ӘРКІМНІҢ ӨЗ ФУДЗИЯМАСЫ БАР

ӘРКІМНІҢ ӨЗ ФУДЗИЯМАСЫ БАР

Бұл Болат ағаның көзі тірісінде жазылған еді. Сол бір кездесуден кейінгі қағаз бетіне түскен әсер ғой. Жұртшылыққа ұсынуға да асықпағам. Болат ағадан айырылып қаламыз деп ойламадық. Рухы биік адам ортамызда ұзақ жүретіндей көрінген. Болат аға осы мамыр айында туған, дүниеден өткеніне де жылға жуықтады. Бұл күнде сағынышқа айналған сол күннің естелігін ештеңесін өзгертпеген күйі, өзі өмірде бар кезіндегідей қаз-қалпында бергенді жөн көрдім. 

…Ол кезде өзім бір кезде Исабектің рөлін ойнаған «Көктөбедегі кездесу» қойылымы жайлы тіпті ойыма да келмеген. Есіл-дертім жүрегімде ерекше орыны бар, шығармашылығыма айрықша әсер еткен жаңашыл режиссердің арманын орындау болатын. Арманын орындау дегенім артық. Болат ағаның алдындағы адамгершілік парызымды һәм қарызымды өтеу деп айтқаным дұрысырақ шығар. Тіпті бұлай деуге де келмейді. Өйткені ол кісі екеуміздің арамыздағы сыйластық ешқандай есепке құрылмаған. Бәрін басынан бастайын.

Болат ағаның шетелге кетіп қалғанына да біраз жыл өтіпті. Интернет деген құдіреттің арқасында амандығын сырттай білгенім болмаса, күнде хабарласып, жиі хат алысып жағдайын сұрап тұрдым десем, өтірік болады. Ал ағаның елге келе жатқанын естігенде арнайы барып шәкірттерімен бірге күтіп алғанымыз, одан кейін Азамат Шарғын бауырым үшеуміздің бас қосып жүздескеніміз... Айтпақшы, аға Нағима апа Таласбаеваны сол кезде сұрады. Кездескісі келетінін айтып қалды. «Сәлем айтарсың көрсең» деген. Халық театрында істеп, өмір бойы ауылда тұрып жатқан Нағима апаның өнері Болат ағаның мамандық таңдауына себеп болғанын естігеннен осы екі ғазиз жанның кездесуі үшін қолымнан келгенді істеуге бейіл болдым. Болат ағаның кішкентай арманы енді менің арманыма айналды. Алдымен ағаны ауылға – ­Кегенге апарғым келген. Бірақ... Ұзақ жолды ол кісінің денсаулығы көтере ме?! Нағима апай да – жасы жер ортасына келген адам, екі жаққа да тиімді болатындай не істеуге болады. Қалай десек те, қазақ әйелінің мейірімі мен парасаты бәрібір ерекше, бәрібір бөлек қой, шешімді сөзді апайдың өзі айтқан. «Болаттың жағдайына қарағанымыз жөн шығар, одан да Алматыға мен барайын, сол жақта кездеселік...». Қазақы пейіл, қазақы бауырмалдық деген де – осы.

...Жадыңда таңбаланып, санаңда өшпей кеткен әдемі естеліктер ғана әсерлі әрі сағынышқа толы күйі ақтарылатын сияқты. Маған өнер жолында жақсы адамдардың шарапаты көп тиген. Сондай ізгі жандардың бірегейі – Болат аға Атабаев. Ағада ешкімге ұқсамайтын мінез бар. Өнерге деген көзқарасы бөлек, өзіндік ұстанымы қалыптасқан және одан ешқашан айнымайтын, өзінің принципіне өзі ешқашан қарсы келмейтін өте «қырсық» әрі өте адал адам. Жақсы мағынадағы қырсықтық.

Аса байқай бермеппіз, актерлер өзімізге әбден сіңіріп алған интоннациямыз бар екен, сөйлегенде бәріміз ұқсаспыз, тіпті өлеңді бірдей дауыс ырғағымен оқиды екенбіз. Міне, осы кемшілігімізбен Болат ағам жақсылап күрескен еді. Ескертіп жүріп, әзілдеп әрі дауысымызды салып мазақтап жүріп қойғызды мұны. Өнерді терең түсінетін әрі шын жаны ашитын, өз мамандығын шексіз сүйетін нағыз кәсіби маманмен бірге жұмыс істеу деген қандай керемет! Бұл тұрғыда Атабаевтың тәрбиесін көріп, тәлім алғандар өте көп. Мен де соның бірі едім. Енді, міне, сол ардақты ұстаз бен көрерменін өнерімен тәнті еткен актрисаның кездесуі белгіленген күнді асыға күтіп жүргенім мынау.

***

Қалтай аға Мұхамеджановтың «Адамзаттың Айтматовы» атанған қырғыз жазушысы Шыңғыс ағамызбен бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесуін» ойға алатындай-ақ бар. Өйткені қаланың қаншама жерін адақтап шыққанмен ығайлы жер табылмаған. Сөз жоқ, мейрамхана дегеніңді кез келген бұрыштан, әр көшенің бойынан табасың. Бірақ... Ол жайлы сәл кейінірек. Ақыры мен іздеген жайлы орын Көктөбенің басынан табылды. Біраз жыл шетелде тұрып, елге келгеніне біршама уақыт өтсе де сағынышы басыла қоймаған Болат аға мен Нағима апайға, сөз жоқ, бұл жер ұнайтын болды. Сонымен, қаншама жыл бірін-бірі көрмеген өнер адамдары кездесіп ­дидарласты. Бұл кеште ән де айтылды, әзіл де айтылды, сағыныштың әсері болар, дастарқан басындағы өзге адамдардан еш қымсынып-қысылмастан олар бір күлді, бір жылады. Өткенді – аяулы ата-ананы, ауылды, сол ауылда өркен жайған халық театрын еске алысты, бір сәт қуанып, енді бір сәтте мұңайды. Бәрі шынайы, бәрі жарасымды. Болат аға бір демде анасына еркелеген балаға айналса, Нағима апай баласын көріп мауқын басқан анадай болды. Әңгімесі таусылмаған өнердің қос тарланы тағы бір сәтте әсерлі әнге елтіді, қосыла ән салды, тебіренді-толғанды. Бірінің иығына бірі қазақы дәстүрмен шапан жапты, камзол кигізді. Қандай жарасымды! Алматының төрінде, Көктөбенің баурайында сағынышқа толы жып-жылы жүздесу болады, осылай арқа-жарқа отырамыз деп сона-а-ау бір жылдары ойымызға келіп пе еді... Анау «Көктөбедегі кездесуге» келмеген кейіпкер Сабырдың басынан өткен жалғыздық пен шырғалаң да Болат ағаның тағдырына ұқсас қой. Ол осы қоғамда өмір сүріп жатқан қазақтың бірі ретінде, өз елінің азаматы ретінде Жаңаөзен оқиғасы жайлы өз үнін естіртті, қазақ үшін жаны ауыратынын байқатты. Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен халді сол Жаңаөзен оқиғасы кезінде әйгілі Атабаевтың өзі басынан кешірді. Сол күндері еді екі парақ қағазға қол қоюды өтініп бірге істейтін әріптестеріме барып Болат ағаға араша түсіп жанымның бебеулегені. Тайқып кеткенді де, бас сауғалауға тырысқанды да сонда көргем. Өнер адамының жан дүниесі кіршіксіз таза, жүрегі тым нәзік, болмысы бөлек деген түсінігім бір сәтте өзгеріп, сеніміме селкеу түсірген де – сол кездер. Тәуелсіздік ала салып ақ ордасын тың даланың төсіне тігіп, астанасын Ақмолаға ауыстырып егемен елдің көшін Арқаға қарай бұрған кезде «Абылай ханды» қойып, бодандық құрсаудан босаған жас мемлекетке ерекше қойылымын тарту еткен информатор Атабаев шетел асам деп ойлап па еді әйтпесе? «Абылай ханымен» құрмет-қошеметке бөленген сол режиссердің Мюньхенде тұрған тоғыз жылында да неміс жұртшылығының алғысына ие болып, өзін мойындатқанын көп адам, тіпті театр саласындағылардың өзі біле бермейді. Ол кісі – терең ойлы жан, телегей-теңіз білімнің иесі. Неміс тілін жетік білгендіктен де неміс театр­ларына қаншама еңбегі сіңді. «Арқада күн жайлы болса, арқар ауып несі бар»? Өз мемлекетінен қудалауға түсіп, жат жерде денсаулығы сыр беріп енді, міне... Тағдырдың тартуы бұл да, өмір жолында Атабаев татқан бір кермек дәм. «Дүниенің рақатын надан көреді, азабы – ердің сыбағасы» деген...

***

Нағыз руxанияттың адамы кім, мәдениетке жанашыр кім десе, ойланбай Болат ағаны аузыма алар едім. ­Болат ағадағы адалдық – өнерге, өз-өзіне деген адалдығы... Болат аға мен Нағима апайдың кездесуіне куә болсам, соған титімдей септігім тисе деп мені жан тапқызбаған осы адалдық болатын. Осы қасиеті еді Атабаевты үлгі тұтқызған, театр сахнасындағы ұлағатты ұстаз санатқан. О, тоба, ғұмыр бойы ауылды жерде тұрып, халық театрында еңбек еткен Нағима апаға сол атақты Атабаевтың өзі де төл шәкіртіндей елжіреп, ақтарыла әңгімелесіп мауқын басты. Қалтай ағаның «Көктөбедегі кездесуінде» Айша мұғалім қағілез әрі шыншыл Сабырды да шәкірттерінің арасынан көргісі келеді. Қалғандарының оны «бөлектеп», естен шығарып, ұмытып кеткенін қаламайды, тіпті келесі кездесуде басынан түрлі тауқыметті өткерген Сабырдың да бұл жолы бас қосқандардың ортасында болатынына сенеді. Ал біздің кездесу ше? Өзінің болашақта кім болатынын айқындап берген Нағима апайымен араға сонша жыл уақыт салып жүздесудің сәті түскені, Шәмшагүл (Меңдиярова) қарындасымен, Азаматтай шәкіртімен Көктөбенің басында отырып сағаттар бойы әңгімелескені, шынымен де, өте әсерлі болды. «Бүгін тыныш ұйықтайтын шығармын», – деді Болат аға толқып. Сіздің жүрек түкпірінде бұғып жатқан сағынышыңыз, тәтті мұң мен сырлы шерді шығарып, сырласқыңыз келгендегі, арнайы уақыт пен шынайы көңіл бөлсе орындауға болатын һәм орындалуға тиіс кішкентай арманыңыздың тез арада орайы келіп жүзеге асқаны үшін өзім де бүгін тыныш ұйықтайтын шығармын, Болат аға!

***

Алғашқы «Көктөбедегі кездесуде» актриса Гүлжанның: «Менің ойымдағы – басқа, өз басымның дерті, өз жанымның өрті. Дездемонадан бастап, Мария ­Стюарттан әрі Клеопатрадан бір-ақ шығу еді арманым. Олардың жан дүниесін халыққа жария еткен өмірдің өкініші болмас еді. Өйткені адам трагедиясының шыңы солардың басында. Кейде бүгінгі өмірдің сыр-сипатын ұғу үшін адам баласы – алысқа, өзінің өткен шалғайына зер салады. Бірақ театрдың онымен ісі жоқ. Мен трагедияда ойнап бір сілкінгім келеді. Қазіргі пьесаларда не бар, көріп жүрсіңдер, оның несін айтайын. Өмір болса өтіп барады. Міне, биыл отыз сегізге келдім. Ойнап жүрген рольдерімнің бәрінің өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сонда мен не бітірдім дей алам. Жұрт осылай болуы керек деп ойлайтын шығар. Жоқ, жоқ, жоқ. Осының бәрі ойыма оралғанда кейде жынданып кете жаздаймын. Менің алар асуларым, шығар шыңдарым қайда. Ел есінде қалар бір образ жасамай кеткенім бе сахнадан», – дейтіні бар ашынып. Ал бізде ше? Актер мен режиссерді, яғни Болат ағам екеумізді не жақындастырып еді өзі? Өткенге сәл шегініс жасап көрейікші.

Дүниеге ұлым келген күнді ешқашан ұмытпаймын. Қара басқанда тойлатып жүріп кешкісін болатын спектакльді күнінен жаңылып шатастырып алыппын. Ол кезде қазіргідей қалтателефонның жоқ кезі. Тәртіптің бар, одан да бұрын адамдар арасындағы таза көңілдің бағалы кезі. Шынайы сыйластық пен адами жанашырлық басым кезең. Менің жұмысқа шықпай қалғаным белгілі болғанда Әубәкір аға Болат ағаға:

– Болат, өзің режиссерсің, бірдеңе ғып өзің шық. Ана бала жұмыстан шығып қалады ғой, оның жоқтығын білдіртпей жіберсек қайтеді, – депті.

Сөйтіп, менің шағын рөлімді Болат аға ойнамақ болады. Ол ірі денелі, менің киімдерім сыймайды. Қойшы не керек, құрап-сұрап бірдеңе ғып киім табылады, сақал-мұртты жапсырып, енді сахнаға шыққан Болат аға дұрыстап сөйлей алмай азапқа түседі. Жапсырылған сақал-мұрттың түсіп қалмауын бір уайымдап, киіп әдеттенбеген, ол аздай өзіне лайық емес тар киімнен және ығыры шығып, әбден әлектенеді. Сахнада жан таппай қиналған Болат ағаның бұл түрін өзгелер көріп күлкіге қарық болғаны тағы бар... Бірақ сонда да менің болмағанымды білдірмей алып шыққан ғой. «Мен осыдан соң актерлерге өте қиын екенін, олардың жұмыстарының сахнада мүлде басқаша екенін түсіндім, есесіне» деген еді сонда.

Мұны біразға дейін айтып жүрді. Осындай жан дүниесі бөлек талантты режиссерге де, жаны жайсаң басқа әріптес ағаларыма да сол уақытта мендей әбден еркелеген актер болмаған шығар. Еркелете білді үлкендер! Жасыратыны жоқ, бірақ тентексудың кесірінен Болат ағамның көңіліне қаяу түсіріп алдым сөйтіп жүріп. Бас жарылып, көз шыққан жоқ. Әлгі менің орныма өзі шығатын оқиғадан соң ғой сеніміне аздап селкеу түсіріп алғаным. Содан көп уақыт өтпей-ақ ­Болат ағаның режиссерлігімен «Шағала» ­деген қойылымның дайындығы басталды. Естуімше, көпшілік сахнаға (массовка) актерлер аздық еткен сияқты. Маған ыңғай білдірмеді. Ол кезде театрға Тұңғышбай аға басшылық етеді. Көпшілік сахнасына ­актер жетіспей жатқанын айтқанда дәлізден мені жиі көріп қалатын Тұқаңның «жүр ғой, мына Тұрысов» дегеніне Болат ағам әлі де болса «өкпелеп»: «Жолатпаймын, Тұрысов аулақ жүрсін!» – дейтін кезі әлі. Бірақ бұл – менің орныма сахнаға шыққанын ұмытпай кек сақтағаны, соған бола ашуланып бұлқан-талқан болғаны емес, жауапкершілікті сезіне түссін деген жанашырлығы. Премьераға бір апта уақыт қалғанда труппа меңгерушісінен «келсін» деген екен. Келгеннен кейін: «Аға, бірінші залда отырып көрейінші», – дедім. «Оның несін көресің», – деді Болат аға. «Жоқ енді мен түсініп алайын деп едім…».

Болат ағаның өзінің басын қиқаң еткізетін бір әдеті бар болатын. Сөйтіп, басын қиқаң еткізіп: «Ал! Көр!» – деді. Залда отырып-ақ көпшілік сахнада ойнайтындардың мақсатын бірден түсіндім де, өзімше іздендім. Көргенімді көңіліме түйіп алдым да ақтарып жүріп Крыловтың «Шырылдауық шегірткесін» жаттап келдім. Ең алдымен, абитуриент кезде оқуға бірге тапсырған Шелектің баласының өлең оқығаны есіме түсіп, соны салмақ болдым. Содан не керек, ертеңінде басты рөлде ойнайтын Дулығаға іштей дайындап әкелген дүниемді «ұсынып» көппен бірге сахнаға шығып кеттім. «Менің өнер адамы болғым келеді, көңіл бөліп сіз мені тыңдаңызшы енді» дегенімді ә дегеннен түсінбегенімен Дулыға талантты актер ғой, қағілездік танытып іліп әкетті. Ары қарай: «Крыловтың мысалын дайындап келдім. «Шырылдауық шегіртке». Өтінемін, тыңдай салыңызшы! Шырылдауық шегіртке, ойнап жүріп ән салған», – де-е-еп бірсарынды дауысыммен өлеңді оқи жөнелдім. Сөйтіп, массовкада жүріп өзім рөл жасап алдым.

Сол кездегі Болат ағамның маған риза-а-а болып: «Қалай жек көруге болады Бекжанды, айтыңдаршы? Осылай жанын сап ізденеді ғой бұл!» – дегендегі түрі әлі көз алдымда. Бұл – менің ағаға деген шынайы ықыласым мен құрметім, сенімінен шықсам деген ізгі ниетім еді.

Өзінің мамандығына адал, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын адамның ұлтына да шынайы жаны ашиды. ­Болат аға үлкен-кішіге қарамай, театрдағы актерлердің бәрінің саxнадан көрінбей елеусіз қалмауы үшін атсалысты. Әр актердің бойынан жылт еткен бір ерекше қабілетін «іздеді», соның жарқ етіп көрінгенін қалады. Саxнадағы жұмысынан бөлек әрқайсысының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да мән берді. Мысалы, сол уақытта жатақxанада тұрған менің отбасымның баспаналы болуына себепші – осы Болат ағам.

Анау «Көктөбедегі кездесудің» ең ­басты тақырыбы да осы – адамгершілік ­жайында. Өнерде бағымды ашқан айтулы режиссердің алдындағы адами парызымды өтесем деген ізгі ниетім тура осы Көктөбенің басында орындалғанда неге аруағыңнан айналайын Қалтай аға мен Айтматовтың Фудзиямасы еске түспесін?! Ал Фудзияманың басына шыққан адам, өзгеге айтпас ең құпия сырын ақтарады, тіпті бірін қалдырмай айтуға міндетті, «Фудзияма» деп атайтын себебі де – сол... Бұл жүздесудің жан дүниемнің астаң-кестеңін шығарғаны сондықтан және бұлай болуы заңдылық сияқты. Неғып екенін білмеймін, ол кездесу мен бұл кездесудің арасында бір тылсым байланыс жатқандай. Адам тағдыры, адамгершілік қасиет жайлы айтылуға тиіс. «Қайткенде адам қалады адам болып?»

***

«Көк теңіздің ортасында

Фудзияма – Көктөбе

Сонша биік – ұқсайды өзі

аспанға барар өткелге.

Шыңын оның мекендейді –

сенсең егер аңызға,

Күйбең пенде тірлігінен ада

дана абыздар».

Көктөбенің басында тұрып тек шын­дықты мойындап, ақиқатқа тура қарап көрейікші. Дүниенің жалғандығын дәл біздің қазақтай түсінетін ұлт жоқ. Сөйте тұра бес күндік жалған дүниеде адамның, анығында, ғажайып Көктөбесі бар руханияттың астанасы – Алматыда адам қолымен жасалып жатқан қитұрқылықпен, озбырлықпен бір сәт бетпе-бет келіп көрелік. Өз басым осы жолы ғана Алматыдағы кейінгі жылдарда қаптап салынған сән-салтанаты жарасқан мейрамханалардың кіреберісінен бастап әжетханасына дейін арбаға таңылған жандарға арналмағанын білдім. Бұл – арбада отырған мүгедек адам кез келген тамақтану орнында ұзақ отыра алмайды деген сөз. Ал мүмкіндігі шектеулі адамға қолайлы жағдай жасалған мейрамхана осы Көктөбеден табылғаны кездейсоқтық па, басқа ма, кім білсін... Өкінішке қарай, кез келген қарапайым қазақтың, жалпы Көктөбеге демалуға барған кез келген адамның ол жердегі мейрамханаларға кіріп қалаған тағамын алып ішуге шамасы жете бермейді. Анығында, мұны кез келген жанның қалтасы көтермейді. Сол сияқты біздің Алматыдағы кез келген жерүсті өткелдері – жаяу жүргіншіге арналған көпірлер де арбаға таңылған адамдарға арналмаған. Ондай адам өздігінен сондай көпір-жол арқылы көшенің келесі бетіне өте алмайды. Сол жаяу жүргіншіге арналған «аспалы» өткелдер қазіргі біздің билік пен бұқараның арасындағы алшақтап кеткен, біріне-бірі ешқашан жаны ашымайтынын білдіретін «байланысқа» ұқсайды. Көше арасын, яғни халық пен билік арасын жалғап-ақ тұр, бірақ жымдасып қабысып кете алмайды, бірінің «тілін» бірі түсінбейді. Былай қарасаңыз, түкке тұрмайтын іс, екі-үш жігіт баспалдақпен көтеріп арбадағы жанды көшенің арғы бетіне өткізе салуға болады. Бір рет қана. Әр жолы, үнемі олай алып жүру мүмкін емес... Арбаны биікке өрлететін арнайы құрылғы орнатылмаған, тіпті оны ешкім ойламаған сыңайлы. Есілдің оң жағалауы мен сол жағалауының, Алматыдағы әл-Фараби даңғылы мен ­Райымбек даңғылының тұрғындарының өмір сүру салтына дейін екі бөлек, арада көзге көрінбейтін перде тұрғандай әсер ететіні де рас. Жер бетінде адамдардың ойлап тауып жүзеге асырып жатқан мұндай жазылмаған ереже барын тура осы Көктөбенің басына келгенде білдім. Жо-жоқ, өзімше жаңалық ашқандай болдым. Адамды қызмет-мансабына, атақ-лауазымына қарап алалап бөлуді ойлап тапқан кім өзі? Өздері солай бөліне ме, әлде айналасындар солай бөлінуге мәжбүрлей ме? «Же, шапаным, же», – деп шапанына ас «жегізуге» мәжбүр болған Қожанасырдың тірлігі болмады біздің кездесуде. Алдымен адамға – шаңыраққа табанымен құт ілесе кіретін кез келген құдайы қонаққа қызмет ету керегі санаға мықтап сіңгендіктен зерлі шапанды «тамақтандыру» әу баста ойымызға да кірмеді. Өйткені әр қонағым оқалы шапанға лайықты. Әр адамның бойынан адамгершілік қасиетті іздеп жүремін, табамын да. Өмір болған соң Өсіпбай-Иосиф Татаевич, Исабек, ­Досбергендер арамызда жүр, бола да береді. Бірақ бәрібір дүниенің шырқын бұзбай ұстап қалатын Фудзияманың басында қалып кеткен Мәмбет пен Алмагүл сияқты адамдар. Қалтай ағаның «Көктөбедегі кездесуінің» соңында ойда-жоқта еріге жөнелгендердің лақтырған тасы ажал боп тиіп бір адамның өліміне әкелді. Қазір де солай әлділер мен ауқаттылардың көзге көрінбей лақтырылып жатқан тасы жоқ-жітіктің сағын сындырып, рухын жаншып күнде өлтіріп жатыр. Көктөбенің басынан алақандай болып көрінетін Алматының әр көшесінен тоғышарлар мен ашкөздер өліміне себеп болған мәйітті көптеп «табуға» болады. Солай ұлттың ұятын жұлмалап, намысын тонап жатқандар көбейген. Ал тауда кие болатынын, Алатаудың бөктерінде тұрып асқақтауға болмайтынын түсінетін санасы толық, пендеуи ойдан ада адамдар Көктөбенің басына сирек болса да барады. Тазару үшін! Шындыққа қарау үшін!

…Көктөбеміздің барына шүкір! Ал Болат ағам өнер адамын жан дүниесін кірлетпеуге ұмтылдырып, жүрегіне адамгершілік пен ізгіліктің дәнін егуге бейім ете алды, өнерге жанашыр бола білді.

 

anatili.kazgazeta.kz

 

Бекжан ТҰРЫС, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
30.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 91
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 611
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 729
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 640
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 650

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8785
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8185
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11413
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9167
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10398