Ақ халаттыларға қателесуге болмайды!

Ақ халаттыларға  қателесуге   болмайды!

Қазақстан Республикасы 

Денсаулық сақтау министрі 

Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызының назарына

«Біздің медицинамыз  дамып жетіліп кеткен, обырдан басқа ауруды емдеуге болады» деп мақтанамыз. Бірақ кейбір аурулардың емін таппай қиналғанда тығырыққа тіреліп жатамыз. Соның бірі – эпилепсия (қояншық). Өте ауыр да қиын ауру. Көз алдыңда талып, есін білмей қиналған жанға көмектесе алмайсың.  Ал сол ауруға ем іздесең, бәрі қаржыға кеп тірелгенде қиналатының тағы бар. Сондай-ақ дәрігерлердің енжарлығы да қосымша соққы болып тиетіні де өмірде кездеседі. 

Рас, мұндай ауруларға, мүгедектерге мемлекет  тарапынан көрсетер  қолдау мен қамқорлық жаман емес. Мәселен біз бүгін сөз еткелі отырған эпилепсиямен ауыратын 7 жасар Владиков Фаридтың төлем ақшасы 164 мың теңге. Аз емес. Кейбір ауруханаларға, шипажайларға тегін жатқызылады. Дегенмен кейбір олқылықтарды айтпай кетуге болмайды. Ақ халатты абзал жандардың мамандығы өте ерекше. Оларға қателесуге болмайды. Себебі адам тағдыры әуелі Алла, сосын осы кісілердің қолында. Өкінішке қарай, олар да көп қателеседі. Мысалға Владиков Фарид дүниеге келерде басы қысылып қалған дейді. Есесіне балақан осы аурумен науқастанып, қатты қиналып келеді. Сонда обалы кімде?

Әке-шешесі Фурхад Оташев пен Эльвира Бакрамжанова пәтер жалдап тұрады. 3 баласы бар. Анасы бар жұмысты тастап баласына қарайды. Басқа жол жоқ. Оны қаратпаған жері жоқ десе де болады. Ақсай ауруханасында дәрігерлер басқа дәрі салып жіберіп, ауруын одан сайын асқындырып алды. Ташкентке де барды, №2 балалар ауруханасына да жатты. Нәтиже шамалы. Қай жерге барса да қаржы қажет. Астанадағы балалар ауруханасының оңалту бөлімінде болды. Емі балаға жақсы әсер етіп, жүре бастады. Қазір енді оңалту бөлімдері  эпилепсиямен ауыратындарды қабылдамайды екен. Алтын ине де салдырған, еш үміт жоқ. Енді ата-анасы баланы мүгедектікке ұсынып отыр. Бір жақсы жері памперс пен кей дәрілері тегін беріледі. Жалпы эпилепсияны бұрын қазақ емшілері емдеген екен. Бастың қақпағын ашып, мидан ұсақ құрттарды алып тазалаған деседі. Және де сол науқастардың жазылып кеткенін көрген адамдар да бар. Әзірге бұл ауруды емдеуге медицина  қауқарсыз. Фарид сияқты ауру жандар мыңдап саналады. Қытайда бұған ем табылды дейді. Бірақ әзірге бұл жай сөз ғана. Анасының айтуы бойынша дәрігерлердің кейбіреулері дұрыс қарамайды. Өз істеріне енжар. Кей дәрілерді қымбатқа сатып алады. Мұны жас отбасының қалтасы көтермейді. Пәтерден-пәтерге ауысып жүрген оларға  балаларын қарау оңай емес. Осындай науқас жандары бар отбасыларға пәтер кезегін жеңілдетсе жақсы болар еді. Өкінішке орай, мемлекет тарапынан ондай қамқорлық жоқ. Кішкентай Фаридтің жазылып кетуіне көмегі тиер титтей үміт сәулесі бар ма екен?  Сол сияқты осындай аурумен ауыратын барлық науқастар да шұғыл көмекке зәру болып отыр. Осы жағдайды денсаулық сақтау орындары қаперіне алар деген үміттеміз. 

 Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ,

Асым СУЛЕЙМАНОВ,

Алматы облысы

 

18.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25935
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25380
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42784
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38614
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43182