БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында ұйымның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының (ДАБ) атқарушы директоры Дэвид Бизли: «Әлемде 82 елде 345 млн адам азық-түлік жетіспеушілігін қатты сезінуде. Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі адамдар санынан 2,5 есе көп. Әлем бұрын-соңды болмаған көлемдегі жаһандық төтенше жағдайға тап болды. 345 миллионға жуық адам аштықтан зардап шегіп, өлуге шақ қалды, ал Украинадағы соғыс салдарынан 70 миллионға жуық адам оған жақындап тұр. Биыл ақпанда Ресейдің Украинада соғыс қимылдары басталғаннан кейін азық-түлік, жанар-жағармай мен тыңайтқыш бағасының күрт өсуі 70 млн адамды ашаршылыққа жақындатты. Одан бөлек, Украинадағы соғыс инфляцияны күшейтіп, Йемендегі гуманитарлық дағдарысты ушықтырды, өйткені Таяу Шығыстағы бұл ел толығымен дерлік азық-түлік импортына тәуелді. Егер біз әрекет етпесек, 2023 жылы азық-түлік бағасының ағымдағы дағдарысы азық-түліктің қолжетімділік дағдарысына айналуы мүмкін», – деп мәлімдеді.