Орал қаласында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар жұмыстар жасалды.
Орал қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жыл сайын тұрғын үйлердің тозығы жеткен шатырын немесе жеделсатыларын (лифт) алмастыру, кіреберістерді жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы бойынша биыл облыс орталығындағы тоғыз үйдің шатыры жаңғыртылып, тағы бір мекенжайдағы (Жуков көшесі,15/1) тұрғын үйдің жеделсатысы ауыстырылды. Сондай-ақ шатыры жөнделген Абай даңғылы, 55 мекенжайындағы тұрғын үйдің қабырғасын қайта қалау жұмыстары жүргізілді.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау және қайта жаңғырту жұмыстарына көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын әрбір пәтер иесі белсенді қатысып, жиналыстар өткізіп, жасалатын жұмыстардың көлемін есептеп, өтініштерін береді. Соның негізінде жобалық-сметалық құжат жасақталып, сараптамадан өткізіліп, жұмыстар жалғасады», – деп хабарлады Орал қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.