Қазақстан Республикасының
мемлекеттік билік органдарына,
Ұлттық құрылтайға, ғылыми қауымдастыққа және жалпыұлттық қоғамдық санаға
Мемлекеттің де, ұлттың да болашағы ұрпақ сабақтастығына байланысты. Ал сол сабақтастықтың бастауы – Ана.
Ананың бала тәрбиесіне арнаған еңбегі отбасы шеңберімен шектелмейді. Ана тәрбиелеген ұрпақ ертең ел азаматына, еңбек иесіне, қоғамның жауапты мүшесіне айналады. Сондықтан ана еңбегін жеке отбасының міндеті емес, мемлекет пен қоғамға қызмет ететін тарихи еңбек ретінде бағалау қажет.
Бұл мәселе барлық анаға ортақ. Әсіресе көпбалалы аналардың ұзақ жылғы еңбегі мен жауапкершілігіне айрықша назар аударылуға тиіс. Аналар туралы сөз болғанда, көбіне жәрдемақы мен әлеуметтік қолдау мәселелері қозғалады. Бұл маңызды. Алайда ана еңбегін тек әлеуметтік көмекпен шектеу оның ұлт алдындағы қызметін толық ашпайды. Ана – демографиялық жалғастықтың, ана тілінің, ұлттық мәдениеттің және болашақ азаматтың қалыптасуына үлес қосатын тұлға. Баланың тәрбиесі мен біліміне, денсаулығы мен адамгершілігіне жұмсалған ана еңбегінің нәтижесі бүкіл қоғамнан көрінеді. Демек, ана еңбегі – ұлттық сабақтастықтың негізі әрі ел болашағына қосылған тарихи үлес.
Қазақстан Республикасының Конституциясында ана мен баланы қорғау қағидаттары бекітілген. Осыған сүйене отырып, ананың ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесін ғылыми тұрғыдан зерделеп, оның қоғамдық маңызын мемлекеттік саясатта жүйелі түрде тану қажет.
Бүгінде ана мен баланы қолдау көбіне әлеуметтік төлемдердің мөлшері мен тәртібі төңірегінде (талқылаулар) жүріп жатыр. Әлеуметтік қолдауды жетілдіру қажет. Оның мақсаты көмекті қысқарту немесе «құбылмалы құрмет, төлем» емес, әділеттілігін, жеткіліктілігін және нақты мұқтаж отбасыларға толық жетуін қамтамасыз ету болуға тиіс. Халықтың тілегі айқын: ана атаулыны құрметтеу, ана мен балаға көрсетілетін қолдауды әлсіретпеу және көпбалалы отбасыларға ерекше, нақты көмек беру. Осы тұрғыдан мемлекеттік және қоғамдық санаға орнығуға тиіс қағидатты ұсынамын: көмек қана емес – «Парыз төлемі». «Парыз төлемі» – ананың ұрпақ тәрбиесіне сіңірген тарихи еңбегін мойындаудан туындайтын мемлекеттік жауапкершілік тетігі. Оның мақсаты – ана еңбегін тек ақшамен өлшеу емес, сонымен бірге оның демографиялық жалғастыққа, жас ұрпақ тәрбиесіне, ана тілі мен ұлттық құндылықтардың сақталуына қосқан үлесін мемлекеттік деңгейде тану.
Парыз ұғымы ананың қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғауды, денсаулығын сақтауды, балаларының сапалы білім алуына және отбасының лайықты өмір сүруіне жағдай жасауды қамтиды. Сондықтан «Парыз төлемінің» құқықтық негізін, қаржыландыру көздерін және іске асыру жолдарын ғылыми-экономикалық тұрғыдан зерттеу қажет.
«Алтын алқа» – көпбалалы аналарға берілетін мемлекеттік марапат. Ол ана еңбегін тану мен құрметтеудің белгісі. Алтыннан алқа тағу барлық салада бар марапат. Ал «Алтын бесік» – ананың тарихи орнын, ұрпақ сабақтастығын және ұлттық болмысты тоғыстыратын кең мағыналы рухани даңғыл. Алтын бесік – ана мен балаға ғана тиесілі ұғым, бірегей атау. Осыны табиғи болмысымен қоса ескеру керек. Ол ана мен балаға, ұрпақ тәрбиесіне, ана тіліне, ұлттық дәстүрге және мемлекеттің болашағына қатысты құндылықтардың тұтастығын білдіреді. Алқа – ана еңбегін мойындаудың белгісі болса, бесік – сол еңбектің ұлт өміріндегі тарихи мәнін танытатын қасиетті ұғым.
Осыған байланысты «Алтын бесік» ұлттық бағдарламасын әзірлеуді және көпбалалы аналардың еңбегін тануға арналған жоғары мемлекеттік марапат тағайындау мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл рухани мойындауды нақты әлеуметтік қолдаумен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттің ана алдындағы жауапкершілігі құрметпен ғана шектелмеуге тиіс. Ол ананың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғаудан, денсаулығы мен әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етуден және отбасының тұрақты өмір сүруіне жағдай жасаудан көрінуі керек. Осыған орай мынадай ұсыныстарды ортаға саламын:
Бірінші. Ананың ұрпақ тәрбиесіне қосқан қоғамдық және тарихи үлесін ғылыми тұрғыдан зерделеп, оны мемлекеттік отбасы саясатының құрамдас бөлігі ретінде қарастыру.
Екінші. «Парыз төлемі» атты арнайы мемлекеттік қолдау тетігінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздемесін жасау.
Үшінші. «Алтын бесік» ұлттық бағдарламасын қоғамдық талқылаудан өткізіп, оны ана мен баланы қолдауға бағытталған ұзақ мерзімді мемлекеттік саясатпен байланыстыру.
Төртінші. Көпбалалы аналарға «Алтын бесік» мемлекеттік марапатын тағайындау мүмкіндігін қарастыру.
Бесінші. Ана мен балаға берілетін жәрдемақылардың жеткіліктілігін қамтамасыз етіп, олардың мөлшерін инфляция деңгейі мен отбасының нақты қажеттіліктерін ескере отырып тұрақты түрде қайта қарау.
Бұл ұсыныстар ана еңбегін мойындаудың ғылыми-құқықтық негізін қалыптастыруға, мемлекеттік қолдауды жетілдіруге және ұлттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Олар тиісті мамандардың қатысуымен жан-жақты зерттеліп, ашық қоғамдық талқылаудан өтуге тиіс. Жас отбасылардың тұрмыстық қиындықтарға байланысты бала сүюді кейінге қалдыруына жол бермеу қажет. Аналарды қиындықпен жалғыз қалдырмай, жас отбасылардың болашаққа деген сенімін нығайтып, ана мен балаға нақты әрі тұрақты көмек көрсету маңызды. Ескеретін ең маңызды мәселе: кейде сырттан таңылған не іштен іріген әдепсіз әдеттер бар. Көпбалалы аналарға деген астамшыл, безбүйрек ниет, тілтүртпек жүгенсіздіктер кездеседі. Осындай зиянды көзқарастар тұтас ұлттың болашағына балта шабуы мүмкін. Аналарымыздың сәби сүюге деген ынтасына және ұлттық салт-дәстүр сабақтастығына бұл – тікелей, толассыз атылған улы жебе десек, қателеспейміз. Ол халықтық, дәуірлік деңгейде ана мен бала, ұрпақ ұғымдарын жоққа шығаруы мүмкін.
Құрсақтың құрғауы мен сананың бедеулігі өріс алуы мүмкін. Ойлан, Қазақ!..
Қазақта: «Нені қор тұтсаң, соны зар тұтасың» деген мақал бар. Ұрпақ жалғастығы — жай ғана демографиялық көрсеткіш емес, ұлттық тұтастық пен мемлекеттің болашағының негізі. Сондықтан мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ете отырып, аналар мен балалардың мүддесін қорғау, қолдаудың әділеттілігін сақтау және көмектің нақты иесіне жетуіне жағдай жасау қажет.
Демография, көші-қон, отбасы тұрақтылығы және азаматтардың ертеңге деген сенімі өзара тығыз байланысты. Мемлекеттік қолдау ашықтыққа, әділдікке және жауапкершілікке негізделіп, көзделген игілік өз иесіне толық жетуге тиіс. Анаға құрмет – бір күндік мереке мен марапаттың мәселесі ғана емес. Бұл – ұлттың өзін-өзі тануы, мемлекеттің өз негізін бағалауы және қоғамның болашақ алдындағы жауапкершілігі.
Өткенге тағзым ету – тарихи жауапкершілік, бүгінге әділет таныту – қоғамдық парыз, ал болашаққа қамқорлық жасау – ұлт пен мемлекеттің ортақ міндеті. Бұл ойдың мақсаты – орындалу мүмкіндігі зерттелмеген талап қою емес. Мақсат – анаға деген перзенттік сүйіспеншілікті қоғамдық санаға айналдырып, мемлекеттің мүмкіндігі мен қоғамның адамдық парызын ортақ игілік жолында тоғыстыру.
Анаға құрмет – ұлтқа құрмет. Анаға қамқорлық – мемлекеттің болашағына қамқорлық. Ананың тарихи еңбегін мойындау – бүгінгі қоғамның өткен алдындағы тағзымы әрі келешек алдындағы жауапкершілігі.
АЛТЫНБЕСІК
Мейлі жаспыз, мейлі үлкен кәріміз,
Тұтас ұлтпыз – уыз сүттің нәріміз.
Алтын бесік – қазағымның қалыбы,
Сол бесіктен түлеп ұштық бәріміз.
















