алып, орнына бұрын қазақ жұртына белгісіз, бір мұрны қоңқиған Колбин дегенді қонжитты. Мұны қазақ жастары қорлық деп түсінді, басыну, менсінбеу деп ұқты. Ашуға булықты. «Көлденең келген көк атты» Колбинді өздеріне місе тұтпай, алаңға ағылды, «Қаңғып келген шүрегей, табаныңды жалтырат!» деп айбат шекті. Биліктен болған жайды түсіндіруді талап етті. «Қазақстанға қазақ басшы болсын» деп ұрандатты.
Мұндай болады деп ешкім күтпегені анық. Тұрғындарының үлес салмағы 70 пайыздан астамы басқа ұлт өкілдері болып табылатын Алматы сияқты «орыс менталитеті» ұрып тұрған қалада көтеріліс бұрқ ете түседі деп ойламаса керек. Алайда, еркіндік сүйгіш ер қазақтың әлі рухы тірі екен, өлмепті, намысы тапталмапты. Желтоқсан сойқаны соны дәлелдеді. Әсіресе, Кремль қожайындары қатты састы. Оқиға әп-сәтте бүкіл Қазақстанды шарпыды. КСРО-ның бас хатшысы М.С.Горбачев бастаған, Г.В.Колбин қоштаған, оқиғаға қатысы бар өзге де лауазым иелерінің бетперделері сол сәтте сыпырылып түсті. Үш күн бойы Алматы мен өзге қалалар аяғынан тік тұрды. Үкімет адамдары істің байыбына бармай жатып, шеруші қазақ жастарына жала жапты, оларға «хулигандар», «нашақорлар», «ұлтшылдар» деп айып тақты. Мен көтерілістің туу себептеріне тоқталмай-ақ қояйын, оны тәптіштеп түсіндіріп жүрген тарихшылар мен саясаттанушыларға қалдырайын да, тек өзім көрген, құлағыммен естіген, куә болған сәттерден бірер үзік әңгімелеп берейін.
Біздің пәтеріміз ол кезде Брежнев алаңынан қашық емес еді. 17 желтоқсан, түс ауған мезгіл болатын. Мен үйде едім. Бастықтың тапсырмасы бойынша қағаз шимайлап отырғанмын. Көңіл күйім де онша емес-тін. Кенет телефон безілдеп қоя берсін. Тұтқаны селқос көтеріп, құлағыма тостым: «Алло!» дедім. Сөйткенше болған жоқ, сымның ар жағынан: «Мыңқа, сенбісің?» деген таныс дауыс естілді. Сосын менің жауабымды күтпестен: «Әкәу, неге тым-тырыссың? Қалада болып жатқан дүрбелеңнен хабарың бар шығар? Құдай үшін, «естімедім» демеші», – деді. Иә, бұл өзімсіне тіл қатқан әріптес дос-ағам Шона Смаханұлы болатын.
Мен: «Әрине, Шөке, естідім. Дүние дүрбелеңге толып, Алматы аласапыран күй кешіп жатыр дей ме?..» – дедім, барынша жайбарақат көрінуге тырысып. Кешелі ішім алай-дүлей болып, қуықтай тар үйге сыймай жүргенімді ол қайдан білсін!
– Солай!.. Ленин сарайында «Тамаша» өтпекші еді, мен сонда көрінбекші едім. Кейінге шегеріпті. Билет жеткілікті сатылмай қалған дей ме, қазақтар билет алмаған дей ме, әйтеуір қым-қиғаш бірдеңе... Әлбетте, үкімет қарап жатпас... Бәрінен жастарға обал болды. Оларға бас-көз болып жүргендер болса жақсы, болмаса ше? Жағдай қиын.
– Телефонның ар жағынан сампылдап сөйлеп тұрған Шөкең бір сәт үнсіз қалды. Жаны нәзік ақынның ет-бауыры езіліп тұрғанын көрмесем де сездім. Қысқа үзілістен соң Шөкең қайта әңгімесін жалғады:
– «Жастарға жол көрсету – қарызың, өнеге болу – парызың» демей ме қазақ. Қарызда қалмау үшін алаң жақты барлап қайтсақ, қарсы емессің бе?
Менің де күткенім осы еді. Көзім жарқ етті.
– Делебем қозып әрең шыдап отыр едім, барсақ барайық. Үкіметтің түрі жаман, бір сұмдықты ойластырып жатпаса неғылсын?! – деп сөйлей терезеден сыртқа көз тастадым. – Шөке, естіп тұрмысың, біздің Байсейітова көшесімен алаңға қарай ағылып жатқан жұртта сан жоқ. Сіздер жақта не болып жатыр?..
– Біздің Интернациональная көшесі де (қазіргі Сырбай Мәуленов көшесі) қара-құрың жұртқа толып тұр, – деді Шона. Байқаймын, үнінде бір түрлі абыржу, қамығу бар сияқты. – Онда келістік, екі сағаттан соң «Қымызхананың» қасында жолығайық!
Келіскендей, сағат алтылар шамасында «Қымызхананың» алдында жолықтық та, жолдың қарама-қарсы жағына өтіп, жоғары өрлеп алаңға келдік. Алаң теңіздей толқиды. Айқай-шудан құлақ тұнады. Шерушілер мен милиция жасағы қақ жарылып, бір-біріне қарсы қарап тұр екен. Милицияның қолында дубинка, қалқан, бастарына темір каска киіп алған. Олардан сәл әріректе қасқыр құлақ ит жетектеген әскерилер көзге түседі. Адамдардың тығыздығынан алаңға өту мүмкін болмады. «Он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыттай» матасып кеткен қалың нөпір. Барған сайын нөпір қалыңдап, алға басу мүмкін болмады. Дегенмен, жастармен иін тіресе жүріп, композитор Ескендір Хасанғалиев тұратын көп қабатты үйге жеттік. Одан әрі басқышпен жоғары көтеріліп, бір бұрыштан ыңғайлы орын тауып, сол жерге орнықтық. Алаң көз алдымызда. Дауыл алдындағы теңіз секілденеді. Жастар қосылып патриоттық әндер шырқады. Бір кезде Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні шарықтай жөнелді. Оны айтқанда жастар бір-бірінің қолтығынан ұстап, ажырамайтын біртұтас организмге айналып, арқаланып бара жатты. Ән біраз уақытқа дейін алаң үстінде қалықтап тұрды.
– Шәмші әнінің құдіреті-ай десейші! Не деген күш, не деген қуат! – деді Шона риза кейіпте.
Шона болмысында өте батыл, батыр адам деуге де болады. Сонымен бірге шыдамсыз, мазасыз да болатын. Әділетсіздікке төзбейтін, жарықтық. Алыстан милиционерлердің жастарды топтан тартып алып жатқанын байқаған Шөкең қарап тұрмай:
– Ой, өңшең, бетімен кеткендер, бұл не деген бассыздық! – деп бар дауысымен айғай салды. Бірақ оның айғайын ешкім естімеді. Жан-жақтан жамыраған айқай-шу Шонаның айғайын көмейінен шықпай жатып жұтып қойды. Трибунаға жақын тұрған жастар: «Далой, Колбина!», «Колбин табаныңды жалтырат!» деп ұрандатады. Бір кезде сол жақ қапталда бір автобус отқа оранды. Ашуға мінген жастар автобусты төңкеріп тастап, өрт қойып жіберіпті. Қырсық тигенде, автобус толы милиционерлер екен. Олар есіктен, терезеден қашып шығып, басы ауған жаққа қарай зытты.
Дауыс күшейткіш арқылы: «Бассыздықты дереу доғарыңдар! Жатақтарыңа қайтыңдар! Егер жалғастыра берсеңдер, арты жаман болады. Жастар, бізге күш қолдануға мәжбүрлемеңдер!» – деген біреудің қарлығыңқы дауысы естілді. Бірақ оған ешкім құлақ аспады. Одан кейін де қарама-қарсы бетте тас трибунада тұрған шен-шекпенділер бірінен соң бірі сөйлеп жатты. Жастарды қорқытып-үркіткенмен қоймай, ауылдағы әке-шешелеріңе хабарлаймыз, жұмыстан қуамыз деді. Алайда арқаланып алған шерушілеріміз бақпады, тіпті «пішту» деген жоқ. Көзім жеткен бір нәрсе: алаңға жиналған жастар Дінмұхамед Қонаев пен Олжас Сүлейменовты көп іздеді. Алдымызға шығып, мән-жайды түсіндірсін деді. Бірақ олардың уәжін ешкім тыңдамады. Осы кезде қалың нөпірдің арасынан ғалым Сәбетқазы Ақатаевты байқап қалдым.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демеуші ме еді қазақ. Дәл соның өзі болды. Біз күтпеген көрініске тап болдық. Қалың нөпір арасынан, басынан аққан қаны омырауына дейін сорғалаған жүзі таныс бір кісі топты жарып шығып келе жатты. Үстіндегі тоны алба-жұлба. Бет-ауызы шие жегендей қып-қызыл. Бірден байқамаппын, анықтап қарасам, оны екі жағынан екі жігіт жетектеп (олардың үш әріптің адамдары екенін кейін білдім ғой) алған екен. Ол бізге жақындай түсті. Кенет оның бейнесі санамда сап ете түсті. Өз көзіме өзім сенбедім.
– Ойбай-ау, мынау өзіміздің Әзірбайжан ғой! – деп қалай айқайлап жібергенімді байқамай қалдым.
– Не дейсің?! – деп түкке түсінбеген Шона таңырқай маған қарады. – Көзімнің катарактасы бар екенін білмеймісің, алыстан айыра алмай тұрғаным...
– Қалжыңдап тұрған шығарсың, Шөке, – деп оған жақтырмай қарадым. – Кәдімгі Кеңестер Одағының халық әртісі, Ахмет Жұбановтың күйеу баласы режиссер Әзірбайжан Мәмбетовты айтамын? – дедім дауысымды нығырлай түсіп.
– Ә, сөй демейсің бе?.. Ай нәлеттер-ай, ә! – деп «рас па?» дегендей алдына сүзіле көз жүгіртті. Әзірбайжанды қапсыра қолтықтаған екеу дәл жанымыздан қол созым жерден өте бергенде, кіжінген Шона қойнынан бір қолақпандай таяқты суырып алып, «Ой, әкелерің сендердің!» деп тура ұмтылсын. Зәрем ұшты. Шап беріп жеңінен ұстай алдым.
– Шөке, мұның не? Бәлесінен аулақ! – деп шаужайына жармасып, жібермей қойдым. Ол:
– Қоя бер мені, қазір бәлесімен қоса кәлласын қағып алайын, найсаптардың! Мына таяқты көрдің бе, біреуін есінен тандыруға жарайды, – деп қайта-қайта таяғын шошаңдатып, тап бергелі тұр.
Шона ары бұлқынып, бері бұлқынып, ештеңе шығара алмасын білген соң, тыныш тапты. Сол екі арада әлгілер Әзірбайжанды жеңіл мәшинеге тоғытып, жүріп кетті.
Олар кеткен соң Шөкеңнің қолына көз тастасам, жарықтық, жуан таяқты мытып ұстап алыпты. Бас жағы жуандау, бүртік-бүртік, ұстайтын жері өзіне ыңғайлап жонылған. Тура шоқпардың өзі. Мен білетін Шонаның мұндайы жоқ сияқты еді. Қашан көрсең аласа бойы мен мығым денесін шапшаң қозғап, асығыс жүретін. Ауызын ашса көмейі көрінетін ақкөңіл, үнемі көмейінен күлкі кетпейтін. Мына қылығы мені қайран қалдырды. Маған білдірмей, қойнына жасырып арнайы алып шыққаны көрініп тұр. Әйтеуір, құдай сақтады!
Бір кезде ай-шай жоқ, милиционер алға лап қойды. Ә дегенде олар күш алып, қарусыз жастарды дубинкалармен төмпештеп, сабауға кірісті. Қалың нөпірді біз тұрған үйге қарай тықсырды. Біз тұрған жер әп-сәтте айқас алаңына айналды. Жігіттер мен қыздар қанға бөкті. Біздің көз алдымызда бір өрімдей жігітті бір топ милиция тепкінің астына алды.
– Бұл не сұмдық! Тапа-тал түсте осындай жауыздыққа куә боламын деп ойламаппын. Мықа, айналайын, мына қабаған иттерден балаларымызды арашалап алайық. Бұлар екі дүниеде де оңбайды! – деп шала бүлінген Шона шат-шәлекейі шығып, тұтанып тұрды. Егде тартқан жасына қарамай жасаққа тап бергелі тұр. Бірақ, біздің жасы үлкен адамдар екенімізді байқады ма, тиіспеді, әйтеуір.
Осы оқиғаның алдында ғана «қазақтың тілі құрып барады», «қазаққа қазақша балабақша, мектеп керек» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істеген Шона досымды аяп кеттім. Ашудан өне бойы қалш-қалш етеді. Көзі қызарып, суық сорып тастаған өңі қуқыл тартқан. Тіпті бір уыс болып шөгіп кеткендей көрінеді маған. Бір орнында тұра алмай, ары-бері тынбай жүргіштеп кетті...
Шонаның сырын бір адамдай білетін мен: «Шөке, сабыр сақта! Өзіңді қолға ал!» – деп қайта-қайта сабырға шақырумен болдым.
– Әй, құдай-ай! Бізді құртып жүрген де осы сабыр сақтай беретініміз ғой. Мынадай бассыздықты көріп тұрып, қалай сабыр сақтауға болады. Мықа, өзің айтшы? – дейді ызалана. Сосын қан қысымы көтеріліп кетті ме, қалтасынан «валидолын» алып, тісіне басты.
Бұл кезде алаңның үстін тау толқыннан аспанға атқан дүлей дауыл билеп алған еді. Құдды цунами тәрізді. Шыны керек, мұндай сабыр сабасынан асып төгіле мөңкіген дәу толқуды өмірімде бірінші рет көруім. Бұл шегінен асқан қиянатқа қарсы қасарысқан жан дауылы, жүрек толқуы еді. Жойқын, күшті толқу.
1986 жылғы дүлей тасқын азаттық аңсаған еліміздің тәуелсіздігіне тұңғыш жол ашқан ар мен намыс дауылы болды. Бұл дауылды ешкім тоқтата алған жоқ, тоқтата алмайтын да еді. Себебі, әділет қазақ жастарының жағында болатын.
Шона екеуміз түннің бір уағында ұнжырғамыз түсіп үй-үйімізге тарадық. Әбден діңкелеп қалыппыз.
– Түнімен көзім ілінбей қойды, – деп телефон соқты Шона келесі күні. Дауысы шаршаңқы. Булығып өзін зорға ұстап тұрған сияқты көрінді.
– Менің де ұйқым тыныш болмады, – деп қостадым оны.
Сосын екеуіміз де айтатын сөз таппай үнсіз қалдық. Өйткені, бір-бірімізді қалай жұбатарымызды білмей, іштен тынған едік...
Бұл – былтыр тоқсаннан асқан шағында мәңгілік сапарына аттанған айтулы ақын Мыңбай Рәштің қайраткер-қаламгер Шона Смаханұлы туралы ашылып айтқан әңгімесінің бір парасы. Бір қызығы, осыдан бірнеше жыл бұрын баспасөз бетінен Шөкеңнің күнделік жазбаларына кез болып, оқып шыққаным есіме түсіп отыр.
Күнделікте 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан дүрбелеңіне де біраз орын беріліпті. Ол Қонаевтың орнынан алынуына қарсы болған жастардың бас көтеруін алғаш рет қай жерде, кімнен естігені, түнде жөнді ұйықтай алмағаны, 17-18 желтоқсандағы қанды сойқаннан не естігендерін мұқият жазады. Былай дейді: «Естуімше, студенттер демонстрациясы бейбіт басталған. Алматыдағы жоғары оқу орындарының бәрінен дерлік... деген сияқты. Мен таңғалдым. «Осыншама көп студент бір-ақ түн ішінде қалай жиналған?» деп. Және мұндай демонстрация, Орталық партия комитетінің шешіміне келіспеген демонстрация – қазақ топырағында бұрын-соңды болмаған. Кешке қарай студенттер мен милиция отрядтары арасында қатты қақтығыс болып жатқанын естідім. («Көрдім» демейді, «естідім» дейді).
Мен әр жерге телефон соға бастап едім, АТС болуы керек, телефонымды үзіп тастады.
Түнде жөнді ұйықтай алмадым. Үйге жақын көшелерден айқай-шу шығып жатты. Әртүрлі қорқынышты ойға кеттім.
18-і күні демонстрацияның жалғасып жатқанын білдім. Абай, т.б. көшелерімен студенттер айқайлап, қолдарына плакаттар ұстаған, өтіп жатты. Милиция, солдаттар студенттерге қарсы күш қолданған. Өрт сөндіргіш машиналар су шашқан, солдаттар студенттерді дубинкалармен тоқпақтай бастаған. Жастар бірнеше су шашатын машинаны төңкеріп, от қойып, өртеген. Маған келіп айтуынша, 17-сі күні студенттер түнімен шайқасқан. Солдаттар мен милиционерлер жағынан да, студенттер жағынан да өлгендер болған. Жараланғандар тым көп болған сияқты.
18-і күні түске таман менің әйелім Аманкүл барып, қасында Каракөздің анасы Гүлсім бар, бір бұрыштан бақылап келді. Орталық партия комитеті үйінің айналасында шайқасып жатқан демонстранттарды көрген. Брежнев алаңы демонстрация емес, майдан алаңына айналған.
Газеттерде үндеулер жарияланды. «Хулигандар, наркотикпен уланған студенттер тобы бүлік шығаруда» деген сияқты. Бұған ешкім де сенген жоқ. Өйткені, пәленбай мың студенттің бір мезгілде наркотик пайдалануы, тіпті «күреске» шығуы мүмкін емес қой.
Түнгі шайқасты 19-ы күні де күткен еді, бірақ болмай қалды. Жатақхана, оқу үйлерін, өндіріс орындарын қоршап алған отрядтар «бүлікшілерді» көшеге шығармай қойды.
Қала тыныштала бастады.Студенттердің демонстрация жасау себебін ешкім тап баса алмады...
Газеттерде қысқа ғана жазылған үндеуге ешкім де сенбеді. Өйткені, қақтығыстың қатты болғаны, өлгендердің, жараланғандардың, жабық машинаға басып әкетілгендердің көп болғанын көзімен көргендер оған қалай сенеді?!
Мен бойымды аулақ салып, үйде отырған едім, әйтпесе, мені де сүйреп кетер ме еді...». Бұл жазбаның астына 24.XII.86 деп қол қойған. Одан кейін «17-18 декабрьдегі қанды сойқаннан естігендерім» деп жазыпты да, бұл жерге алаңда және алаң сыртында естіген қанды оқиғалардан біразын тізіпті. Мұның астына 26 декабрь деп көрсетіпті.
Міне, көріп отырғанымыздай, Шөкең күнделігінде «алаңға шықтым, қанды сойқанды көзіммен көрдім» деп бір ауыз сөз жазбаған. Ал, әріптес досы Мыңбай Рәш мүлде бөлек мәлімет келтіреді. Әлде, үш әріптің қатаң бақылауында жүрген Шона ағамыздың әріптес іні-досының қауіпсіздігін ойлап, алдын ала сақтық шарасын жасаған өзіндік бір айласы ма екен?..
Болат ШАРАХЫМБАЙ















