Өткен жылғы көктемгі аласапыраннан есіміз жиналмай жатып шіліңгір шілдеде пандемияның екінші толқыны бүкіл төрткүл әлемді, әсіресе қазекемді сансыратып кетті. Жүрек ауырды. Жанымыз күйзелді. Талай жайсаңдарымыз ажалдың қанды тырнағында бұл фәниден кетіп жатты.
Бұл не індет? Аяқ астынан қайдан келді бұл қызылкөз пәле? Ештеңеге түсінбей далмыз. Сан пікірлер алуан-алуан болжамдар айтылды. Біріне сендік, біріне сенбедік. «8 млрд-тан асып жығылған адамдарды қыру үшін қолдан жасалған бұл індет» деп ғалымдар, білгірлер әп дегенде айды аспанға бір-ақ шығарды. Не үшін? Кімдер қырады? Азуы алты қарыс АҚШ па, әлде уақыт өткен сайын күшейіп әспенсіген аждаһа Қытай ма? Кім, кім? Соғыссыз қырып тастауға құдіреті жете ме олардың? Рас, мұндай құдірет тек Алланың қолынан ғана келеді. «Бір жазықсыз адамды өлтіру бүкіл адамзат қоғамын қырумен тең» дейді қасиетті Құран Кәрімде. Ахиреттен, Қиямет қайымнан қорықпайтын не деген құдіретті жандар?!
Иә, әлемді баудай түсіріп, ажал шалғымен қырып жатыр. Жүз емес, мың емес миллионға кетті шығынымыз. Ар жағында миллиард деген сан да алыс емес. Қандай қорқынышты? Не деген үрейлі?! Пендеміз ғой, бәрі өтірік дедік. Кім айтса да, не айтса да сенбедік. Бірақ уақыт өткен сайын жас та, кәрі де қырылып жатқан соң жан-жағымызға секеммен қарай бастадық. Себебі кеше ғана аттай шауып жүрген айналаңдағы жақын-жұрағат, туыс-бауырларың Ажал аранына түсіп кете бастады. Жан-жағымызды үрей мен қорқыныш қоршап, мойындамаған вакцинаға ден қойған жандар көбейді. Одан да қауқар таппадық. Себебі, екпе алғандар да ауырып жатты. «Сонда вакцина алғандар біршама уақыт өткен ажал құшағына кетеді» деген болжам рас болғаны ма? Кімге, неге сенеміз? Ағайындар-ау, айтыңыздаршы?
Өзің басыңнан кешпесең, күдікпен қарау, сенбеу әрбір пендеге тән нәрсе ғой деп ойлаймын. Әріптестерім Жұлдыз Тойбек бен Нұрлыбек Саматұлы бұл қызылкөзбен ауырып, сауыққан соң жеріне жеткізе жазды, ескертті, «абай болыңдар!» деп жанашырлық танытты. Екеуіде ажалмен арпалысқан шақтарын жазып, осылайша дабыл көтерді. Бәрібір сенбедік. Олардың қатарында күнделікті спортты серік еткен мен де бар едім.
Биыл жылдағыдай шілде айының басында еңбек демалысына шықтым. Ауырамын-ау деген ойымда жоқ. Жоспарды жасап тастадық. Кенеттен тамағым қышып, жөтеле бастадым. Аздап ыстығым көтерілді. Төсек өзіне тартып, жата бергім келеді. Әлсіздік пайда болды. Аяқтарым өзіме бағынбауды шығарды. Әлтек-тәлтек. Басым дыңылдап ауырады. Ештеңеге зауқым жоқ. Аспирин ішсем, аздап жақсы болып қаламын. Қайта баяғы қалпыма келемін. Бірақ тамақтан қалмадым. Сорпа ішіп, ет жедім. Көмегі болмады. Дәм сезуден қалдым. Иісті де сезбеймін. Түнде біреу маған қарап тұрғандай болады. Қап-қара біреу. Аятүл күрсіні әлім келгенше оқимын. Басқа да дұғаларды қайталай беремін. Әлгі қорқынышты елес кеткендей болады. Жөтел түнімен маза бермейді. Таңертең әзер тұрамын. Ауа жетпейді. Нұрлыбек інімнің мына сөзі ойымнан кетпеді: «Жатпау керек! Үнемі қозғалыс қажет. Ауаны тереңдеп жұту ғана құтқарады». Велосипедімді мініп стадионға тартамын. Аяқтарым өзіме бағынбайды. Ауаны қармап жұта бердім, жұта бердім. Жүгірген боламын. Өзенге әзер жетемін. Қуанғаным, өзгелердей есімнен танбадым. Бірақ кіресілі-шығасылы халде болдым. Бір күні таңертең айнаға қарасам көзім қып-қызыл. Шошып кеттім. Айтпақшы, алдында келінім ауырған. «Отрицательный» депті дәрігерлер. Қызым да, ұлым да тура мен сияқты ауыра бастады. Іле-шала жарым да төсек тартты. Не істеу керек? Жедел көмек шақырдық. Мобилді топ деген болады екен. Дереу ПТР талдауын жасады. Міне, қызық! Маған «отрицательный» деген баға берді. Келінім мен әйелімнен басқаның бәрі «положительный». Жан-жағымызды қоршап, далаға шықпаңыздар деп бұйрық берді.
Міне, осылай 20 күн ажал бізге күн сайын көзін қадап тұрды. Аллаға шүкіршілік, бетіміз бері қарады. Бірақ әлі де иіс, дәмді толық сезбейміз. Желімдей жабысқан әлсіздік әлі де бар. Менің айтайын дегенім, сақ болыңыздар! Бетпердені тастамаңыздар. Бұл өте жаман, сұмдық ауру. Біздің басымыздан жеңілдеу өткен тәрізді. Ал ауырлауын біршама ел көріп, қиналып жатыр. Кетіп жатқандар да жетерлік. Жалпы бұл ауруға жеңіл көзқараспен қарамаңыз. Кез келген уақытта тарпа бас салып, кеудеңізді тұншықтырып, сай-сүйегіңізді сырқыратып, аяқ-қолыңызды көрінбейтін ажал жібімен байлайды. Ауа жетпеген соң, бәрі бітті дей бер. Егер қапияда бұл індетпен ауырсаңыз, қозғалыс және қозғалыс қажет. Онсыз бұл қызыл көз пәлені жеңе алмайсыз. Әрине, Аллаға сыйынып, дұғаларды, сүрелерді айту да ауруды еңсереді.
Маған, менің отбасыма дұғада болған аяулы жандарға алғысымыз шексіз. Сіздердің жанашырлықтарыңыз күш, рух берді. Өмірге деген ғашықтық сенімімізді өшірмеді, үміт, рух ұялатты. Аллам сіздерді ауыртпасын! Жаратқаннан әлемді бұл індеттен құтқарсын деп күні-түні дұға жасайық. Еліміз аман-есен болып, басқа да төнген қауіп қатерлер өз жөніне кетсін. Әмин!