Қазіргі салықты әкімшілік жүргізу бизнеске қарақшылық қысымның көзі іспетті. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын Азат Перуашев жариялады.
Қазақстан Республикасы
Премьер-министрінің орынбасары –
Қаржы министрі
Е. Жамаубаевқа
Мемлекет басшысы биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында салық саясатын терең реформалауды, жаңа Салық кодексін әзірлеуді, салықтық әкімшілендіруді толығымен жаңартуды тапсырып, мұны «ең проблемалы блок» деп атады.
«Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы бұл тапсырмаларды құптап, олардың орындалуына атсалысуда, өйткені қазіргі салық саясатының экономикалық шындыққа сәйкессіздігі мен залалы туралы біз күн сайын дерлік парламент мінберінен айтып келеміз.
Иә, Үкімет бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқаруда, ҰКП, бизнес өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Бұл ретте, біздің ойымызша, әзірлеуші бұрыннан кәсіпкерлік үшін үлкен проблемаға айналған және іс жүзінде бизнесті құртып жатқан бірқатар тармақтарды назардан тыс қалдыруда.
Құқық бұзушылықтарды анықтаудан бастап, салық төлеушіні жауапкершілікке тартуға дейінгі барлық қолданыстағы шаралар жүйесі кәсіпорынның қызметін іс жүзінде тығырыққа тіреп, оны үмітсіз жағдайға келтіреді, кәсіпкерді сол тығырықтан шығар «айналма жол» іздеуге мәжбүрлеп, сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайды.
Бұл тәсілдер осыдан ондаған жылдар бұрын, тонна қағаздар қолмен өңделген кезде қалыптасқан, сөйтіп мемлекеттік органдардың баяулығын әйтеуір ақтайтын.
Өкінішке орай, талқылау барысы бүгінгі күні де салық органдары қалыптасқан тәсілдерден бас тартуға дайын емес екенін көрсетеді, дегенмен цифрландырудың қазіргі деңгейі (ЭСФ АЖ, электрондық есеп беру нысаны, айналымды виртуалды қадағалау, кассалық операцияларды қадағалау және т.б.) салық органдары салықтық құқық бұзушылықты фактіден кейін анықтап қана қоймай, сонымен бірге олардың ерте сатысында жасалмауына ескерту жасауға мүмкіндік береді, бұл, біздің ойымызша, салық саясатының басты бағыты болуы тиіс.
Бүгінде салық қызметкерлері заң бұзушылықты дер кезінде ескертуді міндет санамайды, әуелі жылдар бойына бұзушылықтарға көз жұма қарап, талап қою мерзімінің соңына қарай ғана оларды тоқтататып жатады, ол кезде бұзушылармен талай адал кәсіпкер байланыс орнатып үлгереді, ал бұзушының өзі көп жағдайда жоғалып кетеді.
Салық органдары өз әрекеттерімен салық салудың негізгі қағидаты – әділеттілікті іс жүзінде жойып жіберді (ҚР Салық кодексінің 7-бабы). Бір адамның заңбұзушылықтары үшін материалдық жауапкершілік басқаларға жүктелсе, оны қалай әділ деп санауға болады?
Ал бірден қолданылатын үш жауапкершілік шарасы – салық берешегі, өсімпұлдар және әкімшілік айыппұлдар – «көлемдес» қағидасына қайшы келеді (ӘҚБтК-нің 10-бабы), оған сәйкес қабылданған шаралар мүдделердің теңгерімділігін қамтамасыз етіп, сондай-ақ қолайлы, қажетті және пропорционалды болуы керек.
Кәсіпкерлер бірнеше жылдар бойы олардың жылдық айналымымен (ЖТЖ) салыстырылатын төзгісіз сомаларды төлеуге міндетті болуын «шамалас» немесе «пропорционалды» есептеулер деп атауға бола ма? Бизнестің жыл сайынғы айналымында өз құны, яғни, жұмысшылардың жалақысы, материалдарға, жанар-жағар майға, электр энергиясына тарифтер, жабдықты сатып алу және амортизациялау, салықтардың құны барын ескерілмейді. Бүгінгі таңда кәсіпкерлердің нақты пайдасы (қызмет түріне байланысты) шамамен 10-15% құрайды, тіпті ең фантастикалық 100% ("1-ден 1-ге дейін" деп аталатын) пайданың өзі айналымның 50% құрайды.
Сондықтан, айыппұлдарды өндіріп алу кезіндегі ӨЖҚ-ның барлық сомасынан шығу - бұл бизнесті саналы түрде «өлтіру», оны банкроттыққа дейін жеткізу.
Әйтсе де, тіпті соттар, әдетте, салық органдарының мұндай талаптарын заңдастырады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде экономика жұмыс істеп тұрған кәсіпорыннан айырылып, жүздеген адам жұмыссыз қалса, оны «мүдделер балансы» деп атауға бола ма?
Өмірінің өзегі болған жұмысын сақтап қалу үшін мұндай жағдайда кәсіпкер кез келген келісімге барары анық, тексерушілер соны пайдаланады. Осының барлығын «Ақ жол» ҚДП-на жүгінген жүздеген кәсіпкерлер айтып жүр, мемлекеттік органдарға, прокуратураларға, соттарға жолдаған ондаған өтініштерімізде осыны жылдар бойы айтып келеміз.
Осы тәжірибеге сүйене отырып, біз әділетсіз және ашық емес салықтық әкімшілендіру бизнеске заңсыз, тонаушылық қысымның қайнар көзі болып табылатынын, шенеуніктер сыбайлас жемқорлық әрекеттерге, рейдерлікке және бопсалаумен келіспейтін кәсіпкерлерді құртуға осы қысым түрін пайдаланатынын мәлімдейміз.
Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы Президент Қ.Тоқаевтың экономикалық саясатты либерализациялау және жаңа Салық кодексін әзірлеу аясындағы тапсырмаларын тиянақты орындау қажет деп санайды, соның ішінде:
1. Жазалау шараларынан профилактикалық реттеуге көшіп, салықтық әкімшілендіруді өзгерту бойынша шаралар қабылдау.
2. Мемлекеттiк кiрiс органдарының салықтық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу тәртiбi мен мерзiмдерiн белгiлеу, оларды бұзғаны үшiн лауазымды адамдар жеке жауапкершiлiкке тартылуы керек.
3. Мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушіні байқалған бұзушылықтар туралы ескертуге және осындай ескертуден кейін ғана шектеу шараларын қолдануға міндеттеу.
4. Салық төлеушіге анықталған бұзушылықты айыппұлдар мен өсімпұлдарды қолданбай, арнайы мерзімде жою мүмкіндігін беру.
5. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қасақана банкроттыққа ұшыратпай, әкімшілік айыппұлдардың мөлшерін азайту.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары