Б.Момышұлы ауылындағы №15 Әлихан Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінде аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай Ауған соғысы ардагерлері оқушылармен кездесті. Шарада «Ауған соғысы ардагерлері» ұйымының мүшелері – Мақсатбек Әбдібеков, Әлімхан Асибеков, Орынғали Сатыбалдиев қатысып, жас ұрпаққа бастан кешкен оқиғаларымен бөлісті. Отан алдындағы борыштарын адал атқару керектігін жеткізді. Ардагерлердің кешегі күн бүгін тарих деп басталған сырлы әңгімесі жастарға жігер сыйлады. Тағылымды кездесуде жастар қонақтарға сұрақтар қойып, патриоттық тәрбиеде өнеге алатындай ұлағатты сөздерді тыңдады.
Кездесуді «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов қорытындылап, Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған сын сағаттарда бірін-бірі бауыр дескен азаматтардың ерлігі ұмытылмайтынын баса айтты.