Ән өнерінің саңлағы

Ән өнерінің саңлағы

Қапаш Құлыш 55 жыл бойына сахнадан қол үзген емес

 

Қазақ мәдениетінің шоқтығы биік тұлғаларының бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Қапаш Құлыш. Дәстүрлі ән өнерінің саңлағы, домбыраның құдіретін жүрегіне сыйғызған талант иесі сахнада 55 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бар ғұмырын шығармашылыққа арнаған Қапаш Құлыш – өнерге адалдықтың, мәдени мұраны сақтау мен дамытуға деген асқан сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.

      27 қараша күні Астана қаласында Қазақ ұлттық өнер университетінде өнер қайраткерлері мен мәдениет жанашырлары өнер иесінің мерейтойына арналған «Халық әні: ұлттық дәстүр және қазіргі заман» дөңгелек үстел жиынында бас қосты. Іс-шара барысында Қапаш Қабыкенқызының шығармашылық жолы баяндалып, өнердегі ерекше жетістіктері атап өтілді, тақырып аясында баяндамалар оқылды. Танымал тұлғалар мен әріптестері Қапаш Құлыштың өнер әлеміне қосқан үлесі жайлы жылы лебіздерін білдірді.

      Іс-шараға университет ректоры м.а., профессор Раушан Нұртаза, өнер мен мәдениет зиялылары Қайрат Байбосынов, Сембек Жұмағалиев, Ғалия Балтабай, Алмас Алматов, Толғанбай Сембаев, Айтжан Тоқтаған, музыкатанушылар – Меруерт Құрманғалиева, Айгүл Байбек, университет ұстаздары мен студенттері қатысты. Дөңгелек үстелдің модераторы философия ғылымдарының кандидаты, «Операторлық өнер, арт-менеджмент және дыбыс режиссурасы» кафедрасының доценті Сәуле Шаймерденова болды.

     Шараның тұздығы – Қапаш Қабыкенқызының шығармашылығы мен өмір жолына арналған «Ән-Ғұмыр» жинақ кітабының таныстырлымы өтті. Онда әншінің балалық шағы, өнерге алғашқы қадамы, «Гүлдер» ансамбліндегі жарқын кезеңі, ұлттық өнерді насихаттау жолындағы еңбегі мен сахнадағы ең ұмытылмас сәттері баяндалған. Қазақ руханияты тағы да бір құнды туындымен толықты.

      Ғалия Құсайынқызы Балтабай, Павлодар облысының құрметті азаматы, ҚР Құрметті журналисі:

«Мен Қапашты ең алғаш 1960 жылдардың соңы, 1970 жылдардың басында көргенмін. Ол кезде Қапаш «Гүлдер» би ансамблінде әнші болып қызмет ететін. Бірақ таныстығымыз ол кездерде болған жоқ. Жақынырақ қалай таныстық? 9 мамыр жеңіс күні Рейхстахқа ту тіккен батырымыз Рақымжан Қошқарбаев жайлы радиохабар дайындаған күні, «сұхбаттан кейін өзіңізді бір керемет әншімен таныстырамын», – деді ағам. Кейін алдымызға Қапаш Құлышты алып келіп отырғызып, ән шырқатты. Қапаш Қабыкенқызы жап-жас ол кезде, көздері мөлдіреп тұрған кезі. Әнді қалай айтады десеңізші! Сол кезден бастап мен оның әндеріне, шығармашылығына қызыға бастадым. Бір ерекшелігі – ол жәй ән айтқан жоқ. Қазақтың ұмытылып бара жатқан, не бертін ғана танылып келе жатқан әндерін айтатын. Сондықтан болар, бұл бізге таңсық болып көрінетін. Эстрада әндерінен гөрі, қазақтың дәстүрлі әндерін есту құлағымызға майдай жағатын.   

     Уақыт өте келе Қапашты мен кітапханада өткен бір шарада кездестірдім. Сол кезде журналистік қызығушылықпен «Осы сіздің еңбегіңіз бағаланды ма?» деген сұрақ қойдым. Сонда маған ол: «Қазір еңбек бағалау деген ұмытылып бара жатыр ғой», –  деп жауап қатты. Мен көп ойланбай «сізге атақ алып беруге мен көмектесемін» дедім. Қапаш жайлы ақпарат көп іздедім. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ шығар дедім содан соң. Күн демей, түн демей, үй көрмей гастрольдеп жүріп ән салған. Қазіргі әншілермен салыстыруға келмейтін еңбек. Ақпараттың бәрін саралай отырып министр Балаеваға «дәстүрлі әншілеріміздің еңбегі неге дұрыс бағаланып жатқан жоқ?!» деп хат жаздым. Журналист болған соң, қолымнан келгенді жасадым. Жауабын 10 күн ішінде алдым. Соның арқасында Қапаш Құлыш «Құрмет орденінің» иегері атанды. Өзі де, мен де балаша қуандық. Өнер адамының еңбегі бағаланса, ол одан әрі талпынады, өзіңдей талай шәкіртті тәрбиелеуге мотивация болады».

 

 

 Дәстүрлі өнердің дарабозы

 

Қапаш Құлыштың өнерге деген сүйіспеншілігі бала кезінен бастау алған. Ол туған ауылында халық әндерін тыңдап, домбыра үніне елтіп өсті. Сол әуезді әуен оны өнер әлеміне жетеледі. Жастайынан ұлттық әндер мен күйлерді бойына сіңіріп өскен жас талант көп ұзамай дәстүрлі әнші ретінде танылды. Алғашқы домбыра сабақтарын Көркем өнерпаздар үйірмесінің жетекшісі, аңызға айналған Үкілі Ыбырайдың немересі Мұса Асайыновтан алды. Қапаш Құлыштың орындауындағы Ыбырайдың «Қалдырған», «Гәкку», «Сұлу Көкше» және т.б. әндері  көрерменді ерекше әсерге бөлейді. Оның әсем даусы мен домбырадағы шеберлігі қазақ халқының рухани мұрасын кеңінен насихаттауға жол ашты.

«Мен Арқаның қызымын. Біз жақта бидай жақсы өседі. Анам марқұм  токта жұмыс істепті. Кішкентаймын ғой ол кезде, мені жұмыс арасында емізіп кетеді екен.  Мен бір-екі сорып әндетіп жатады екенмін. Сонда анам «Осы менің қызым атақты әнші болады-ау, соны көріп өлсем арманым жоқ», – деп айтады екен. Анам ерте қайтты. Менің жетістіктерім мен өскенімді ол кісі көре алмады. Алайда анамның сол арманы орындалды», – деп жымия анасын еске алды Қапаш Құлыш.

«Мектепті бітіре салысымен арман қуып, өнер қуып 16 жасымда Алматыға қарай тарттым. Туғандарым жылап шығарып салды. Үлкен қалада баратын туыс жоқ, туған жоқ. Вокзал жақтан түстім. Чемодан толған кітап. Үстімде бір кофта, юбка. Сол вокзалда үлкен ата-әже отырса, солардың қасына барып отырамын. Кішкентай сөмкем болды, соны басыма жастап 2 жұмадай вокзалда қондым», – дейді Қапаш Құлыш.

     Консерваторияға әнші боламын деп түскен жас қыздың өнер жолы оңай болмады. «Оқуға түсерде жастар арасындағы бәсеке мықты болды. Бәрі шеттерінен сұлу, талантты. Бірақ, тілдері орысша. Ал мен ауылда өскен кемпір-шалдың қызымын. Орыс мектебінде білім алған соң орысшаға да, қазақ тіліне де жетік болдым. Қазақ тілінде мақал-мәтелдермен сөздің майын ағызып сөйлейтін болдым. Қаныбаева деген  профессор апам: «Сен қызды оқуға Мәскеуге жіберемін, сенен үлкен, мықты актриса шығады. Түрің де, дауысың да бар», – дейтін. «Апай, мен актриса емес, әнші болғым келеді», – дедім. «Актриса болсаң, сен рөлді де ойнайсың, ән де айтасың» деп шақырды. Содан әкеме хат жаздым. Мерекеден кейін бізді Мәскеуге оқуға жіберіп жатыр деп жаздым. Сонда әкем 12 бет хат жазыпты. Онда «Құлыным, мына шиеттей баланы Алматыға әрең жіберіп отырғанда, сонау Мәскеуге қалай жіберемін?! Үстіңде киімің жоқ. Ол басқа жер, орыстардың жері. Құлыным, қиын болады ғой саған» деп жазыпты хатта. Хатты оқып алып өкіріп жылаймын. Құжатымды алайын десем, оны бермей қойды. Қалтамда 12 рубль қалған, соған общий вагонға билет алып Көкшетауға қайттым. Көкшемде Мұса Саинов деген Үкілі Ыбырайдың туған немересінің көркем өнерпаздар үйірмесіне қатыстым. Ол кісі керемет әнші, сазгер, айтыскер, енді тұнып тұрған талант. Әнші болып қалыптасуыма қолғабыс еткен бірден-бір бірінші ұстазым осы Мұса Саинов ағамыз деп білемін».

 

 

«Гүлдер» ансамблінің жарқын кезеңі

 

      Қапаш Құлыштың шығармашылық жолында ерекше орын алған кезең – «Гүлдер» би ансамблінің құрамында болған жылдар. Көпшілікке танымал бұл ансамбль ұлттық мәдениеттің символына айналып, әлемнің түкпір-түкпірінде қазақ өнерін паш етті. Қапаш Құлыш ансамбльдің бас солисті ретінде домбырамен ән шырқап, ұлттық өнердің қайталанбас бояуын көрсеткен. Ол ансамбльдің әрбір концертінде ұлттық әндерді орындап, халықтық мұраның байлығын насихаттап қана қоймай, оның биік деңгейін әлемдік сахнаға көтерді.

     «Өнерге, «Гүлдер» ансамбліне, «Қазақ циркін» ашуға көп тер төккен халық әртісі, көркемсөз шебері, Мәскеуде білім алған Гүлжихан Ғалиеваға алғысым шексіз. Облыс-облыстарды аралап жүріп жастарды жинайды. Сол жастардың ішінде мен де бармын. Көкшетаудың өзінде іріктеуден өтіп 7 бала Алматыға жол тарттық. Бар сынақтан сүрінбей өттік. Еркін Біржанов, Сара Жүнісовалар бар арамызда. 1967 жылы студияға түстім. 1969 жылы 27 қазан айында  «Гүлдер» ансамблі ашылды. Соған қабылдандым. Шығармашылығымның бастауы, шырқау шыңы осы «Гүлдерден» басталды. Серік Елеусізов деген ағайымыз 2 бағдарлама қойып берді. Сол бағдарламамен 30 жыл тоқтаусыз өнер көрсеттік. «Гүлдер» ансамбліне кіріп-шыққан көрермен, қазақ халқының салт-дәстүрі, ойындары, айтыс пен ақындық өнер сықылды  бар өнерімен сусындап шығатын. Декорациямыз киіз үй болды».

      Қапаш Құлыштың өнерде қалыптасуына көмектескен жан – Гүлжихан Ғалиева. Шара Жиенқұлова екеуі  Ілияс Омаров министр болып тұрғанда «Жапонияда «Такура цуки» деген, Өзбекстанда «Бахор» деген би ансамблі бар, ал біздің олардан қай жеріміз кем?! Біз неге өзіміздің ансамблімізді ашпаймыз?! Қазақтың өнерлі жастары көп, солардың басын қосып халыққа, елге ұлттық мәдениетімізді дәріптеу керек» деп өтініш айтады. Ол кісі (Ілияс Омаров) патриот қыздарды қолдап, «Гүлдер» би ансамблін ашуға бел буады. Тарихта ерекше орын алатын «Гүлдер» ансамблі әлемнің көптеген сахналарында өнер көрсетіп, ұлттық өнерді жаһандық деңгейде танытты. Ал «Гүлдердің» танылуына көп үлесін қосқан жан,  ол – Қапаш Құлыш.

 

Мұра мен ұрпақ жалғастығы

 

     Сахнада жарты ғасырдан астам уақыт өткізген Қапаш Құлыш тек өнер көрсетумен шектелмей, жас таланттарды тәрбиелеуге де айрықша мән берді. Ол ұлттық өнер мектебінде ұстаздық етіп, өз білгенін кейінгі буынға үйретті. Оның шәкірттері бүгінде қазақ өнерінің дамуына үлес қосып, өз ұстаздарының жолын жалғастыруда.

       «Арқаға барғанда әншімін деме, Батысқа барсаң күйшімін деме» деген қазақтың мақалы бар ғой. Киелі, қасиетті топырақтан шыққан қыз болған соң, өнерлі болмауға менің еш құқым жоқ. Құдайға шүкір, менің армандарым орындалып жатыр. Бізге мұра болып қалған халық өнері өлмесе екен. Соны жаңғыртып кейінгі ұрпаққа қалдырсақ екен деген арманмен өмір сүріп келе жатырмын».

        Қапаш Құлыштың шығармашылығы – қазақтың ұлттық рухын, салт-дәстүрі мен өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін алтын көпір. Оның мерейтойы ұлттық өнердің мәңгі жасайтынының дәлелі іспеттес.

        Қапаш Құлыштың сахнадағы шабыты сарқылмай, тыңдармандарын әлі де қуанта беретініне сенеміз. Ұлттық өнердің шамшырағы әрдайым жарқырай берсін!                                                     

                                                                                                                             

Саяжан ҚАЙДАР
06.12.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЗИЯНКЕСТЕРМЕН КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 11.12.2024 63
ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА ЖОЛДАРДЫ ТАЗАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 10.12.2024 39
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ЗЕРДЕЛЕНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 10.12.2024 41
ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БАЛУАНДАРЫ ҚОС ТУРНИРДЕ ТОП ЖАРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 10.12.2024 29
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНДА ДӘРІГЕРЛЕР ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 10.12.2024 144
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 439
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 451
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 436
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 384
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 379
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 455
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 430
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 440

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10701
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9666
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12901
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11868
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16880