Биыл 30 жылдығын атап өтіп жатқан Қазақстан теннис федерациясы үшін жемісті жыл болды десек болады. Оның бірі айтулы үлкен дулыға турнирінде Елена Рыбакинаның тарихи жеңісі болса, тағы біреуі Астанада алғаш рет АТР 500 турнирінің өтуі. Қазанның 3-нен 9-на дейін созылған додада әлемнің үздіктері қатысты. Айтып өтетін болсақ, әлемнің бірінші ракеткасы Даниил Медведев, сербиялық жұлдыз Новак Джокович, Циципас, Рублев, Алькарас, Чилич, Вавринка секілді әлемге танымал ракеткалар Астана төрінде бас қосты. Бір аптаға созылған бұл жарыста сербиялық Новак Джокович жеңіске жетіп, Astana open ATR 500 турнирінің чемпионы атанды. Үлкен дулыға жарысының 21-дүркін жеңімпазы Джокович финалда әлемнің 6-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципаспен кездесті. Сербиялық теннисші 6:3; 6:4 есебімен еш қиындықсыз ұтып, өзінің үздік теннисші екенін тағы бір дәлелдеді. «Турнир өте мықты құрамды жинаған. Ойыншылар тізімін көргенде таң қалдым, өйткені мұндай құрам әдетте «Мастерс» немесе «Үлкен дулыға» секілді ірі жарыстарда жиналады. Басқа ойыншылармен де сөйлестім, бәрінің пікірі ортақ, жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған» деді Джокович. Осылайша биыл елордада алғаш рет АТР 500 деңгейінде өткен айтулы дода мәреге жетті.