“Ақ жол” фракциясының
Премьер-Министрі
Ә.А. Смайыловқа
депутаттық сауал
Былтырғы 5 маусымда өткен референдумда Конституцияға «Жер жəне оның қойнауы ... басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген норма енгізілген болатын.
Уақыт созбай 15 маусымда осы норманы жүзеге асыру мақсатымен, «Ақ жол» фракциясы үкіметке Қазақстанның табиғи ресурстарын пайдалану, оның ішінде шетелдік инвесторлармен жасалған ең ірі мұнай және газ кен орындары – Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған бойынша өнімді бөлу туралы (СРП) келісімшарт талаптарын ашық түрде жария ету туралы сауал жолдадық.
Бірақ, 2022 жылғы 15 тамыздағы жауабында Үкімет, инвесторлардың келіспейтіндігін алға тартып, осы талабымызға қарсы болды.
Сонда, біздің шенеуніктер, қазба байлықты шетелдік компаниялардың қалай пайдаланып отырғаны туралы ақпаратты сол қазынаның иесі болған халықтан жасырмақ па?
Осы арада Orda.kz сайтында Wood Mackenzie халықаралық консалтингтік компаниясына сілтеме жасай отырып, ең ірі мұнай-газ кен орны Қашағанды игеруден Қазақстанға 2-ақ пайыз түсетін пайда туралы ақпарат жариялады. Ал, қалған 98 процент табысты шетелдіктер өздеріне қалдырып отыр.
Бұл ақпарат шын болса, олардың неліктен оны ашуға қарсы екені түсінікті болған сияқты.
Сонымен қатар, Тәуелсіздік алғаннан бері, ешбір шетелдік инвестор 30 жыл ішінде бірде-бір мұнай өңдеу зауытын салған жоқ, тек байлығымызды сыртқа шығарып, сатып жатқаны кездейсоқ емес.
Нәтижесінде, Қазақстан өз мұнай-газынан тиісті табыс таппай, оның үстіне жыл сайын жағармай тапшылығы орын алып, монополистер оны баға көтеру үшін пайдаланып жатыр.
Ал, шенеуніктер бұл мәселеге жылдар бойы немқұрайлы қарап отыр.
Тек биыл ғана ашық мәліметтер бойынша, үкімет Қарашығанақ пен Қашағандағы шетелдік инвесторлардың рұқсат етілмеген шығындары үшін (қоса алғанда 16,5 миллиард доллар) және Қашағандағы экологиялық бұзушылықтар үшін (5,1 миллиард доллар) айыппұл талап етті.
«Ақ жол» демпартиясы бұл талаптарды толығымен қолдайды.
Біздің фракция, өткен жылдары шикізат гиганттарымен жұмыс аясында, импортты алмастыру және жер қойнауын пайдаланушылар қолданатын техника мен жабдықтарды өндіруге технологиялар мен лицензияларды беру сияқты офсеттік саясат шаралары, сондай-ақ сервистік қызмет көрсету арқылы отандық өндірісшілердің мүддесін қорғауды парламенттік мінбеден бірнеше рет талап еткен болатынбыз.
Сонымен бірге, барлық мұнай-газ және кен орындары бойынша СРП шарттарын ашуды қайта талап етеміз. Сонда ғана, Қазақстан халқы өз байлығын қалай пайдаланып жатқанын білуге; ал Парламенттің бұл салада ұлттық мүддемізді толыққанды қорғауға мүмкіндігі болады.
Ия, ірі мұнай-газ жобалары бойынша СРП (өнімді бөлу туралы) келісімдерге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қол қойылған.
«Ақ жол» демпартиясы Қазақстанға түсетін пайданы ұлғайту, шетелдік инвесторлар жұмысындағы жергілікті қамту бойынша талаптарын күшейту мақсатында, осы келісімдерді қайта қарайтын уақыт келді деп санаймыз.
Осыған орай, «Ақ жол» фракциясы келесіні талап етеді:
1. СРП (Өнімді бөлу туралы келісімдердің) шарттарын халыққа ашық және оларды «e.gov» үкімет порталында жариялау.
2. Сол келісімдерде ұлттық мүддемізді қорғап, еліміз үшін тиімсіз және халықтан жасырын нормаларды болдырмау.
3. Барлық ірі мұнай-газ жобаларында Қазақстан үлесін арттыру. Біздің ойымызша, Конституцияның жаңа нормасына сәйкес Қазақстанның мұнай-газ жобаларындағы үлесі кем дегенде 51 процент құрауы тиіс деп санаймыз.
4. Инвесторларды өз жұмысында қолданатын құрал-жабдықтар мен саймандарды өндіруге арналған техникалық құжаттамаларды отандық өндірісшілерге беру, осыған сәйкес шығарған өнімді сатып алу, жергілікті мамандар мен қазақстандық мердігерлерді қызмет көрсетуге максималды түрде тарту арқылы ұлттық экономикамыздың дамуына үлес қосуға міндеттеу керек.
5. Сондай-ақ, осы мәселелер бойынша инвесторлармен Үкіметтің келіссөздер тобына, және де бұл тақырыпты халықаралық деңгейде қарастырғанда, «Ақ жол» демпартиясы өз депутаттарын қосуға дайын.