ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында ірі шетелдік инвесторлар – «Blackrock», «Capital Group», «Aberdeen Asset Management», «Sands Capital», «Luxor Capital» және «Lugard Road Capital» өкілдерімен кездесті. Онда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері және ел мен аймақта шетел капиталының болуын кеңейту перспективалары талқыланды. Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын атап өткен Үкімет басшысы: «Биылғы он айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 3,5% пайызға дейін жеделдеді. Қалпына келудің неғұрлым жоғары қарқынына құрылыста (+7,6%), өңдеу өнеркәсібінде (+5,3%) және қызмет көрсету саласында (+3,4%) қол жеткізілді. Экономиканың белсенді қалпына келуі аясында тікелей шетелдік инвестициялар ағынының өсуі байқалады. Мәселен, 2021 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша ҚР экономикасына салынған ТШИ көлемі 30,4 пайызға ұлғайды және $11,1 млрд құрады. Биылғы жылдың 10 айында қаржы секторына салынған инвестициялар көлемі 12,1 пайызға өсті»,— деді. Кездесуге Еуропаның дамушы нарықтары бөлімінің жетекшісі және «Blackrock» компаниясының аға портфельдік менеджері Крис Колунга, «Capital Group» компаниясының аға портфельдік менеджері Артур Кей, «Aberdeen Asset Management» компаниясының жетекші портфельдік менеджері Адам Монтанаро, «Sands Capital» компаниясының портфельдік менеджері Тиджа Бойе, «Luxor Capital» компаниясының президенті Дуглас Снайдер және «Lugard Road Capital» компаниясының басқарушы серіктесі Дуглас Фридман қатысты. Қазақстан тарапынан келіссөздерге Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және т. б. қатысты.