«АМАНАТ», ҚОШ БОЛ! «ӘДІЛЕТ», ХАЛЫҚПЕН ДОС БОЛ!

«АМАНАТ», ҚОШ БОЛ!   «ӘДІЛЕТ», ХАЛЫҚПЕН ДОС БОЛ!

Атамыз қазақта «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» деген тәмсіл бар. Сол тәмсілді келе сала «Аманатты» күйреткен, депутаттарын құрақ ұштырып «билеткен» «Әділет» партиясына айтса болатындай. Аз ғана уақытта елді аузына қаратып, бәйге атындай жаратып, «Аманатты» таратып жіберу деген қиялға сыймас, арманға қияс дүние. Әйтсе де, күштінің құйрығы қай заманда да диірмен тартқан. Диірменді ғана емес, билікті шайқалтқан! Өз ұстанымын орнатқан.

Бүгінгі «Әділет» партиясының тірлігіне қарап отырып, көненің көңге тасталуы, жаңаның тыңнан жол іздеп басқарылуы заңдылық секілді. Жаңа Қазақстан құруға бет алған билік ескіліктің бәрінен бас тартып, жаңашыл жастарға «бас тартып», өздерінің тың бағдарламаларымен қарсы келгенді «жасқантып», тереңнен толғап, партиядағы белсенділікті қолға ап, тайпалған жорға ат тәрізді жорғалап барады. Демек, Президент Тоқаев аңсаған әділетті кезеңнің ерке перзенті «Әділет» партиясы саясат сахнасына бет алды. Хош келдің, Әділет!

Қыс бойы қар астында бүрлеп, көктем шыға жайқалып гүлдеп шыға келген бәйшешек сынды, «Әділет» партиясы да бірнеше жыл Президенттің көкейінде тамырлап, тұла бойында шымырлап, әбден пісіп-жетіліп, саясат алаңына секіріп шыға келгені баршаны елең еткізді. Жоғары биліктегі жас идеологтар асқақ идеяның кекілін тарап, оң мен солынан қарап, жастық жігермен қолдап отырғаны байқалады.

Өткен жұма күні «Аманат» партиясының съезінде ойдан-қырдан жиналған мүшелері «Әділет» партиясына қосылуға ниетті екендерін аңғартты. «Жер бетінен жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп шошынған пендені көрмедік. «Әділетпен» баяғыдан таныс, біліс адамдардай аманаттықтар жылы шырай танытты. Әдемі тілектерін жеткізді. Ел бірлігі үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға да дайын екендерін сездіріп, әдеттегідей бірауыздан қолдай кетті. Соған қарағанда, «Әділеттің» артында үлкен күш тұрғаны анық. Ол алып та, шалып та жығады-ау. «Аманаттықтар», байқауымызша, сол жағынан ығады-ау... Сол себепті төмен қарап бұғады-ау!

 

 

Жаңа партия тек әділет биігінен көрінсе...

Аманат партиясын шыға жамандаудан аулақпыз. Бір заманда ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болды. Талай жыр мен әнге арқау болды! Мақталды, мадақталды! «Аманатты» аспандағы айға, қара түндегі жұлдызға балағандар әлі көзі тірі.

«Аманат» көпті көрген, талай рет жүні түлеген, кешіріңіздер, аты өзгерген партия. Көп жұмыс істеді. Көрмес түйені де көрмес.

«Аманаттың» өткеніне қарап отырып, өгізге туған күн бұзауға да туатынын көруге болады. Тарих қайталанады деген рас екен-ау.

2006 жылы «Отан» партиясына «Асар», Азаматтық партия және Аграрлық партия қосылды. Осыдан кейін партия жаңа атауға ие болып, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы деп аталды. Күшейді. Толықты. Қосылған партияларды өзіне сіңірді.

2022 жылғы 28 қаңтарда партия төрағасы болып Қасым-Жомарт Тоқаев сайланды. 2022 жылғы наурызда «Nur Otan» партиясы «AMANAT» болып қайта аталды. Сол жылғы сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев партиядан шықты да, жаңа төраға болып Ерлан Қошанов сайланды. Сол жылы «AMANAT» партиясына «ADAL» партиясы қосылды. Қосылды да, тосылды. Адалдығын танытып, бас ұрды...

Яғни, талай партияны қосып алып, түйені түгімен жұтқан «Аманат» күндердің күнінде өзі де «Әділетке» барып қосыларын ойламағаны анық. Біреуге істеген жақсылық та, жамандық та қайта иесін табарына осының өзі дәлел.

Жә, «Аманатқа» қимасақ та, қош деуге тура келіп тұр. Себебі ол енді елдің аманаты үшін емес, өзінің амандығы үшін күреседі. Жалақтаған кейбір депутаттары, жағымпаздықты бойына ар көрмейтін бәз біреулері «Әділеттен» әділетті орын ала ала ма? Көпке топырақ шашпаймыз, «Аманаттың» атын пайдаланып, амалдап күнелтіп келген кей қуларды көргенде мына бір мысал әңгіме еске түседі.

Бір топ үйрек бір көлді тастап, дүр етіп көтеріліп, екінші көлге қарай ұшып барады дейді. Жолай сұңқар кезігіп сұрайды: «Қайда бет алдыңдар?» – деп. Сонда үйректер: «Құрысын, мына көл сасып кетті. Ана көл таза, соған барамыз», – деседі. Сұңқар айтты дейді: «Мына көтендерің аман болса, оны да сасытарсыңдар», – деп. Біздің тілек – «Әділетке» әділдікті ту еткендер, әділдік жолдан таймағандар жиналса екен дейміз!

Халық тарапынан қойылған «Аманат» енді «Әділетке» мал-мүлкімен, дүние байлығымен қосыла ма?» деген сауалға «Партия тек ресурс ретінде қосылды» деп жауап берді «Әділеттің» саяси кеңесінің мүшесі Рауан Кенжеханұлы. Оның сөзінше, «Аманаттың» барлық мүшесі жаңа партияға өтпейді. Әрқайсысы жеке-жеке қайтадан кіруге тиіс.

 Осы ретте айтарымыз, «Әділет» партиясы бұқараның талап-тілектерін ескергендері дұрыс. Әлеуметтік желідегі әлеумет: «Әділетті боламыз деп, «Әділет» партиясы төрағасы ашық ресми мәлімдеді. Демек, мемлекет пен ел мүддесі үшін «Әділетке» «аманаттықтарды» сұрыптап, саралап, абайлап қабылдамаса, абырой әпермейді. Өйтпеген күнде ел жаңа саяси жобаны қолдамас. Қорғамас! Себебі ел үміттенуден шаршады. Алданып, малданып 35 жыл жүрді», – деп жатыр. Қырық құбылғыш, түс ауыстырғыш адамдардан қоғам шаршағаны рас.

Осы орайда қоғам белсендісі Жалғас Нигметовтың әлеуметтік желіде жариялаған мына жазбасына тоқтала кетейік. «Аманат» партиясының «Әділет» партиясына қосылуы ел ішінде түрлі пікір туғызуда. Кезінде «аманат жүгін арқалаймыз, халық сеніміне қиянат жасамаймыз» деген азаматтар енді жаңа саяси алаңда қызметін жалғастырмақ па? Уәде де берген еді. Уәделері сайлау жақындағанда ғана естеріне түсетіндері де бар. Бірақ халық үшін ең маңыздысы – партия атауы емес, елге атқарылатын нақты жұмыс. Бүгін «Аманаттан» «Әділетке» өткен азаматтардың ұстанымы да, халық алдындағы жауапкершілігі де өзгермеуі керек. Егер «Әділет» партиясы шынымен әділдікті ту етіп, елдің мұң-мұқтажын көтеретін, мемлекет болашағын ойлайтын азаматтардың басын қосатын саяси күшке айналса, Әділетке жаңа адамдар, әділдік үшін күресіп жүрген ел ағалары келуі керек. Аманаттықтарға қызмет те қалса болды. Секіріп жүре бермек.

Халық қалаулысы деген мәртебе бір партиядан екінші партияға ауысумен емес, елге жасаған қызметімен бағаланады. Сондықтан алдағы құрылтайлар мен саяси өзгерістерде жаңа көзқарас, жаңа серпін және халық сенімін ақтайтын жаңа тұлғаларды көргіміз келеді. Қай партияның қатарында болса да, басты мақсат – халыққа адал қызмет ету, ел мүддесін қорғау және Әділетті Қазақстан құру жолында еңбек ету болуы тиіс. Барлық өзгерісті жақсылыққа жорып, еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан әрбір қадам берекелі болсын деп тілейміз. Атау өзгеруі мүмкін, бірақ халық алдындағы жауапкершілік ешқашан өзгермеуі керек.

«Әділет» партиясының өмірге келуі, «Аманаттың» қосылуы, мүшелерінің «Әділетке» өтулері – бәрі де халыққа пайдасы болса игі.

Құрылтай құрылып, ескілерден құтылсақ екен. Шалдар демалуы керек. 70-80-ге келгендер мен маскасы шешілгендерге құрылтайда орын болмауы керек».

ОРТАҚ МАҚСАТ ЖОЛЫНДАҒЫ БІРІГУ КІМГЕ ТИІМДІ?

Сөз басында айтқанымыздай, «Аманат» партиясының съезінде қатысушылар «Әділет» партиясымен бірігу туралы шешімді бірауыздан мақұлдады. Мәжіліс депутаты Ұнзила Шапақ қоғам мен мемлекеттің мүддесіне қызмет ету үшін саяси күштердің мүмкіндіктерін біріктіру және әлеуетін одан әрі арттыру қажет деп есептейді. «Әрине, әр партияның өз ұстанымы мен өзіндік ерекшеліктері бар. Алайда бізді біріктіретін жалпы құндылықтар әлдеқайда маңызды. Бұл – жаңа Конституцияда бекітілген әділ мемлекет құру қағидаты, тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы, оның қауіпсіздігі, азаматтардың әл-ауқаты және өскелең ұрпақтың болашағы», – деді ол. Оның айтуынша, жаңа Конституцияда бекітілген қағидаттар мен реформалар елдің саяси күштері үшін басты бағыт болып қала береді. «Бұл қадам – саяси жүйенің табиғи дамуы және ел мүддесіне қызмет ететін күштердің ортақ мақсат үшін бірігуге дайындығы», – деп атап өтті Ұнзила Шапақ.

Павлодар облысы мәслихатының хатшысы Илья Теренченко да бастаманы қолдап, күш-жігерді шоғырландырып, жалпыұлттық мақсат төңірегінде бірігудің маңызды екенін айтты. «Біз бұл шешімді уақтылы қадам ретінде қарастырамыз. Сайып келгенде, мұның бәрі тәуелсіздікті нығайтуға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға және елдің тұрақты дамуына қызмет етуге тиіс», – деді ол.

«Аманат» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов партия өз тарихының жаңа бетін ашып, мемлекет мүддесі мен қоғам сұранысына сай қадам жасауы тиіс екенін мәлімдеді. «Бүгінде біз жаңа даму бағытына қадам басып жатқанда, Мемлекет басшысы бірлік пен ынтымақтың маңызын айтып отырған кезде, өз тарихымыздың жаңа бетін ашуға да батылдық танытуымыз керек. Біздің партия әрдайым «Өзгеріс өзімізден басталады» қағидатын ұстанып келеді. Сондықтан қазір де уақыт талабына, мемлекет мүддесіне және қоғам сұранысына сай келетін қадам жасауымыз қажет», – деді Қошанов. Оның айтуынша, қазір елге жаңа бөліну сызықтары емес, керісінше, біріктіретін жаңа тұғырлар қажет.

«Осы жауапты сәтте біз күш біріктіріп, ресурстарымызды жаңа саяси «Әділет» партиясымен біріктіруіміз керек», – деді Ерлан Қошанов.

Депутат Ерлан Саировтың сөзінше, съезд делегаттары саяси күштерді біріктіру мәселесін талқылап жатыр. Сонымен қатар саяси кеңес мүшелерінің басым бөлігі бұл бастаманы қолдауда. Сонымен қатар депутат бұл бастама «Аманат» партиясының тәжірибесі мен «Әділет» партиясындағы жас саясаткерлердің күш-жігерін біріктіруге бағытталғанын алға тартты.

«Бұл жерде корпоративтік мүдде туралы мәселе көтеріліп отырған жоқ. Мұнда еліміздің ұлттық және мемлекеттік мүддесі туралы сөз болып отыр. 1 шілдеден бастап Қазақстан жаңа саяси дәуірге қадам басады, сондықтан жаңа саяси күштер, тың идеялар мен мұраттар қажет. Аманат» партиясының мүшелері онжылдықтармен, дәуірлермен ойлайды. Сондықтан тәжірибе мен жастардың күш-қуатын біріктіру қажет деп санаймыз», – деп түсіндірді депутат.

Айтпақшы, президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Аманат» партиясының бұрынғы төрағасы Ерлан Қошановқа аталған лауазымдағы абыройлы, нәтижелі әрі елге пайдалы еңбегі үшін алғыс айтты. Сонымен қатар ол партия мүшелерінің жуырда өткен съезде жаңадан құрылған «Әділет» партиясына қосылу жөнінде қабылдаған тарихи шешімдеріне ризашылығын білдірді.

Президент елімізді жаңғырту, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпке негізделген Әділетті Қазақстанды құру ісіне «Аманат» партиясының елеулі үлес қосқанын атап өтті. Мемлекет басшысы отаншыл партия мүшелерінің «Әділет» партиясының қатарында да ел игілігі жолындағы белсенді әрі жемісті қызметін абыроймен жалғастыра беретініне сенім білдірді.

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай: «Біз «Әділет» партиясын құрғанда қарапайым, бірақ қағидатты ұстанымға сүйендік: тұрақты даму әділетсіз мүмкін емес. Әділ ережелер жұмыс істейтін жерде сенім пайда болады.

Бүгінгі қоғамдағы әділдікке деген сұраныс ерекше жоғары. Азаматтар ұран сөздерді емес, нақты нәтижелерді күтеді.

Көптеген мемлекеттерде саяси бәсеке қоғамдағы алауыздықтың, қарама-қайшылықтың және өзара сенімсіздіктің көзіне айналып жатады. Қазақстан басқа жолды таңдады. Біз елдің стратегиялық мақсаттары ұлттық мүдде жолында күш-жігерді біріктіруді талап етеді деп есептейміз.

«AMANAT» партиясының «ӘДІЛЕТ» партиясына қосылуы – тар партиялық мүддеден жоғары тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім.

Бүгін біз тарихи шешімдер қабылдадық. Байыбына барса, бұл партияның кезекті съезі ғана емес. Бүгін біз еліміздің саяси тарихындағы жаңа кезеңнің басталуына куә болып отырмыз. Ең бастысы – «Әділет» партиясына «Аманат» партиясының қосылуы туралы тарихи шешімді рәсімдедік.

Бүгінгі съезден кейін «Әділет» партиясы мүлде жаңа сапаға ие болды, жаңа биікке көтерілді. Еліміздің қоғамдық өміріне ықпал ететін, тегеуірінді күшке айналдық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформалардың және халық қолдаған жаңа Конституцияның шын мәніндегі саяси тірегі ретінде бекідік», – деді.

«АМАНАТ» ПЕН «ӘДІЛЕТТІ» НЕ БӨЛІП ТҰР?

«Әділет» партиясы «Аманат» партиясына ұқсап кетпей ме? Бұл көптің көкейіндегі үрей! Олай болса, жаңа партиядан не үміт, не қайыр?

Астанада өткен «Әділет» партиясының II съезінде партия төрағасы Айбек Дәдебай «азаматтар ұрандарды емес, нақты нәтижені күтеді» деді. Сондай-ақ халық мемлекеттік органдар мен саяси институттардың жұмысын қабылданған шешімдермен емес, адамдардың өмір сүру сапасының жақсаруымен бағалайтынын жеткізді. Съезд барысында Айбек Дәдебай «Аманат» партиясының «Әділетке» қосылуын ортақ мақсат жолында саяси күштердің бірігуі деп бағалады. Бұл шешімнің тар партиялық мүддеден жоғары тұрған ұлттық жауапкершілікке негізделгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл қадам түрлі көзқарас пен тәжірибесі бар азаматтардың ел мүддесі үшін күш біріктіре алатынын көрсетеді.

Президент Тоқаев билікке келгелі елімізде демократияның самалы есе бастағаны қуантады. Кім не айтамын десе де еркі! Әлеуметтік желіде не айтылмай жатыр. Жаңа партияны қолдап жатқандар да, қорлап жатқандар да жетерлік. Осының өзі еліміздегі демократияның салтанат құрып тұрғанының белгісі. Қоғам осылай дамиды. Сөз бостандығы деген осы! Халықтың саяси сауатының да кемелденуі осыған байланысты.

Иә, «Әділеттің» саясат сахнасына келе сала «Аманатты» «қылғытып» жұтып жібергені талайды ойландырып тастады. Жоғарыда айтқанымыздай, бір кезде «Аманат» партиясына дауыс беріп, сенім артқан сайлаушылардың қақы қайда қалады?

«Аманат» партиясы соңғы рет 2023 жылы 19 наурызда өткен Парламент Мәжілісі сайлауында 2 697 504 дауыс жинады. Сол «Аманат» партиясына сеніп дауыс берген 2 697 504 азаматтың қақын кім қорғайды? Сайлауға қатысқан дәл осы сайлаушылардың арқасында «Аманат» партиясы Мәжілістен 40 мандат алды емес пе? Оны айтасыз, 800 мыңға жуық партия мүшелерінің құқы ше?

«Аманатқа» дауыс берген 3 миллионға жуық адам «Әділетке» қайта дауыс берген жоқ?!» деп таласа жазуда көзі ашық қауым.

Демек, 3 млн электорат алдындағы жауапкершілікті кім арқалайды? Бұл да көпшіліктің ойындағы сауал! Айтылуға тиіс пікір!

Аманатқа қатысты тағы бір түйткілді ой мынау. Әбден іргесі бекіген, буыны қатайған аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттардың күні не болады? Олар әлі жыл жарым жұмыс жасауы тиіс. Сонда олар Аманат болып сайланып, Әділет болып жұмысын жалғастыра бере ме? Заң тұрғысынан қалай болар екен?

«Әділет» партиясы өз жиынында Қазақстанның барлық өңірінде филиалдар ашылып, жергілікті жерлердегі жұмыстарын күшейтуді жоспарлап отырғаны айтылды. Партия өкілдерінің айтуынша, басты мақсаттары азаматтармен тікелей байланыс орнатып, олардың мәселелерін шешуге белсенді қатысу. Яғни, Әділеттің байламы «Ат тұяғын тай басар» дегенге сайды. Аманаттан қалған ғимараттар Әділетке қызмет етері сөзсіз! Қаңырап қалса, сол қайғы емес пе!

Айта кетейік, «Әділет» партиясы съезд қорытындысы бойынша тиісті қаулылар қабылданып, партияның алдағы кезеңдегі жұмысының негізгі бағыттары бекітілді. Алдағы уақытта Парламенттік сайлауда партия көп орын алуды жоспарлауда және елімізде саяси кезең қызықты өтіп, жаңа бағдарламалар мен қадамдар болайын деп тұрған сияқты.

Айтпақшы, әлеуметтік желіде белгілі журналист Асылхан Мамашұлы өз ойын былай білдіріпті. «Әділет» партиясы да жиын өткізіп, «Аманаттың» қосылатынын жариялап, кеше сауған сүтке ашыған айран қосыпты. Егер парламенттің абыройын сәл де болса сақтап қаламыз десе, бүгін түннен қалмай «Аманаттың» депутаттары президент Тоқаевқа петиция жазып, бұдан әрі мәжілісте қала алмайтынын мәлімдеуі керек.

Ал таңғы тоғызда мандаттарын есік алдындағы күзетке тапсырып, парламенттен табандарын жалтыратуға тиіс. Депутаттық мандат «Аманатқа» берілген, енді ондай партия жоқ! «Біріккен сиез өткенше бөлек партиямыз, осы айдың соңына дейін, 15 күн мәжілісте нирвана ұстап отыра тұруға құқылымыз» дейтін шығар?

15 күн түгілі, 15 минут отыруға моральдық құқы жоқ. Егер олай десе, «өзге біреумен некелесіп, құшағына кірдім, бірақ айлық алғанша сенімен бірге тұра тұрамын» дейтін түлкі терісін жамылғанның сөзі болмақ», – деп жазды.

Гүлнар Изтаева атты белсенді қыздың пікірі де көпшілікті алаңдатып отыр.

«Өте дұрыс сөз. Құқықтық жағынан да, моральдық тұрғыдан да. 15 күн отыра тұрамыз деу – заңсыздық. Парламент депутаттары ондай заң     сыздыққа барса, басқалардан не күтуге болады? Жоқ партия қалай Парламентте отырады? Расымен, Аманат партиясының мандаты қайта бөлініп, қалған партияларға, оның ішінде Байтаққа берілсін. Екі апта – біраз күн. Екі апта түгелі, екі күнде талай заңды қабылдап тастаса болады. Айлық жағын, компенсация жағын еңбек кодексіне қарар, алайда жоқ партия Парламенттен кетуі тиіс. Бұрынғы Аманаттың депутаттары не деп отырмақ Парламентте? Әншейін креслода отыра тұрайықшы демек пе? Еңбек кодексінде 3 сағат дәлелді себепсіз жұмыста болмаған үшін шара қолданылады, ал бұл жерде жарты ай туралы сөз болып отыр», – деп түйреп өтіпті. Әрине, мұның бәрі пікір. Заңдық тұрғыдан шешім шығару заңгерлердің жұмысы.

«Әділет» партиясының II съезі у-шусыз өтті. Өздері айтқандай, дабырлатпай-ақ, аттандатпай-ақ, көп жұмыс тындыруға шынымен кіріскендей! Съезд барысында партияның алдағы жұмысына қатысты маңызды ұсыныстар айтылып, жаңа бастамалар көтерілді.

Жиын соңында «Әділет» партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Рауан Кенжеханұлы және «Әділет» саяси партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Бөріхан Жолбарысұлы Нұрмұхамедов жаңадан құрылып жатқан республикалық «ADILET TV» телеарнасына және «ADILET TV» ақпараттық агенттік сайтына арнайы сұхбат беріп, ізгі тілектерін жеткізді. Сөйтіп, елімізде жаңа телеарна мен агенттік сайты жұмысқа кірісті. Рауан Кенжеханұлы мен Бөріхан Жолбарысұлы Нұрмұхамедов «ADILET TV» республикалық телеарнасымен және «ADILET TV» ақпараттық агенттік сайтымен алдағы уақытта бірлесе, тығыз жұмыс жасау жөнінде ұсыныстарын айтып, өзара ақпараттық және шығармашылық байланыс орнатуға дайын екендерін жеткізді. Олар мұндай серіктестік қоғамдағы маңызды мәселелерді кеңінен көтеруге және халыққа шынайы ақпарат таратуға өз үлесін қосатынын атап өтті.

Таяу күндері, 1 шілдеде, еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енеді. Мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесін қамтамасыз ететін конституциялық заңдар қабылданды. Бұл да көңілге қуаныш ұялатады.

 

«АМАНАТТЫ» ТҰҚЫРТҚАН «ӘДІЛЕТ», СЕНДЕ БАР ҚАНДАЙ ҚҰДІРЕТ?

PS: «Әр кәлләда бір қиял» демекші, егер «Аманатты» ыдыратпай сақтап, «Әділетті» бәсекелес партия қылғанда қалай болар еді? Онда «Екі қошқардың басы бір қазанға» сыймас еді дейсіз бе? Жоқ әлде, дұрыс шешім сол болар еді ғой деп бізді қолдайсыз ба? Мысалы, демократиялық елдерде – АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Францияларда партиялық құрылыс ерекше. Негізгі екі бақталас партия бір-бірін түртпектейді, қалғандары карлик партиялар. Олар да өздерінше бір-бір «патша». Керек кезде ірі партиямен коалиция жасап, Үкіметтен бір-екі портфель алып қалады. Қазақ мұны «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дейді. Ұлт үшін. Мүдде үшін...

Осы орайда, егер президент әлеуеті тең келетін екі партия құруға пәрмен бергенде, еліміздің дамуына үлкен өзгеріс әкелер ме еді дейміз-дағы. «Аманатты» ыдыратпай, «Әділетті» күшейткенде, нағыз саяси «соғыс» басталып, біздің елді сыни беретін ұйымдардың аузына су құйылар ма еді! Олжас ақын айтпақшы, тауларды аласартпай, даланы асқақтатудың көкесі сол болар ма еді?

«Әділет» партиясының сиезі өте сала, көп өтпей Астанадағы «Аманаттың» орталық аппаратының маңдайшасындағы атау «Әділет» болып өзгерді. Алыс-жақын өңірлерде де осы кеп. Қайран «Аманат!». Қайраңдағы балықтай қиралаңдап қалдың-ау. Басыңнан бағыңның ұшқаны осыдан байқалады.

Қысқасы, «Әділет» партиясы біртіндеп билікті қолға алып жатыр. Иә, не нәрсенің де атын өзгерту оңай, затын, ішін өзгерту қалай болар екен?

Жаңа партия халықтың да талап-тілегін ескерсе екен дейміз. «Жаңа Құрылтайға әнші, спортсмен, айтыскер, ақын, жазушы, блогер, журналист дегендерді жолатпаңыздар! Олардан түк пайда жоқ екенін халық көрді, білді. Заң шығарушы органға заңгерлер мен ұлтқа жаны ашитын ардақты тұлғаларды топтаңыздар! Сонда ғана халықтың көңілінен шығасыздар» деп жатқандардың аманатын да осы жерге жаза кеткенді жөн көрдік.

Иә, Қазақстанда тарихи бетбұрыстар болып жатыр. Бізді дұрыс бағытқа жетелейтін тарихи бетбұрыс па, басқа ма, дәл қазір бірдеңе деу қиын. Бәріне тарих төреші. Халық биліктің жаңашыл талаптарын, өзгерістерін қашанда қолдауға дайын! Қорғауға дайын! Шегірткеден қорыққан егін екпейтіні секілді, жаңа саясаттан қорқудың да арты – көк тұман! Сондықтан ел ертеңіне сенім зор!

Қазақстанда жаңа Конституция қабылданды. Нәтижесінде енді вице-президент лауазымы пайда болады. ҚР Парламент Сенаты таратылады, жойылады. Бір палаталы парламент келеді. Ол Құрылтай деп аталады. Сонымен бірге Халық кеңесі құрылады. Бұл институт Қазақстан халқы ассамблеясы (ҚХА) мен Ұлттық құрылтайдың жұмысын біріктіріп, олардың институционалдық мұрагері болды.

Өткен жексенбі күні сиезде айтылған әр ойдың астарында бір шындық бұғып жатқандай. Билік пен қоғам арасындағы алшақтықты азайту оңай шаруа емес. Ол үшін тек құрылым өзгерту жеткіліксіз, ойлау тәсілі де өзгеруі керек. «Әділет» партиясы осы өзгерісті өз мойнына алуға талпынып отырғанын аңғартты.

Кез келген саяси құрылымның тарихи кезеңі аяқталады. Біз бүгін сондай сәттің куәсі болып отырмыз. Мойындау керек, қанша өзгеріс жасалса да, «Аманат» ескі Қазақстанның елесінен арыла алған жоқ. Сондықтан да елімізге заман талабына сай, қоғам сұранысына жауап беретін жаңа саяси күш керек еді.

Кейінгі жылдары Қазақстанның саяси жүйесі айтарлықтай өзгерді. Жаңа Конституция қабылданды, билік тармақтарының арақатынасы қайта қаралды, жаңа саяси ережелер қалыптаса бастады. Мұндай жағдайда бұрынғы саяси архитектураға сүйенген ұйымдардың да трансформациялануы – заңды құбылыс.

Біздің пайымдауымызша, «Аманаттың» өңірлердегі тәжірибесі, кадрлық әлеуеті мен ұйымдастырушылық қабілеті сақталады. Яғни, түгелдей жаңа партияға беріледі. Өз кезегінде «Әділет» ұсынған жаңа ұстаным, цифрлық басқару құралдары және реформаторлық көзқарасы негізге алынады. Бұл еліміздегі саясат сахнасына керек. Өйткені «Әділет» партиясы құрылған кезден-ақ жаңа буын адамдарынан құралғанын, жаңа көзқарасты ұстанатынын аңғартып-ақ жатыр. Ендеше, жаңа саяси кезеңнің жауапкершілігін мойнына алған «Әділетке» саяси додада сәттілік тілейміз. Жолдарың болсын! Көтеретінің әділет туы болсын!

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

18.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26079
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25529
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42924
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38738
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43326