Маусымның әр үшінші жексенбісінде елімізде медицина қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Осы атаулы күні адам жанының арашасы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді. Сала мамандарына арналған салтанатты шара Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында өтті. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған шарада аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова ауданның медицина қызметкерлерін құттықтады.
- Ұлт саулығы – басты байлығымыз, жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты. Мемлекет денсаулық сақтау саласына әрдайым ерекше назар аударып, ақ халатты абзал жандарға үнемі қолдау көрсетеді.
Сіздерге ерен еңбектеріңіз, Гиппократ антына адалдықтарыңыз үшін аудан тұрғындары атынан алғыс білдіремін, - деген Айтолқын Серікқызы бірқатар медицина қызметкерлерін осы саланың дамуына қосқан қомақты үлестері үшін төс белгілермен марапаттап, облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.
Салтанатты шарада сондай-ақ Amanat партиясы Талас аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Докторбек Мәселбеков медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, партия аудандық филиалы атынан Алғыс хаттарды табыс етті.
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында өткізілген салтанатты жиын Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.