АРДАГЕРІН АРДАҚТАҒАН ЕЛ ҚУАТТЫ ДА РУХТЫ БОЛАДЫ

АРДАГЕРІН АРДАҚТАҒАН  ЕЛ ҚУАТТЫ ДА РУХТЫ БОЛАДЫ

Тараз қаласында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық  бірлестігінің көшпелі кеңесі жоғары деңгейде өтті

Қазақ қашанда ардагерін, ақсақалын ардақтаған, қазынаға теңеп, қариялығына бас иген халық. Жалпы, «ардагер» ұғымы қазақтың «ардақты ер» деген сөзінен шықса керек. Расында, бүгінгі «Ардагерлер ұйымының» атқарып жүрген әр ісі, жастарға берер тәрбиесі мен өнеге-өсиеті –нағыз ардақты ерге тән үлкен миссияның көрінісі. Күні кеше Тараз төрінде өткен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің көшпелі кеңесінде алдағы саяси науқан, елдің келешегіне қатысты айтылған ой-пікірлер ақсақалдарымыздың ұлтты сақтау, елді дамыту жолындағы ұстанымын көрсетті.  

Ал қазақтың бүгінгі қазыналы қариясы – кешегі Ұлы Отан соғысында майдан көрген, тылда еңбек еткен аталарымыз бен ағаларымыз, әжелеріміз бен аналарымыз. Кеңестік дәуір келмеске кетіп, тәуелсіздік таңы атқан кезден атқа қонып, ел еңсесін тіктеуге, шаруасын дөңгелетіп, экономикамызды нықтауға аянбай еңбек еткен кешегі аға буын да бүгін ардагерлік жасқа келіп қалыпты. Олардың жүріп өткен жолы – бүгінгі қоғамға үлгі-өнеге, әрбір кеңесінде ұлттық сезім, адамгершілік пен адалдық, жауапкершілік пен ізгілік тұнып тұрады. Кім біледі, «Қарияларымызға иман, жастарымызға өмір берсін!» деген батаның астарында үлкен ниет бар шығар. Той-думанда, алқалы кеште ел ағасына сөз берудің өзі аға буынның қадірі мен қасиетін арттырады.

 

«Дәнекер» – билер қызметінің заманауи түрі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Тараз қаласындағы Ардагерлер үйінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің екі күнге созылған көшпелі кеңесі өткенін газетіміздің бірінші бетінде қысқаша баяндадық.

Көшпелі кеңестің алғашқы іс-шарасы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі Төралқасының отырысымен басталды. Отырысты Бақтықожа Ізмұхамбетов жүргізді.

– Орталық кеңестің 2019 жылы қабылдаған «Дәнекер» жобасы 2021 жылдың қорытындысымен Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Үкіметтік емес ұйымдарға жариялаған байқауында, «Қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту» бағыты бойынша арнайы сыйақы иеленді. Бұл – бас-аяғы екі-үш жылда жеткен жетістігіміз. Алдағы уақытта бұдан да жоғары көрсеткіштерге жетеміз деп ойлаймын. «Дәнекер» жобасының халыққа пайдасы зор екенін көріп жүрміз.

Осы жобаға қатысушылардың ішінде Жамбыл облысы ардагерлерінің қосқан еңбегі орасан екенін айта кеткім келеді. 

Бүгін әріптестерімізге осы жұмыстардағы жамбылдық ардагерлердің іс-тәжірибесін көзбен көріп, пікір алмасуларына жақсы мүмкіндік туып тұр. 

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қабылдауында болғанымда «Дәнекер» жобасы туралы біраз мәлімет бердім. Президент зор ықыласпен тыңдаған болатын. Мен әріптестерімнен осы жобаға үлкен жауапкершілікпен қарауды сұраймын, – деді отырыстың кіріспе сөзінде Б.Ізмұхамбетұлы.

Төралқа отырысында алдымен Орталық кеңестің баспасөз хатшысы, «Дәнекер» жобасының бас үйлестірушісі Жанат Елубаева осы жоба жайлы қысқаша түсіндіріп өтті.

– «Дәнекер» – Орталық кеңестің 2019 жылы қабылдаған жеке жобасы. Жобаны ұйымдастырғандағы басты мақсатымыз – біздің ардагерлеріміздің мүмкіндігін, өмірлік бай тәжірибесін қоғамға пайдалы бағытқа жұмсау. Сол арқылы билер қызметінің заманауи түрі – медиациялық келісімді дамыту. 

Халқымыздың ұмытыла бастаған жақсы салт-дәстүрін қалпына келтіре жүріп, адасқандарға қатесін түзеуге мүмкіндік беру. «Алдыңа келсе, атаңның да құнын кеш» деген билеріміздің билік жүргізу тәсілімен дауларды бітімгерлікпен шешу. 

Жобаға қатысушы ардагерлердің міндеті – «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» дауласушы тараптарды татуластыру. Ел ішіндегі ұсақ-түйек дау-дамайды ушықтырмай шешу арқылы ауыл-аймақтың, отбасының тыныштығын сақтау. 

Дау сотқа өтіп кеткен жағдайда орташа деңгейге дейінгі қылмыстық істерге араласуымызға болады, екі тарапты ортақ мәмілеге келтіріп, кінәлінің қатесін түзеуіне мүмкіндік беріп, сотталудан аман алып шығуымыз керек.

Біздің жеткен нәтижеміз – ең алдымен сотталғандардың санын азайтуға және судьялардың жұмыс жүктемесін азайтуға үлесімізді қосу. Сөзім дәлелді болу үшін әр жылдардағы цифрлық мәліметтерге қысқаша тоқталайын. Мәселен, 2019 жылы 261 даулы іс татуласты, соның ішінде 38-і сотта татуласқан. Ал 2020 жылы 2183 даулы іс татуласқан, оның ішінде 108-і сотта татуласқан. Былтыр 1705 даулы іс бойынша тараптарды ардагерлеріміз татуластырса, соның 233-і сотта татуласқан. Ал биылғы 1 қазанға дейінгі мәлімет бойынша 1134 даулы істің 342-сі сотта татуласуға қол жеткізген. Бұл, меніңше, жақсы  көрсеткіш.

«Дәнекер» жобасына отставкадағы судьялар ғана емес, елге беделі бар, сөзін тыңдата алатын ардагерлеріміз де қатыса алады. Бүгінгі күні ардагерлеріміз отбасылық, азаматтық, еңбек дауы, ұсақ ұрлық сынды т.б. туындайтын дауларды шешуге атсалысып жүр. Шындап келгенде, қоғам үшін бұл өте пайдалы жоба. 

Ардагерлеріміз біраз тәжірибе жинап, жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде мыңдаған даулы мәселе оң шешімін тауып отыр. Яғни біздің азаматтарымыз «сотталған» деген жаман атақтан құтылуда. Осы жұмыстарда Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билеріміз барлық жағынан алда. Сөзімнің соңында айтарым, «Дәнекер» жобасының арқасында қаншама отбасы сақталды, қаншама ананың көз жасы тыйылды,білмеймін, бірақ бүгінгі күнде ұялмай айтатын нәтижеміз бар.Сондықтан осы жобаны жан-жақтан жабылып жетілдіруге шақырамын, – деді жоба үйлестірушісі Ж.Елубаева.

Сондай-ақ Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің төрағасы әрі «Дәнекер» жобасының осы облыстағы бас үйлестірушісі Оңласын Есіркепов аталған жобаның Жамбыл облысында орындалу барысын баяндады. Ол сөзінің басында бірлесе талқылап отырған мәселенің қазақ қоғамында алар орны айрықша маңызды екеніне тоқталды.

– Сіздерге белгілі, соңғы жылдары қоғамда орын алған дау-дамайларды келіспеушіліктерді сотқа дейін жеткізбей шешудің баламалы жолдары қарастырылуда. Әрі сол мақсатпен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалдарының қатысуымен және әр деңгейдегі соттардың тікелей ықпал етуімен жер-жерде билер кеңестері құрылып, жұмыс істей бастады. Нәтижесінде республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі мен жоғарғы сот өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізді. Орталық кеңес «Дәнекер» пилоттық жобасын жасап, ережесін бекітті.

Осы үдеріс аясында ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында 2018 жылдың 18 қарашасында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрамы 7 адамнан тұратын билер кеңесі құрылған болатын.

Ал 2019 жылдың басынан бері облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласында құрамы 7 адамнан, 156 ауылдық округте құрамы 3 адамнан тұратын билер кеңестері іске кірісіп, өз жұмыстарын атқаруда. Қазіргі таңда облыс бойынша билердің жалпы саны 566-ға жетіп отыр. Билер кеңестерінің құрамына ел ішінде беделді, абыройлы, ақыл-парасаты мол, біліктілігі зор, өмірлік тәжірибеге ие ардагерлер мен дін өкілдері тартылды. Олар даулы мәселелерді мүмкіндігінше бейбіт жолмен шешіп, екі жақты бәтуаластыруға қабілетті екендіктерін танытуда.

Облыстық билер кеңесі Республикалық «Дәнекер» пилоттық жобасын басшылыққа алып, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізуде.

Қазақстан Республикасы «Медиация туралы» Заңын басшылыққа алып, жұмыстарын жүргізулері үшін 85 ардагерге «Кәсіби емес медиатор» сертификаттары тапсырылды.

 

Отбасылық мәселеге мемлекет дәрежесінде қарау керек

Облыстық билер кеңестерінің белсенді жұмыстары мен кәсіби біліктілігінің арқасында 2019 жылы 420 дау-дамайлық істер қаралды. Оның ішінде соттан алып қаралғаны – 120. 2020 жылы 490 дау-шарлар шешімін тапқан болса, оның 150-і соттан алынып қаралған іс. Былтыр жалпы Билердің көмегімен Жамбыл облысы соттарында 718 азаматтық іс бойынша татуластыру рәсімдері жүргізіліп, оның ішінде 322 азаматтық іс бойынша тараптар татуласып, іс өндірістен қысқартылды. Жалпы, билердің көмегімен қаралған істердің 44,8 пайызы бойынша тараптар татуласқан.

Биылғы тоғыз айда билердің қатысуымен 437 іс қаралған. «Отбасылық» істер бойынша 356 жандар татуласқан.

Билер кеңесі қараған мәселелердің дені азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар.

Бір атап өтететін мәселе, Билер кеңесінің тиімділігіне көз жеткізген сайын жұртшылықтың оған сенімі де артып келеді. Өткен мерзім ішінде Билер кеңестерінің ұйымдастыруымен өңірлердегі билердің жұмыстарын насихаттау, түсіндіру, озат тәжірибелерді тарату Билер кеңесінің ережелері мен мақсат-міндеттерін жеткізу үшін семинар-кеңестер өткізілді.

«Дау мұраты – бітім» қағидасын басшылыққа алып, ел бірлігімен тұрақтылықты сақтауға, қоғамдағы даулаушылықты төмендетуге ықпал ету мақсатында баспасөзге де зор мән беріп келеміз. Билер кеңестерінің жұмысы туралы республикалық, облыстық, қалалық және аудандық баспасөздерге 257 мақала жарияланды.

Былтыр Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері, Талас ауданының Құрметті азаматы, Талас ауданы Билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықовтың «Би – Елдің құты» атты кітабы жарық көрді. Сонымен қатар Сарысу ауданынан Қ.Мамбетовтің «Адал би – Әділ би» атты кітабы жарық көрді.

Елімізде жас отау құрғандар арасында ажырасу күрделі мәселе болып тұр. Бүгінгі қоғамда әрбір үшінші отбасы ажырасады екен. Кеше ғана қол ұстасып қосылған жас жұбайлар араға айлар салып болмашы нәрсеге бола ажырасып жатқанын көріп жүрміз. Өкінішке орай, бұл бағыттағы жұмыстар да дұрыс жолға қойылмай келеді. Меніңше, бұл олқылықтың орнын толтыруға аудандық, ауылдық Билер кеңесінің мүшелері өзіндік үлес қосқаны жөн. Сондай-ақ бұл бастамаға аналар және әкелерден құралған кеңестер де үлес қосқаны абзал. Отбасылық мәселесін мемлекет дәрежесінде қарап, нақты бағдарлама қабылдаған жөн деп санаймын.

Осы кемшіліктерді жою үшін аудандық, ауылдық билер кеңестері үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі жүргізулері керек. Билер кеңесінің әрбір мүшесі бітімгершілікті жақсы нәтижеге жету үшін атақты билердің бізге қалдырған өнеге-сабақтарын біліп, насихаттап, дауды шешуде негізге алып жүргендері жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін дамытуды тапсырған болатын. Ондағы мақсат Билер кеңесі арқылы кейбір дауларды сотқа дейін реттеп, татуласу рәсімдерін жан-жақты дамытуды жолға қою.

Он бір жылдан бергі аралықта Медиация институты өзінің дауласып жүрген тұлғаларды келісімге келтірудегі тиімділігін дәлелдеп қана қоймай, осы бағыттағы көптеген бағдарлы мәселелерді анықтап отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты «Медиация туралы» заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Біздің осыған байланысты өз ұсынысымыз бар. «Медиация туралы» заңнамаға билер кеңестері жайлы арнайы бап қосып, «Медиатор би» деген атауды енгізу.

Екінші ұсынысымыз мынау, бүгін елімізде 60-тан аса медиаторлық ұйымдар бар, олардың қатары күннен-күнге өсуде. Алайда басқа елдердегідей мемлекет тарапынан реттеуші орган жоқ, осы жағы ескерілсе.

Үшіншіден, барлық елдімекендерде Билер кеңестері ардагерлер кеңестерімен бірігіп жұмыс жасайды. Кабинеттер жабдықталған. Осы ретте Билер кеңесінің жұмысын жандандыру үшін материалдық көмек керек екенін айтқым келеді, – деді Оңласын Қарабайұлы.

 

Өзін-өзі басқарудың қайнар көзі – билер кеңесі

Келесі кезекте сөз алып, жобаға қатысты ой-пікірін қосқан Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Дәулет Тасыбаев «Дәнекер» жобасы қоғам үшін оңтайлы, сот саласы үшін де тиімді жоба екендігін атап өтті.

Jambyl-Tylek - Жамбыл түлек– Өткен жылдары эпидемиологиялық жағдай кезінде аталмыш жоба Жамбыл облысында кикілжің болған отбасыларды жарастыруда, ағайын арасын жақындастыруда, түйткілді мәселелерді дау-дамайсыз шешуде өзінің тиі мділігін дәлелдеді. Сондықтан ардагерлердің дау-дамайды шешудегі ролі өте зор дегім келеді.

Медиацияны дамыту үшін түрлі орталықтар ашылды, олар хәл-қадірінше жұмыс жасап жатыр. Дегенмен ардагерлер қолға алған «Дәнекер» дау-дамайды салиқалы жолмен шешудің ең жақсы әрі тиімді тәсілі болды. Себебі үлкенді тыңдап өскен халықпыз. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі дауларды реттеуде көмектеседі. Бүгінгі таңда жобаның маңызы күн өткен сайын артып отыр. Аз ғана уақыт аралығында дауды қысқа мерзімде реттеп, соттан тыс бітімгершілікті дамытуда үлкен жұмыстар жасалып жатыр, – деген Дәулет Тасыбаев Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі соты мен «Дәнекер» жобасына қатысушы ардагерлердің арасында тығыз қарым-қатынас орнағанын, болашақта да қатарына қосылған ардагерлерден құқықтық көмекті аямайтындарын ерекше айтып өтті.

Талас аудандық Билер кеңесінің төрағасы Әбсадықұлы Сәулембай да «Дәнекер» жобасының қоғам үшін нағыз керек жоба екенін баса айтты.

– Қазақ халқының қанында бар, салт-дәстүрдің алтын қазығы болып табылатын Билер кеңесінің немесе Билер сотының заманалар өтсе де өзектілігін жоймағандығын бүгінгі күннің шындығы айқындап отыр. Иә, әлемнің барлық елінде әділеттілікті орнататын құқық қорғау органдары бар. Олардың қызметін ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тәрбиесін, ең соңында халықтың өзін-өзі басқаруының қайнар көзі саналатын Билер сотының да қызметі ерекше деп санаймын. Соны түсінген өркениетті елдерде дау-дамайды баламалы жолдарын шешу ретінде осыдан жарты ғасыр бұрын «Медиация туралы» заң қабылдап, оны өмірлік қажеттілікке енгізулері орынды шешім болды. Осы мақсатта Қазақстанның Жоғарғы Соты, ақсақалдар алқасы, ақылмандардың бірлесіп, «Дәнекер» пилоттық жобасын қабылдауы өте дұрыс шешім деп бағалаймыз, – деді С.Әбсадықұлы.

Барлық баяндамалар тыңдалып, пікір алмасқан соң, Орталық кеңес төралқасының қаулысы оқылды. Б.Ізмұхамбетовтың өзі таныстырған құжатта:

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесінің төралқасы Жамбыл облысының «Дәнекер» жобасындағы оң тәжірибелері Орталық кеңесте назарға алынып, республика көлемінде өңірлердегі барлық филиалдарға үлгі ретінде таратылсын», – делінген.

Төралқа отырысынан кейін Республикалық кеңес отырысы өтіп, онда «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңес төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов арнайы сөз сөйлеп, өздерін жұрт бүгінгінің ақсақалы деп білетінін, сондықтан қандай да бір қоғамдық істің басы-қасында ардагерлердің жүруі заңды екенін жеткізді.

– Республикалық көшпелі кеңесімізді биыл жыр алыбы Жамбылдың елінде, Әулиеата жерінде өткізіп отырмыз. Тараз шаһары –тарихи оқиғаларға бай өлке. Біздің іс-шарамызды өткізуге мүмкіндік жасап, барлық ұйымдастыру шараларын өз жауапкершіліктеріне алғаны үшін Нұржан Молдиярұлы бастаған әкімдік қызметкерлеріне, әріптесіміз Еркінбек Бисенбекұлына ризашылығымды білдіремін.

Біз, өткен VIII, IX, X cъездерде ардагерлер ұйымының алдындағы жұмыстарының негізгі бағыт-бағдарын айқындап алдық. Бүгінгі кеңесіміздің ауқымы кең, арқалайтын жүгі де салмақты. Алда еліміздің болашағы үшін аса маңызды Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы келеді.

Біз жақында өткен кезектен тыс Х съезде Қазақстан Республикасы Президенттігіне өз кандидатымызды ұсынған болатынбыз. Біздің таңдауымыз – ол бүгінгі Президентіміз. Бүгінде бүкіл әлемдегі геосаяси жағдай шиеленісіп тұрған кезде, Қасым-Жомарт Кемелұлының халықаралық деңгейдегі жоғары тәжірибесі елімізді алдағы мақсатына жеткізетініне сенеміз. 

Біріккен Ұлттар Ұйымы жоғары бағалайтын Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиядағы жетістіктерімен қатар, мемлекеттік басқару саласында да мол тәжірибесі бар.Сондықтан ұстанымдары, көзқарастары сәйкес келген саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, оның ішінде ардагерлер ұйымы да бар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын мемлекет басқаруға бірден-бір лайықты тұлға деп танып,  халықтық коалицияға топтасты. Қазіргідей күрделі кезеңде бізге осындай бекем бірлік ауадай қажет. Коалицияға топтасуымыз саяси мәдениетіміздің қалыптаса бастағанын көрсетеді.

Президентіміз 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні мен мақсатын ашып айтқан болатын. Қазіргі кезде ардагерлер ұйымының алдында тұрған басты міндет – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» Жолдауын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға араласып, тұрғындарға барынша түсінікті тілде жеткізу.

Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәріміздің ортақ міндетіміз.Осы жолда өмірлік тәжірибелері мол біздің ардагерлер атсалысуы керек. 

Президентіміз Халыққа Жолдауында қазіргі жағдайға байланысты болашақта біраз өзекті шешімдер қабылданатынын айтты.Олар: Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызын балаларға арнайы жинақтаушы шот ашып салу. Бала бұл қаражатты 18 жасқа толғанда тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға пайдалана алады. 

«Самұрық-Қазына» таза табысының 7 пайызын алдағы уақытта «Қазақстан халқы» қорына аударатын болады.

Әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітілді. 

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша демалыс мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылды.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады. 

Мемлекет басшысы халықтық коалицияның форумында сөйлеген сөзінде елдің ынтымағына, ұлтты ұйыстыруға арналған жеті қағидаға тоқталды. 

Онда Тәуелсіздік, жеріміздің тұтастығы, мемлекеттік мүдде, рухани үндестік, заңдылық пен тәртіп, жасампаздық және достық пейіл мен мейірімділік біздің елдік жолындағы ең басты құндылықтарымыз екенін атай келіп,   жетінші қағидасында: «Халқымыз бәрін де ақыл-парасатпен шешкен. Бұл дәстүрді ұмытпауымыз керек. Аға буын осы игі дәстүрді насихаттауы қажет», – деді. Байқасаңыздар, Мемлекет басшысы әр Жолдауында аға буынға зор ықыласпен үміт артып отырады. Тәуелсіз Қазақстанды құруға еңбек сіңірген біздің буын әрқашан сенімнен шығады деп айта аламын.

Екі күн бұрын Қасым-Жомарт Кемелұлы  өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Ол өз сөзінде елімізде әлеуметтік салада, экономика мен саясатта көптеген жүйелі проблемалар қордаланғанын, азаматтардың билікке сенімсіздігі артқанын атап өтті.

 

Әділеттілік идеясы мемлекетіміздің басты ұстанымына айналуы тиіс!

«Енді әділеттілік идеясы біздің мемлекеттік саясатымызда ең маңызды ұстанымға айналады. Бүкіл ұлттық идеологиямыз әділеттілік идеясына негізделеді. Әділеттілік идеясы біздің әрбір шешімімізден, әрекетімізден көрініс табады. Біздің басты байлығымыз бен бәсекелестік басымдығымыз – адам. Сондықтан біз «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» формуласын берік ұстанамыз», – деп атап өтті.  

Сонымен қатар ол Президент қызметінде үш негізгі қағиданы дәйекті түрде ұстануға ниетті екенін айтты.

«Бірінші қағида – Әділетті мемлекет.Біз саяси жаңғыртуды дәйекті түрде жалғастыра береміз. Мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттырамыз. Сот билігінің тәуелсіздігін нығайтамыз. Құқық қорғау саласында түбегейлі реформа жүргізіп, армиямыздың қорғаныс қабілетін арттырамыз. Бұл реформалар Қазақстан дамуының түбегейлі жаңа саяси моделінің негізін қалайды», – деді Қ.Тоқаев.

«Екінші қағида – Әділетті экономика.Бұл халықтың, бизнес пен мемлекеттің мүдделерін тең қорғау идеясына негізделген әділетті экономиканы құруды, ресурстарды тиімді пайдалануды білдіреді.

Үшінші қағида – Әділетті қоғам.Бұл қағида дамыған әлеуметтік инфрақұрылым құруға және адам әлеуетін жүзеге асыруға кең мүмкіндіктер ашуды, әділетті әлеуметтік саясат жүргізуді көздейді».

Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи таңдау жасауға шақырды.

«Бәріміз халық алдында жауаптымыз. Бұл – біздің бірегей мүмкіндігіміз. Түбегейлі өзгерістер мен батыл шешімдер қабылдайтын уақыт жетті. Енді басқа мүмкіндік болмайды. Біз елімізді дамытудың және ілгерілетудің даңғыл жолына шығып, Әділетті Қазақстанды құруға міндеттіміз», – деді.

Болашақта Президенттің бағдарламасында айтылған бастамалардың табанды және жүйелі түрде орындалуы қазақстандықтар үшін аса маңызды.

Қазіргі таңда бүкіл әлеммен бірге Қазақстан да түрлі жаһандық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осы тұрғыдан келгенде, көпшіліктің Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауы халықтың Мемлекет басшысына деген сенімі деп білеміз. Кандидатты қолдау  үшін құрылған коалицияның республикалық қоғамдық штабына қоғам қайраткерлері, ғылыми сарапшылар, әртүрлі әлеуметтік топ өкілдері тартылды. Өңірлерде 227 қоғамдық қабылдау бөлмелері ашылып, 6 мыңнан астам сенімді өкілдер жұмылдырылуда. Олардың ішінде ардагерлер ұйымының барлық өңірлік төрағаларымен бірге халық арасында үлкен беделге ие танымал ардагерлеріміз бар. Ардагерлер Президент ұсынған кешенді реформаларды тұрғындарға түсіндіруге белсенді түрде атсалысатын болады.

Иерусалим патшасы Давидтің ұлы Экклеся кезінде: «Жарыста озу – шапшаңдарға, жеңіс – ер жүректерге, несібе – даналарға, байлық – парасаттыларға, жолы болу шеберлерге бұйыра бермейді, бірақ уақыт пен кездейсоқ сәттілік солардың бәріне де ортақ», – деген екен.

Ал әйгілі Конфуций: «Жазмыш деген жоқ, тек кездейсоқ сәттілік қана бар»,  – депті. Елімізге, халқымызға сәттілік тілеймін! – деп сөзін түйіндеген Бақтықожа Ізмұхамбетов осы өңірдің, жалпы қоғамның дамуына белсене қатысқан бірнеше ардагерді «Еңбек ардагері», «Құрмет белгісі» төсбелгісімен және «Құрмет» грамотасымен марапаттады. 

Әр облыстан жиналған ардагерлер ұйымының басшылары алдында ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев та ағынан жарылып сөз сөйледі. 

Талас аудандық билер кеңесінің тәжірибесі көпке үлгі — "Ақ жол" -Жамбыл  облыстық қоғамдық-саяси газеті– Халықтық коалицияға кірген, біздің Ардагерлер ұйымы Республикалық қоғамдық бірлестігінің X съезінде алдыңғылардың бірі болып, бірауыздан Қ.К.Тоқаевтың кандидатурасының Президенттікке ұсынылуы ардагерлер тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Облысымызда, аудандарда құрылған Штабтардың құрамында біздің беделді ардагерлеріміз аз емес. Жалпы, соңғы жылдарда Президентіміздің бастамасымен елімізде ауқымды саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалар табысты іске асырылып келеді.

 

Ақын бас би мен арда азаматтарымыздың ортақ мүддесі  Әулиеатада тоғысты

Киелі Әулиеата өңірі жұртының бүгінгі берік ұстанымы да осы бақ пен берекеге апарар бірлікпен өріліп, өзара келісіммен үндесіп отырғаны өмір шындығы. Жамбыл жері – иманды өмірдің есігі. Ауызбіршіліктің, ынтымақтың бесігі, ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың, тіліміз бен дініміздің алтын діңгегі. Жамбыл облысы ардагерлер ұйымының жалпы ел ардагерлері қозғалысының дамуымен үндесе, белсенді қызмет жасап келе жатқандығын айтуға тиіспіз. Облыс ардагерлер ұйымының құрылу, қалыптасу кезеңдерінде біздің белсенді, мемлекетшіл, қоғамдық қызметке берілген  азаматтарымыздың     тұрғанын бүгінде мақтанышпен айтуға болады, – деді Е.Солтыбаев.

Бұл жиында сондай-ақ Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов, Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов те сөз сөйлеп, республикалық іс-шараның өте жоғары деңгейде өтіп жатқанын тілге тиек етіп, жамбылдықтарға алғыс білдірді. 

Жиналыс соңы ауқымды іс-шараға жалғасып, көшпелі кеңес отырысына келген қонақтар Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, техника ғылымдарының докторы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің «Жыр жолымен», «Қоршаса ойлар...», «Шақырса шабыт», «Белестерге жалғасып жыр жолдары...», «Мотивы вечности» кітаптарының тұсаукесер рәсіміне қатысты. Оған облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қатысып, Бақтықожа Ізмұхамбетовтің шығармашылығына толайым табыс тіледі.

Кітаптың тұсаукесер жиынында кітапхана қызметкерлері ақынның өлеңдерін оқып, оның сөзіне жазылған бірқатар әндерді орындады. Қаламдас достары ақынға деген ізгі тілектерін жыр жолдарымен жеткізіп жатты.

Тараздың қақ төріндегі үлкен мейрамханада өткен түскі ас кезінде де ардагерлерді ардақтау тұрғысынан көптеген ақжарма тілектер айтылды. Осы ұйымның аясында ел ардагерлерін, көнекөз қарияларын, қазыналы қарттарын ел дамуы жолындағы ортақ мүддеге ұйыстырып, соңынан ерте білген Бақтықожа Салахатдинұлының атына да жақсы-жақсы лебіздер айтылды.

Арнайы сөз сөйлеген Жамбыл облысының әкімі пандемияға байланысты ұзақ уақыт бас қоспаған ел ардагерлерінің бүгін киелі шаһар Таразда бас қосып, бір марқайып қалғанына ризашылығын білдіріп, Б.Ізмұхамбетов бастаған біраз ардагерге сый-құрмет көрсетті. 

Сөз сөйлегендердің ішінде газетіміздің басшысы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері   Сәуле Мешітбайқызы да ерекше лебізін арнап, ақсақалдық миссияны абыроймен атқарып жүрген ел азаматтарына үлкен құрметпен қарайтынын жеткізді.

– Биыл Жамбыл жері жақсылықтың, той мен қуаныштың ордасындай әсер қалдырды. Шер-ағаның 90 жылдығы, облыстық «Ақ жол» газетінің 100 жылдығы, Асанбай Асқаров, Айтбай Назарбековтей Мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мерейтойлары жоғары деңгейде аталып өтті. Оның жалғасы ретінде Республика күнінің аталып өтуі де осы өңірдің шырайын келтіріп-ақ тұр. «Ардагерлер ұйымының» кешелі бері ел көлемінде өтіп жатқан іс-шаралары да осы тойдың сабақтастығындай болып отыр. Мен Бақтықожа Салахатдинұлына ерекше тоқталғым келеді. Мен ол кісіні әкім кезінен жақсы танимын. Алғаш журналистикаға 63 жасымда барғанымда сапарымды Бақтықожа бауырымнан бастадым. «Әкім болсаң, халқыңа жақын бол» дейді. Бірақ мен ол кезде бұл кісінің ақын екенін білмедім. Алайда мен одан керемет кісілікті, керемет парасатты, керемет кішілікті көрдім. 

Бірде газетіміздің бұрынғы басшысы Ахмет Аляз: «Апа, осы мені әкімдер шетел азаматы болғаным үшін қабылдамайды. Сіз екеуіміз Бақтықожа Салахатдинұлына барайықшы, ол кісі жайлы көп жақсы пікір естідім, Сіз маған көмектесіңізші», – деді. Сөйтіп, біз Атырауға бірге барып, расында мені ішке кіргізді. Ал Ахметті күзет қызметкерлері шетел азаматысыз деп кіргізбей қойды. Сөйтіп мен Бәкеңе «Бауырым, менің түрік бастығым бар еді. Түбіміз бір ғой, кіргізіңізші» деп едім, әкім мырза сөзге келмей өтінішімді орындады. Бір кезде Бақтықожа бауырым мені ұмытып кетіп, түрік бауырымен түрікше әңгіме көркін қыздырып әкетті. Міне, осылайша Бәкең менің Ахмет бейдің алдында бір мерейімді өсіріп еді. Одан кейін де талай басқосуларда «Тетелес апа» деп ізетін аямай жүреді. 

Ардагерлер кімдер, арда азаматтар кімдер? Олар кешегі ел басқарған азаматтар. Кешегі қиын кезде ел дамуына маңдай терін төккен азаматтар. Мен де өздеріңізбен бірге ортақ мүддеге үн қосып жүрмін. 

Бүгінгі Түркия мемлекетінің негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік «Парламент басшысы болуға, министр болуға, тіпті президент болуға болады. Ал өнер адамы болу екінің бірінің қолынан келмейді» деген екен. Демек Бәкеңнің өнер адамы екенін көпшілік білмейді. Ол кісінің өлеңдері, салған әндері кез келген жанның жүрегін селт еткізеді. Бұл мақтау емес, жақсының жақсылығын айту. Ел ардагерлерін көкірегі күйге, жүрегі жырға толы рухани бай азамат басқарып жүргенін айтқым келеді, – деген Сәуле Мешітбайқызы жиналғандарға амандық тілеп, ел болашағы жолында аянбай еңбек етуге шақырды.

Республикалық деңгейде өткен көшпелі кеңес көне шаһар Тараздың көрікті де тарихи жерлеріне саяхат жасаумен жалғасты. 

 

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН, Жамбыл облысы
04.11.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 42
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 129
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 36
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 42
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 51
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 42
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 125
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 129
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 320
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 313
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 936

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9008
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8403
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11629
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9387
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10613