КҮЙ МЕН ЖЫР: саз бен сарын ұлт пен ұрпақ

КҮЙ МЕН ЖЫР: саз бен сарын ұлт пен ұрпақ

Халықтың рухани байлығы – оның тарихы, мәдениеті, әдебиеті.

Әлкей Марғұлан

 

ТАРИХ ПЕН ТАҒДЫР: ЗАМАННЫҢ ЖАҢА СЫНЫ

 

Мұны сөз етпейтін адам жоқ. Біреулер сазгер мен күйшіге енді қажеттілік болмайды, тіпті өнер атаулыны жасанды интеллект меңгеріп, өнерпаздар өгей баланың күйін кешіп, жетімсіреп қалуы мүмкін дейді... Құдай сақтасын! Ұлттық өнер өлмесін! Бір жақсылығы болар... Өлмесін дейміз... Бірде мергенсіген құрдасым мынадай бір оқиғаны айтып берді: – Көл жағалап, бұқпантайлап жүріп, бір атақазды атып әкелдім. Әйелім мен балаларым қызықтасын деген ой ғой. Оның үстіне өзіме де мерей: елден таса, көктен олжа түсіріп, жерден «жеңіс» тапқандай, мақтан мен мадақтың дәмін сезіндім. Бірақ әп-сәтте қанағатсыз пендешілік ниетімнің күлі көкке ұшты. Кішкентай қызым: «Мынау құстың үсті қан, неге?! Папа, тірілтіп алшы, өлмесін!..» – деп шыңғырып жыламасы бар ма! «Кім? Неге? Мысықтар ма талаған?» – дейді. Содан қайтып қолыма мылтық ұстамайтын болдым, – деп күрсінді. Сол қанатты атақаз секілді ұлт едік. Жұбан ақын айтпақшы, мың өліп, мың тірілдік. Аллаға шүкір, бармыз! Иә, ұлттық өнер өлмесін! Қолда бардың қадірін, қолдан кетсе білерсің. Өзіңде барды өгейсіп, Құдайдан не тілерсің?.. – Қайырлы түн, қарағым! Сен қалғып бара жатырсың, мен де ұйқының қамына кірістім. Шаршадық... Домбыра мен қобыздың қос ішегі де дір-дір етіп, демін қайыра жұтып, тыныстап қояды. Біз дүниемен үндестік, сыр кештік, ғұмырдың ащысы мен тұщысын күйге қостық. Енді ұйықтаймыз. Себебі біз адамбыз. Ал бұл мезгілде жасанды интеллект кірпік ілмей, ой мен әрекеттің үстінде минут санап әлденіп келеді. Олар – ұйқысыз сана. Оны маған кім айтты дейсің ғой? Домбыра мен қобыздың көмейіндегі күміс қоңырау, заман мен зауалдың ыңы айтты. Тыңдашы, үй сыртында ЖИ тұр. Ақыл мен жасанды интеллект біріксе – өрлеу мен өсу, ақыл адасса – қапас пен қанды қақпан. Мұны да маған ел мен жел айтты... Күркілдеген бураға бұрқылдаған қарлы боран мен қаһарлы қаңтар бар. Кісінеген айғырға темір тісті кісен бар. Мекіренген қошқар мен бақылдаған текеге терісін іреп соятын, қын түбінде қайрауы жеткен қанжар бар. Көп асқанға – бір тосқан. Менменсіген адамзатқа «ЖИ» атты жер қайысқан зілман сана, Ұлтанқұл, шегірткедей шеру тартып келе жатқан патшалық бар. Іргеңді түріп, бір қарап көр!..

 

КҮЙ – ХАЛЫҚТЫҢ ТАРИХИ ЖАДЫ

Жә, сөздің ақиқатына көшелік. Әлмисақтан бері Алла тағала адамзаттың кеудесіне жан салып, жүрегіне сезім, санасына ой, тіршілігіне сан алуан саз бен үн дарытқалы бері адам баласы өзінің кім екенін тануға, өмірдің мәнін ұғуға, жаратылыстың жұмбағына бойлауға талпынып келеді. Адамзат тарихы – ақыл мен сезімнің, таным мен түйсіктің, үміт пен күдіктің, жақсылық пен жамандықтың арпалысқа толы шежіресі. 

Әр дәуір өз жаңалығын әкелді. Әр жаңалық адамға жаңа мүмкіндік сыйлағанымен, соған сай жаңа жауапкершілік те жүктеді. Өйткені жаңалықтың ұлылығы оның қаншалықты қуатты екенімен ғана емес, адамзаттың игілігіне қалай қызмет еткенімен өлшенеді. Ендеше, жүрегің мен санаңды ашып, күй мен сазға құлақ түрші! Жеті ғалам, жеті жұт, жеті жоқпен астассын десеңіз, Есірдің «Тоғыз түйеші» күйі мен Есбайдың «Өттің дүние» күйіне зер салыңыз. Не өтпеді, бәрі елес, тілге тұсау, сөзге шідер салып-ақ келеміз. 

Жапырақты жамбастай жатып кемірген жібек құрттай қырық буын амал мен үмітпіз. Халықтың төс сүйегін төртке бөліп қақыратқан Ақтабан шұбырынды – «Ел айырылған» күйінің құйған қорғасындай салмағын-ай... Жұдырықтай домбыраның оймақтай алқымына осыншама тарих, осыншама қайғы қалай сыйып тұр – білмедім?! Е, Тәңірім, енді елімнен бәле-жаланың бетін аулақ қыла гөр! Ас-мереке, той-думан – ол да біздің дәурен-ді. Салтанат көрген ел едік. Сары сандық теңдеген, алтынмен аптап, жез бұйдалы нарларға мақпал жауып мардиған, ер көңілі көк семсер, желмен жемсеп сардиған... Күй төресі – «Адай» мен «Сарыарқа», күй шаттығы – «Шалқыма». Ат жаратып тебіндік, құмай салып қуандық. Керуен көшті тарапқа, Орда көрдік сауықпен. Ат тұяғын мөр қылып, басқан жерді иелеп, оған да сыймай жүргенбіз... Домбыраның қос ішегінен төгілген күй мен қобыздың қоңыр үнінен тараған мұң – жай ғана әуен емес. Бұл – халықтың тарихы, ұрпақтың жады, адам жанының тереңінде сақталған үнсіз шындық. Қағазға түспеген қаншама оқиға, сөзбен жеткізілмеген қаншама сезім күйдің сарынында сақталды. Домбыра кейде тұтас бір дәуірдің шежіресін сөйлетсе, қобыз уақыттың тұңғиығынан жеткен мұңды қозғайды. «Байлаулы киіктің зары», «Қорқыттың сарыны», «Башпай» («Қоштасу») атты сазды мұралар – осы сөзіміздің айғағы. Күйдің бойында халықтың қуанышы да, қайғысы да, жеңісі мен жеңілісі де, үміті мен өкініші де бар. Ол – ұлттың жүрегінен басталып, ұрпақтың жүрегіне жететін рухани көпір. Күй тыңдаған қазақтың көкірегінде бірде сағыныш оянып, бірде намыс оты тұтанады, бірде көңілі босап, бірде рухы қайта көтеріледі. Өйткені күйдің тілі – сөзден бұрын жететін, кейде сөзден де терең сөйлейтін жүрек тілі. Халықтың рухани тамыры оның уызсанасынан басталады. Уызсана – ұлттық болмысты алғашқы түйсіну. Ал уызмәдениет – сол алғашқы түйсіктің отбасы, ана тілі, дәстүр, өнеге, үлкеннің сөзі мен күнделікті тіршілік арқылы санаға сіңіп, мінезге айналуы. Екеуі – бір-бірінен ажырамайтын, бірақ өзіндік мәні бар рухани құбылыстар. Бірі ұлттық болмыстың алғашқы сезімдік бастауын білдірсе, екіншісі сол бастауға өмірлік мазмұн беріп, ұрпақтың бойына орнықтырады. Адам туған жердің топырағын басып, ана тілінің үнін естіп, үлкеннің өнегесін көріп, домбыраның сазын бойына сіңіріп өскенде, тарихты кітаптан бұрын жүрегімен сезіне бастайды. Ұлттың рухани сабақтастығы да осындай көзге көрінбейтін, бірақ адам болмысын қалыптастыратын табиғи арналар арқылы жалғасады. Сондықтан домбыра мен қобыз – өткеннің жәдігері ғана емес. Олар – бүгінгі болмысымызды таразылайтын, ертеңгі бағытымызды бағамдайтын рухани өлшем. Олардың үнінде ұлттың кім болғаны ғана емес, кім болып қалуы керектігі де жатыр. Қорқыттың қобызы – уақыттың өткіншілігіне қарсы туған адамзаттық мұңның үні. Оның сарынында өлімнен қорыққан жанның үрейі ғана емес, тіршіліктің мәнін іздеген жүректің үміті де бар. Қобыздың қоңыр үні адамға ғұмырдың шектеулі екенін сездірсе, домбыраның күйі сол шектеулі ғұмырда қандай із қалдыру керектігін ойлантады. Күй – шағылға біткен сағым, қобыздың қоңыр үні – шыңырау. Абылдың «Абыл» атты күйіне құлақ түріңізші! Не деген баяны бөлек, шері шемен, айтары мол тарихтың тасшеміршек емшегінен уыз сауған шеберлік! Мұнда сөзбен айтып жеткізу қиын бір қуат, даланың мінезі мен адамның тағдырын бір арнаға тоғыстырған сыр бар. Ал Құрманғазының «Кішкентай» күйі – сезім мен саздың, бейне мен әрекеттің, тарихи оқиға мен адамдық рухтың үндестігін бір арнаға тоғыстырған ұлы туынды. Оның сарынын тарихтан болашаққа тартылған алтын көпір десек, артық айтқандық емес. Өйткені бұл күйде бір дәуірдің тынысы ғана емес, адамзатқа ортақ намыс пен азаттыққа ұмтылған жүректің лүпілі бар. Қорқыт күйлері де өлімге мойынсұнбаған рухтың, өмірдің өткіншілігіне қарсы қойылған үміт пен сенімнің, дала мәдениетіне тән дүниетаным мен мінездің көрінісі. Күй – дәуірдің сыншысы, қоңыр қобыз – жоқтаушысы. Күйді дәуірдің сыншысы дейтінім – адамның санасы мен жансарайы бітелген сайын күй де күңіреніп, қоғамның төрінен шеттей бастайды. Қобызды жоқтаушы дейтінім – ол адамның өзі көрмегенді көргендей, өзі сезбегенді сезгендей болып жылайды. Ниеттің тазалығын, жүректің халін, рухтың әлсіреуін сөзсіз-ақ аңғартқандай болады. Адам өз дәуірінің жетістігіне масаттанып, кемшілігін көрмей қалуы мүмкін. Өзгеге жасаған қиянатын ақтап, ар алдындағы жауапкершілігін ұмытып, уақытша табысты мәңгілік жеңіске балауы да ғажап емес. Бірақ күйдің өлшемі басқа. Күй жалған салтанатқа бас имейді. Ол адамның сөзіне емес, ішкі болмысына үңіледі. Дәуірдің даңғазасы басылғанда да, күйдің шындығы қалуы мүмкін. Өйткені күйді дүниеге әкелетін – саусақтың шеберлігі ғана емес, жүректің шындығы. Пернені басқан қолдан бұрын, сол пернеге сыр сыйлаған сана мен сезім сөйлейді. Домбыраның шанағына сыйған мұң кейде тұтас бір халықтың тағдырынан да терең болуы мүмкін.

 

КҮЙДІҢ КИЕСІ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ

Бүгінгі адамзат тағы бір тарихи белестің алдында тұр. Бұл жолы жаңалық домбыраның қос ішегінен немесе қобыздың қылынан шыққан жоқ. Ол – адам ақылының мүмкіндігін кеңейткен жасанды интеллекттен бастау алып отыр. 

Жасанды интеллект білімді жүйелеуге, ақпаратты саралауға, тарихи мұраны зерттеуге, сирек жазбаларды сақтауға және оларды келер ұрпаққа жеткізуге көмектесе алады. Бұл – адамзат үшін елеулі мүмкіндік. Бірақ ақпараттың молдығы даналыққа, есептің дәлдігі әділетке, әрекеттің жылдамдығы парасатқа өздігінен айналмайды. Сондықтан мәселе ЖИ-дің не істей алатынында ғана емес, адамзаттың оны қандай мақсатқа жұмсап, қандай жауапкершілікпен пайдаланатынында. ЖИ күйдің құрылымын талдап, әуенін қайталап, белгілі бір туындының сыртқы сипатына ұқсас шығарма жасай алады. Алайда өнердің сыртқы пішінін қайталау мен оның адам жүрегінде қалай туғанын түсіну – екі бөлек мәселе. Өйткені күй – дыбыс қана емес, дыбысқа айналған өмір тәжірибесі; ұлттың тарихи жады, мінезі мен тағдыры. 

Сезімді бейнелеу – сезінудің өзі емес. Иә, ой түбіне жетпессің, ой түбіне жетсең де, күйден асып кетпессің! Жанпернелі домбыра, қос ішегің – қос тамыр. Бірі – Хақтың бұйрығы, бірі – ақтың сыйлығы. Екі ішек – егіз мұң: бірі «ұлтым» дейді, бірі «атамекен жұртым» дейді. Махамбеттің «Жұмырқылышы» мен Қазанғаптың «Құсқайтаруының» әсем сазы – жаратылысымыздың бұла күші, бұлқынған намысы мен құс қанатындай көк зеңгірге самғаған қиялы емес пе?! Сол серттен қымбат, селкеусіз сенімнің, қазақы дүниетанымның мөлдір бұлақ бастауын қалай қиып алып, ЖИ-дің қанжығасына байларсың? Күйдің киесі – оның әуенінде ғана емес, әуенді тудырған тарихи жад пен ұлттық мінезде. Сол мінезді танымаған жан күйдің нотасын оқуы мүмкін, бірақ оның жанын толық ұғына алмауы ықтимал. Өйткені ұлттың өнері – ұлттың өзіне ғана тән сезіну тәсілі, дүниені қабылдау қалпы, өмірге деген көзқарасы. Сезім мен сананы ЖИ меңгерсе, біз құр саудыраған сүйек пен ылжыраған еттен басқа не боламыз? Бұл сауалдың астарында технологиядан үрейлену ғана емес, адамдық болмыстан айырылып қалмау туралы алаң бар. Технологияның мүмкіндігі артқан сайын оны қолданатын адамның жауапкершілігі де артуы керек. Жасанды жүйелердің адамға зиян келтіруі үшін олардың адамша сезінуі міндетті емес. Сондықтан адам бақылауы, ізгі мақсат пен қауіпсіздік талабы әрдайым алдыңғы орында тұруға тиіс. Мәселе технологияны тоқтатуда емес, оның адамзатқа қандай қызмет ететінін айқындауда. Ал біз үшін бұл сауалдың ұлттық өлшемі бар: ЖИ қазақтың күйі мен жырын сақтауға, зерттеуге, ұрпаққа жеткізуге көмектесе ме, әлде ұлттық мұраны тек сыртқы пішінге айналдырып, оның рухани негізін назардан тыс қалдыра ма? «Нар идірген», «Ақсаққұлан», «Аққу» сияқты күйлеріміз бен сазды сарындарымыз – он сегіз мың ғаламның тылсымымен тілдескен тебіреніс пен тербеліс. Құпиясы Құдайға ғана мәлім сол сырлар қолдан сусып, адамзатқа толық ашылмай, ЖИ-дің жетегінде кете бере ме? Жоқ, мәселе мұраны техникаға қарсы қоюда емес. Мәселе – өнердің жаны мен болмысын сақтай отырып, оның мүмкіндігін кеңейтуде. ЖИ музыкалық мұраны зерттеуге, жоғалған жазбаларды қалпына келтіруге, орындаушылық дәстүрлерді салыстыруға, сирек кездесетін туындыларды сақтауға көмектесуі мүмкін. Бірақ осындай мүмкіндіктердің игілікке айналуы үшін адамдық өлшем мен мәдени жауапкершілік қажет. Илон Масктың жасанды интеллектінің адамзатқа төндіруі мүмкін қатері туралы айтқан пікірлері де осы алаңдаушылықты күшейтеді. Мұндай ескертулерді біржақты үрейге айналдырмай, байыппен зерделеген жөн. Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды. «Қауіп қайдан болса, қатер содан» деп кеткен бабаларымыздың сөзінде де өмірлік сақтық жатыр. Дегенмен қауіп туралы әрбір хабарды нақты дерекпен ажыратып, дәлел мен болжамның ара-жігін ашу да – бүгінгі жауапкершіліктің бір бөлігі. Ал күй мен қобыздың қоңыр сазы – ұлттық рухымыздың сауыты. Дәл осы дүние мен сананың, сезім мен сыр-сұхбаттың үнге айналған құйылысы мен құбылысында Жаратушы Иеміздің нұр мен сәуледен жаралған бізге әзірге беймәлім бір «жансауға» коды бардай сезіледі. Ол кодты техникадан іздеумен шектелуге болмайды. Оның кілті адамның жүрегінде, халықтың тарихи жадында, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани тәжірибеде жатуы мүмкін. Өйткені өнердің терең құпиясы – дыбыстың қалай шыққанында ғана емес, оның адамға неліктен әсер ететінінде. Суға кеткен тал қармайды дегенді көп айтамыз. Иә, ғылым мен технологияның адамзат кеңістігіндегі дария-тасқыны, ақпараттың топан суы арасынан өз болмысың мен ұлттық құндылығыңды танып, рухани жансебіл күй кешу оңай емес. Бұл тасқынға санасы биік, бірлігі бекем, дайындығы бар, өткеннен өлшеусіз сабақ ала білген ұлттар ғана төтеп беріп, өз жолын таба алады. Күйдің үнінде орындаушының шеберлігі ғана емес, оның өмірден көргені, жүрегінен өткені, ұлтының тарихи тәжірибесі мен заманның салмағы бар. Қобыздың мұңында бір адамның қайғысы ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа жеткен өмір туралы толғаныс жатыр. Осы себепті күй мен жырды сақтау – тек музыкалық мұраны сақтау емес, халықтың өзін-өзі тану жолын сақтау.

 

ЖЫРКҮЙ – ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ ЖАНДЫ ТАМЫРЫ

«Жыркүй» – ұлттық болмыстың жанды тамыры. «ЖИ» білмейтін күй мен жырдың қабыспа-телім мәні бар. Күй саласының профессоры, ұстазым Құбыш Мұхитов аса бір салмақты, салауатты, жүзі жылы, жүрегі жұқа, сөзі сырлы, үні ұяң жан еді. Өз ісіне адал, өнердің табиғатын терең сезінген ұстаздың әр сөзі мен үшін тағылым болатын. Жаны жәннатта болсын! Ол менің аздап өлең жазатынымды да сезетін. Бірде: 

– Сабыр, айналайын, Маңғыстауда күйшілер бар. Олардың орындау шеберлігі өлкенің табиғи болмысымен астасып жатыр. Көп тыңда, көп үйрен. Әсіресе анау сөз бен жырға телім күй, күй мен сазға телім жыр мен сөз бар. Оны Адайдың «жыркүйлері» дейді. Жазып ал, – деп күлімсіреп қарап қоятын. Сол бір сөздің салмағын уақыт өткен сайын тереңірек түсінгендеймін. Ұстазымның айтқаны жай ғана өнер түрін тіркеу немесе орындаушылық ерекшелікті қағазға түсіру емес еді. Ол – ұлттың рухани болмысындағы біртұтас құбылысты жоғалтып алмау туралы аманат болатын. Иә, өнертанушылар бұл мәселені зерттеп жүр. 

Менің айтпағым – қазақтың «сөз» деп жүргені күйінің киесі, «күй» деп жүргені сөзінің иесі. Сөз бен күйдің бір-біріне телінуі – екі өнердің жай ғана қатар келуі емес, олардың бір-бірінің мәнін толықтырып, ортақ рухани кеңістік құруы. Демек, тұтас «ұлт» деп жүргеніміз де – күй мен саздан, сөз бен жырдан, уызсана мен уызмәдениеттен қалыптасқан тұтас құндылықтар әлемі. ЖИ біздің осы жанды нүктемізді сезбей-ақ қойсын. Ең бастысы – оны өзіміз жоғалтып алмайық!

 Жасанды интеллект осы мұраны тануға, сақтауға және кейінгі ұрпаққа жеткізуге көмектессе, бұл – игілік. Бірақ мұраны сақтау дегеніміз оның үнін цифрлық кеңістікке көшірумен шектелмейді. Күйді тудырған дүниетанымды, орындаушылық дәстүрді, ана тілін, тарихи жад пен сезім сабақтастығын да сақтауымыз керек. Ұлттық өнердің шынайы өмірі – оның халық жүрегінде жалғасуында. «Бесжүйрік», «Жетіқайқы», «Сал мен Сері» – өнерге өлшем болған ұлттық құндылықтардың ұлт жүрегіндегі жиынтық атауы, перзенттік бейнесі. Аралбай ақын: «Тәуекел етсең жарасар, Жан жаратқан Аллаға», – депті. Иә, қазақ халқының өз мерейін, тарихын, болашағын, рухани құндылықтарын қорғайтын, аса қырағылық танытатын тұсы – дәл осы мезгіл. Сақина торлы сауытқа санамыз мұқтаж болған кез. ЖИ адамның орнын басу үшін емес, оның мүмкіндігін кеңейту үшін қызмет етуі керек. Ақылдың қуаты артқан сайын жауапкершілік те тереңдей түсуге тиіс. Біз технологиядан қорықпауымыз керек, бірақ оның алдында рухани жауапкершіліктен де қашпауымыз қажет. ЖИ-ді игеру – заман талабы. Ал адамдық болмысты сақтау – барлық дәуірге ортақ міндет. Осы тұста ұлттық құндылықтың табиғи орны айқындалады. Ұлттық рух – жаңалыққа қарсы қойылатын кедергі емес. Ол – жаңалықты қандай мақсатқа жұмсау керектігін түсіндіретін тарихи тәжірибе мен адамдық өлшем. Өзінің тілін, тарихын, мәдениетін, рухани жадын сақтаған халық жаңа дүниені жатсынбай қабылдай алады, сонымен бірге өз болмысынан айырылып қалмаудың жолын да табады. Ұлттың жүрек сандығы бос болмауы керек. Ол ұлттық құндылықтардың, өзара тұтастық пен мейірімнің ордалы мекеніне, рухани салтанат сарайына айналуға тиіс. Өйткені ұлттық рух – өткеннің ескерткіші емес, келешектің кепілі. Тамыры терең ұлт қана заманның жаңа технологиясын бойына сіңіріп, өз болмысын жоғалтпай, өркениеттің өріне көтеріле алады.

 

ҰЛТТЫҚ РУХ – ӨРКЕНИЕТТІҢ ӨЛШЕМІ

Біз ұлы майданның шебінде тұрмыз. Бұл – қару-жарақпен емес, сана мен сезімнің, білім мен біліктің, ұлттық жады мен рухани құндылықтардың сынға түсетін майданы. Ел өзгерді демейін, ер орнында ал жақсы, қорған болсын деп көрдік көп ұран мен науқанды. Көрінген жау көп әділ, қарсы келіп серменсе, қабырғалы жұртың бар, қатын мен бала, халықты қансырап жүріп қорғарсың. 

«ЖИ» – уақыттың үрдісі мен талабы, парасат кеңістігіндегі ұстаным мен жүйенің не келісімі, не кескілескен шайқасы. Көзге көрінбейді. Ал мынау технология заманы: татсаң – бал, талмасаң – шырын, кіл думан. Сана – майдан, ақыл – жұмбақ, қай жағалау, кімдікі?.. Кісіліктің кіршіксіз туы қайсы – білмейсің, кіл думан мен шырын-балдың уы қайсы – білмейсің. Тұман басқан кеудеңнен тура жол мен өзіңді өлгеніңше іздейсің. Күй мен жыр, саз бен сарын, ұлт пен ұрпақ – қос ішек, қу шанақтан пана іздеп жүр, байқасаң, Асанқайғы атаң келіп. ЖИ – тозған халықпен емес, озған халықпен тең сөйлесетін, дәуір ұсынған сын мен сынақтың құрылымдық жүйесі. 

Оның мүмкіндігінен қорқу да, оған соқыр сенім арту да мәселенің мәнін түсінбеу болар еді. Мәселе ЖИ-дің қаншалықты жетілгенінде ғана емес, онымен бетпе-бет келген ұлттың рухани кемелдігі мен танымдық деңгейінде. Ұлттың жүрек сандығы ұлттық құндылықтарға толы болса, ЖИ сол құндылықтарды әлемге танытатын құралға айнала алады. Ал жүрек сандығы бос болса, өзгенің ақылына сүйенген жұрттың өз болмысынан ажырап қалу қаупі күшейеді. Сондықтан бүгінгі ұлы міндет – ЖИ-ді адамға қарсы қою емес, адамдық қасиетті ЖИ дәуірінде де жоғалтпау; ұлттың үні мен күйін, тілі мен ділін, мейірімі мен намысын келер ұрпақтың санасына аман жеткізу. Ұлттық рухты сақтау дегеніміз – өткенді өзгеріссіз қайталау емес. Ол – өткеннің өнегесін бүгінгі өмірмен жалғап, болашаққа жарайтын құндылығын танып, жаңа жағдайға лайықтап жеткізу. Домбыраның үнін болашаққа алып бару үшін оның шанағын шаңнан тазартып, төрге қойып, төбеге көтеріп құрметтеу жеткіліксіз. Күй орындалуы, тыңдалуы, ұрпақтың жүрегіне жетуі керек. Қобыздың үнін сақтау үшін оның тарихын білу аз; сол үнге себеп болған адамдық мұң мен рухани тереңдікті де түсіну қажет. Демек, ұлттық мәдениет – өткеннің тұйық қақпасы емес, болашаққа ашылатын рухани есік. Адамзат дегеніміз – тарихы, тілі, мәдениеті мен жадында сақталған тәжірибесі бар халықтардың ортақ әлемі. Әр халықтың үні осы әлемді байытады. Қазақтың домбырасы мен қобызы да сол ортақ қазынаға өз үнін қосады. Олардың сарынында туған жерге деген сүйіспеншілік, уақытқа деген толғаныс, өмірдің өткіншілігін сезіну, әділдік пен жақсылыққа деген үміт бар. 

Ұлттың үні жоғалса, адамзаттың рухани әлемі де бір үнге жұтаңдайды. Ал әр халық өз болмысын сақтай отырып дамыса, өркениет біркелкілікке емес, үйлесімге бет алады. ЖИ болашақтың мүмкіндігін білдіреді. Домбыра мен қобыз сол болашаққа қандай рухани жүкпен баратынымызды еске салады. Бірі – адамның техникалық қуатының өскенін көрсетсе, екіншісі – сол қуаттың адамдық мәнін жоғалтпау керектігін аңғартады. Егер біз ЖИ-ді тек жылдамдықтың, үстемдіктің, бақталастықтың құралына айналдырсақ, ол жылдамдық пен жауыздық бәсекесінің қолбаласы болуы мүмкін. Ал ақыл мен қанағатты, білім мен ізгілікті, технология мен адамгершілікті ұштастыра алсақ, ол адамзаттың ортақ игілігіне қызмет етеді. Әркім, әр ұрпақ өз дәуірінің «жеңісін» тойлауды ғана мақсат тұтса, бұл адамзаттың уақытпен шектелмейтін қуатқа ие ЖИ «сарбаздарының» алдында жіберетін ең соңғы әрі кешірімсіз қателігі болмақ. 

Өйткені бүгінгі жеңіс ертеңгі жауапкершілікті алмастыра алмайды. Техникалық басымдық рухани кемелдіктің дәлелі емес. Адамның жасаған дүниесі қаншалықты қуатты болса да, оның адамзатқа не үшін қызмет етіп жатқанымен құнды. Адамзатқа керегі – бірін-бірі басып озатын ақылдың ғана жарысы емес, бірін-бірі сақтап қалатын парасаттың жарысы. Жақсылықтың жолындағы бәсеке – береке, ізгіліктің жолындағы жарыс – мереке. Жақсылығына бақса – құт, жамандығына бақса – жұт. Алла адамзатқа жақсылық тілейді. Ендеше, адам баласы да өзінің ақылын жамандыққа емес, жақсылыққа бағыттауға міндетті. ЖИ-дің мүмкіндігін пайдаланумен бірге, өз жүрегінің үнін жоғалтпауы керек. Өйткені ақылдың қуаты артқанымен, жүректің жауапкершілігі жойылмайды. Қашаған Күржіманұлының домбыра туралы толғанысы осы ойдың тереңіне жетелейді: «Қолымдағы қу ағаш, Сөйлеп тұрған бұл ағаш. Қолымдағы ағашым, Алып жүген домбыра. Домбыра күнә деген сөз, Тек бір айтқан дабыра. Таңда мақшар болғанда, Кімнің жақсы-жаманын, Алла білер соңыра». Бұл жолдарда домбыраны ақтау ғана емес, өнердің, сөздің, ниеттің ақырғы бағасын адамнан жоғары әділетке тапсыру бар. Адамның жасаған дүниесін сыртқы даңқ емес, оның ішкі мәні мен ниеті бағалайды. Осы өлшем бүгінгі техникалық жетістікке де қатысты: біз құралдың қуатына ғана сүйсінбей, оның қандай мақсатқа қызмет етіп жатқанын да таразылауымыз керек.

 

ҒАСЫРЛАР ЖАДЫ – ҰЛТТЫҢ РУХАНИ ШЕЖІРЕСІ

Саржүріс тарих, сансыз тайпа, тамырлы тағдыр, кеңістіктің тіні мен тіршілігі – бәрі де домбыраның қос ішегіне жалғанып жатқандай. Бірлік пен үйлесімнен, қарапайым қанағат пен кісіліктен жаңылса адамзат, күйден жаңылса қазақ өзінің рухани қорғанын әлсіретеді. Домбыраға біткен күй мен қобызға біткен қоңыр саз – ұлттың тарихи жадын, сезімін, ішкі беріктігін сақтаған рухани қалқан. ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Өмірзақ Айтбайұлы айтқандай: «Бұл өнердің еш ұмытылмай, халықтың өзімен бірге жасап келе жатуында үлкен мән бар. Өйткені ұлт рухы осы тектес өнер тұғырынан нәр алып биіктейді». 

Ахмет Жұбанов, Әбіш Кекілбай, Жұмекен Нәжімеденов сияқты алыптардың жанпарағын жастанып жатып, Ақселеу Сейдімбектің ұлттық құндылықтар туралы қарлығаш қанат тілегін, жанкәусар жүрегінің лүпілін тыңдаймын. Қайран қазақтың қаранарлары-ай! Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақтың күй өнері» атты 2002 жылғы еңбегінде былай деген болатын: «Өзіндік қасиеттен айырылған ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениеті ғана. Сондықтан бұл жолда еткен еңбек пен төккен терді Тәңірдің сыбағасына балай жүріп, өткеннің асылдары болашақ ұрпақтың жан-жүрегін жылытуы үшін қол жалғап жіберуіміз қажет-ақ». Не деген құлшыныс! Ұлтқа деген ынта мен ынтызарлықтың, перзенттік парыз бен рухани жауапкершіліктің қандай асыл үлгісі! 

Бүгінгі ұрпақ осы аманатқа адал болсын дей беріңіз. Ұлт рухы биіктегенде ғана техникалық жетістіктің де табиғи орны айқындалады. Өйткені өркениеттің биігі құралдың күрделілігімен ғана өлшенбейді. Ол адамға қандай өмір сыйлағанымен, қандай құндылықты сақтағанымен, келер ұрпаққа қандай әлем қалдырғанымен өлшенеді. Домбыра мен қобыздың үні бізді өткенге байлап қою үшін емес, өткеннен тағылым алып, болашаққа саналы қадам басу үшін қажет. ЖИ-дің дамуы бізді жаңа мүмкіндіктерге жетелесін. Бірақ сол мүмкіндіктердің ортасында адам жүрегінің үні өшпесін. Техника адамзаттың қолындағы қуат болып қалсын, ал оның бағытын адамдық парасат пен жауапкершілік айқындасын. Сонда ғана тарих – естелік емес, тағылымға; тағылым – құр сөз емес, таңдау мен әрекетке; ал өркениет – соқыр жарыс емес, адамзаттың саналы болашағына айналады. Күй мен саздың адам жанындағы тербелісінде үрей мен үміт қатар үн қатып тұр. Қобыздың қоңыр мұңы өткеннің жарасын ғана жоқтамайды; ол бүгінгі адамның жүрегіне де сауал қояды. Домбыраның күйі өткеннің даңқын ғана жырламайды; ол ертеңгі ұрпақтың қандай адам болатынын ойлантады. Сондықтан домбыраның үнін тыңдағанда тек әуенді естімейік, оның ар жағындағы халықтың жүрегін де сезінейік. Қобыздың қоңыр сазына құлақ түргенде тек мұңды емес, сол мұңды жеңіп шығуға ұмтылған рухты да таниық. Күй мен жырды ұлықтау – өткенді мадақтау ғана емес, болашақ алдындағы парызымызды мойындау.

Домбырам, Қара қобыз, абыздарым,

Заманның зармен айтқан сан ызғарын.

Алладан адамзатқа бақ тіледім,

Көрдің бе сөзіме нұр тамызғанын?

10.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29336
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28899
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46167
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41764
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46472