Тамыры тереңге тартқан елдің тіршілігі ең алдымен ауылдың тынысынан танылады. Өйткені ауыл – ұлттық болмыстың алтын арқауы ғана емес, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың айнасы. Ауылда жаңа нысан бой көтерсе, оның игілігін тұтас елді мекен көреді. Жол жөнделсе, тіршілік жеңілдейді. Мектеп салынса, баланың болашағына жол ашылады. Ал жұрт болып жұмылған игі бастамалар жүзеге асса, елдіктің еңсесі тіктеле түседі. Осы тұрғыдан алғанда, Тұрар Рысқұлов ауданында кейінгі уақытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Әсіресе күз мезгілі басталғалы елді мекендерде әлеуметтік маңызы бар нысандардың пайдалануға берілуі, инфрақұрылымның жаңаруы, ауыл тұрғындарының бастамаларына қолдау көрсетілуі ауданның даму қарқынын айқын аңғартады. Соның бір мысалы – Көкдөнен ауылындағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жаңа спорттық жаттығу алаңының ашылуы. Аталған нысанның бой көтеруіне ауыл тұрғындары мен жастарының атсалысуы да назар аударарлық. Өйткені ел игілігіне арналған іске жұрттың жұмыла кірісуі ауылдағы ауызбіршіліктің, ортақ іске деген жауапкершіліктің нақты көрінісі. Көкдөнендегі игілікті істер мұнымен шектелмейді. Ауыл тұрғындарының бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы аясында екі отбасы баспаналы болып, тағы бір тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мұның өзі қазақтың қанында бар асар дәстүрінің уақыт талабына сай жаңғырып, елдік іске айналып отырғанын көрсетеді. Жұрт болып атқарылған жұмыстардың қатарында мешіт жанынан асхана, балалар ойын алаңшасы, «Наурыз» мерекесін өткізуге арналған сахна және «Достық» скверінің ел игілігіне берілуін де атап өткен жөн. Ал Жақсылық ауылындағы еркін күрес спорт үйірмесінің ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Демек, ауылдағы өзгеріс тек ғимараттардың жаңаруымен өлшенбейді. Ол адамдардың тұрмыс-тіршілігіне, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, жастардың спортпен шұғылдануына, елдің қоғамдық өміріне тікелей әсер ететін үдеріс.

Аудан көлеміндегі мұндай ілгерілеу инфрақұрылымдық жобалардан да көрініс табады. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің Өрнек ауылдық округі тұрғындарымен кездесуінде елді мекендердің өзекті мәселелері талқыланып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері назарға алынды. Соңғы жылдары округ инфрақұрылымын дамытуға 450 млн теңгеден астам қаржы бағытталған. Соның нәтижесінде Сұмқайты ауылына кіреберістегі 2,9 шақырым жолға асфальт төселіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жарлысу ауылында ауызсу сапасын жақсарту үшін мембраналық сүзгілеу құрылғысы орнатылды. Бұған қоса, ауылішілік көшелер жөнделіп, жарықтандыру жұмыстары атқарылды. Ал Ақыртөбе ауылдық округіндегі ауқым бұдан да кең. Мұнда кейінгі жылдары инфрақұрылымды дамытуға 2,9 млрд теңге бағытталған. Оның нәтижесі де ел көз алдында. Ақыртөбе ауылында спорт кешені мен мәдениет үйі пайдалануға берілсе, Малдыбай ауылында 120 орындық жаңа мектеп ел игілігіне тапсырылды. Сонымен бірге жалпы құны 22,6 млрд теңгені құрайтын үш инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл көрсеткіштер ауылдық округтердің әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бар екенін аңғартады. Алайда ауылдың болашағын айқындайтын нысандардың ішінде мектептің орны бөлек. Себебі білім ошағы бір ғана ғимарат емес, бірнеше буынның тағдырын тоғыстыратын қасиетті қара шаңырақ.
Жуырда елордада өткен білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына бөлінетін қаржы соңғы жеті жылда үш есеге артып, 6,4 трлн теңгеге жеткенін, кейінгі бес жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынғанын атап өткен еді. Мұндай ауқымды жұмыстардың нақты нәтижесі ауыл-аймақта да көрініс тауып келеді. Соның бірі – Малдыбай ауылындағы жаңа мектеп. Білім күнінде есігін айқара ашқан үш қабатты білім ордасы ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуанышқа айналды. Жаңа мектептің ашылу салтанатына ауыл тұрғындары, ұстаздар, оқушылар, ата-аналар мен ардагерлер қатысты. Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ауыл тұрғындарын Білім күнімен құттықтап, облыс әкімінің атынан мектеп оқушыларына тарту жасады. Жаңа мектептің мәнін ауылдың аға буыны жақсы түсінеді. Өйткені бұрынғы білім ошағының жағдайын өз көзімен көрген жандар үшін бүгінгі мүмкіндік – үлкен өзгерістің белгісі. Солардың бірі ескі мектепте 45 жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагер ұстаз Шайбүбі Алдабергенова.
– Ауылымыздың бұрынғы ескі мектебінде 45 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққан мұғаліммін. Сондықтан жаңа мектептің салынып, пайдалануға берілуі Малдыбай халқы үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды десем, артық айтқандық емес. Бұрынғы мектепте пән кабинеттері мен спорт залы болмады. Асхана ғимараттың сыртында орналасып, апаттық жағдайда болды. Ал бүгін балаларымыздың алдында мүлде басқа мүмкіндік тұр. Жаңа мектеп заманауи технологиялармен жабдықталған, барлық жағдай жасалған, жайлы әрі кең. Мұнда оқушылар өздері қызыққан тақырыптар бойынша кеңінен ізденіп, жан-жақты білім алуына мүмкіндік бар, – дейді ардагер ұстаз.
Оның айтуынша, мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасарының арнайы келіп, ауыл қуанышына ортақтасуы да жұртшылыққа ерекше әсер сыйлаған.
Малдыбайдағы жаңа мектептің құрылысы облыс әкімдігі құрылыс басқармасының тапсырысы негізінде жүргізілді. Нысанды салу жұмысын «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС атқарған. Құрылыс сапасының сақталуын техникалық тұрғыдан «L.A.D Stroy» құрылыс компаниясы бақыласа, жобалық шешімдердің талапқа сай орындалуына авторлық қадағалауды «СуҚұрылысПроект» ЖШС жүргізген. Нысан бойынша жасалған келісімшарттың жалпы құны 1 млрд 602 млн 74,9 мың теңгені құрайды.
Жаңа білім ошағының мүмкіндігі де көңілге медеу. Үш қабатты ғимараттың әрбір бөлігі оқу мен тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруға бейімделген. Мұнда 16 оқу кабинетімен қатар, оқушылардың еркін пікір алмасып, жобалық жұмыстармен айналысуына арналған коворкинг орталығы, 84 адамға есептелген мәжіліс залы, 40 орындық асхана және көлемі 199,5 шаршы метр болатын спорт залы орналасқан. Яғни шәкірттің күнделікті сабағынан бөлек, оның шығармашылық, қоғамдық және дене шынықтыру бағытындағы қажеттіліктері де ескерілген. Білім беру кеңістігінің заманауи мазмұнын айқындайтын кабинеттер де қарастырылған. Атап айтқанда, STEM және робототехникаға арналған арнайы бөлмелер, үш зертхана, екі компьютер кабинеті және үш шеберхана оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына жол ашады. Ал 15 орындық кітапхана жас өрендердің кітапқа қызығушылығын арттырып, өздігінен ізденуіне мүмкіндік беретін орта қалыптастырмақ.
Қазіргі заманда технологияны меңгеру – қосымша артықшылық емес, уақыттың басты талабының біріне айналды. Сондықтан ауыл мектебінде робототехника мен STEM бағыттарының қамтылуының мәні зор. Бұл кабинеттерде бала дайын ақпаратты қабылдап қана қоймай, мәселенің шешімін іздеуге, тәжірибе жасауға, өз ойын нақты іске айналдыруға үйренеді. Бүгінгі мектеп қабырғасындағы осындай ізденістер ертеңгі мамандық таңдауға әсер етіп, ғылымға, инженерияға, цифрлық технологияға деген қызығушылықтың негізін қалауы мүмкін. Мектептің қазіргі шәкірттер контингенті де аз емес. Мектепалды даярлық тобын есептегенде, мұнда 1-11 сынып аралығында 78 бала білім алып, тәрбиеленуде. Олардың сапалы білім алуына 30 педагог қызмет етеді. Ұстаздар арасында жеті педагог-зерттеуші, бес педагог-сарапшы және алты педагог-модератор бар. Жалпы педагогтердің сапалық құрамы 40 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіштер жаңа ғимараттың материалдық мүмкіндігі мен педагогикалық әлеуетінің бір-бірін толықтырып тұрғанын көрсетеді. Себебі мектептің заманауи болуы тек оның қабырғасы мен құрал-жабдығына байланысты емес. Кез келген білім ошағының шын мәніндегі қадірін арттыратын күш – білікті ұстаз. Заманауи кабинеттер мен технологиялық құралдар мұғалімнің кәсіби тәжірибесімен ұштасқанда ғана оқушы үшін нақты нәтижеге айналады. Осы тұрғыдан алғанда, Малдыбайдағы жаңа мектептің алдында үлкен міндет тұр. Бүгінгі мектептің басты артықшылығы балаға таңдау мүмкіндігін беруінде. Бір оқушы зертханадағы тәжірибеге қызығуы мүмкін. Екіншісі робот құрастыруға ынта танытады. Үшіншісі кітап оқып, шығармашылықпен айналысқанды қалайды. Ал енді бірі спортқа бейім болуы ықтимал. Осындай түрлі қызығушылықтың барлығына бір білім ордасының қабырғасынан орын табылуы ауыл баласының жан-жақты дамуына жасалған жағдайдың нақты көрінісі. Мұндай мүмкіндік ата-аналардың да көңіліне сенім ұялатады. Өйткені бала үшін мектеп күн сайын баратын оқу орны ғана емес, оның тұлға болып қалыптасатын ортасы. Мұнда ол білім алып қана қоймай, қатарымен араласады, қоғамдық ортаға бейімделеді, жауапкершілікті сезінеді, өз қабілетін байқап көреді. Сондықтан ауылға салынған жаңа мектептің әлеуметтік мәні оның төрт қабырғасының ауқымынан әлдеқайда кең. Малдыбайдағы өзгеріс ауылдың жалпы тынысымен де сабақтас.
Т.Рысқұлоа ауданындағы жаңа нысандардың ел игілігіне берілуін бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Себебі әлеуметтік нысан мен инфрақұрылымдық жоба, инвестиция мен ауыл тұрғындарының бастамасы бір мақсатқа, яғни елді мекендердің өмір сүру сапасын жақсартуға қызмет етеді. Ауылдың дамуы дегеніміз – тек жаңа ғимараттардың бой көтеруі емес. Оның мәні тұрғынның тұрмысынан, баланың жағдайынан, жастың мүмкіндігінен, үлкеннің ризашылығынан көрінеді. Малдыбайдағы мектептің ашылуы да осындай кең ауқымды өзгерістің бір бөлігі. Кеше ғана ескі мектепте пән кабинеттері мен спорт залының тапшылығын көрген ауыл баласы бүгін заманауи зертханада тәжірибе жасап, робототехника кабинетінде жаңа дүниені меңгере алады. Кітапханадағы кітапты парақтап, коворкинг орталығында өз жобасын талқылауға да мүмкіндігі бар. Аталмыш мүмкіндік ауыл баласының таным көкжиегін кеңейтетін, арманына қанат бітіретіні сөзсіз. Ең бастысы, мұндай өзгеріс ауыл тұрғынына «мұнда да мүмкіндік бар» деген сенім береді. Бұл сенімнің өзі әлеуметтік дамудың маңызды көрсеткіштерінің бірі. Өйткені елді мекеннің болашағына сенген тұрғын туған жерінде еңбек етуге, оның өркендеуіне үлес қосуға ұмтылады. Ал ауылда білім алуға, спортпен айналысуға, мәдени демалыс өткізуге, еңбек етуге қажетті жағдай қалыптасқан сайын оның әлеуеті де еселене түседі.
Жаңа мектептің алғашқы қоңырауы – бір оқу жылының ғана бастауы емес. Ол ауылдағы жаңа кезеңнің символындай. Осы шаңырақтан қанаттанған әрбір шәкірттің жетістігі уақыт өте келе Малдыбайдың ғана емес, тұтас ауданның мерейін өсірмек. Бүгінгі оқушы ертең елдің әр саласында еңбек ететін азаматқа айналады. Оның бойындағы білімге құштарлық, ізденіс, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттер дәл осы мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан білім ордасына салынған қаржының шын бағасын ғимараттың көлемінен немесе кабинеттердің санынан ғана іздеу аздық етеді. Оның өлшемі болашақ ұрпақтың мүмкіндігінде. Малдыбайдағы жаңа мектеп осы тұрғыдан алғанда ауылдың бүгінін ғана емес, ертеңін де ойлаған маңызды қадам.
Ал ауданның өзге ауылдарындағы жол, ауызсу, жарықтандыру, спорт және мәдениет нысандарына бағытталған жұмыстар осы игілікті толықтыра түседі. Бір жерде жол түзеліп, екінші жерде мектеп жаңарып, үшінші елді мекенде спортқа жағдай жасалса, мұның бәрі түптеп келгенде ауыл өмірінің сапасын жаңа деңгейге көтереді.
Елдің өркендеуі алыстан іздейтін абстрактілі ұғым емес. Ол – ауылдағы баланың жайлы мектепке баруынан, көшенің жарық болуынан, тұрғынның сапалы ауызсу тұтынуынан, жастың спортпен айналысуына мүмкіндік табуынан басталады. Т.Рысқұлов ауданындағы бүгінгі өзгерістердің мәні де осында. Малдыбайдағы жаңа ілім ордасы осы өзгерістердің нақты нышаны. Оның қабырғасында білім алған әр бала – ауданның ғана емес, елдің ертеңіне қосылған үлес. Өйткені мектепке салынған инвестицияның қайтарымы бір жылмен өлшенбейді. Ол жылдар өте келе білікті маманның еңбегінен, елге қызмет еткен азаматтың ісінен, туған жеріне пайдасын тигізген перзенттің өнегесінен көрінеді. Демек, бүгінгі ауылға жасалған қамқорлық – ертеңгі елге жасалған аманат.
Ал сол аманатты абыроймен арқалайтын ұрпақтың қалыптасуына жағдай жасау кез келген әлеуметтік жобаның ең биік мұраты.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Жамбыл облысы
Тұрар Рысқұлов ауданы














