«Табиғат – адамзаттың анасы. Анасына құрмет көрсетпейтін адам ол жәй жүрген күнәһар пенде. Табиғат – адамзат өмір сүріп жатқан орта, ортақ үй, ортақ мекен. Адам мен табиғат – егіз ұғым. «Ағаш жапырағымен, жер топырағымен көрікті» дейді халқымыз. Табиғат көркейіп, желегі жасыл тартса, адамның да тынысы кеңейіп, көңілі көтерілері анық. Адамның тағдыры табиғатқа байланысты. Табиғат болмаса адам өмір сүре алмақ емес. Таза ауасы мен шипалы суы, ну орманы мен асқар тауы жоқ, ағашы оталып, суы тартылған табиғатты көз алдымызға елестетіп көрейікші, құлазыған жер... көз алдыңа елестетудің өзі де қорқынышты. Табиғатсыз адам қалай тіршілік кешпек. Судың да сұрауы бар ғой?!..».
Бұл – 1979 жылы 41 жасында дүниеден өткен зоотехник ғалым Сәуле Абдрешовтың күнделігіндегі жазбалар. «Малшылар қауымы деген шын мәнінде дала академиктері екеніне көзім әбден жетті», – дейді ары қарай автор. Далада аспан әлеміне қарап ауа райын болжаған, қай шөппен малды азықтандыру керек, соның бәрін білген аталар танымын, жануарлар мен өсімдіктер жайын балаларға ертегі түрінде жазып кетсем деп армандаған Сәуле ағамыздың аяқталмай қалған мұрасын араға жарты ғасыр салып артында қалған жары Ұяхан апа аяқтап, кітапша етіп жарыққа шығарды.
Расында, бүгінде жасы 85-тен асқан ардақты ана, ардагер ұстаз, «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» және «Мейірім» төсбелгісінің, «Асыл ана» орденінің иегері Ұяқан Жұмекеева анамыздың нұр бейнесі «Мейірім әлемді құтқарады» аналар энциклопедиясының бесінші бетінде 100 мейірімді ананың ортасында жарқырап тұруы тегін емес. Иә, ананың бәрі құрметті! Десек те, еңбегімен, ақыл-парасатымен елдің аяулысына айналған асыл аналардың орны ерекше. Бүгінгі кейіпкеріміз – жақындары Нақан атап кеткен апайдың өмір жолы соның айқын дәлеліндей.
Нахан апай 1939 жылдың 1 наурызында Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылында қарапайым шаруа жанұясында дүниеге келді. Мектепті бітірген соң арман қуып Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Көп ұзамай жас зоотехник Сәуле есімді жігітке тұрмысқа шығып, оқуын сырттайға ауыстырады да, Сүмбе ауылындағы бастауыш мектепке мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Он жылда бес бала тауып, оқуын да бітірген соң толыққанды ұстаздық қызметіне кірісіп, тындырымды тірлігімен көзге түсе бастады. Дегенмен, адамның өмірі тақтайдай тегіс жол емес, 38-ге толған келіншектің тағдырына дауыл соқты: өмірлік жолдасынан бір күнде айырылып, жесірлік қамытын жамылды. Бес бала мен екі енесіне қамқорлық жасау енді өз мойнына түсті. Тағдырдың сынағына мойымай, аса батыл қадаммен, мықты рухпен алға қарай дамуын тоқтатпаған жігерлі ана қос ененің батасын алып, бес баланы қатарынан кем қылмай өсірді. Перзенттерінің бесеуі де жоғарғы оқу орнын бітірді. Үлкен ұлы Еркін Әбдірешов – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының аға буын актері. Қызы Найла Ростов қаласындағы Халықаралық университеттің философия факультетін бітіріп, бүгінде Бішкек университетінде дәріс береді.
Қоғамдық істердің басы-қасында жүретін сергек көңілді Нақан апа Әуезов аудандық «Асыл әжелер» ансамблінің белді мүшесі ретінде жас ұрпаққа қазақтың салт-дәстүрлерін үйретуде ұйытқы болды. Он шақты қазақ сериалдарына түсіп, бір-бірін қайталамайтын әжелер ролін сәтті сомдады. Бейсен Құранбектің «Айтуға оңай», «Қарекет» жобаларына қатысып, түрлі тақырыпта ой-көзқарастарын білдірді. Қазіргі таңда «Қазақ аналары – дәстүрге жол» жобасының белсенді мүшесі, ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді ұлықтап, ұлттық киім кию, қазақ тілі мәселелері бойынша қыруар жұмыс атқарып жүр. 2012 жылы қасиетті Меккеге тәу етіп, үлкен қажылық парызын өткерді. Үш жыл медреседе оқып, арабтың 28 әрпін үйренген кимешекті анамыз ата-баба аруағына құран қатым бағыштап келеді. Осы жылы ұстаздар күнінде Нақан апа «Халық мұғалімі» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, құқық қорғау қызметіндегі ұлына отансүйгіштік тәрбие бергені үшін «Құрметті ана» медалін де өңіріне тақты.
Ардақты жары Сәуле Әбдіраш ағамыз зоотехник мамандығымен қоса өлең жазу, табиғатпен тілдесіп өсімдіктерді зерттеу сияқты әртүрлі қырларымен жазушы Сәкен Жүнісовпен, композитор Әсет Бейсеуов ағалармен етене араласып, өнерден кенде еместігін дәлелдеген адам еді. Нақан апай жан жарының көзі тірісінде артында жазып қалдырған еңбектерін өңдеп, баспаға әзірлеп, «Қысқа өмір – ұзақ ғұмыр» деген атпен жарыққа шығарды. Сондай-ақ жолдасының дала өсімдіктерін зерттеп, аяқтай алмай кеткен «Тау патшалығының жер патшалығымен құдандаласуы» ертегісін ұзақ жыл іздене жүріп, 100 түрлі өсімдікпен толықтырып, «Тораңғы батыр Құмдауыт патшалығында...» деген атпен көркем суретті кітапша етіп шығарды. Асыл жары алдындағы өз міндетін атқарып, көңілін бір демдеген Нақан апай осынау елеулі қуанышын елмен бөлісіп, сыйластарына ақ дастарқан жайды.
«Тораңғы батыр Құмдауыт патшалығында...» кітапшасының тұсауын ардагер тележурналист Гүлмәрия Барманбекова мен қырық жылдан аса ұстаздық қызмет еткен ҚР Білім беру саласының үздігі, биолог, профессор Баян Ахметова апамыз кесті. Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылының құрметті азаматшасы, ел басқарған алып тұлға Д.Қонаевтың келіні Зариға Молдекеқызы ақ батасын берген соң, қажы Жәмиға мен Күләйша аналар, әнші әрі композитор Ғазиза Зейноллақызы, ақын әрі ардагер ұстаз Майра Жылқыбай Нақан апайға деген ізгі тілектерін білдірді. Әсіресе, қуанышқа жиналған көпшілік анасын құрмет тұтқан ұлы Ербол мен енесін талай жыл бір шаңырақ астында күтіп-баптап отырған Майра келінінің ерекше ықылас-пейілдеріне ризашылығын жасырмады. Тағылымды іс-шараны ұйымдастырған Республикалық «Қазақ Аналары: дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Іле аудандық бөлімшесінің төрайымы Кәмила Сапархайыр ханымға да алғысымыз шексіз.