22 қараша күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті мен Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің ұйымдастыруымен «АРХИВ – 2025: НӘТИЖЕЛЕР МЕН МӘСЕЛЕЛЕР» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Конференцияға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Али, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты ШІЛДЕБАЙ СӘБИТ ҚАМЫТБЕКҰЛЫ, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің директоры ЖҰМАТАЕВА БАЯН АМАНТАЙҚЫЗЫ, Қазақстан Республикасы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры БОЛДЫҚОВ ЖАНДОС БЕКДІЛДАҰЛЫ мен республикалық және барлық өңірлік мемлекеттік архивтердің қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, тарих қауымдастығының мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Конференция аясында «Материалы и документы Российского государственного военно-исторического архива по истории Казахстана XIX века» құжаттар жинағының тұсаукесері өтті.
Сонымен қатар отандық және шетелдік архивтерде, музейлерде, кітапханалар мен ғылыми орталықтарда сақталған ұлт тарихына қатысты құжаттармен Ұлттық архив қорын толықтыруға және ғылыми айналымға енгізуге арналған «Архив-2025» жобасын жүзеге асыру аясында істелген жұмыстардың нәтижелері мен мәселелері жан-жақты талқыланды.
Сондай-ақ жиынға арнайы келген қонақтар «АРХИВ – 2025» жобасы аясында Ресей Федерациясы, Германия, Моңғолия, Беларусь, Армения, Түркия, Франция, Чехия, Польша, Үндістан, Қырғызстан мемлекеттерінен әкелінген құнды құжаттар мен тың деректерден дайындалған көрмені тамашалады.