Амангелді Құрметұлы: Қазақстанның Әскери доктринасы қорғанысқа негізделген

Амангелді Құрметұлы:  Қазақстанның  Әскери доктринасы қорғанысқа негізделген

Қазақта хан Абылай айтты дейтін, «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген тәмсіл бар. ХХІ ғасыр. Әлем өзгерді. Ғылымға иек артқан елдер алға озды, қарыштап дамып барады. Иә, қазір ғылым-білімге сенген заман. Бірақ мемлекеттер арасындағы бақталастық пен өзара теке-тірес соғыс отын тұтандырмай қоймайтынына куә болып отырмыз. Сондықтан мемлекетіміз қарулы күштері мен қорғаныс саласының бүгінгі заманауи, ғылыми тұрғыда дамуы, деңгейі қандай деген мәселе әрбір азаматты ойландырмай қоймайтыны анық. Осы орайда әріптесіміз, соңғы кезде әскери тақырыпқа қалам тербеп жүрген шолушы, журналист Амангелді Құрметұлымен аз-кем сұхбаттасқан едік.  

 

Халық пен әскер біртұстас болса...

– Қазір Қазақстан қарулы күштерінің қуаты, қорғаныс қабілеті қандай?

– Қазір жалпы Қазақстан Қарулы күштерінің қуаты, қорғаныс қабілеті туралы түрлі әңгімелер айтылатыны рас. Мен әлбетте әскери маман емес екенімді ескере отырып, өз болжамдарымды айтқым келеді. Көбінде бұқара кейбір халықаралық зерттеу орталықтарының және Global Firepower (АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының сараптама орталығы) сияқты құрылымдардың берген мәліметіне қарап әлемдік рейтингте Қазақстанның қорғаныс қабілеті, қарулы күштерінің қуаты бәленінші орында екен деп бағалап жатады. Айталық, Global Firepower  рейтингінде Қазақстан 53 пен 63-ші орындарының арасында жүреді. Бірақ іс жүзінде ондағы рейтинг пен шынайы жағдай бөлек болуы әбден мүмкін. Жалпы Қазақстан өзінің Әскери доктринасын қорғанысқа негіздеп құрғандықтан барлық мүмкіндікті, қаржыны, ресурстарды осы қорғаныс бағытына аударатыны анық. Дегенмен Қарулы күштердің қуатын, қорғаныс қабілетін анықтайтын нақты шкала жоқ екенін ескеру керек. Кейде қағаздағы рейтинг іс жүзінде басқаша болуы мүмкін. 

Қазақстан Армиясы қалай құрылып еді?: 13 қараша 2017, 14:30 - жаңалықтар  Alashainasy.kz

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс кезінде жаңағы, біз сөз басында айтқан рейтингте 2 орында тұрған Ресейдің 22 орында тұрған Украинамен қақтығыста өзінен 20 есе әлсіз саналған Украинаға алғашқы күндері ашығын айтсақ, тісі батқан жоқ. 

 

Көп шығынға батып жатқан жайы бар. Ал Украина жұрты Ресей тарапынан төнген қауіпке тек қана қарулы күштер арқылы ғана емес, тұтас халық болып қарсы шығып жатыр. Бұл жерде біз айтқандай рейтинг ешқандай да іске жараған жоқ. Сол себепті Қазақстан Қарулы күштерінің қуатын, қорғаныс қабілетін мұндай сынақтармен сынаудан Құдай сақтасын дегеннен басқа амал болмайды.

– Жалпы қуатты әскер деп қандай әскерді айтуға болады?

– Қуатты армия деген кезде біз бірден әлемдік супер державалардың қарулы күштерін еске түсіретініміз анық. АҚШ, Қытай, Ресей дегендей. Әр халықтың, әр мемлекеттің өзіндік ұстанған саясатына, мүддесіне сәйкес армия жасақталатыны сөзсіз. Біз басында айтқанымыздай Қазақстан қорғанысқа негізделген әскер жасақтағандықтан, осы аймақтағы түрлі қауіп-қатерлерге меніңше, армиямыз қарсы тұруға қауқарлы деп есептеймін және Қазақстан көршілермен, аймақтағы өзге де мемлекеттермен ашық әскери қақтығысқа барудан мейілінше сақтанады. Мұндай жағдайдың алғы шарттары қалыптаса бастаса, оны бейбіт жолмен шешуге тырысатын саясат ұстанады. Сол себепті қуатты армия деген кезде қандай да бір армиямен нақты салыстыру қиын. Иә, техникалық тұрғыдан салыстыруға болар еді. Бірақ техниканы игеретін мамандардың да өзекті екенін ескеру керек. Сонымен қатар қаржылық тұрғыдан салыстыруға болар еді. Бірақ қарулы күштерге, қорғаныс саласына бөлінетін қаржының көлемінің кейде шынайы оқиғаға әсер етпеуі мүмкін екенінде жоққа шығармаған дұрыс. Сөз басында айтқандай, қос мемлекеттің арасындағы қақтығыс кезінде осы жағдайды көріп отырмыз.

Меніңше қуатты армия деген заманауи техникамен жарақтандырылған, мамандарының барлығы білікті және халықтың көңілінен орын алған армия болуы тиісті. Халық пен армия арасындағы байланыс бір-біріне сүйеу болуға деген ұмтылыс мықты болатын болса, сол армия, сол мемлекет те қуатты болады деп білемін

 

Қарулы күштерге реформа жасалғаны дұрыс

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштердің басшылығымен кеңес өткізіп, бірқатар тапсырмалар берді. Президент Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту және заманауи цифрлық тәсілдер арқылы әскери басқару жүйесін жетілдіру мәселесіне көбірек тоқталды. Осы тұрғыда біздің қарулы күштер қай елдің тәжірибесіне сүйенген дұрыс деп ойлайсыз?

– Жоғары Бас қолбасшы Қ.Тоқаевтың Қарулы күштердің басшылығымен кеңес өткізіп, тапсырмалар беруін біз де бақылап отырмыз. Бұл жерде қандай да бір елдің тәжірибесіне сүйену дегенге келетін болсақ, НАТО үлгісіндегі әскери құрылымдар жасақтау немесе бұрынғы Варшава фактісі елдеріне кіретін әскерлердің кейбір амал-айласын қабылдау сияқты мәселелерді қарастыруға болады. Бұл жерде бірінші кезекте мәселенің алдымен елдің Әскери доктринасына, сыртқы саясатына, жалпы ұстанымына қатысты болатынын ескерген дұрыс. Біздің Қарулы күштер орналасқан аймағымызға байланысты және еліміздің мүмкіндіктеріне байланысты, ұстанған саясатымызға байланысты жан-жақты негізде жасақталғаны дұрыс деп ойлаймын. 

Скачать военные обои картинки на рабочий столОның үстіне былтырдан бері транспорттық авиацияны жетілдіру, мобильді топтарды көбейту деген сияқты бастамалар бар. Бұл енді заманауи Батыс әскерінің негізгі тәсілдерінің бірі. Сол сияқты әуе қорғанысы кешендерін күшейту, зымыранға қарсы қорғаныс кешендерін жасақтау деген сияқты мәселелер де өзекті. Әрине, біз Қазақстанға сырттан қандай да бір мемлекеттің шабуыл жасауына жол бермеуге тырысамыз. Бірақ түрлі қауіп-қатердің, геосаяси жағдайдың құбылып тұратынын ескере отырып, мейілінше ыңғайлы Қарулы күштер жасақтаған дұрыс. Сонымен қатар резервтегі азаматтардың жиі жаттығу өткізіп тұрғаны өте маңызды. Әскери есепте тұрған азаматтар қару ұстауды ұмытып қалмауы керек. Әрі ең басты фактор ретінде саладағы жемқорлықты жоюға тырысқан дұрыс деп есептеймін. Ал қандай да бір елдің тәжірибесіне ғана сүйену бір жақты болып кетер еді.

– Президент жауынгерлік дайындық бағдарламасын қайта қарау керек деді. Еліміздің қорғаныс саласы АҚШ-пен, Түркиямен басқа да елдермен әскери ынтымақтастыққа қол қойды деп жатады. Осы ынтымақтастық аясында армиядағы солдаттар арасында оқу-жаттығу ұйымдастырыла ма?

– Президент жауынгерлік дайындық бағдарламасын қайта қарау керек дегенде, меніңше, қаңтар оқиғасындағы жағдайларды назарға алған шығар. Көптеген сарапшылар айтып жүргендей, тіпті Жоғарғы Бас қолбасшының өзі айтқандай сол сәтте күш құрылымдарының арасындағы үйлесімді жұмыс болмай қалды. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты топтардың, Ішкі істер министрлігіне қарасты арнаулы күштердің, қорғаныс министрлігіне қарасты бөлімдердің арасында қандай да бір дұрыс, жүйелі жұмыс қалыптаспады. Сол себепті опық жеген жағдайымыз бар сияқты. Бірақ ондай кезде ішкі оқиғаларға әдетте Ұлттық ұланның ерекше жауапты болатынын ескерген дұрыс деп білемін. Бірақ бұл бәрібір Қарулы күштерді реформалау қажет емес дегенді білдірмейді. Реформа жасалғаны дұрыс. Әскери дайындық барысында мейілінше заманауи тәсілдер, заманауи бағыттар пысықталып, болашақ офицерлер сол жөнінен маманданғаны дұрыс шығар. 

Менің білуімше, Қазақстанның әскери оқу орындарында киберқауіпсіздік, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да бағыттар бойынша мамандар даярланады. Бәлкім олар аз да шығар. Дегенмен даярланып жатыр. Сонымен қатар көптеген елдермен байланыс, ынтымақтастық орната отырып, сарбаздарымызды жаттықтырып жатқанымыз да рас. 

Қазақстанның бітімгерлік миссиясы бірнеше мемлекетте жұмыс істейді. Бірқатар офицерлеріміз Африка елдерінде болды, Ливияда болды. БҰҰ-ның аясындағы бітімгерлік миссияларға қатысып жүр. Бірақ соның өзінде армияда жетілдіретін бағыттар болуы мүмкін. Әсіресе жедел әрекет ету топтарын даярлауға ерекше көңіл бөлінетін шығар. Соңғы жылдардағы түрлі аймақтарда болып жатқан әскери қақтығыстар барысында осындай топтардың өте ықпалды екені байқалып қалды. 

Ал АҚШ-пен, Түркиямен және басқа мемлекеттермен арадағы әскери ынтымақтастық туралы ақпараттарға келетін болсақ, мұндай ынтымақтастықтың қалыптасқанына алды 20 жыл, тіпті 25 жыл болған шығар. Мәселен  АҚШ-пен әр 5 жыл сайын әскери ынтымақтастықтың 5 жылдық жоспарын бекітіп отырамыз. Түркиямен де түрлі байланыстарымыз бар. Франциямен, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы мемлекеттермен, НАТО күштерімен оқу-жаттығу, өзара әріптестік тұрғысынан көптеген ынтымақтастық қарым-қатынастар орнатылған. Бірқатар жаттығуларға сарбаздарымыз қатысып жүр. Бірақ көп жағдайда жаттығулардың тым шартты екенін ұмытпаған дұрыс. Қазіргі ұрыс тәсілдері, қазіргі күрес амалдары өзгеріп кетті. Бір ғана мысал келтірейік. Қоғам өкілдерінің, азаматтардың қандай да бір қақтығыс болып жатқан жерден тарататын бейнелері қарсыласқа кәдімгідей дайын барлау деректерінің қызметін атқаруы мүмкін. Содан да болар, 2020 жылы Әзірбайжан қарулы күштері өз сарбаздарының және тұрғындардың армия күштерінің қайда тұрғаны, қайда келгені жөніндегі видеоларды таратуына тосқауыл қойды. Халыққа ескерту жасады. Осы жолы да Украинада мемлекет өкілдері халыққа сондай үндеу тастап жатқаны байқалады. Демек мұның өзі бір амал. Яғни бұл жерде халықтың байқамай барлаушы болып, тіпті ақпарат таратушы болып кетуінің алдын алып жатыр.

Ал армиядағы сарбаздар арасындағы оқу-жаттығуға келетін болсақ, түрлі ынтымақтастық аясында өткізіліп келе жатыр. Бірақ  тұтас Қарулы күштердің барлық сарбаздары халықаралық оқу-жаттығуға қатысып жатыр деп айта алмаймыз. Ел ішінде де түрлі жаттығулар болып тұрады. Дегенмен, кейбір жаттығулардың сценарийіне қарайтын болсақ, әлі күнге кеңес одағынан бері келе жатқан сценарийлермен ұйымдастырылатын көрінеді. Бәлкім содан да шығар Президент оқу бағдарламасын, дайындық бағдарламасын өзгерту керек деген талап қойған болуы мүмкін. Әлбетте мұнда жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Президенттің қолында біз білмейтін көптеген деректер болуы ықтимал екенін ескере отырып, өзімізше болжам жасадық.

 

Мектеп қабырғасынан бастап заңға бағынуды үйрету маңызды

– Қазір түрлі сылтаумен әскерге барудан жалтаратын жастарымыз көп.  Оларды әскери борышын өтеуге ынталандыру үшін не істеу керек?

– Түрлі сылтаумен әскерге бармаудан жалтаратын жастарымыз көп дегенде ең алдымен олардың нақты саны, жылына қанша болатынын айтқанымыз жөн шығар. Әзірге ортақ бір статистика кездестірген жоқпын. Әр облыстың, қаланың, аймақтардың қорғаныс департаменттері жыл сайын түрлі деректер таратып жатады. Сол деректер негізінде белгілі бір картина шығаруға болады. «Бірақ әскерге барудан жалтарушылар шынымен көп пе?» дегенге тоқталған дұрыс. Меніңше, қоғамда әскерге барудан жалтаратындар бар. Бірақ біз айтып жүргендей тым көп емес. Жалтарды деп есептелетіндердің түрлі себептері болуы мүмкін. Айталық, урбанизация  үрдісі кезінде жастар бір жерден екінші жерде қамалып отыруды қаламайды. Олар түрлі қалаларға барып жұмыс істеуі мүмкін, шетелге шығып кетуі мүмкін, тағы басқа жағдайлар орын алады. Мұндайда әскерге шақыру билеті егер бұрынғы тіркелген жеріне немесе үйіне келген болса, оған азамат жауап бермесе, Қорғаныс департаментіне әскери бөлімдерге бармаса, яғни әскерге шақыру орындарына бармаса, онда сол жерде отырған офицерлер бірден оларды әскерден қашып жүр деген тізімге қоса салуы мүмкін. Тіпті айталық, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерге заңсыз да болса жұмыс істеуге кеткен азаматтар шақырудың келгенін білмейді де, білсе де жуық арада келе қоюы неғайбыл. Олар ол жақта күнкөріс қамымен жүргендіктен және виза режимін бұзғандықтан, бір кіргеннен шықпауға тырысады. Ал бұлар әлбетте біздің әскери органдарда әскерден жалтарғандардың тізімін толтырып тұр. Дегенмен діни танымына, ұстанымына байланысты әскери борышты мақсатты түрде өтемеуге тырысатындардың бар екенін жоққа шығармаған дұрыс. 

2000 жылдардың басында, қателеспесем, 2010 жылдарға дейін елімізде тіркелген кейбір ұйымдардың мүшелері әскерге бармаймыз деп шу шығарған сәттер болған. Олар әлбетте әскерден жалтарушылардың қатарын толықтыратыны сөзсіз. Ел ішінде ішінара әскерден мақсатты қашатындар да табылады. Жылына күзде және көктемде әскерге азаматтарды шақыра отырып, шамамен 32-34 мың жігіттің әскери борышын өтеуіне мүмкіндік жасалады. Ал шақырылатындар саны кейде 100 мыңға дейін кетіп қалуы мүмкін. Олар медициналық тексеруден өтеді, тағы басқа процедуралары бар. Содан соң сәті келгенде міндетті әскери борышын өтейді.

Енді оларды әскери борышын өтеуге ынталандыру үшін не істеу керек дегенге тоқталатын болсақ, бұл жерде ынталандырамыз, ойбай ананы істейміз, мынаны істейміз деп ұрандатудың еш қажеті жоқ. Одан да мектеп қабырғасынан бастап заңға бағынудың маңызды екенін үйрете берген дұрыс. Ал әскери борышты өтеу конституциялық міндет емес, заңда көрсетілген. Сол заңға бағынуды үйреніп өскен азамат жасы келген кезде, егер денсаулығы жарайтын болса, әскери борышын өтеуден қашпайды. 

Екіншіден, әскердегі әлімжеттік түбегейлі жоюға талпынған дұрыс деп есептейміз. Өкінішке қарай, әлі де бар ол. Тек формалары өзгерді. Әскерлердің арасында жарғыдан тыс, ережеден тыс қарым-қатынас деген ұғымдар бар. Яғни жастардың, әскерлердің бір-біріне қысым жасауы, яғни буллинг жасауы мәселесі. Сондықтан мұны мейілінше азайтуға ұмтылғанымыз дұрыс деп білемін. Шын мәнінде егер барлық азамат заң үстемдігін мойындайтын, әр адамның құқы айрықша екенін білетін жастар болып тәрбиеленетін болса, жаңағы айтқан әлімжеттік те азаяр еді. Әскерден қашу да болмас еді. Біз қазір ойбай оларды қалай ынталандырамыз, не істейміз деп шуылдап жүрміз. Негізі бұл мәселе тұтас қоғамның көптеген проблемаларының және бір-біріне байланысқан, сабақтасқан проблемаларының бір бөлшегі ғана. Тұтас қоғам құқықтық сауаттылыққа назар аударып, заң үстемдігін мойындап, өзінің құқықтары мен міндеттерін жақсы білетін, мүлтіксіз орындайтын азаматтар қалыптасса, біз қазір мәселе етіп көтеріп жүрген көптеген дүниелер өздігінен ретін табар еді. Тіпті Батыс мемлекеттеріндегі айтылатын адам құқығы, демократиялық принциптер деген «армандарымызға» тез-ақ жетер едік.

 

Сарбаздардың  әл-ауқаты үнемі бақылауда

– Өзіңіз де көріп отырған боларсыз, мысалы Украинада қолға түскен Ресей солдаттары аш-жалаңаш екен деген ақпарат тарап жатыр. Осы орайда Сізді қазақ әскерінің халі, әл-ауқаты қалай екен деген сұрақ мазалай ма? 

– Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс кезінде таратылып жатқан ақпараттардың барлығын дұрыс деп қабылдаған жөн болмайтын шығар. Иә, өзгенің жеріне басып кіргені үшін іштей сескенетін, қорқатын, үрпиісетін сарбаздардың болатыны анық. Бұл жерде командирлердің сапасының төмендігі байқалып жатыр. Яғни жоғары шенді командирлер емес, бөлім командирлері, взвод командирлердің сапасыз екені... Соның салдарынан сарбаздар моральдық, психологиялық қысымды көтере алмаған сыңайлы. Оның үстіне ұрыс болып жатқаннан кейін кім жанын қиғысы келеді дейсіз. Сол себепті қолға түскендердің барлығы аш-жалаңаш деп бірден қабылдауға болмайды. Екі жақ та бір-бірінің әскерін ақпараттық тұрғыда мұқатуға тырысып жатқандықтан ақиқаты қайсы екенін мейілінше сүзгіден өткізген дұрыс деп білемін. 

Ал осы жерде қазақ әскерінің халі, әл-ауқаты қалай дейтін болсақ, әлбетте сарбаздардың жарақтандырылуы, олардың азық-түлік мәселесін ұдайы бақылауда ұстаған дұрыс. Мұндай бір тым әскери құпия саналмайтын мәселелерді қоғамдық негізде бақылауға алған дұрыс шығар. Айталық құжат бойынша бір сарбазға күніне 5 грамм бал, 10 грамм сары май, 500 грамм ет деген сияқты тамақтану рационы жазылып тұруы мүмкін. Ал әскери бөлімдердің асханаларында дәл сондай деңгейде колория беретін және жаңағы айтқан тізімдегідей азық-түлік берілмеуі де ғажап емес. Сол себепті қоғамдық негізде әскери бөлімдерді жарақтандырылуын, мысалы сарбаздардың киім-кешегі мен әлеуметтік жағдайын бақылайтын түрлі комиссиялардың жұмыс істегені дұрыс шығар. 

Тым әскери құпия мәселелерге келетін болсақ, ол енді қоғамдық бақылауды қажет етпейтін дүниелер. Бірақ ХХI ғасырда интернет заманында, ғарыш заманында, ғарыштық технологияның тым қарқынды дамып бара жатқан заманда әскери құпия бар деудің өзі қиын шығар. Бағдарламалар, арнайы жоспарлар, кейбір жақсы дайындықтан өткен әскери бөлімдердің қайда орналасқаны деген сияқты мәселелердің ғана құпия болуы мүмкін. Өзгесін қоғамдық бақылау қарап отырғаны дұрыс. Жалпы өз басым сырттай қазақ әскерінің әл-ауқаты тым жаман деп есептемеймін. Дәл Украина жерінде қолға түсті деп көрсетіліп жатқан сарбаздардай аш-жалаңаш емес шығар деген үмітім бар. Бірақ барлық әскери бөлімдерді өз басым аралап көрмегендіктен, былайша айтқанда бір жақты уәж айтуым орынсыз болатын шығар.

 

Әскери өнеркәсібіміз дербес кешенге айналу керек

– Айтпақшы,  катерлер мен шағын кемелерді отандық зауыт құрастырады деген ақпаратты көзім шалып қалды. Еліміздің әскери қорғаныс өнеркәсібі шынымен жұмыс істеп жатыр ма? Қауқары қандай?

– Әлбетте, Қазақстанда әскери шағын кемелерді, катерлерді құрастыратынымыз рас. Оралда жасаймыз. Сол себепті олар мейлінше жаңа болады. Ал қорғаныс өнеркәсібіне келетін болсақ, 90 жылдары Қазақстанда 1 ғана қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорыны жұмыс істеген болатын. Кейін Құдайға шүкір ақырын-ақырын қайтадан жанданып, түрлі бағытта өнімдер шығарып келе жатыр. «Қазақстан инжиниринг» (Kazakhstan engineering) холдингіне қарайтын оншақты компания бар. Олар әртүрлі дүниелер өндіреді.

Бірақ Қазақстанның өнеркәсібі егер ел басына күн туатын жағдай болса, Қарулы күштерді толық қамтамасыз ететін дербес кешенге айналмағанын ескеру керек. Бізде бронды техника, ұшақтар, зеңбіректер, зымыран кешендері деген сияқты күрделі қару-жарақтар көбіне шетелден алынады. Көбіне Ресейден аламыз. Соңғы кезде бірқатар қаруларды, көліктерді Түркиядан және басқа мемлекеттерден алып жүрміз. Мысалы Қарулы күштердің құрамына енгізілген шабуылдаушы дрондардың алғашқылары Қытайдан алынған техникалар болатын. Өзіміз де барлау дрондарын жасауға тырысып жатырмыз. Сондықтан қорғаныс өнеркәсібінің жағдайын тұтас Ресейдегі, АҚШ-тағы немесе Батыс Еуропадағы салалармен салыстыруға келмейді. Сонымен қатар соңғы жылдары өкінішке қарай қорғаныс өнеркәсібінде жұмыс істейтін кейбір фирмаларға қатысты дау-дамай өрбіп жатыр. Айталық, отандық бронды көлікке қатысты дау-дамай болды. Кейбір зауыттардың өнімдерін қорғаныс саласы мамандары қабылдамай қоюына байланысты дау-дамай болды. Мұның анық-қанығы анықталуы тиіс. 

Әдетте қорғаныс өнеркәсібіне жауапты фирмалар, кәсіпорындардың басшылары отандық өнім, сондықтан аласың деп қорғаныс министрлігіне қысым жасауы мүмкін екенін жоққа шығармаған абзал. Мұндай да сапа емес жалаң ұранмен пайда табуды көздейтіндер кездеседі. Сондықтан қорғаныс өнеркәсібінің қателеспесем жиырма неше кәсіпорны қал-қадірінше жұмыс істеп жатыр. Өнімдерінің сапасы тағы басқа мәселе. Енді Құдай бетін ары қылсын, шынайы жағдайда сыналған емес.

– Ал еліміз ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан қаншалықты қорғалған?

– Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі басқа тақырып. Тіке әскери дүниеге, әскери салаға қатысты емес. Ол енді бәлкім идеологияға байланысты болатын шығар. Бұл жерде ақпараттық қауіпсіздік деген кезде кәдімгі ІТ қауіпсіздік және масс-медиа арқылы адам санасына әсер ететін ақпараттың мәселесі қарастырылуы керек. Екінші, яғни адам санасына әсер ету құралы ретінде қолданылып жатқан масс-медияның ақпараттары ол енді өкінішке қарай өзгелердің қолында. Қазақстан Ресейдің ақпараттық кеңістігінде толығымен отыр. Ресей медиясы қазақстандық қоғамдық пікірді қалыптастыруға айрықша «үлес» қосады. Бірақ бұл тікелей әскери салаға қатысты дүние емес. Әрине әскердің ІТ қауіпсіздігі, киберқауіпсіздігі тағы басқа деген сияқты өзіндік бағыттары бар екенін білеміз. Бірақ оның құпиясы көп.

– Әңгімеңізге рахмет! Алла елімізді түрлі сынақтардан сақтасын деп тілейік.

 

Сұхбаттасқан – Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
10.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 327
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6430
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8043
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6510
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6647