1922 жылы «Кедей еркі» деген атпен жарық көріп, одан кейін де атауы заман ағымына қарай әркез өзгеріске ұшырап отырған облыстың бас басылымы тәуелсіздік тұсына дейін «Еңбек Туы» деген атпен халыққа жол тартқаны баршаға белгілі. Халықтың мұң-мұқтажын айтып, жоқ-жітігін түгендеуде атауы өзгергені болмаса, бұл басылымның көтерген жүгі қай кезде де жеңіл болмаған. 1990 жылдары «Aq jol» деген атауды иемденген ата басылымға биыл 100 жыл толып отыр.
Бүгінде қазақ баспасөзінде өзінің сара жолын салған «Aq jol» – жамбылдық жұртшылықтың сүйіп оқитын басылымының бірі. Аймағымыздың рухани айнасы болған «Aq jol» газеті бір ғасыр бедерінде ақпарат айдынында өзінің орнын қалыптастырды.
Талай талантты танытып, таққа көтерген «Aq jol» газетінің ғасыр тойы «Баласағұн» орталық концерт залында өңірлік басылымның 100 жылдық тарихын қамтыған «Ғасыр шежіресі» кітабының тұсаукесерімен басталды. Меймандардың назарына аталмыш газеттің фототілшісі Ағаділ Рысмаханның «Таспада қалған тарих» атты фотокөрмесі ұсынылды.
Газеттің кешегісі мен бүгінін жан-жақты қамтыған «Ғасыр шежіресі» атты салтанатты жиын басылымның өткенінен қалған естеліктерден әзірленген бейнероликті көрсетумен басталды.
Мерейтоймен барша жамбылдықтарды құттықтаған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов:
– Облыс баспасөзінің киелі шаңырағы «Aq jol» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне 100 жыл толған мерейтойы бәрімізге ортақ. Бұл – қазақ баспасөзінің мерейлі мерекесі. Бұл мереке қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Кезінде Шер-ағаң осы берекелі ұжымға ақ батасын беріп: «Aq jol» газетін республикадағы ең айбынды, халыққа қадірлі газеттің бірі деп білеміз. Лайым сол абырой аласармасын, қаламгерлердің де, оқырмандардың да құрметіне бөлене берсін!» – деп, жүрекжарды тілегін арнаған болатын. Шынында, «Aq jol» газетінің мерейтойы бір өңірдің ғана емес, қазақ баспасөзінің мерейлі белесі. Бұл газет – еліміздегі ең байырғы басылымдардың бірі.
Міне, 100 жасаған Жамбыл бабамыздың есімімен аталатын облыстың бүкіл тарихы осы басылымның беттерінде сайрап жатыр. Әулиеата өңірінің өткен өмірін, тынысын бас басылымның беттерінен табуға болады. Басылым жемісті жылдардың жалғасын қазір де тауып келеді. Бүгінде ғасырлық тарихы бар «Aq jol»-ды қолына алған әрбір оқырман мұндағы ақпараттың шынайылығына, көтерген тақырыбының маңыздылығына кәміл сенеді. Өйткені «Aq jol»-дың басты мақсат-мұраты – тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел ішінде бірлік пен ынтымақты нығайтуға қызмет ету. Мерейтойға алыстан арнайы келген меймандар – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, Мейрамбек Төлепберген, Жанарбек Әшімжан, Гүлдара Нұрымова да ізгі тілектерін білдіріп, мерейтоймен құттықтады. Ғасыр тойын атап өтіп жатқан газеттің бір топ қызметкерлерін ҚР Парламенті Сенаты төрағасының және Мәжілісі төрағасының Алғыс хатымен марапаттады.
Тарихы тым тереңде жатқан «Aq jol»-дың мерейлі жасымен құттықтаған республикалық «Egemen Qazaqstan» газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дихан Қамзабекұлы: «Жамбыл өңіріне келген бұл сапарымызда кешеден бері руханияттың кенішіне түскендей күйдемін. Шер-ағаңның, бүгін облыстың бас басылымының мерейтойын өздеріңізбен бірге атап өтудеміз.
«Aq jol» – біздің ұранымыз, тарихымыз. Тарихтың үлкен тамыры Тараздан басталады. Ел болып жиылып, төрт тарапымызды түгендеген Қазақ хандығы осы өңірде құрылғанын білесіздер. Асыл дініміз бен дәстүріміздің ұйысқан жері де осы жерден басталды, тарихта таңбаланған Атлах шайқасы да осы өңірде болды. Одан бергі 100 жылдың тарихы басылымда жарық көрсе, одан арғы тарихымыздың таңбасы таста тұр, жырларда тұр, біздің санамызда, көмейімізде тұр», – деді. Салтанатты жиынды қорытындылаған «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Оралхан Дәуіт қуанышты бөлісіп келген барша жұртшылыққа ұжым атынан ризашылығын жеткізді.
– Біз мерейтойды ас ішіп, аяқ босататын құр басқосу етпей, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай, артында мағыналы із қаларлықтай шаралармен ұйымдастыруды көздедік. Сол мақсатпен басылымның ғасыр тойын жыл басынан түрлі іс-шаралармен бастаған болатынбыз. Осы жұмыстарымызға қолдау көрсеткен облыс басшылығына айтар алғысымыз зор. Газеттің тойы – халықтың тойы. Себебі басылым осынау 100 жылдық тарихында талай тар жол, тайғақ кешу өткелдерінен өтті. Уақыт ағымымен заман қалай өзгерсе де «Aq jol» өзінің ақ жолынан тайған жоқ. Бүгінгідей техника дамыған, жаңашыл заманда да өз оқырмандарының талабынан табылып, талғамына сай болуға жан-жақты ізденісте. Яғни «Aq jol»-дың алар асуы әлі алда. Баршаңызға «Aq jol»-дың жасын берсін! Әрдайым жолдарыңыз ақ болсын! «Aq jol»-мен бірге болыңыздар, – деді Оралхан Әбдірашұлы.
Облыстың бас басылымының мерейтойына Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары ән-бимен шашу шашты.
Жамбылдық әріптестеріміздің ғасыр тойы да ұрпаққа берері мол тағылымды мәнде аталып өтті.