АРЫСТАНДАЙ АЙБАТТЫ АҚПАН БАТЫР

АРЫСТАНДАЙ   АЙБАТТЫ   АҚПАН БАТЫР

Өткен аптада ауылға барғанда өзіммен құралпылас ініміз Өтеген Әбдіқайыровтың ерекше өнер жолына түскеніне тәнті болдым. Есеп, экономика саласында өмір бойы еңбек еткен Өтеген соңғы жылдарда әдебиет саласына бет бұрыпты. Ауылының тарихын жазып, тұлға болған аға-апаларының тағдыр талайына қалам тарта бастапты. Үш бірдей кітабы шығыпты. «Ақпан батыр»,  «Әруақ риза болмай...», «Алып бәйтерек». Әсіресе Ақпан батырға арнап шығарма жазумен қатар көше беру, ескерткіш орнатуға бес жыл талмай, қайсарлықпен жұмыс жасаған. Екі айтулы ақын інілеріне қолқа салып, қос дастан жаздыртып, оны Сыр өңірінің мақамымен әдіптеп жыршылармен жырлатқан Өтекеңе рахмет. 

Бүгін Ақпан батыр жайлы қысқа мақаласын жариялауды жөн көрдік.

Ертай   Айғалиұлы       

...Бір жылы Сыр бойында қыс қатты болып, ел іші жұтқа ұшырайды. Қақаған аяз бен қалың қар мал өрісін тарылтып, төрт түліктің тұяғын тып-типыл етеді. Ақпанның ақ түтек боранында құм ішін қыстап отырған қалқиған қараша үйде бір шақалақ шар етіп жарық дүниенің есігін ашады. Байболаттың үлкен ұлы Жұмыр да сол жылы қолындағы азын-аулақ малынан айырылып жұтап қалады. Алайда, малына мал қосылмаса да, шаңырағына жан қосылғанына қуанған Жұмыр бабамыз тұңғыш ұлына азан шақырып Ақпан деп ат қояды.

Айбар-атағы атадан асып туған Ақпан жастайынан-ақ өткір де батыл мінезімен көзге түсіп, ел аузына аты ерте ілінеді. Мінезі томаға тұйық болғанымен, балалар арасындағы өзара кикілжіңдерде өжет болыпты, тентек-телілермен шекісіп қалғанда ұстаған жері бүркіттің қанды шеңгеліндей уысында кетеді екен. Есейген соң да ел ішіндегі дау-шарға, елдік мәселелерге араласып және оның оңтайлы шешілуіне ықпал етеді. «Батыр аңқау келеді», – дейді бабаларымыз. Иә, батырдың мінезді, қызуқанды, ожарлау тіпті кейде алаңғасарлау болатыны рас. Алайда, Ақпан бабамыздың тек жауға шапқанда ғана кеудесіндегі кек тұтанып екі көзі қанталап, әруақ шақырып, арқаланып кететіні болмаса, жай күндері мінезі орнықты, сабырлы болғанға ұқсайды. Тіпті кейбір тарихи деректерде Ақпанды би деп те көрсетеді. 

Кезекті бір жорықта Ақпан батыр әскерлері түгелдей шейіт болып, батырдың өзі қоршаудан амалдап атыменен сытылып шығады. Алайда, ол маңай көлеңке ұзартар бір бұтасы жоқ айнадай тақыр екен. Ақпанның қоршаудан қашып шыққанын сезіп қалған қалмақтар оның ізіне түседі. Артынан өкшелеп келіп қалған қуғыншының қарасын көрген Ақпан батыр Ер Сейітпенбетті есіне алып: «Иә, пірім, құтқара көр! – деп сыйынады. Бір кезде шауып келе жатқан аты тақырда сүрініп кетіп, үстінен мұрттай ұшады, сол екпінімен домалап келіп терең оқпанға түседі. Құдайдың құдіреті, пірінің шарапатымен үп еткен жел болмаса да, үлкен қаңбақ келіп оқпанның үстін жауып қалады. Сүрінген ат орнынан жанұшыра көтеріліп артындағы қиқудан үркіп алға қарай салады. Қуғыншылар ат тұяғынан көтерілген шаңның соңынан еріп кетеді. Ажалдан аман қалған Ақпан батыр айналаға түн қараңғысы үйірілгенде оқпаннан шығып, айдың жарығымен жүре береді. Біраз жүрген соң алдындағы жалғыз бұтаға шылбырынан оратылып тұрған өзінің атын көреді. Аллаға ақсарбас айтып, атына мініп, еліне қарай бет алады. 

Бірнеше күн жол жүріп, арып-ашып елге жетіп, болған оқиғаны Ер Сейітпенбет пірге келіп баяндағанда, ол жағдайдың бәрін білетінін жеткізеді. Ақпан батырдың басына қауіп төнгенде, оны оқпанға түсіріп, үстін қаңбақ болып жауып қалғанын айтады. Сонымен бірге, атынан айырылып, жаяу қалғанда үркіп, шығынған аттың шылбырын бұтаға байлап қойған да өзінің шарапаты екенін айтып, оң қолының жеңін түріп көрсеткенде білегі жіп қиғандай айқыш-ойқыш қанталап көгеріп тұрғанын көреді. Осыдан соң тек Ақпан батырдың ғана емес, түгел елдің Сейітпенбетке деген ықылас, құрметі арта түседі. Оның әулиелігіне шек келтіріп, күпірлік жасап жүргендер тәубесіне түседі. Ақпан батыр тағы бір шайқастағы жекпе-жек ұрыста пірінің шарапатымен, өзінің батырлығымен, жауынгерлігімен қалмақтың бас батырын жер жастандырады. Бас батырынан айырылған қалмақ әскерлерінің лезде рухы сынып, қоңтайшының бұйрығымен тым-тырақай қаша жөнеледі. Жеңіс туын көтерген қазақтар ескі әскери ғұрыппен олжа үлестіреді. Ақпан өзіне тиесілі мал-мүліктен бөлек, хан жарлығымен үш қалмақ қызын қоса сыйға алады. Сол үш қыздың біреуін елдегі Ер Сейітпенбет әулиеге әкеліп қосады, екіншісін досына тарту етеді, ал, бірін өзі алады. 

Батыр бабамыздың бес әйелінің ішіндегі бірінің өңі ажарсыздау болыпты. Ақпанның үйіне өзі секілді батырлар, билер және басқа да елге сыйлы кісілер жиі түседі екен. Келген қонақ әлгі әйелінің сиқына күліп кетпесін деп, адам қарасы көрінсе, әлгі әжемізді үйіндегі үлкен тай қазанның астына жасырып қоятын болыпты. Қазақтың «Батыр – аңқау, ер – көдек» деген мақалы осындай жағдайларға байланысты айтылса керек.

Ақпан Жұмырұлының өмір сүрген уақыты мен оның жорық жолдары, жаумен шайқастағы ерліктері атадан балаға жетіп, ел аузында қалған. Ал, біздің тасқа таңбаланған тарих деп жүргеніміз – ел жадында жатталып қалып, уақыт озған сайын жаңғырып тұратын бабалардың өшпейтін, мәңгі өлмейтін асқақ рухы. 

Өтеген Нұғыманұлы

 

04.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17201
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17050
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32230
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30821
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34466