Адам баласының ғұмыры ұрпақ арқылы жалғасып, баба салты, ата дәстүрі арқылы ұлт болып қалыптасып, ұлт болып мәңгі жасайды. «Адамның бұл дүниедегі үлкен олжасы – ұрпағы. Сондықтан да ұрпақ тәрбиесі – мәңгілік тақырып» дейді Зейнеп Ахметова.
Зейнеп апа келеді деген құлақтандыруды естігеннен-ақ, өзімен сұхбаттассам, мүмкіндік бола ма екен деп, алдын ала сұрақтарымды дайындап алдым. Бірақ Зейнеп апа астана халқымен алғаш рет жүздесіп отырғанын, оқырмандарымен емен-жарқын сырласып, әңгімелескісі келетінін айтты. «Халықпен кездесуге келдім ғой» деген апаның бір ауыз сөзін сыйлап, көрермен ретінде сұрақтарымызды қойдық.
Ұрпақ тәрбиесі – мәңгілік тақырып
Айтылар әңгіменің өзегі қазір «күйіп» тұрған бала тәрбиесінен басталып, ұлттық құндылық, салт-дәстүр, қазақы арман-мұрат төңірегінде болғандықтан, біздің де қояр сұрағымыз, көтерер мәселеміз халықтың көкейінде жүрген сауалдармен үндес еді...
Зейнеп апа үш жарым сағат сөйледі, халық ұйып тыңдады. Астананың халқы тағылымды әңгімеге әбден шөліркеген екен… Ешкімнің үйге қайтқысы жоқ. «Жастар» сарайы өте тар, ауа жоқ…
Иә, астанадағы «Жастар» сарайында даңқты батыр Бауыржан Момышұлының келіні – қазақы дәстүрді, ұлттық педагогика, отбасы құндылықтары мен ұрпақ тәрбиесі туралы үнемі айтып, жазып, насихаттап жүрген жазушы-этнограф – Зейнеп Ахметовамен кездесу болды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, қалалық Тілдерді дамыту және архив басқармасының қолдауымен «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебі ұйымдастырған «Ұлттық тәрбие – ұлттық рухтың негізі» тақырыбындағы кездесуге қала халқы мен алыстан ат арытып келген қонақтар өте көп жиналды. Залда ине шаншар орын жоқ. Иін тірескен халық Зейнеп апаның әңгімесін аса бір ыждағатпен зер сала тыңдады. Ал, біз, тағылымды әңгіме, рухани кештен түйген ойларды қағазға түсірдік.
«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады»
Біраз уақыт, біраз жыл болса да алты алаштың ардақтысы болған, бүкіл иісі қазаққа ортақ, қайталанбас ұлы тұлғаның қолына су құйып, шай қайнатып бергендіктен, халық мені тәбәріктей көреді. Сіздердің алдарыңызда жүргенімнің өзі бүкіл халықтың сүйіспеншілігі мен ықыласына бөленген атаға деген халықтың жүрегінен шыққан шарапат-шапағатының ұшқындарының арқасы. Өйткені атам қазақтың ары мен намысы болатын. Ал Момышұлындай батырдың келінін халық басқаша көруі мүмкін емес. Өздері ардақтаған батырға лайық келінді көруі керек болды. Сондықтан мені осы отырған халық, сіздер, тәрбиеледіңіздер десем, артық айтқандық емес. Мен атамның «көрігінде пісіп», анамның мектебінен өттім. Ата «Халықтың алдында басыңды иіп жүр. Халықтың жолымен жүріңдер, адаспайсыңдар, халықпен бірге болыңдар, жалғыздық көрмейсіңдер» дейтін.
«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дейді, егер анамның мықты ұлттық тәрбиесін көрмегенде, атам секілді қарама-қайшылыққа толы, өте күрделі, қалыпқа сыймайтын адамға төзе қоюым екіталай еді. Сондықтан «Жасында көргені көптің өскенде айтары бар» деген осы екен. «Пышақты өткірлеу үшін де асыл қайрақ керек» деген. Атам мені әлсіз, жігерсіз, тайғанақ болмасын деп, шыңдай берген екен. Атадан көргенімді, естігенімді кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп жеткізу менің міндетім болды. Атам «Мен саған айтсам, сен балаңа, ол өз баласына айтады. Сөйтіп, бір үйде қазақтың дәстүрі, салты сақталсын, қазақтың иісі қалсын» дейтін. Сондықтан мен өзімді аманат арқалап жүрген адаммын деймін.
Әйел мен еркек тең болған жерде дүниенің шырқы бұзылады
Балаға тақ еткізіп айта салатындай, қалыпқа салатындай тәрбие жоқ. Тәрбиенің көзі отбасында ата-ананың сыйластығы, құрметтеуі, айналасымен қарым-қатынасы, баланы қалай аялауы, оған деген пейілі, соның барлығы – бала тәрбиесінің әліппесі. Бала кезде үйреткен нәрсенің барлығы адамда өмір бойы қалып қояды екен. Қазақта «Он еркек толтыра алмаған үйді бір әйел толтырады» деген ұлағатты сөз бар. Үйдің берекесін кіргізу, ынтымағын арттыру әйел адамға байланысты.
Қарапайым тірліктен бастап ер-азаматты ардақтау, сыйлау үшін, үйіңнің ынтымақ-бірлігін ұстау үшін ең алдымен ала таңнан шырылдап бозторғайдай ерте тұрып, шаш тараулы, беті-қолың жуулы, күтулі болсын, содан кейін қазаның қайнаулы болсын, жұбайыңның киімі таза, айналасы жинақы болсын. Сол кезде азар бір топас болмаса, ол сені сыйлайды. Бұл – маған анамның айтқаны. Мен анамның өсиетін орындадым. Содан жаман болған жоқпын. Өзім де алақанда сыйлы болдым. Қазір келіндерге де осыны айтамын. Өйткені әйел теңдігі, тең құқық деген – қолдан жасалған нәрсе. Әйелді Алла жаратқан нәзіктігінен, қасиетінен айырды. Әйелді үйден шығарды, от басы, ошақ қасынан ажыратты. Одан әйел байғұс тең құқықты болған жоқ. Керісінше жұмысы екі еселеніп, даланың да, үйдің де «қолжаулығына» айналды. Қытайдың Сима Тан деген ғұламасы: «Әйел мен еркек тең болған жерде дүниенің шырқы бұзылады», – депті. Өздеріңіз де көрдіңіздер.
Қызы тәрбиесіз елдің іргесінен ырыс кетеді
Анасы «әкең келе жатыр» дегенде айылын жимайтын бала жоқ. Қазір «Қызға қырық, ұлға отыз үйден тыйым» дегенді ұмыттық. Мына өмірден кетпей тынбайтын бәріміз де ажалды пендеміз. Жер бетінде уақытша жүрген жолаушымыз. Бұрынғы бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне, бала болашағына көп көңіл бөлген. Артымда ұрпағым қалса, Құран бағыштаса, отым сөнбей, түтінім түзу ұшса деп тілегендіктен, бала тәрбиесіне қатты мән берген. «Ұл – өріс, қыз – қоныс» деп жатады. Заман бір орында тұрмайды, өзгереді. Тұғырлы, мықты, ұлттық идеология жасалмағандықтан, біз қазір шашырап кеттік, тәрбиеден айырылып қалдық. Шындап келгенде, қызы тәрбиесіз елдің іргесінен ырыс кетеді. Тұнығы лайланады, толысы төгіледі. Сөйтіп, ұрпағы жидіп, жүнжиді. Өйткені қыз – ертеңгі басқа босағаны аттайтын ақ келін. Содан кейін бір әулеттің ұрпағын өсіретін ана, одан кейін әже. Үйдің тірегі болатын қыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлмесе, бұл ел ел болудан қалады. Сондықтан балабақшадан бастап, мектеп, жоғары оқу орындарында халық педагогикасынан әдеп сабағы өту керек. Басқасын айтпағанда, қазақтың мақал-мәтелінде қаншама тәрбие жатыр. Жыр-терме де тұнып тұрған тәрбие. Өкініштісі – әлі күнге дейін мемлекеттік деңгейде ұлттық балабақшаның жоспары жасалмағандығы. Тіпті, бізге ұлттық перзентхана керек.
Дінге емес, Құдайға сену керек
Егер адам жүрегінде бір ұлы күштің бар екенін білсе... Ақыл кейде алдап кетеді, жүрек алдамайды. Дінге емес, Құдайға сену керек. Әрбір адам ұлтымен бірге туады. Ұлт деген – сенің ділің, тілің, салт-санаң, тарихың, әдебиетің, елің-жерің. Сен сол ұлттың өкілісің. Енді адамның ішкі жан дүниесі Құдайды іздей бастайды, дін солай келеді. Дін ұлтпен бірге тумайды. Ұлт мәңгілік! Дін көшпелі! Қазақ деген халық – тағдырлы халық. Бұл тамыры тереңге кеткен алып бәйтерек секілді, шайқалса да құлауы қиын, тамыры терең халық. Бұл халықта бәрі бар. Кешегі жақсы мен бүгінгі жаңаны ұштастыр. Тарихи жадыңда жоқ нәрсені жасауға қанша әуре болсаң да түк шықпайды. Қазақ болып қалу, тұғырлы ел болу үшін ең алдымен тіл керек. Тіл арқылы ғана ұлт ұлт бола алады.
Ене мен келіннің «илейтін терісі» бір
Мен өз енемді көрген жоқпын. Келін деген – ененің өкшебасары, ененің мұрагері. Енесінің жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, ұрпақ жалғастырып, өзі де келін түсіріп, ене болып, ары қарай әже болу керек. Мен келінін жамандайтын енелерге: «Тоқтай тұр, сол қыз саған келін болып келгенге дейін сол қызға қандай еңбегің сіңді?» – деймін. Біреудің әлпештеген баласы, оқытып-шоқытып, дайын күйінде ененің қолына келді. Егер бір адамды бір әлем десек, ененің қолына бүтін бір әлем келді. Енді сол жас келінді ақылмен өзінің өкшебасары, мұрагері етіп үйрете алмаса, кімге өкпелейді? Кез келген әйел ене бола алады. Бірақ келінге ана болу керек. Өйткені ол – ененің мұрагері. Ал енесін жамандайтын келіндерге, «өзі сүйіп қосылған жігітті өмірге әкеліп, тәрбиелеп, мәпелеп өсірген анасы неге жаман болуы керек?» деймін.
Әйелдің миссиясы – отының басында
Ассамблея деген қазақтың мойнына еріксіз мініп алған. Жылына миллиардтап соларға ақша бөлінеді. Сол ақшаны ауылға, ауыл мектебіне бөлсе... Бір кездері қазақтың қолтығына кіріп, жан баққан неше түрлі ұлттар қазақ жерінде өсіп-өніп еді. Енді келіп аналардың ассамблеяның қолтығында жүргеніне менің намысым келеді. Содан кейін мынау әйелдердің одағын құру керек, тағы бірдеңе деп шулап жүргендерге айтарым, менің ойымша, әйелдің миссиясы – отының басында. Үкімет сол аналарға қамқорлық жасаса... Ананы ардақтайық, ұрпақ өсіп-өнсін.
Салт-дәстүріміз шариғатқа қайшы келмейді
Қазақтың қыздары тұрмысқа шыққанға дейін басына ешқашан орамал салмаған. Үкілі тақия, жырға, қасаба, камшат бөрік, құндыз бөрік киген. Сүмбіл шаш, қолаң шаш, алтын шаш деген теңеу ата-бабадан қалған емес пе? Орамал салды деген сөз – қыз тұрмысқа шықты деген сөз. Орамал мәселесі соңғы 30 жылда ғана шықты. Қазақта «Тасын ала берсе, тау да таусылады» деген сөз бар. Қазақ ешқашан Құдайсыз болған жоқ. «Құдайсыз қурай сынбайды» деген қазақ қалай Құдайсыз болады? Бірақ қазіргідей «фанатик» те болмаған. Мұсылман болу үшін араб болу қажет емес. Қазақтың салт-дәстүрі шариғатқа қайшы келмейді.
Атам соңғы ашуын көрсетіп кетті
Атам Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдық бодандық тойын тойлап жатқан күні қайтыс болды. «Қосылсаң, Россияға өзің қосыл, мен кеттім» деп кетіп қалды. Атамның жерленбеу себебі, сол күні Мәскеуден қаншама басшы-қосшы Алматыға келіп жатқан еді. Халықпен қоштастырмай, ұрлап көме алмайды. Көмейін десе, той болып жатыр. Өмірі қайшылыққа толы болып жүретін атаның өлімі де осылай қайшылыққа тірелді. Төртінші күні ғана жерленді. Кеңес үкіметінің кезі. Ата – әскери адам. Сондықтан бір топ солдат қабірінің басында аспанға қаратып оқ атты. Ереже бойынша салют берді. Атаны қабірге түсіріп бара жатқанда, қайдан пайда болғанын, ұлтарақтай бұлт пайда болып, найзағай шатыр-шұтыр етіп, жаңбыр құйды да кетті. Күн күркіреді. Ел таңғалды. Әркім бұл жағдайды әртүрлі айтып жатты. Бірақ мен атам соңғы ашуын көрсетіп кетті деп ойладым.
Түйін:
Зейнеп апа аспан айналып жерге түсер ыстыққа қарамай, өзін тыңдауға келген халықтың тайлы-тұяғын қалдырмай Жастар сарайының сыртында, далада отырып қолтаңба берді, суретке түсті… «Халықтан үлкен емеспін. Астана халқымен алғаш рет жүздесіп отырмын. Мені орталыққа емес, ауылға апарыңдар, астананың қарапайым халқымен кездескім келеді, солармен әңгімелескім, сырласқым келеді» деп, қала сыртындағы Үркер кентінде де әдемі рухани әңгімемен оқырмандарына ізгілік шуағын төкті. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Берікұлына, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Зиябекұлына, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі Тұрар Саттарқызына, өзінің жолсерігі Айгүл Болатханқызына және барлық ұйымдастырушылар мен халыққа, оқырмандарға дән ризашылығын білдірді.
Зейнеп апаға халықтың ыстық ықыласы мен құрметінен артық сый, «Момышұлының келіні» деген атақтан артық атақтың керегі жоқ екен... Халқымен жүздесіп, марқайып қайтты.
Рухани жаңғыру, ұлттық код, ұлттық мектеп деп мемлекеттен қыруар қаржы бөліп, құлаш-құлаш бағдарламалар жасап, салтанатты сарайларда қайта-қайта бас қосып, «ұлттың жоғын түгендеп» жүргендердің ешқайсысы халық жиналған жүздесуде төбе көрсетпеді. Еңсесі биік сарайлардың есігін ашпады...