Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының, «ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайтының бас директоры, белгілі қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы жақында іссапармен Ақтөбе облысына келіп, облыс және қала басшыларымен кездесті.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесуінде Сәуле Мешітбайқызы аталған бұқаралық ақпарат құралдарында Ақтөбе өңірінде атқарылып жатқан игі істердің тұрақты түрде оқырман назарына ұсынылып тұратынын, алдағы уақытта да бұл байланыстың нығая түсетінін айтты. Өз кезегінде өңір басшысы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмаларына сай облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылып жатқан істерге тоқталып, алдағы уақытта да аталған республикалық басылымдарда облыстың тыныс-тіршілігіне қатысты дүниелердің жарық көре беретініне сенім білдірді.
Былтырдан бастап халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінде «Ақтөбе – алтын бесігім!» атты айдар ашылып, тұрақты түрде облыс орталығы – еліміздегі ірі қалалардың бірі Ақтөбе шаһарының дамуы туралы мақалалар топтамалары жарияланып келеді. Қала әкімі Асхат Шахаров пен Сәуле Мешітбайқызының кездесуінде Ақтөбе қаласының бүгіні мен болашағы – алда атқарылар істер туралы айтылды. Қала басшысы ұлт саясатын, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда, ақпарат құралдарында еліміздің оң имиджін қалыптастыру бағытында, сондай-ақ, жас ұрпақты ұлттық тәрбиелеу бағытында талмай еңбектеніп жатқан халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналы мен «ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық ақпараттық сайтының ұжымына алғысын білдіріп, алдағы уақытта да тығыз байланыста жұмыс істейтінін айтты.
Ақтөбеге сапары барысында Сәуле Мешітбайқызы қаладағы бірнеше әлеуметтік нысандарға барып, жұмысымен танысты, ұжыммен пікірлесті. Ақтөбедегі «Анаға тағзым» рухани- адамгершілік тәрбие беру орталығы – республикадағы осындай бағыттағы бірегей нысандардың бірі. Аталған орталыққа арнайы бас сұққан Сәуле Мешітбайқызы осы мекеме басшысы А.Мұхановамен, ұжыммен пікірлесіп, орталықтың жұмысымен танысты. Үш қабатты ғимаратта «Ана даңқы» музей-галереясы, мультимедиялық экспозиция залы, хореография залы, сондай-ақ бірыңғай тақырыптық кабинеттер орналасқан.
Биыл халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетіне 30 жыл, ал «Мөлдір бұлақ» журналына 20 жыл толады. Оқырманымен бірге жасап келе жатқан басылымдардың осындай мерейлі тойлары аясындағы бұл сапар – алда атқарылатын істердің бір парасы.