Бұл Астана жұртының білмекке талпынған көп сауалдарының бірі ғана.
Бірінен-бірі естіген халық түрлі болжамдар айтып жатты.
Алматы қаласында крематорий ашылғанда бұқара бір ду ете қалып еді. Енді міне, «Өгізге туған күн бұзауға да туғалы тұр».
«Естіген құлақта жазық жоқ» демекші, объектінің жобадан алынып тасталғаны туралы хабарланғанымен, елорданың қолданыстағы Бас жоспарында крематорий орны сақталып, бөлек сызбаға түсірілгені халық арасында гу-гу әңгімеге арқау болғаны рас.
Бұған дейін бірқатар БАҚ өкілдері крематорий Астана қаласының Бас жоспарынан алынып тасталды деген ақпарат таратқаны да есімізде.
BAQ. KZ тілшісі қала әкімдігіне ресми сауал жолдап, елорданың бұл объектіден шынымен де бас тартқан-тартпағанын және мұндай шешімнің себебін анықтап көріпті.
Әкімдік крематорий елорданың қолданыстағы бас жоспарында бұрынғыша қарастырылғанын хабарлапты.
BAQ.KZ ресми сауалына берілген жауапқа сәйкес, Астана қаласының Бас жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 4 тамыздағы №697 қаулысымен бекітіліп, 2026 жылғы 8 тамыздан бастап қолданысқа енгізілген. Астана қаласының Бас жоспарына сәйкес, К-1 айналма жолының солтүстік-шығысында «крематорий» объектісін орналастыру қарастырылған, – деп хабарлапты әкімдік.
Осылайша, қалалық биліктің ресми жауабына сәйкес, крематорийдің елорданың басты қала құрылысы құжатынан толық алынып тасталғаны туралы ақпарат расталмады.
Крематорий қай жерде қарастырылған?
Әкімдік BAQ.KZ редакциясына ресми жауаппен қатар елорданың бекітілген Бас жоспарынан зираттар схемасын ұсынды. Онда крематорий бөлек объект ретінде көрсетіліп, өзіндік шартты белгімен белгіленген.
Схемаға сүйенсек, оған арналған жер телімі Астананың солтүстік-шығыс шетінде, К-1 айналма жолы мен қала шекарасына тікелей жақын аумақта қарастырылған. Бұл әкімдіктің жауабына толық сәйкес келеді, онда да объект К-1 жолының солтүстік-шығысындағы аумақта орналасатыны айтылған.
Сонымен қатар, крематорий зираттардың нөмірленген тізіміне енгізілмеген. Схемада ол жерлеу аумақтарынан бөлек белгіленген. Ал тиісті экспликацияда крематорийдің өзіне қанша жер телімі бөлінетіні көрсетілмеген.
Сызбада объектіні жобалау немесе құрылысын жүргізу мерзімдері, оның құны және пайдалануға берілетін болжалды уақыты көрсетілмеген. Сондықтан әзірге сөз құрылыстың басталуы туралы емес, крематорийдің Бас жоспарда бекітілуі туралы ғана болып отыр.
















