Әскерге жауапкершілік пен тәртіп қажет

Әскерге жауапкершілік пен тәртіп қажет

Әскерде жауапкершілік пен темірдей тәртіп болмаса, оның соңы осындай қайғылы оқиғаларға ұласа береді. Он тоғыз-жиырма жастағы өрімдей жас жігіттер айдың-күннің аманында әскери басшылардың салғырттығы мен әскери сауатсыздығының құрбанына айналып отыр.

Қайтыс болған боздақтардың арасында бір шенеуніктің баласы жоқ-ау, шамасы. Олардың көбі әскерге бармайды. Әскери борышын өтеуге қарапайым халықтың балалары ғана аттанып жүргендей әсер қалдырады.

Жыл сайын әскерде түрлі қайғылы оқиғалар қайталанады. Енді қашанғы осылай жалғаса бермек? Халықтың көз жасын қашанғы төктіре береміз? Осындай қайғылы жағдайлардан кейін әскерді түбегейлі реформалап, оның жұмысын оң бағытқа өзгерту мәселесін неге шұғыл түрде қолға алмасқа?

Бүгінде әскердегі тәрбие, отансүйгіштік пен имандылық мәселелері тым әлсіреп кеткендей көрінеді. Кешегі бәріміз жерден алып, жерге салып сынап жүрген КСРО Қарулы Күштерінің тәртібі, тәрбиесі мен отансүйгіштік рухы қазіргі жағдаймен салыстырғанда көш ілгері болғанын неге ашық айтпасқа?!

Мен 1977–1979 жылдары Шығыс Германияда, яғни ГСВГ құрамында әскери борышымды өтедім. Оның алдында алты ай бойы Свердлов облысының Камышлов ауданындағы Елань станциясында орналасқан үлкен әскери бөлімде алғашқы әскери дайындықтан өттім. Бұл жерде әскери саланың әртүрлі бағыттары бойынша кіші командирлерді, яғни сержанттарды оқытып, даярлап, Варшава шарты ұйымына мүше елдердегі кеңестік әскери бөлімдерге жіберетін.

Біздің гарнизонда бес мың солдат болды. Бір жарым жыл бойы мен қызмет еткен ортада бірде-бір келеңсіз оқиға болған жоқ.

Офицерлер өте қатал әрі әділетті еді. Аптасына екі рет саяси сабақтар өткізілетін. Әрбір сарбаздың бойына тәртіпті, жауапкершілікті, әскери міндетке адалдықты сіңіруге ерекше көңіл бөлінетін.

Біздің Үшінші армиямыздың Бас штаб бастығы генерал-майор Жансен Кереев ағамыз болатын. Кейін генерал-лейтенант атағын алды. Ол кісі әскери ортада әлімжеттіктің орын алуына жол бермеуге тырысатын.

Әрине, кейде жас жауынгерлерді шамадан тыс жұмысқа жегу, киімдерін жуғызу сияқты келеңсіздіктер кездесіп қалатын. Бірақ ондай әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылатын. Тәртіп бұзғандар бес тәулікке гауптвахтаға қамалып, тиісті жұмыстарға жегілетін.

Әскердегі тәртіп тек сол күнмен ғана шектелмейтін. Егер жауынгер тәртіп бұзуды жалғастыра берсе, әскерден босатылғаннан кейін оқуға түсуіне немесе ішкі істер органдарына қызметке орналасуына әскери бөлімнің мінездемесі әсер ететін. Мұндайда оларға: «Ертең ренжімеңдер, жақсы мінездеме бере алмаймыз», — деп ашық айтатын. Болашағын ойлаған жастар тәртіпке бағынатын.

Бізді әскерге бармай тұрып-ақ, он алты жасымыздан бастап әр үш ай сайын Алға аудандық әскери комиссариатына шақырып, екі күндік әскери-саяси сабақтар өткізетін. Соның арқасында он сегіз жасымызда әскер қатарына шақырылғанда, әскери өмірге белгілі бір деңгейде дайын болып баратынбыз.

Соғысқа қатысқан қарт жауынгерлермен жиі кездесулер ұйымдастырылатын. Солдаттарға әскери котелоктармен ас берілетін. Мұның бәрі жай ғана шара емес, жас жауынгерлерді тәрбиелеудің нақты жолдары еді. Соғыс көрген ардагерлердің әңгімелері арқылы біз Отанды сүюдің, елді қорғаудың, әскери антқа адал болудың мәнін түсінетінбіз.

Осындай тәрбие мен тәртіптің нәтижесінде екі жыл бойы демалыссыз әскери борышымызды өтеп, елге аман-есен оралдық.

Қару-жарақты толық меңгеру үшін кемінде үш жыл қажет деп ойлаймын. Екі жыл қызмет етіп, енді ғана қару-жарақты толық игеріп, әскери машығымызды шыңдай бастаған тұста мерзіміміз аяқталып, елге қайтатынбыз. Ал кейін екі-үш айлық әскери жиындарға шақырылған кездерімізде сол олқылықтың орнын толтырғандай болатынбыз.

Осы өткен өмірлік тәжірибемді еске ала отырып, Маңғыстау облысында әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың қайғылы қазасына байланысты айтарым мынау: әскердегі әрбір солдаттың тағдыры, ең алдымен, оның командирінің қолында. Командир өзіне сеніп тапсырылған әрбір жауынгердің өмірі мен денсаулығына жауапты екенін ешқашан ұмытпауы керек. Солдат үшін командир — әке орнындағы әке.

Әскерге келген әрбір жас — бір отбасының үміті, ата-анасының көз қуанышы, елдің ертеңі. Оларды аманатқа қиянат жасамай, елге аман қайтару — әскери басшылықтың басты міндеттерінің бірі.

Қайғылы оқиғаларды тек ауа райымен немесе басқа да сыртқы жағдайлармен түсіндіруге болмайды. Әрбір оқиға жан-жақты, әділ әрі ашық тексерілуі тиіс. Егер командирлердің салғырттығы, жауапсыздығы немесе қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауы анықталса, оларға заң аясында қатаң шара қолданылуы қажет.

Әскердегі тәртіп сөз жүзінде емес, іс жүзінде қамтамасыз етілуі керек. Сарбазға қысым көрсетуге, әлімжеттік жасауға, оның өмірі мен денсаулығына немқұрайды қарауға ешкімнің құқығы жоқ.

Егер осындай қайғылы оқиғаларға себеп болған кемшіліктер жойылмаса, мұндай жағдайлардың қайталану қаупі сақталады. Сондықтан әскери тәрбие жүйесін жетілдіру, командирлердің жауапкершілігін күшейту, сарбаздардың құқықтарын қорғау және әскери бөлімдердегі тәртіпті түбегейлі жақсарту — бүгінгі күннің шұғыл талабы.

Бір сарбаздың қазасы — бір отбасының ғана қайғысы емес, бүкіл елдің қабырғасын қайыстыратын қасірет. Ендеше, боздақтардың қазасынан сабақ алайық! Жас сарбаздардың өмірін қорғауды ең басты міндет санайық! Әскерде темірдей тәртіп, әділдік пен адамгершілік салтанат құрсын!

Өйткені солдаттың тағдыры — командирдің қолында, ал сарбаздың аман оралуы — ел алдындағы ортақ жауапкершілік!

Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ

 

14.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29351
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28910
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46178
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41775
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46483