Қазақстанда коньки спорты соңғы жылдары қарқынды дамып, халықаралық ареналарда еліміздің спортшылары жоғары нәтижелер көрсете бастады. Солардың бірі – небәрі 19 жасында әлемдік деңгейде жетістікке қол жеткізген жас спортшы Кристина Шумекова. Солтүстік Қазақстан облысындағы шағын ауылдан шыққан спортшы қысқа уақыт ішінде халықаралық жарыстарда жасындай жарқырап, Қазақстан тарихында тұңғыш рет жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының абсолютті чемпионы атанды. Жақында жас спортшымен спорттағы жүріп өткен жолы, болашақ мақсаттары туралы теріскейлік әріптесіміз сұхбаттасқан еді.
– Кристина, алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Қай жерде дүниеге келдіңіз, балалық шағыңыз қалай өтті?
– Мен 2006 жылдың 31 қазанында Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданына қарасты Повозочное ауылында дүниеге келдім. Бұл – шағын ауыл, балалық шағымның ең жарқын сәттері дәл сол жерде өтті. Үйде үш қызбыз. Үлкен әпкемнің аты Инесса, егізімнің есімі – Алина. Анамыз бұрын спортпен айналысқан, жүзу және жеңіл атлетикамен шұғылданған. Кейін мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді, коньки спорты бойынша секция жүргізді. Сондықтан спорт біздің отбасымызда бала кезден өмір салты сияқты қалыптасты. Анамыз бізді кішкентайымыздан спортқа баулыды.
– Коньки спортына келуіңізге кім әсер етті?
– Бұл спортқа келуіме анам мен әпкем Инесса себеп болды. Алғашында анам Инессаға коньки тебуді үйреткен болатын. Кейін ол жарыстарға қатыса бастады. Бірде облыстық жарыста оны жаттықтырушы Александр Суровяткин байқап қалып, Петропавлдағы спорт интернатына шақырды. Біз ауылда тұрғандықтан қаладағы спорт мектебіне бару оңай болған жоқ. Алғашында ата-анамыз интернатқа жібермеді. Кейін келісімдерін берді. Әпкемнің жетістіктерін көріп, мен де, егізім Алина да осы спортқа қызыға бастадық. Әпкемнің жеңістері бізге үлкен мотивация берді.
– Егізіңіз екеуіңіз де кейін спорт интернатында оқыдыңыздар ма?
– Иә, біраз уақыттан кейін біз де Солтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжіне оқуға қабылдандық. Ол кезде мен 12 жаста едім. Шынымды айтсам, алғашында қатты қорықтым. Себебі ауылдан алысқа кету, ата-анадан бөлек өмір сүру оңай емес екенін білдім. Тіпті бір сәт «бармай-ақ қойсам қайтеді» деп ойлаған кездер болды. Алина маған қарағанда өте батыл. Ол барғысы келді. Ал анам: «Алинаны жалғыз жібермеймін, бірге барып көріңдер, ұнамаса кейін қайтасыңдар», – деді. Басында жаңа ортаға үйрену қиын болды, тіпті жылаған кездерім де көп. Бірақ бір айдан кейін бәріне үйреніп кеттім. Жаттығуларға қызығып, спорттық өмірдің өзіне тән атмосферасы ұнай бастады.
– Ауылдағы дайындық пен кәсіби спорттағы жаттығу жағдайының айырмашылығы қандай болды?
– Айырмашылық өте үлкен болды. Ауылда жүргенде мен тіпті 400 метрлік конькимен сырғанау жолағы бар екенін де білмейтінмін. Біз көбіне шағын кортта, шамамен 100 метрлік жолақта сырғанадық. Ал алғаш рет оқу-жаттығу жиынына барғанда үлкен аренадағы 400 метрлік жолақты көрдім. Мұздың сапасы да мүлде басқа екен. Шынымды айтсам, бұрын мұндай мүмкіндік бар екенін де білмеппін.
– Спорттан бөлек, басқа қандай қызығушылықтарыңыз бар?
– Бала кезімде сурет салғанды жақсы көретінмін. Сонымен қатар жеңіл атлетикамен де айналыстым. Тіпті аудандық жарыстарға қатысып, бірінші орын алған кезім де болды. Егер жүгіру техникасымен жақсырақ жұмыс істесем, бәлкім жеңіл атлетикада да жақсы нәтижеге жетер ме едім.
– Қазіргі таңда білім алып жүрген оқу орныңыз туралы айтып берсеңіз.
– Қазір мен Астана қаласындағы Қазақ ұлттық спорт университетінде оқимын. Спорт пен оқуды қатар алып жүру оңай емес. Жаттығулар, жарыстар, оқу – барлығын үйлестіру қажет. Дегенмен университеттегі оқытушыларымыз түсіністікпен қарайды. Егер жарыстарға байланысты сабақтан қалсақ немесе қиындық туындаса, қолдау көрсетеді.
– Күнделікті жаттығулар қалай өтеді?
– Әдетте күн ерте басталады. Таңертең ерте тұрып, таңғы ас ішеміз. Содан кейін шамамен үш сағатқа созылатын бірінші жаттығу өтеді. Одан кейін түскі ас, сосын біраз демалыс болады. Кешке қарай тағы бір жаттығу жасаймыз. Кейде мұздағы жаттығу, кейде велосипед, күш жаттығулары, йога немесе созылу жаттығулары болады. Егер уақыт қалса, жарыс видеоларын қарап, өз қателіктерімді талдаймын немесе өзімді дамытуға арналған іспен айналысамын.
– Шетелдегі оқу-жаттығу жиындарының қандай ерекшелігі бар?
– Біз ұлттық құрамамен бірге шетелге оқу-жаттығу жиындарына жиі барамыз. Мысалы, Германиядағы Инцелль деген жерде дайындалдық. Ол таулы аймақ, кәсіби мұз аренасы бар. Қазақстанда мұндай жағдай әрдайым бола бермейді. Мысалы, Астанадағы «Алау» мұз айдынында жазда мұз болмайды. Сондықтан жазда біз көбіне велосипедпен жаттығамыз. Сонымен қатар кейде Қырғызстандағы Ыстықкөлде де дайындық жиындары өтіп тұрады.
– Сіздің ең үлкен жетістігіңіз – Инцелльде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы жеңісіңіз. Сол жарыс туралы айтып берсеңіз.
– Бұл жарыс менің спорттық өмірімдегі ең маңызды кезеңдердің бірі болды. Мен 500, 1000 және 1500 метр қашықтықтарда алтын медаль жеңіп алдым. 3000 метрде күміс жүлде иелендім. Көпсайыс қорытындысында бірінші орын алып, абсолютті чемпион атандым. Бұған дейін Қазақстаннан ешбір спортшы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында абсолютті чемпион болмаған. Сонымен қатар командалық жарыста Қазақстан құрамасымен бірге алтын медаль жеңіп алдық. Жалпы біздің құрама жеті медальмен командалық есепте бірінші орын алды.
Мен үшін спорт жай ғана жарыс немесе нәтиже емес, бұл менің өмірімнің маңызды бөлігі. Шағын ауылдан басталған жолым бүгінгі күні халықаралық жарыстарға алып келді. Осы жолда табандылық, үздіксіз еңбек және ең бастысы отбасымның қолдауы үлкен рөл атқарды. Алда әлі талай жарыс, талай сынақ күтіп тұр.
– Қазақстанның туы көтеріліп, әнұран орындалған сәтте қандай сезімде болдыңыз?
– Бұл сезімді сөзбен жеткізу өте қиын. Сенің еліңнің туы көтеріліп, бүкіл арена соған қарап тұрған кезде бойды ерекше мақтаныш сезімі билейді. Алайда осы жолы бір қызық жағдай орын алды. Алғашқы марапаттау рәсімінде ұйымдастырушылар Қазақстанның ескі гимнін қосып жіберді. Алғашында не болып жатқанын түсінбей қалдым. Ұйымдастырушыларға ескертіп, олар кешірім сұрап, кейін қазіргі гимнді қосты.
– Отбасыңызда тағы екі спортшы барын айттыңыз. Сіздер бір-бірлеріңізбен бәсекелесесіздер ме?
– Біз бір-бірімізбен бәсекелеспейміз, керісінше бір-бірімізді қолдаймыз. Әрқайсысымыздың өз мықты тұстарымыз бар. Инесса көбіне қысқа қашықтықтарда жақсы нәтиже көрсетеді, ол – нағыз спринтер. Алина командалық жарыстарда мықты, масс-стартта да өнер көрсетеді. Ал мен көбіне көпсайысқа бейіммін. Масс-старт әзірге менің дисциплинам емес деп ойлаймын.
– Неліктен масс-старт сізге қиын деп ойлайсыз?
– Себебі ол жерде бір уақытта көп спортшы жарысады. Ал мен жарыс кезінде бәрін бақылап отырғанды жақсы көремін, қай жерде жылдамдату керек, қай жерде күшті үнемдеу керектігін. Ал масс-стартта бәрін бақылау қиын.
– Сіз Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік бола тұра, іріктеуге қатысудан бас тарттыңыз. Неліктен?
– Мен үшін бұл соңғы жасөспірімдер маусымы болды. Сондықтан әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсету мен үшін маңызды еді. Олимпиада ойындарына әлі алда қатысып үлгеремін, ал жасөспірімдер чемпионаты енді ешқашан қайталанбайды. Сондықтан алдымен осы мүмкіндікті толық пайдаланып алғым келді.
– Спорттағы ең басты арманыңыз қандай?
– Мен оны жай арман емес, нақты мақсат деп айтар едім. Менің басты мақсатым – Олимпиада ойындарының алтын медалін жеңіп алу. Келесі Олимпиада ойындарына қатысып, медаль үшін күрескім келеді.
– Қазақстандағы коньки спортының дамуы туралы не айтасыз?
– Соңғы жылдары елімізде спорт жақсы дамып келеді. Халықаралық жарыстардағы нәтиже де жаман емес. Дегенмен бір мәселе бар, бізде толыққанды 400 метрлік ареналар жеткіліксіз. Әсіресе облыстардағы балаларда үлкен мұзда жаттығу мүмкіндігі жоқ. Егер өңірлерде де мұндай ареналар салынса, жас спортшылар әлдеқайда тез үйреніп, ұлттық құрамаға жақсы резерв қалыптасар еді.
Сұхбаттасқан –
Анар ЗИЯДИНА















