ҚР Үкіметі 2011 жылғы 29 маусымда 2011-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту жөніндегі бағдарлама, сонымен қатар 2015 жылы 31 қазанда Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заң қабылданды. Аталған заңның 3-бабында Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің міндеттері анық көрсетілген: Қазақстан Республикасының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің тиімді өзара іс-қимылы үшін жағдайлар жасау;
инфрақұрылымды және халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін дамыту үшін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің ресурстарын біріктіру арқылы мемлекет экономикасына инвестициялар тарту;
халықтың, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі деңгейін және сапасын арттыру;
Қазақстан Республикасындағы жалпы инновациялық белсенділікті арттыру, оның ішінде жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу.
«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» термині бастапқыда Америкада пайда болған. Білім беру бағдарламаларын қаржыландыруда мемлекет пен жеке сектордың бірлесіп жұмыс атқаруынан басталған. Кейіннен 1950 жылдары қоғамдық пайдалану нысандарын қаржыландыру қолға алынса, 1960 жылдары қаланы модернизациялау мен қайта құруда жекеменшік кәсіпорында қатысып, бұл байланыс нығая түсті. Осылайша мемлекеттік маңызы бар тас жолдар мен магистральдарды салу және пайдалануға беруде жекеменшік сектор негізгі рөл атқарды. Сонымен қатар Жапонияда бұл тәсілді пайдаланып, алғашында жеке сектордың қаржылай көмегі арқылы көпір салынған.
Қазақстанда да ұтымды әрі тиімді тәсілдерді игеру қолға алынып отыр. Елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытына көңіл бөлініп, әлеуметтік маңызы бар салаларда жүзеге асырылып келеді.
Егер аталмыш жобалардың бағыттары бойынша қарайтын болсақ, екі сала көш бастап тұр. Олар – білім беру және денсаулық сақтау салалары. Саны аз болғанына қарамастан, МЖӘ жобаларының тәжірибесі мемлекеттік маңызы бар объектілерге инвестициялау үшін мемлекеттік емес қаржы көздерін тарту, жобаны іске асыру бойынша тәуекелдерді мемлекет пен бизнес арасында бөлу, басқару функцияларын жеке инвесторға беру арқылы экономикалық тиімді басқаруды қамтамасыз ету сияқты елеулі оң нәтижелерді көрсетті. «Іске асырылған жобалардың тиімділігі заңнамалық жүйені жетілдіре түсуге және МЖӘ-ні кешенді түрде дамытуға серпін берді. Бұл тұста мемлекет пен бизнестің серіктестік саласын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де қолдағанын, әсіресе ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік сыбайлас жемқорлық мәселелерін шешуде тиімді әдіс болуы мүмкін екеніне назар аудартқанын атап өту керек», – дейді «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Самат Сағындықов. Бұл салаға соңғы бес жылда бірқатар өзгерістер енгізілді. Мысалы, 2015 жылы «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заңы қабылданды. Бұл құқықтық база МЖӘ-ні қолдану салалары бойынша бірқатар шектеулерді алып тастады, қатысушылардың құрамын, келісімшарттардың нысандары мен түрлерін кеңейтті, сондай-ақ жеке қаржылық бастаманы енгізуге мүмкіндік берді.
2021 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 717 шарт жасалған. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Олай дейтін себебіміз, 2000-2016 жылдары МЖӘ бойынша тек үш жоба ғана жасалған. Қазірде қолданыстағы заңға түзетулер мен өзгертулер енгізіліп, бұл сала дами бастады. МЖӘ-нің экономикаға кірігуі арта бастады. Тағы бір айта кетерлігі, елімізде осы саланы дамыту мақсатында «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ құрылды. Осы орталық 2020 жылдан бері жалпы құны 1,6 трлн теңгені құрайтын жеті жүзден астам шарттың рәсімделуіне ұйытқы болды. Экономист Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, мемлекет пен бизнестің әріптестігі экономиканың қарқын алуына үлкен ықпал етеді. «Дамыған елдерде мұндай қадамдар әлдеқашан жүзеге асқан. Осындай жобалар арқылы олар экономикасын өрге сүйреп, әрбір саланы дамытып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің артуына мүмкіндік береді. Қазір біз «Жаңа Қазақстанға» бағыт алған тұста мұндай шаралар өте қажет. Сондықтан мұны қолдау керек, – дейді экономист.
Өткен жылы елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құны 350 млрд тенге болатын 39 жобаны жүзеге асыру бойынша келісім жасалды. Олардың басым бөлігі Ақмола, Түркістан, Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылуда. Басымдылық денсаулық және энергетика мен тұрғын үй салаларына тиесілі.
Алыстағы аудандар мен шалғайдағы ауылдарда халыққа сапалы қызмет көрсету, жұмыс орындарын ашу, балабақша мен мектеп салу сынды әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бюджеттің мүмкіндігі болмаса, бизнес өкілдері бұл іске атсалыса алады. Қолданыстағы заңға сәйкес, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікте жергілікті әкімдіктер оңайлатылған конкурстық рәсімдерді пайдалана отырып, шағын жобаларды іске қосуға мүмкіндік алды. Яғни, сараптама саны азайып, жобаның құжаттары үлгілік формаларға негізделіп дайындалатындықтан, уақыт да едәуір қысқарады. Осылайша, әріптестікке негізделген ауқымы үлкен емес, көп қаражатты қажет етпейтін жергілікті шағын жобаларды жергілікті билік пен кәсіпкер бірлесе жүзеге асыра алады.