Азамат асулары

Азамат асулары

Халқымыздың «кісі танымақ болсаң ісіне қара, қасиетін таны», – деген дана сөзі бар. Тасқа басылғандай,  жадымызда жатталып қалған осы теңеу біздің жазбамызға арқау болып отырған ел азаматы, Нұр-Сұлтан қаласы арадагерлер ұйымының басшысы Сансызбай Сейтжанұлы Есіловке арнап айтылғандай.

Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған  Сәкеңнің туып-өскен жері, қызмет еткен ортасы, бірге жүріп біте қайнасқан әріптестері жайлы мазмұнды әңгімелері тыңдаушысын өзіне еліктіріп әкетеді екен.

Облыс орталығындағы Теміржол  техникумын  тәмамдап, Астрахан ауданындағы Жалтыр станциясына жұмысқа келген жас жігітті ұжым мүшелері жылы қабылдады. Бастапқыда монтер, техник болып еңбек етті. Аға мастер, инженер міндеттерін атқарды. Жас маман өзінің елгезектігімен, тапсырылған істі жауапкершілікпен атқаруының нәтижесінде аз уақытта ұжым басшыларының көзіне түсіп үлгереді. Арада үш жылдан астам уақыт өткенде жас коммунист, білікті маманды аудандық партия комитеті қызметке шақырды.

Астрахан аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы міндетін атқарған Сансызбай  Сейтжанұлы 1980 жылы облыс өңірінде Қорғалжын ауданынан бөлініп, шаңырақ  көтерген Теңіз аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып бекітіледі. Жаңа жер, жаңа таныстар. Өңір негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Кадр мәселесі, жаңа қызмет орындары. Уақыт бәріне сыншы. Жаңа ауданның өзіндік ерекшеліктері бар. Әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, жол мәселелері дегендей. Өмірден мол тәжірибе жинақтаған Сансызбайды біршама уақыттан кейін аудандық партия комитеті хатшы етіп сайлап, осы аталған мәселелердің күрмеуін шешуді жүктейді. 

1985  жылы облыстың территориялық аумақтық құрылымдарына өзгерістер енгізіліп, Теңіз ауданы Қарағанды облысының құрамына беріледі. 1986 жылы Сансызбай Сейтжанұлы Алматыдағы партия мектебінің тыңдаушысы болды.

Оқу мерзімі аяқталып, елге оралған Сансызбайды облыстық партия комитетінің ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындайды.

1991 жылдың тамыз дурбелеңі бәрімізге жақсы таныс. Одақтық шарт. Нарықтық, аймақтық құрылымдардың басқару қатынастар нысандарының өзгеруі, аудандарда, облыстарда жаңа қызмет орындарының пайда болуы. Міне, нақ осы кезде облысымызда «Мемлекеттік меншік және жекешелендіру жөніндегі облыстық аумақтық комитет» деген мекеме өз жұмысын бастайды.

Бұл дегеніміз нарықтық  қатынастарға байланысты мемлекет құрамындағы мекеме, құрылыс, басқалай нысандардың жекеменшікке сатылуын реттеп қадағалап, заңға сәйкес жүзеге асыру. Біздің кейіпкеріміз осы құрылым төрағасының орынбасары болып, жартыжылдай еңбек етіп, 1992 жылы  мамыр айында төрағасы болып тағайындалады. Осыған орай, Сансызбай Сейтжанұлы мына төмендегі оқиғаны бізге мәлім етті:

– Облысымызға жаңадан прокурор келіп қызметіне кіріскен уақыт. Апта сайын жиналыс, оның бергі жағында күнара қарамағындағы қызметкерлерін жіберіп, біздің іс қағаздарымызды тексеріп,  уақытымызды алады. Артық сөз айта алмайсын.

Бір күні сұранып қабылдауына бардым. 

– Олег Иванович, біз жұмысымызды тиісті заңнамаға сәйкес жүргізіп жатырмыз. Республикадағы басшыларымыз бар, әкімшілік бар дегендей. Тек тексеретін болсаңыздар арнаулы бір адамды тағайындаңызшы. Әйтпесе апта сайын  біреу келіп әбігерімізді шығарып жатқаны. Сөйтіп мәмлеге келіп бізге арнайы бір прокурорын тағайындады.

Мына бір жайды да Сансызбай Сейтжанұлы өзінің қызмет барысындағы қызық жай ретінде еске алады: 

– Облысымызда «Целиноградсельхозводопровод» деген мекеме болды. Соның басшысы Иванов деген мырза заңсыз жолмен қарамағындағы қыруар техниканы жекешелендіріп, Мәскеу іргесіндегі баласына вагондарға тиеп аттандырып жіберген ғой. Содан іздеу салдық, таптық. 

Бұл кезде  жоғарыда айтып өткен облыс прокуроры О.Гайдинов Мәскеу қаласының прокуроры қызметінде еді.

Таныстығымды пайдаланып, телефон шалдым. «Осылай да осылай Олег Иванович, Ивановты тауып, техникамызды қайтаруға жәрдемдесіңіз». «Мақұл» деді. Ертеңіне өзі телефон соғып, Ивановтың баласының қолында біздің техникаларымыз бар екенін, қайтып алып кетуіме кепіл болатынын мәлім етті. «Қайтқан малда қайыр бар», – деген емес пе, арнайы адамдар жіберіп, техникаларымызды қайтарып алдық. Бұл да бір сол кездегі жекешелендірудің кейбір жәйттерінің сәтті аяқталуының бір көрінісі дер едік. 

Сағымды Сарыарқаның төрінде орналасқан бүгінгі Елорда жайлы Сансызбай Сейтжанұлы аса бір тебіреніспен, толқи отыра әңгімеледі. Ол орынды да. Он жылдан астам Астана қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болып қызмет етті. Тұрғын үйі, коммуналдық шаруашылық саласын басқарды. 

Талай қиыншылықтардың күрмеуін шешті.  Қаржы тапшылығы, жылу электр орталығының проблемалары, көмір, кәріз мәселелері.  Айта берсе, әңгіме көп. Бүгінде бәрі артта қалды. 2001 жылдан бастап жағдай түзеле бастады.

Ал 1996 жылы астананы Ақмолаға көшіру мәселесі қолға алынғанда облыс әкімі төрағасының орынбасары, аумақтық мемлекеттік мүлік комитетінің төрағасы Сансызбай Сейтжанұлы астананы  көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі ретінде республикалық мекемелердің келіп орналасуына орай қыруар шаруаның басы қасында болды. 

– Астананың Ақмолаға көшірілуі Елбасының кемеңгерлік көрегендігі, – дейді ол әңгіме арасында. Өзіңіз ойлап қараңыз. Арқа төсінде осындай әсем астана бой көтерді. Қаншама тамаша мәдени нысандар, тұрғын үйлер, мектеп, балабақша, көпірлер салынды.  Қала халқының саны енді міне 4 есе артты. Соңғы деректер бойынша 

1 миллион 200 мыңнан астам тұрғынымыз бар.  Елорданың жобасын жасауға 50 елдің сәулетшілері қатысты. Оның 27-сі іріктеліп, Жапонның сәулетшісі Кисе Курокаваның жобасы таңдап алынғанын білеміз. Бүгінде сәулетті қаламыз үшінші  онжылдықтың күнтізбесін парақтауда. Көгілдір газ тартылып, тұрғындарымыз оның игілігін көре бастады да. Қала іргесі де кең қанат жаюда, бүгінде аумағы 79,7 мың гектарға жайылыпты. Сарыарқа, Алматы, Есіл және Байқоңыр қалалық  аудандарымыз бар. Қала халқының саны жылма-жыл артып келеді.  Бұған неге қуанбассың?!

Астананың ыстық-суығында шыңдалған біздің кейіпкеріміз  2007 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің IV шақырылымының депутаты болып сайланып, оның қаржы бюджет комиссиясының құрамында болды.

2011 жылдың желтоқсан айында қалалық мәслихаттың  хатшысы болып сайланып, «Nur Otan» партиясы  Астана қалалық бөлімшесінің тұңғыш төрағасы, партияның саяси кеңесінің мүшесі болды.  

Сансызбай Сейтжанұлы соңғы 6-7 жылдың көлемінде «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің  төралқа мүшесі,  Астана қалалық  ардагерлер кеңесінің басшысы,  Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңес төрағасы қызметін қатар атқарып келеді. Бүгінде елордамыздағы зейнет жасындағы зейнеткерлердің саны 105 мыңнан асады.  Оның 21-і Ұлы Отан соғысына қатысушылар, екеуі Отан соғысының мүгедегі. Ұлы Отан соғысына қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген ардагеріміз, тыл еңбеккерлері, концлагерде зардап шеккендер, тұтқында, Ленинград блокадасында болғандар да бар. Кеңес Одағы кезінде түрлі аймақтың әскери ұрыс-қимылдарына қатысқандар саны 1976 адамды құрайды.

Осы орайда Сансызбай Сейтжанұлы басшылық етіп отырған қалалық қоғамдық  кеңес ардагерлердің денсаулығын, тұрмыс жағдайын басты назарда ұстауда. Олардың тиісті дәрежедегі сауықтыру орындарына барып, денсаулықтарын түзеу мәселесі де күн тәртібінде бірінші орында. Төрағаның бастамасымен мерекелік шараларға орай арнайы басылымдар шығарылып, жас ұрпақ өкілдерінің ардагерлермен кездесулері өтіп тұрады. Қала әкімінің қатысуымен  қоғамдық тыңдау шарасын өткізудің нақты кестелері бекітілген. Билікпен ынтымақтаса жұмыс істеу өз нәтижесін беруде. Қоғам мүшелері елордамызды көгалдандыру шараларында  ұдайы белсенділік танытуда. 

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ардагерлер қозғалысы белсенділерінің тәуелсіздік құрдастарымен кездесуі өте әсерлі жағдайда өтті. Жалғызбасты, мүгедек ардагерлерге әлеуметтік жәрдем көрсету сияқты шаралар да назардан тыс қалмайды. Қырықтан астам ардагерлердің шағын орталықтарының жұмыстары да атап өтуге лайық. Жуырда «Ардагерлер үйі» пайдалануға берілді. Онда олардың бос уақытын тиімді, пайдалы өткізуге барлық жағдай жасалған.

Әрине бәріне уақыт төреші. Дегенмен де Сансызбай Сейтжанұлы қандай бір лауазымды қызмет атқарсын, қай ортада, қай ұлт өкілімен бірге қызмет етсін, өзінің табиғи қарапайым қалпынан, адами болмысынан айналасындағыларға жүрек жылуын аямаған азамат екендігін онымен бірге бір ортада араласып жүрген біздер жақсы білеміз.  Оның осындай мәрттік адами қасиеттерін зайыбы Күнайым да толықтырып,  ұл-қыз өсіріп, немерелерінің көз қуанышына бөленіп отырған бақытты шаңырақ иелері. 

Бұған қоса айтарымыз, Сәкең, Сансызбай Сейтжанұлы осы күндері асқаралы 70 жастың тұғырына көтерілгелі тұр. Нұр-Сұлтан  қаласының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері, «Құрмет», «Достық», «Парасат» ордендерінің, басқа да мемлекеттік наградалардың иегері атанған қадірлі азаматтың тілеуі – қазақ елінің береке-бірлігі мен іргесінің шайқалмауы. 

Демек үлкен асуға  иек артқан тұлғамыздың мерейі өсе берсін!

Ізмұхамбетов Бақтықожа, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы
18.11.2021

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.12.2024 96
АУДАНДА БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі - 04.12.2024 60
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 163
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 144
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 557
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 525
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 546
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 544
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 539
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 556
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 543

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9791
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9163
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12400
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10167
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11376