Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ханымның назарына
Өмірімді жас ұрпаққа білім беруге арнағандықтан, осы саланың жетістіктері, кемшіліктері ойымды бөледі.
Ел Президенті Қ. К. Тоқаев Елордада өткен Тамыз мәслихатында Ақтөбе облысының білім саласының кемшіліктерін атап өткен еді. Қатардан қалып қойып, ескерту алған жақсы емес. Мектеп бітіруге аяқ басқан оқушылардың жылдағы ұлттық тестілеу сынағы ойымды бөліп, қиындықтарын қалай жеңеді екен деген оймен қаладағы №51 мектеп-гимназияға бардым. Мектеп директорымен пікірлесіп, ой бөлістік.
Естігенім – Ұлттық бірыңғай тестілеуге мектеп жауап бермейді, дайындамайды екен. Жыл бойы төрт рет тест тапсырып, оқу жылының аяғында емтихан тапсырып, аттестат алатын көрінеді. Ал оқушыларды Ұлттық тестілеуді тапсыруға ақылы орталық дайындайды екен. Ақылы оқудың құны айына 100 000 теңге, ондай мектептер Ақтөбеде жетерлік, атап айтқанда, «Сана» орталығы айына 100 000 теңге, «Абырой» орталығы 130 000 теңге төлесең, ҰБТ-ға дайындайды. Сонымен, білімнің сатылатынына көзіміз жетті. Мектеп директоры ҰБТ-ның қиындықтарын төрт тест пен бір емтиханның оқушыларды шаршатып жіберетінін айтты. Сөз арасында «Неге жоғарғы басшылыққа, білім министріне қиындықтарды айтып, өз ойларыңды білдірмейсіңдер? Әлде директорлық лауазымнан айырылып қаламын деп қорқасыңдар ма?» – дедім. Ол менің бұл сөзімді жоққа шығармай, озық пікір білдіргені үшін жұмыспен қоштасатынын айтып қалды. Қателік ештеңе емес, қателікті көре тұра үнсіз қалу – қылмыс. «Дүниенің бұзылуы залымдардың залымдығынан емес, жақсылардың үндемеуінен», – деген М.Л. Кинг. Айтып-айтып келгенде, оқу процесі ілгері кетіп, ойдағыдай болып жатпағаны белгілі. Ата-анадан қорқып, олардың айтқанын ескеріп, қалыптасып қалған жүйені бұзып-ақ болдық. Баланың неге сабаққа ынтасы жоқ? Неге кітап оқымайды? Сөйлеу дағдысы неге қалыптаспаған? Сұрақ көп. Оқу процесін қалыпқа келтіретін басы қазандай ғалымдарымыз бен қалаулыларымыз қайда? Бақылау жұмысы, мазмұндама, шығарма жазуды оқу бағдарламасынан алып тастап, біраздан соң қайта қосып, жаңалық ашамыз. Неге білім саласын өзгертуге құмармыз? ҰБТ деген – оқушының күллі уақытын алып, жаттауға, өз ойын жеткізуге кедергі келтіретін дүние. Бұның көптеген құйтұрқылықтарын көріп жүрміз. Бесінші класстан бастап тек үздік оқыған оқушы, жыл соңында алтын медаль алады екен, бәрекелді! Сонымен, ертеректе ауданда біреу, ілеуде біреу үлкен еңбекпен, толассыз білімменен алатын алтын медаль қолжетімді болып қалған. Осы ойдың ұшына шығайын деп облыстық білім басқармасына бардым, басшы әлдебір жиналысқа бармақшы болып, асығып тұр екен. Мен: «ҰБТ-ға неге мектепте дайындамайды? Ақылы дайындықтың өрісі кеңіп барады, осыған қалай қарайсыз?» – деп сұрадым. Тұшымды жауап ала алмадым. Сонымен, мектеп бітіретін түлектердің соңғы дайындығы көңіл көншітпеді. Ақылы оқу орнына баруға барлығының аңсары ауғанымен, қалта көтермейді, не істеу керек? Білімді ұстаз ақылы оқу орнында, ал білімсізі болмаса, балаға берер білімін бойында іркіп қалған ұстазды қалай бағалауға болады? Білім беру сатылатын жағдайға келді. Осылай қалыптасқан жағдайдан қалай құтылуға болады?
Құралай ЕСҚҰЛОВА
















