«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті,
«Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Ақмола облысында
Жылы жүздесу
«Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясының Ақмола облысына келетінін облыс әкімінің орынбасары А. Амренова ханымға жеткізіп, экспедиция келген күні ауыл жағдайына қарасты әлеуметтік сала және ауыл шаруашылық басқармасының басшыларын жинап кеңес өткізіп беруді өтіндім. Өкініштісі Алтынай Байқадамқызы кезекті еңбек демалысына кететінін айтып, бұл жұмысты ішкі саясат басқармасының басшысы А.Алинге тапсыратынын айтты. Алмас Аянұлы тапсырманы бұлжытпай орындады. Тиісті басқармалардың орынбасарларын шақырып, экспедиция құрамын, мақсатын таныстырды. А.Алиннен соң экспедиция жетекшісі Е.Айғалиұлы «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналы жайлы таныстырып, елдегі жалғыз ғана ауыл аралап, ауыл жұртының мұң-мұқтажын естіп, жоғарыға жеткізетін жалғыз газет «Qazaqstan dauiri» екенін айтып, жазылу науқанына атсалысуға шақырды. Жиынға қатысушылар ұсыныс, пікірлерін айтып, қолдайтындарын жеткізді.
Ақмола облысы 4,7 млн гектарға дән сеуіп, жалпы көлемі 6,6 миллион тоннадан артық астық жинады.
Гектар шығымы орташа 14 центнерден айналды. Науқанға 9 мыңға жуық ауылшаруашылық техникасы жұмылдырылды, оның ішінде өнімділігі жоғары комбайндар, жаткалар және жүк көліктері бар. Алынған астықты 66 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары қабылдауда, олардың жалпы сақтау сыйымдылығы 4,3 млн тоннаны құрайды. Бұған қоса, ауылшаруашылығы құрылымдарының 2,9 млн тоннадан астам астық сақтайтын 1510 қоймасы және жалпы өнімділігі сағатына 3236,6 тонна болатын 114 астық кептіргіші бар.
Айта кетсек, Ақмола облысы егіншілік саласында мұндай жоғары нәтижеге Қазақстан егемендігін алғаннан бері, екінші рет қол жеткізіп отыр. Бұған дейін 2011 жылы ақмолалық диқандар осы шамада мол астық алған болатын.
Зеренді ауданы
Билер кеңесі елдікті ұлықтайды
Жергілікті халық өз ауданын Зерделі Зеренді деп атайды. «Зерделі Зеренді» деген аудандық газеті бар. Біз Зеренді сапарын имандылық үйі – аудандық мешіттен бастадық. Онда себебі биыл ғана құрылған билер кеңесінің мүшелері жиналып күтіп отырған еді. Ақмола облысында өткен жылдың соңында «Ақмола билер алқасы» ҚБ құрылған. Осы уақытта облыстың 15 аудан, 3 қаласында билер кеңесін жасақтау үшін ауданның аға билеріні тағайындалған. Солардың бірі – осы Зеренді ауданының билер кеңесі. Зеренді ауданының билер кеңесін ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекішев ұйымдастырып, Аға биіне еңбек ардагері, ауданға белгілі тұлға Тілекен Төлебаев тағайындалып, кеңесті ұйымдастыруда нәтижелі еңбек етті. Тілекен ағамыз ауданның барлық ауылдық округін аралай жүріп, білікті, ынталы, ауылға белгілі азаматтарды іріктеп, барлық ауылда би тағайындады. Билерді ұйымдастырып, ауылдағы әлеуметтік және жер мәселелерін қолға алып, қыруар іс атқарды. Тілекен бидің нұсқауымен ауыл билері жергілікті мектептерімен тығыз байланыстар орнатып, тілімізді, салт-дәстүрімізді насихаттауда елеулі еңбек атқарды. Ағаның ізін жаңа сайланған аға би Серік Шахмаұлы жалғастырып келеді. Осы жылдың қыркүйек айында өткен «Бауырбас» құрылтайында жаңадан құрылып жатқан «Әлем қазақ билері қауымдастығының» төрағасы, еліміздің сайланған бас биі Ермек Бейсенбекұлының солтүстік өлке жауаптанған бас кеңесшісі тағайындалғандықтан, ауданның аға биі қызметінен өз ұйғарымымен шығып, орнына Серік Баймурзинді ұсынған болатын. С.Баймурзин ауыл билерінің құптауымен ауданның аға биіне сайланған-ды. Мемлекеттілігімізді нығайтуда ұлттық салт-сана, мемлекеттік тіл өте маңызды. Бүгінгі таңда мемлекеттік тіл – қазақ тілі босағада тұр. Ресми тіл мемлекеттік тілге жол беретін емес. Оған себеп кешегі Кеңес жүйесінің тәрбиесін көргендер, олардың тәрбиелеген ұрпақтары, ел тәуелсіздік алса да, тәуелсіздік ұғымынан алыс жүр. Әсіресе мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді менсінбей жүр. Салт-дәстүр, сыйластық, мейірімділік ұрпақ бойынан өшіп барады. Айта берсек, айтар көп-ақ. Міне, осы келеңсіздікті түзеу, жоғалтқанымызды тауып, орнына келтіру, елге еге болуда бұрынгы би, бағландарымыздың өмірлік тәжірибелерін ұстана отырып, заманға сай билер институтын жетілдіру – бүгінгі күн талабы.
Осы үрдістен ойлана келе «Ақмола билер алқасы» ҚБ-нің төрағасы, облыстың бас биі ретінде, өзім қызмет атқаратын осы аталмыш газеттің тілшісі ретінде «Ауыл» экспедициясына билерді ертіп жүріп рухани ордалар – мешіт, мектеп және ауыл шаруашылық ұйымдарын бірге аралап, ауыл жағдайын көзбен көріп, ой түйіп, тәжірибе жинақтау үшін ертіп жүрдім. Бұл құрамда билермен қатар ауданның бас имамы Хавзат бауырымыз бірге жүрді. Хавзат бауырымыз тек дінді насихаттаумен шектеліп қалмаған, көппен қарым-қатынасы сыпайы, жазу-сызуға қабілетті, журналистикамен қатар шаруашылыққа да бейім, діндар азамат. Ол Қазақстан журналистер одағының мүшесі екен. Елдің елдігін сақтауда рухани күш-қуат, елге қызмет етуде иман сенімі өте қажет. Осы орайда имамдар мен билер иық тіресіп Қазақ елі үшін қызмет жасаса, нұр үстіне нұр құйылары кәміл. Осылайша ел аралаған билер мен имамдар біраз жайға қанығып, елдің ертеңі бір Аллаға бойсұнған иманды, білімді ұрпақтың қолында, білім иманмен ұштасса ғана жемісті деген тоқтамға келді деп ойлаймын.
Тау-тау астық, алушы жоқ, уайым сол
Аудан орталығынан алыс емес, қала шетінде орналасқан «Айжан» жеке шаруашылығының тыныс-тіршілігімен танысуға аудан билерін ертіп жеттік. Бізді шаруашылық төрағасы Жұмабек Төлебаев қарсы алды. Жұмекең шағын денелі, қағілез, сөзге сараң, істің адамы екені бірден байқалды. Төраға бізді бірден астық толы қоймаға бастап барды. Құны 50 млн теңге тұратын темірден жасалған 6 қойма астыққа толы екен. Жетінші қойманың қабырғалары тұрғызылып жатқанын көрдік. Қоймалармен қатарлас астық кептіретін арнайы қондырғы қойылыпты. Жинаған астықты шашау шығармай осы қондырғы арқылы кептіріп, қоймаға жинап алыпты. Біз барғанда қас қарайып, қараңғы түсе бастаған кез болатын. Сондықтан біз де жеделдетіп ұжымның ат шаптырым ауласын аралай жүріп Жұмекеңді сөзге тарттық. Әңгімеміз кәсіпкердің өзі, мамандығы, шаруашылығы жайлы болды. Кейіпкеріміз:
– Осы өңірдің тумасымын. Туған жерім осыдан алыс емес, Қошқарбай ауылы. Шағын бөлімше еді. 3 кластық қана мектебі бар болатын. 8 класты Зарровкада бітіріп, Қатаркөл ауылшаруашылық техникумында 4 жыл оқып, агроном мамандығын алдым. 1983 жылы Отан алдындағы борышымды өтеп келіп, совхозда есепші, бригадир болып жұмыс жасадым. Ірі қара бақтық. Қарамағымда 30 шақты адам болды. Комсомол-жастар бригадасында да болып, жастық шақта жалындадық. Содан соң көп жылдар бас агроном қызметін атқардым. 2003 жылы жаңаша өмір басталды. Осы шаруашылықты құрдық.
Жарымның есімі – Гүлнар. Ол – дәрігер. Айжан, Әсел атты екі қызымыз бар. Айтпақшы, 2003 жылы ашылған шаруа қожалығының атын қызымның есімімен «Айжан» деп қойдым. Мүшелері мына Сапар інім, оның баласы Ерлан, – дейді ағынан жарылып.
– Шаруа қожалығыңыз немен айналысады?
– Негізінен егінмен айналысамыз. Әп дегеннен осы кәсіпті жандандырдық. Алғашқыда 80 гектар жеріміз болды. Алдымен «Белорус» тракторын сатып алдық. Ресейдің «Енесей» комбайнымен егінімізді ордық. Содан соң «Газ-53» машинасын жекешелендірдім. Шүкір, қазір «Акз» атты 3 комбайнымыз, «К-700» трактор, «Бюлер» атты алып машиналарымыз біздің қожалыққа қызмет етеді. Қазір қожалықта 1,5 мың гектар жер бар. 1000 гектарына бидай, 300 гектарына арпа егеміз.
– Ұжымыңызда қанша адам жұмыс істейді?
– 8 адам.
– Осы аз адаммен егінді жинап үлгересіздер ме?
– Әлбетте, үлгереміз, техникамыз бар. Бәрі өзімізден. Науқан кезінде күні-түні жұмыс істейміз.
– Мемлекет тарапынан көмек беріле ме?
– Несие алдық 6 пайызбен. Техниканы да осы ақшамен алып, кейін қайтардық. Тыңайтқышты субсидиямен аламыз.
2 гектар жерді алып жатқан мына аумақтағы үй-жай, темір қойма, қырмандар салып, шаруашылықтың әлеуетін көтеріп жатырмыз.
Бұрын бидайымызды тазалау үшін кім көрінгенге жалынатынбыз. Енді оны өзіміз жасаймыз. Қондырғы салып алдық.
Көкейтесті мәселе
– Жұмеке, көкейтесті мәселелер көп пе?
– Біздегі ең үлкен мәселе – элеватор мәселесі. Қазір элеваторлар көбісі жекенің қолында. Сондықтан олар өнімді қабылдағысы келсе, қабылдайды, қабылдағысы келмесе, қабылдамайды. Жыл сайын осындай проблемалар алдымызда тұрады. Сондықтан элеватордың бәрін мемлекеттік ету керек. Сонда бұл проблема өзінен-өзі шешілер еді. Содан субсидиямен алатын тауарлар қымбат. Егінді салдық, баптап, ордық, жинадық. Бірақ, міне астықты өткізетін жер жоқ, алушы іздеп сабылып жүрміз. Астық өтпей жатыр, – дейді кәсіпкер замандасымыз мұңын шағып.
Ектік, жинадық, маңдай тер қар астында қалды
Бізді ауылға кіре берісте күтіп алған Қуаныш Қабденұлы амандық-саулықтан соң, өндіріс алаңына бастап жүрді. Сөз арасында Қуаныш өзі шаруашылығы жайлы таныстырып өтті.
– Біз ауылда кәсіпкерлікті 2008 жылы отбасымыз бірігіп бастадық. Үш ұлым және жұбайым. Алғаш 130 гектар жерге егін сеуіп, 23 бас ірі қара санын өсірумен бастадық. Ұжым «Жасару Еңбек» және «Тупеловка 2007» деген екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып еңбек етеміз.
2019 жылы осы Зеренді ауданына қарасты Тупеловка ауылындағы жерді иелікке алдық. Жағдай жаман емес, егін салып, мал өсіріп жетістікке жетудеміз. Қазір Аллаға шүкір, шамамен 5 мың гектарға таяу жер, 100 бас жылқы, 90 бас сиыр және де 400 бас қойға ие болып, кәсібімізді дамытып жатырмыз. Автопаркімізде жалпы 34 бірлік техникамыз бар. Үкіметтен несие және субсидия алу арқылы, ауылшаруашылық техникасын жаңартып келеміз. Несиеге дизель отынын алып, егін егіп, астықты жинап жүрміз.
Биыл гектарынан 20 центнер астық жинадық, бұл өте жақсы көрсеткіш. Бірақ астық көп болғанымен, сапасы жақсы емес. Оған биылғы жылы ауа райының қолайсыздығы әсер етті.
Бүгінгі күні нақты 4100 гектар жеріміз бар. Оның 1350 гектары жайылым, 2750 гектары егістік жер.
Егінді ектік, баптадық, шашпай-төкпей жинадық. Амал не, біз үшін басты проблема – жиналған егінді қайда тапсырамыз, кім алады? Мемлекет қалай көмектеседі, ол жағы айқын емес. Астық өтпей қалды. Жасыратыны жоқ, сапасы да қолбайлау болып тұр. Несиелеріміз бар, оны уақытылы төлеу керек. Уақыты өтсе айыппұл салынады. Келесіде кредит алу мұң болады. Астық қабылдайтын элеваторлар толы дейді. Апарсаң «ертең, ары күні кел» деген сылтау айтып, қабылдамайды. Азық-түлік корпорациясы, «Қазагроқаржы», «Агро лизинг» ұйымдары біздің жанайқайымызға құлақ асса жөн болар еді. Көріп тұрсыздар, ертең Арқаның алай-дүлей бораны мен қары басталады. Арқада алты ай қыс, мына жатқан қыруар астығымыздың жайы не болады, – деп, Қуаныш кәсіпкер шарасыз күйде әңгімесін тамамдады.
Түйін: Біз барған екі шаруашылықта астығын өткізе алмай қиналуда. Бірі 2003 жылдан бері жұмыс істегендіктен, әл-ауқаты артып, тәжірибе жинақтап, дәу қамбалар дайындап алған, астығы сонда. Екіншісі қызметін 2018 жылы бастағандықтан, әл-ауқатының жетілуіне уақыты жетпей, қамба салуға мұршасы жетпегендіктен, астығын алаңға төгіп, ысырапқа ұрынғалы тұр. Біз қарашаның 5-і күні бардық. Қар аз еді. Ертеңінде «астығымды қар басып қалды» деп осы фотаны жіберіп, Қуаныш кәсіпкер күйінішті хабарлама жіберіпті. Мемлекет шаруалардың жиған астығын сақтау мен сатуға жәрдем берсе, ауылды қолдаса, ел өркендеп, халық арзан нанға қарық болар еді.
Басқа шаруашылықтардың жайы қалай деп, облыстық ауылшаруашылық басқармасынан мәлімет сұрадық. Мәліметте 200 мың тн астық далада қалғаны жазылған. Бір облыста осынша астық далада қалса, ел бойынша қанша астық далада жатыр және орылмай қалғаны да бар шығар. Маңдай термен келген алтын дәнді сақтау, сатуға Үкімет, тиісті министрлік бір жоба жоспар жасап жәрдемдесіп, маңдайы терлеп егін еккен диқандардың еңбегі еш кетпей, көсегесі көгерсе деп тілейміз.
Сандықтау ауданы
Арқаның ақ түтек бораны басталып кетті. Боран басылады деген үмітпен таңғы сегізде Көкшетаудан шығып, 40 шақырым Зерендіге 10-нан аса әрең жеттік. Жол тайғақ. Алай-дүлей боран. Жүк көлігі жанай өтсе, тоқтаудан басқа лаж жоқ. Аласа машинаның алдын қар басып қалады. Ештеңе көрмейсің. Келесі машина өтсе, өте қауіпті. Ақылдаса келе сапарды тоқтатып, Көкшетауға қайттық. Сандықтауға жоспарлаған мақсатты жұмыстарды ысыруға тура келді. Бірақ, Сандықтау аудандық «АMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Мая Амангелдіқызы баруға жоспарлаған ауыл, ауылшаруашылық ұйымы, мектептер жайлы мәліметтер жеткізгісі келетінін жеткізді. Кеңесе келе тек мектептер жайлы жазып жіберуді ұйғардық. Сол ұйғарым бойынша бізге жеткен Сандықтау ауданының білім ордаларының жай-күйі, жетістіктерінен шағын жазба арналды.
Балкашино ауылының балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы
2023 жылы «Өнер орталығы» қосымша білім беретін балаларға арналған шығармашылық орталығының жаңа жайлы ғимаратының ашылуы болды. Бұл аймағымыздың тұрғындары үшін, әрине, біздің Орталықтың бүкіл ұжымы үшін маңызды оқиға. Ыңғайлы орналасқан, тамаша материалдық ресурстар, барлығы ауылдық жерде тұратын балалардың дарындылығын дамытуға ықпал етеді. Көптеген жылдар бойы жұмыс істегенде жүздеген балалар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетуге, дарындарын ашуға және болашақ мамандығын таңдауға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда Орталықта қызмет ететін 4 ұстаз – шығармашылық мамандық алып, ұстаз болып оралған түлектеріміз. Бүгінгі таңда біздің орталық облыстағы ең көне мектептен тыс мекемелердің бірі болып табылады, ол сонау 1939 жылы ашылған. Оны біліктілігі жоғары, тәжірибелі, шығармашылық жетекші Л.В.Еремина 2003 жылдан бастап жетекшілік етеді, педагогикалық өтілі – 35 жыл.
Сабақтар 5 бағытта жүргізіледі: көркемдік-эстетикалық, сәндік-қолданбалы өнер, әлеуметтік-педагогикалық, ғылыми-техникалық, жаратылыстану-математика пәндері бойынша.
Орталықта «Вокал», «Көркемдік қиялдар», «Сиқырлы шеберхана», «Неге Академиясы» ерте дамыған балалармен айналысады – 4 жастан 6 жасқа дейін;
«Өркен» ұзартылған күн тобы, Дебат клубы, «Білім әлемі» бірлестігінде балалар ментальді математика, жылдам оқу және қаламгерлікке жаттығады.
Лесное ауылындағы мектепте көркемсурет студиясы жұмыс істейді.
Аудандық мәдениет үйінде хореографиямен «Импульс» би тобы айналысады.
Биылғы жылы аудан мектептерінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша балаларға қосымша білім беру негізінде келесі бағыттар бойынша сабақтар жүргізілетін филиалдар ашылды:
1) әлеуметтік-педагогикалық бағыт – Лесное ауылындағы мектеп базасында дебат клубы.
2) жаратылыстану-математика бағыты – Максимовка ауылындағы мектеп базасында «Аксиома» үйірмесі.
3) ғылыми-техникалық бағыт – Каменка ауылындағы мектеп базасында «РобоТех» үйірмесі.
4) ғылыми-техникалық бағыт – Балкашино ауылындағы №1 мектеп базасындағы «Робототехника» үйірмесі.
5) сәндік-қолданбалы өнер – Ұлан ауылындағы мектеп жанындағы «Қағаз әлемі» үйірмесі.
Бұл ауылдан келген 62 баланың шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік берді.
Ұжымның табысты жұмысының шарттарының бірі – әрбір мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі.
Біздің шағын Орталықта кәсіби мамандар, шығармашыл, мақсатты ұстаздар жұмыс істейді, бұл қазіргі заманның қиындықтарын түсінетін пікірлес адамдар командасы;
Ұстаздар бірнеше рет «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар шоуының лауреаттары, шығармашылық көрмелер мен концерттердің қатысушылары – А.А.Швецов, К.В.Пшеничная, О.В.Абдулаева, Н.С.Штаб оқушыларды түрлі деңгейдегі жарыстарға дайындағаны үшін Алғыс хаттар алды.
Біздің Шығармашылық орталықтың өмірі шын мәнінде қызықты, бұл оның ауданның мәдени өмірінде үлкен орын алуына мүмкіндік береді. Бұған ЦДЮТ-ның ауыл, аудан мекемелерімен және ұйымдарымен шығармашылық байланыстары ықпал етеді; мұндай өзара әрекеттесу барысында жаңа жобалар мен идеялар дүниеге келеді, олар кейіннен қызықты оқиғаларға айналады.
Жақында ғана мереке күндері біз қоршаған ортаға қамқор балаларды жинаған экологиялық акция өткіздік. Аудандық дебат клубы, облыстық КВН клубы жұмыс істейді, тақырыптық дөңгелек үстелдер мен пікірталас алаңдары өткізілді. Балалардың шығармашылық жұмыстарының көрмелері.
Балалардың бәрі дарынды, бірақ, өкінішке орай, бұл туралы бәрі біле бермейді. Ал біздің орталықтың міндеті – баланың бойындағы дарындылықты ашып, шығармашылық ұшқынын жағу.
Батыр Мәлік атындағы мектептер
Зеренді аудандық М.Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясы
Мешіттен шыққан соң осы аудандағы М.Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназияға ауданның билер алқасының мүшелерімен бірге ат басын тіредік. Есік алдынан мектеп директорының орынбасары қарсы алып, мектеп директорының қауырт шаруамен жол жүріп кеткенін жеткізді.
Зеренді аудандық М.Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясы – іргелі мектептердің бірі.
Алғаш 1975 жылы қазақ мектеп-интернаты болып ашылады. Мектеп кешенінде алғашқы жылдары 300 орындық оқу корпусы, спорт зал, 200 балаға арналған екі қабатты екі жатақхана, асхана, гараж, жылу қазандығы, су беретін скважина және мұғалімдерге арналған 12 пәтерлі екі қабатты үй салынған екен. Мектеп іргесінің қаланғанына жарты ғасыр уақытта білім ұясынан мыңдаған түлектер түлеп ұшыпты. 1995 жылы 28 шілдеде Зеренді аудандық мәслихатының шешімімен мектепке Кеңес Одағының Батыры, академик, ғалым М.Ғабдуллиннің есімі беріліпті.
Мектепте 2024-2025 оқу жылы 39 мұғалім жұмыс жасаса, оның 33-і жоғары, 3-і арнаулы орта білімді. Педагог-зерттеуші мұғалім – 16, педагог-сарапшы мұғалім – 5 , педагог-модератор – 12, педагогтер – 6. Бүгінде бұл мектеп ұжымы білім саласындағы міндеттерді жүзеге асыру ісіне қомақты үлес қосып келеді. Жас ұрпаққа бәсекеге қабілетті білім беру, жеке тұлғаның интеллектуалдық қабілеттерін дамытуды мақсат тұтқан мектеп-гимназия ұжымының мүшелері жаңартылған білім беру мазмұнын, білім берудің мониторинг жүйесін жетілдіру, қосымша білім берудің желісін дамыту және мазмұнын жетілдіру, авторлық бағдарламаларды ғылыми негізде дайындау жөніндегі іс-тәжірибесі аудан және облыс көлеміндегі білім мекемелеріне кеңінен танылған.
Білім мекемесінде тәлім-тәрбие алып келе жатқан шәкірттердің қоғамдық және әлеуметтік белсенділігі жыл санап артқан. Білім шаңырағы үздіксіз білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру мақсатында білім беру сапасын арттыру бағытындағы әдістемелік жұмыстарды жыл санап жандандыруда екен. Мектепте қазіргі таңда 286 оқушы оқиды. Оқу 2 ауысымда жүргізіледі. Бірінші тоқсан соңында білім сапасы 1- 62 пайызды көрсетті.
Бұл тірек мектептер Зеренді аудандық М.Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясы – «Қазақстан халқына» қоры, AITAS холдингі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектебінің әлеуетін арттыру» жобасының қатысушысы екен. Сондықтан бұл мектептің әлеуеті бұдан кейін де арта береді деп сенеміз.
Мектеп директоры Халелова Элмира Майданқызы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Қаратоғай ауылының тумасы. Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы педагогикалық институттың түлегі. Мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Семей қаласындағы №42, Зеренді ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 2004 жылдан директордың оқу жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметін үздіксіз 20 жыл атқарып жүргені жайлы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары С. Дүйсенова ханым айта келіп, жетістіктеріне тоқталды. Элмира Майданқызы аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хат, мақтау қағаздарымен қатар ҚР БҒМ «Құрмет грамотасын», (2019 ж.) «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін, ҚР Президентінің Алғыс хатын (2019, 2021 жылдары) иеленіпті.
Директордың ұйымдастыру қабілеті мен ұстаздардың берекелі істерінің нәтижесінде төккен тері ақталып, білікті басшының басқарған мектебі 2021 оқу жылы «Үздік орта білім беру ұйымы» атты облыстық байқауда үздік атанып, 2 000 000 теңгенің қаржылай сыйлығына ие болады. Ол қаражатқа жаңа модификацияланған қазақ, ағылшын тілі және география оқу кабинеттерін жасақтаған. 2022 оқу жылы Республикалық «Ауыл мектептерінің цифрлық бейнесі» байқауында жүлделі 1- орынға ие болады. Биылғы 2024-2025 оқу жылы «Қазақстан халқына»Ұлттық қоры «Ауылдық тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы аясында заманауи үлгідегі 34 кабинетпен, атап айтсақ, бұрын-соңды болмаған Арт-студия, телестудия, робототехника, мата өңдеу кабинеті, ас бөлмесі т.б. кабинеттермен толықтай жабдықталыпты. Қазіргі таңда ұстаздар біліктілігін арттыру мақсатында Назарбаев зияткерлік мектептерінің әдістемелік тәжірибелерінен үйренуді қолдау жұмыстары жүргізілуде.
Ұстаздар кәсіби біліктілікті дамыту үшін мұғалімнің өз бетінше ізденуі, жетілуі, ынталануы қажет. «Егер болашақтың өзгеруін қаласаң, өзің қазіргі сәттің өзгерісі бол» деп Ганди айтқандай, өзгерістерді енгізіп, тұрақты етуде мұғалімдердің заман талабына сай болуы, өзгеруі маңызды. Біздің ұстаз әріптестеріміз осы үрдістен шығу үшін білікті басшының ұйымдастырумен алға жылжыған өркениетті қоғамның көшінен қалмайтын білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеу үшін жұмыла жұмыс жасап жүрміз. Кез келген оқу орнының визит карточкасы – сол мекеменің заманауи кабинеттермен және құралдармен жабдықталуы. Биыл біздің мектебіміз де «Қазақстан халқына» қорынан барлық кабинеттермен жабдықталды. Бұл дегеніміз оқушыларға сабақ барысын сәтті ұйымдастырудың негізі болып табылады. Жалпы орта білім беруді дамыту бағдарламасы аясында дәл осы кабинеттердің жеткізілімдеріне ерекше көңіл бөлінген. Осы бағдарламаның арқасында көптеген мектептердің мұғалімдері сабақтарды заманауи оқу жабдықтарымен өткізуге мүмкіндік алды, – деп С. Дүйсенова ханым қысқаша таныстырып, кабинеттерді аралатып, қысқаша мәлімет беріп, жетістіктерін көрсетті.
Біз бірінші кезекте физика кабинетіне келдік. Физика пәнінің мұғалімі Азатхан Бағдал өз кабинетін, мүмкіншіліктерін сүйсіне сөз етті. Шындығында, оқушы үшін заманауи сипаттардың бәрі бар екен. Физика, Биология кабинеттерінің толық жабдықталғанын көріп, көңіліміз толды.
Мектеп мұражайында
Талғат Олжабайұлы жасаған мұражай нағыз тірі тарих екен. Мәселен, жас буынның археологиялық экспедицияларға қатысуы, балалардың туған өлке тарихын білуге, ой-өрісін кеңейтуге ықпал етеді және Отан тарихына қызығушылықтарын арттырады. Өйткені, туған өлкенің тарихын зерттеу – ең үздік патриотизм. Мұражай шағын екі бөлмеден ғана тұрса да, балаларға берері мол екен.
М.Ғабдуллин атындағы Көкшетау қалалық №3 көпсалалы мектеп-гимназиясы
Қазақтың батыр перзенті Мәлік Ғабдуллин атындағы мектептерде болдық. Бірі Көкшетауда, екіншісі Зеренді ауданында.
Сандықтауға ауа райының қолайсыздығына байланысты жол түспеген соң, облыстық білім басқармасының орынбасары Ботагөз Балапайқызына қоңырау шалып, Көкшетау қаласындағы мектептердің бірінің жай-күйімен таныссақ деген ұсыныс білдірдік. Біздің ұсынысты қабыл алған Ботагөз ханым Көкшетау қалалық М.Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясына баруымызға болатынын жеткізді. Бізді мектеп директоры Ардақ Маратқызы қабылдап, мектеп жайын, атқарылып жатқан жаңа жобаларды таныстырып, мектепті аралатты. Уақыттың тығыздығына байланысты мектеп кітапханасы мен мұражайды аралап, атқарылып жатқан игі істермен таныстық.
Мектеп директоры Ахмеджанова Ардақ Маратқызы – СҚО Акжар ауданы Айсары ауылының тумасы. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. Еңбек жолын Бурабай ауданы Атамекен ауылы Климовская орта мектебінде ағылшын тілі пәні мұғалімі ретінде бастап, Сандықтау аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, мектеп директоры, Щучье қаласы, Бурабай ауданы №8 мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Красный Яр ауылындағы №2 орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызметін атқарған. 2021 жылдың желтоқсан айында М.Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының директоры қызметіне тағайындалады. Басқарған 3 жылдың ішінде әртүрлі жарыстарға, халықаралық жобаларға өзі және ұжым мүшелерін нәтижелі қатыстырып келеді. Атап айтсақ, жас басшылар арасында өзі бас болып, ұйымдастырылған облыстық пікірсайыс турнирінде 1-орын иеленіп, «Үздік спикер» номинациясын жеңіп алса, Халықаралық «Where are my carbon footprints» және Еуропалық елдерге арналған мектептердің білімдік ETwinning платформасында өткен «The green symphony of nature» атты жобаларына қатысып, сертификаттарға ие болды. Пән мұғалім ретінде оқушысы Молдабек Мүсілім қалалық «Зерде» шығармашылық жоба байқауында І орын, облыстық байқауында ІІІ орынды қанжығалады. 2023 жылы Ақмола облысының аналар кеңесінің мүшесі ретінде құрамына қабылданды. Басқарып отырған ұжымын 2024-2026 жылдар аралығында Түркия мен Көкшетау қаласының мектептер арасында іске асырылатын халықаралық «Бауырлас» жобасын енгізді. «Шеврон Мұнайгаз» және «Сaravan of Knowledge» корпоративтік қор ұйымдастырған «Murager» жаңа гранттық бағдарламасының іріктеу кезеңіне қатысып, Ақмола облысы бойынша 500 мың тг грантын ұтып алған жалғыз мектептің басшысы.
Мектеп тарихы мен жетістіктері
Алғаш 1919-1920 жылдар аралығында төрт амал, арабша әріп таңбалары үйретілетін төрт жылдық бастауыш мектеп болып есігін ашқан.
1935 жылдан бастап жалпы орта білім беретін мектеп болып қалыптасты. Бұл кезде 600 адам оқыды.
1973 жылы мектепке Мәлік Ғабдуллин аты берілсе, 1975 жылы 8 мамыр Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 30 жыл толу құрметіне орай Кеңес Одағының Батыры, жазушы, әдебиет зерттеушісі, профессор, филология ғылымдарының докторы, КСРО Педагогика ҒА-ның академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мәлік Ғабдуллинге арналған музей ашылды. Осы музейде біз де болдық.
1. 2024-2026 жылдар аралығында Түркия мен Көкшетау қаласының бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын халықаралық «Бауырлас» жобасына енді. Мақсаты ынтымақтастық білім беру саласындағы озық тәжірибелермен алмасу, педагогтердің біліктілігін арттыру, заманауи STEM, STEAM, AR және VR технологияларын пайдалана отырып оқытудың жаңа тәсілдерін жетілдіру, бірлескен ғылыми және IT жобаларды іске асыру үшін краудфандинг құрады.
2. 2024 жылдың қыркүйек айында «Шеврон Мұнайгаз» және «Сaravan of Knowledge» корпоративтік қор ҚР мемлекеттік мектептері үшін «Murager» жаңа гранттық бағдарламасына қатысатын мектептерден өтініш қабылдап, іріктеу өткізді. Іріктеу кезеңінде республика бойынша әр облыстан бір мектеп таңдап алынып, 500 000 тг грантын тағайындады. Ақмола облысынан Көкшетау қаласының М.Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы гимназия ұжымы таңдалып алынды. Гранттық бағдарлама STEAM саласында инфрақұрылым мен білім беру бағдарламаларын құру үшін қажетті ресурстарды қамтамасыз ете отырып, мектептердің дамуын қолдауға бағытталған. Жалпы бағдарламаның басты міндеті – әр аймақта басқа оқу орындары үшін білім мен тәжірибе алмасу орталықтарына айналатын шағын STEAM орталықтарын құру және жоба шеңберінде мұғалімдерге олардың біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту тренингтері өткізілетін болады. М.Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы гимназия ұжымына «Шеврон Мұнайгаз» және «Сaravan of Knowledge» корпоративтік қор басқа мектептер үшін STEAM бастамаларын дамыту орталығы болатынына сенім артса керек.
М.Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясы оқушылары 27 қазан мен 3 қараша аралығында Түркия елінің Анталия қаласында өткен халықаралық ХҮІ білім олимпиадасына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Мектеп-гимназиясының он оқушысы мектеп директоры А. Ахмеджанова және бастауыш сынып мұғалімі Р.Абылкалыкованың жетекшілігімен қатысты. Пән олимпиадасына қатысқан оқушыларымыз олжалы келді. Атап айтсақ, география пәні бойынша М.Мүслім жүлделі І, биология пәні Қ.Ерасыл ІІ, жаратылыстану Р.Бекзат ІІ, ағылшын тілі ІІ, биология пәні Х.Нұриза ІІІ орын, география Б.Ерасыл ІІІ, жаратылыстану Т.Алина ІІІ, химия К.Диляра ІІІ, Х.Нұриза ІІІ, М.Айтпергенов ІІІ, орыс тілі А.Кучумова ІІІ орынға ие болса, ағылшын тілі және орыс тілінен К.Аманкелді, А.Баймуханова сертификат иеленеді. Мұғалімдерге оқушыларды халықаралық пән олимпиадасына сапалы дайындағаны үшін Анталия олимпиада ұйымдастыру комитетінің Алғыс хаттары табысталды.
Игеріліп жатқан жобалар: «Алақан жобасы»
Мектеп кіреберісі. Алақан арқылы электронды кедергінің ашылып жабылуын тамашалаған кез.
2023 жылы 25 қазанда Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы гимназиясында «Alaqan» жүйесі «Пилоттық жобасы» іске асырылуы басталды. Аталған жүйені іске қосудың басты мақсаты – қауіпсіздік шараларын нығайту.
Оқу материалдарына лезде қол жеткізуді, мектеп ғимаратына кіруді қамтамасыз ететін және тамақтану үшін төлем құралы болып табылатын оқушыларға арналған сәйкестендіру карточкалары жүйесін іске қосу тармағына сәйкес, мерзімдерін ескере отырып, 2023 жылы 23 қазан күні «Alaqan tehnogies» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен «Пилоттық жобаны» іске асыру бойынша келісімшарт жасалады.
«Пилоттық жүйені» толықтай іске асыру үшін барлық қатысушылардың келісімін алу шарт. Сондықтан білім алып жатқан оқушылардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді де, келісім қағаздары таратылады. Келесі қадам ретінде оқушылардың алақандарын сканерленеді. Ата-аналармен «Alaqan tehnogies» өкілдерінің қатысуымен жиналыстар өткізіліп, барлық туындаған сауалдарға жауап берілді. «Alaqan» жүйесіне тіркелген оқушылармен келесі кезеңде асханада алақан арқылы тамақтану мен кітапханада алақан арқылы кітапты алу, қайтару жолға қойылады. Білім беру ұйымының басшысына ақпараттар базасы серверіне рұқсат беріледі, бұл серверде білім беру ұйымына келіп-кеткен барлық қызметкерлер мен оқушылар бойынша мәліметтерді қадағалауға болады.
Түйін: Батыр атындағы аудандық және қалалық екі мектепті бірін арнайы жоспармен, бірін кездейсоқ араладық. Екі мектеп жайлы ел тұрғындары әрдайым жылы сөздер айтады. Басшы, ұстаздары білікті, білімді мамандар деп. Әрине, білім ордасының мықты болғаны дұрыс. Иә, жауды жеңген батыр, атағы жер жарған жазушы-ғалым атындағы мектептің озат болғаны, нәтижелі игі істер атқарып жатқаны Көкше жұрты үшін мәртебе.
Мектептер жайлы мәліметтер берген директордың орынбасары Роза Командирқызына алғыс білдіреміз.