Аралас мектеп – ұлт қасіреті

Аралас  мектеп – ұлт қасіреті

Кеше ғана соңғы қоңырау соғылып, мектеп бітіруші түлектер жаңа өмірге қадам басты. Бәрі жақсы. Алайда көңілге кірбің түсіргені шүлдірлеген оқушы балалардың көптігі.  Құлағында сырға, саусақтары жезтырнақ түлектер де жүр арасында... Оларға тілің де, ділің де бес тиын.  Тәуелсіздіктің отыз жылында жеткен жетістігіміз осы болыпты. Өз қолыңды өзің кесе алмайсың.  Ішің қан жылайды.  Елордада жалпы саны 149 мектептің 99-ы – мемлекеттік. Оның ішінде 35-і – қазақша, 56-сы – аралас, 8-і орыс тілінде оқытады. Статистикаға сүйенсек, аралас мектептердің саны да көп, сұраныс та азаймай тұр. Ата-аналар неліктен аралас мектепке құмар?

Аралас мектеп қазақтың түбіне жетер ептеп-ептеп

ҚР БҒМ биылғы мәліметінше, 2021-2022 оқу жылында 1-сыныпқа 25349 бала қабылданған. Оның 52%-ы қазақ тілінде, 48%-ы орыс тілінде білім алады. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ тілінде оқитын оқушылар саны – 114442 (54,8%), орыс тілінде оқитындар – 93312 (44,7%). Соның ішінде қазақ балаларының саны – 62398 (63%).

Соңғы 5 жылдағы статистиканы қарайтын болсақ, елімізде аралас мектеп саны артқан. Мәселен, 2020 жылы – 2043, 2021 жылы 2047-ге жетіп отыр. Еліміздегі аралас мектеп басым өңірлер қатарына Алматы облысы (306 мектеп – 256020 оқушы), Ақтөбе облысы (215 мектеп – 73219), Түркістан облысы (192 мектеп – 171896) жатады. Аралас мектептерге ата-аналар тарапынан сұраныс өте көп. Тіпті кейбірі «осындай мектеп керек» деп шағымданатын көрінеді. Мұны Білім басқармасының басшысы да растап отыр. «Мәселен, сол жағалаудағы №89 мектеп алғашқыда қазақтілді болып ашылғанмен, жергілікті тұрғындар «неге біздің қажеттілігімізді ескермейсіздер?» деген соң, аралас мектепке ауысты. Қазіргі таңда бала саны толық. Көпшілігі қазақ болғандықтан, ата-аналардан неге орыс сыныптарына беруге ықыласты екенін сұрадық. Олардың тарапынан «өзіміз орыстілдіміз, балаларымыз қазақ тілінде оқыса, көмектесе алмайтын шығармыз» деген пікірді естиміз. Кейбірі «қазақ сыныптарындағы мұғалімдер балаға қаталдау қарайды, ауыр сөздер айтады» деген стереотиппен орыс сыныптарына береді» дейді басқарма басшысы.

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ: Жемқорлықты жеңудің жапондық жолы қазаққа жат емес |  “Адырна” ұлттық порталы«Астана ақшамы» газетінде шыққан «Аралас мектеп неге азаймай тұр?» деген мақалада ақын Дәулеткерей Кәпұлы мұндай мектептерде орыс тіліне басымдық берілетінін айтыпты. «Аралас мектептер қаланың қақ ортасында, жаңадан салынған, жағдайы өте жақсы ғимараттарда орналасқан. Ал таза қазақ мектептерінің көбі қаланың ана шеті, мына шеті, алыс мекенжайларға ғана ашылған. Аралас мектептер қаланың ең көрікті жерлерінде орналасқан. Мұны неге айтып отырмын? Мемлекет саясатының астарын да, бүгінгі бағыт-бағдарын да көріп, сезіп отырған жаңа қазақтар балаларын орысша оқытады. Өйткені қазақ тілінің болашағына ата-аналары да сенбейді» дейді ол.

Дос Көшім - Бұл биліктің бас жауы – қазақ тілі! | Qazaquni.kz | Қазақстан  жаңалықтары | Қазақ үні сайтыСаясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, аралас мектептер тек қана Қызылорда, Түркістан сияқты қазақтілді аймақтарда болуы керек екен. «Біріншіден, мұндай аймақтардағы аралас мектепте оқыған орыстілділер де қазақтілді болып шығады. Екіншіден, аралас мектептердегі барлық іс-шаралар қазақ тілінде өтуі шарт. Үшіншіден, оларды жыл сайын қазақтілді мектепке айналдырудың нақты жоспары болуы керек. Ең бастысы, қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік орнауы тиіс. Онсыз тіл мәселесі шешілмейді» дейді саясаттанушы.   

 

Жылтыр сөзбен көсемсігендерді айыра білейік

«Тәрбие – тал бесіктен» дейтін дана халқымыз,  кейде «Жаманнан жақсы туар адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туар бір аяқ асқа алғысыз» деп қоятыны бар. Ғибраты мол бұл сөздің астарына үңілсек, қаншама сыр жатыр десеңізші! Найзасын айға білеген бабаларымыздың бүгінгі ұрпағының көпшілігінің именшек, иілгіш, рухсыз болып бара жатқанына кім кінәлі? Тілден ажырап құр сүлдері ғана сопайып жүргендерден ұлтқа не үміт, не қайыр?! Елге төрелік, басшыға басу айтады деген ақсақалдардың көбі жалтақ. Кезі келсе жалт беруге дайындары да жүр арасында. Билік бишігін қолына ұстап,  жалаң ұранмен, жылтыр сөзбен көсемсіп, елді ұйытып жүргендердің көбінің арты қуыс. Сондықтан да жігерсіз. Тайғанақ. Ең өкініштісі, олардың жанұялық, ұғынықты тілдері орыс тілі болғаны – қазақ үшін қасірет.  Отбасына өктемдігі жүрмейтіндердің Отан үшін отқа түсетініне кім сенер? Үлкен мінберден қазақ тілінің тағдырына араша түсіп, күйіп-пісетін кей көкелеріміздің немерелерімен орысша «кісінескенін» көргенде, жердің тесігі болса, кіріп кетуге болар еді. Шындығын айту керек, күні бүгінге дейін орыс тілінің тұғырдан түспей тұруына лауазымды тұлғалардың ішіндегі «өз қағынан жерігендердің» сіңіріп жатқан еңбектері орасан.  Көршінің көңіліне қарап сөйлеуге құмарлық қазақтың атқамінерлерін құртып тынатын түрі бар. Басқасы басқа, елімізде өтіп жататын мемлекеттік, халықаралық үлкенді-кішілі жиындарда орыс тіліне пысқырып та қарамайтын, түрік, араб, өзбек, неміс, украин т.б.  жұрттардың алдында Ресейдің мемлекеттік тілінің үстемдік құратыны намысты қамшылайды. Бізге түсінікті тіл болғанымен,  келген қонақтарға бұл ерсі көрінбей ме? Олар не ойлап кетеді?  Мақтаннан басы айналған шенеуніктер мұны неге сараламайды? Бір сәтке ой жүгіртіп көруге не кедергі осыған?  Бұған ешкім жауап берген емес, бергілері де келмейді.

Сызылып берілген шеңберден аттап, дайын шаблонды қақ айыратын азаматтар билік басына келгенше, «Құсалықпен өтті ғой, Махамбеттің көп күні» деп жүре береміз бе?  Шенеуніктерге тас кенедей жабысып алғаны несі мұның деп сөге көрмеңіздер. Иә, олардың да ішінде аласы мен құласы жүр. Алайда Тіл мәселесінде ұстанымдары бір. Қазақша айтсам, ойымды көпшілік түсінбей қалады-ау деп қос тізгінді қатар қағып,  «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жүрген зиялылар қаншама? Мұны көңілжықпастық, иілгіштік демей көр.  Балаларын орысша балабақшаға беріп, одан орыс мектебіне тапсыратындар қазақ тілінің еңсе көтеруінен өлердей қорқады. Өйткені өздері «сақау». Ендеше, «сақау» адам қалай елге тұлға болады?  

 Статистикаға жүгінсек, елімізде 8000-ға тарта  мектеп бар. Оның ішінде қазақтілді мектеп 4 мыңнан асады, орыстілді мектеп 1300-дің шамасы, ал аралас мектептер саны 2000-ды құрайды. Ал 72 мектеп басқа тілдерде білім береді. Орта есеппен жыл сайын 130 мыңға жуық оқушы мектеп бітіреді екен. 

Осы жерде бейресми мәліметке көз жүгіртсек,  жоғарыда сөз еткен орыстілді мектептер мен аралас мектептерде оқитындардың тең жартысынан астамы қазақтар. Және көбісі шен-шекпенділердің балалары. Олай болса, қазақ тілі үшін күресіп жүргендер мәселенің мәніне тереңірек үңіліп, «бір басын кессең, екінші басы өсіп шығатын ертегідегі айдаһармен» күресіп жүргендерін ұғынуға тиіс.  Өз қандастарымыз тарапынан осындай сорақылықтар белең алып бара жатқанда кімге өкпелей аламыз? Осының бәрін сезе тұра тілге қатысты жасалып жатқан қам-қарекеттердің  желдиірменге қарсы шапқан Дон Кихоттан қандай айырмасы бар?

Байқап отырсаңыздар, аралас мектептермен қоса есептесек, орыс мектептері 50 де 50 болып тәуелсіз қазақ мектептерімен әлі жағаласып жүр. Министрліктердің маңдайшалары да 50 де 50 болып жаңарғалы көп өте қойған жоқ. Астанадағы қоғамдық көліктер аялдамалар атауын қазақша көп айтып қойды ма, жуырда олар да 50-50-ді  ұстанып алды. 

Ойбай-ау,   тәуелсіздік   алғанымызға – 30 жыл. Отыра қалсақ, жиналып алсақ, «Күлтөбенің басында күнде жиын» өткізіп, «тілдің мәселесін қарап, ақ тер-көк теріміз шыға талқылаймыз. Айтысамыз, тартысамыз. Жағаласамыз. Бірақ нәтиже аз. Себебі тілден мақұрым, намыстан жұрдай қандастарымыз қазақ тіліне қарсы екінші майдан ашып алды. Осының кесірінен бүгінгі қазақ қоғамы қара санындағы жарақаты ушығып кетіп, жүрегіне шапқан батырдай аласұрып, өз аяғын өзі шаба алмай аласұруда.

 

Қазақ тілін үйретуге кеткен қайран ақшаның обалы кімге?

«Бәрін айт та бірін айт» демекші, қазақ тілін үйретуге кеткен қайран ақшаның обалы кімге?  Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында еңіреп кеткен қаржының сұрауы бола ма? Демографияны өркендетуге, көпбалалы аналарды қолдауға қимай келген ақшаның құн-жыны шықты-ау ақырында. Кәне, айтыңыздаршы, «күштеп оқытудан кейін» қай министрлік мемлекеттік тілге жүгініп кетті? Ел мен жердің егесі бола тұра бізден басқа қандай ел өзінің мемлекеттік тілін оқытуға қаржы бөліп, жалынышты кейіп танытыпты өзгелерге?  Бұл да болса естіген құлақтан ұят-тағы.  

Неге 30 жылда көбесі сөгіліп, арса-арса қабырғасы қалуға тиіс ТІЛ проблемасы алдымыздан күнде  шыға береді? Оның себеп-салдарын  жоғарыда айттық. Қарапайым халықтың емес, ұлттық намысы жоғалған шенді-шекпенділерден өрбіген немерелер мен шөберелер орыс мектептерінің жабылуына «тірек» болып тұр. Оған тәуелсіз елдің шаңырағының астында дүниеге келіп, шүлдірлеп жүрген балдырғандар куә.  Бұл ащы да болса шындық! «Балық басынан шіриді» деген – осы. Егер бұлай жалғаса берсе, тәуелсіз елдің төсінде «қосмекенді тіл» тіршілігін тоқтатпайды. Күш алып кетсе, тоқтату қиын. Осы күнімізбен жылап көрісуіміз де ғажап емес. Өйткені оларға бар жағдай жасалған. Жергілікті жердің тілін білмей-ақ билікте сатылап өсуге, жақсы тұрмыс кешуге бөгет жоқ. Біз үнемі татулықты жыр етеміз. Алайда мұндай можантопай елдің тыныштығына олардың өздері мүдделі екенін естен шығарып ала береміз. Қазақстан жұмақ қой, шіркін! Мемлекеттік тілді білмей-ақ тіршілік кеше беруге лайық ортаны ит салып іздесең де жер бетінен таба қоюың екіталай. 

PS: Мақаланы 2017 жылы жазылған «Аралас және өзгетілді мектептер Президент жолдауының 100% орындалуына кедергі келтірмей ме?» деген Балғын Әділбаеваның мақаласымен түйіндемекпін:

«...Қазақ ана тіліміздің аясын қалай кеңейтеміз деп бас ауыртса, орыс лингвистері ТМД елдерінде орыс тілінің қолданылуын қалай тарылтпай сақтап қаламыз деп жанталасуда. 10 жылдан бері орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мақсатында «Орыс тілі» федералдық бағдарламасы аясында Ресей үкіметі семинар өткізеді. Семинарға Мәскеуден арнайы келген филология ғылымдарының кандидаты Хуршеда Хамракулова пост-советтік кеңістікте орыс тілін алмастыратын тіл жоқ деп санайды. Хуршеда Хамракулова «Азаттық» тілшісіне «Орыс тілі» бағдарламасының «жемісті жұмыс істеп жатқанын», орыс тілінің еуразиялық аймаққа ортақ халықаралық және экономикалық қатынастарды реттеуші тіл екенін айтады. «Осы жоба бойынша бірқатар елдерге барып жүрміз. Өзбекстанда, Қырғызстанда болдық. Міне, енді Қазақстандамыз. Осыдан 7 жыл бұрын Қырғызстанда болғанымда ТМД аумағынан келген мұғалімдер орыс тілінің аясы тарылып бара жатқанын айтқан еді. Ал қазір орыс тілі өз позициясын қайта орнықтыра бастады. Әрине, таралымы бұрынғы Кеңес өкіметі кезіндегі деңгейге жете қойған жоқ. Дегенмен Қазақстан мен Тәжікстанда орыс тілі 1-сыныптан бастап мектеп бағдарламасына енгізілген. Тіпті түпкірдегі ауылдарда да орыс тілі оқытылады...», – деді ол».

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
15.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 173
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 169
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 679
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 798
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 712

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8866
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8262
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11490
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9246
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10473