Биыл Орал қаласының іргесіндегі Ынтымақ елді мекеніндегі №29 жалпы орта білім беретін мектебінің жанынан жұмыс жасаған «Асыл мұра» лагерінде 500-дей оқушы жазғы демалыстарын көңілді өткізді. Бұл туралы қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі хабарлады. Этно бағыттағы лагерь ұжымы алдымен көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың ұл-қыздарын қабылдаған. Ұйымдастырушылар атап өткендей, лагерьдің басты мақсаты – алтын бесік саналатын ауылдың тірлігі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақы тұрмыстың бірегей атмосферасын құру, балаларды ауыл өмірімен және дәстүрлі қолөнер, ұлттық тағамдар, әдет-ғұрыптар түрлерімен таныстыру. «Даналық мектебі» негізінде ұйымдастырылған лагерьде демалушылардың уақыттарын тиімді өткізуіне ауыл тұрғындары да өз үлестерін қосқан. №29 орта мектептің директоры Гүлдана Оразақаеваның айтуынша, «Даналық мектебі» аталмыш білім ошағындағы ата-әжелер, әке-аналар ұйымы екен. – «Асыл мұра» этнолагері бір ай көлемінде жұмыс жасады. Мектептің ауласына киіз үй тігіліп, қазан-ошақ құрылып, алтыбақан, ұлттық ойындар алаңы, шеберлік сыныптарын өткізуге арналған орындар дайындалды. Ауылдың ата-әжелері келіп, ұмыт қалған төл дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында балаларға ұршық иіру, қамшы өру, құрт жасау, қой қырқу, жент әзірлеу, киіз басу, жүн түту, ши тоқу секілді рухани-тәрбиелік мәні бар дүниелерді көрсетіп, игілікті іс жасады. Балалар бәріне қызығушылықпен қатысты, – деді Гүлдана Өтемісқызы. Онкүндік бағдарламаның әр күні «Ауыл вайб», «Ұлттық тренд», «Тіл – қазына», «Атажұрт», «Әуен LIKE», «Қонақ Time», «Каникулы-OFF-LINE», «ҚойылымSTAR», «Ұлттық өнер», «Қызықты демалыс» деген атаулармен ерекшеленген. Лагерьде көңілді демалысын өткізген Айжан Ғалымжан: – Біз лагерьде «Қобыз» тобына түстік. Ол жерде көптеген ұлттық бағыттағы нәрселерді үйрендік. Ұлдар ләңгі ойнады, бәріміз бірге алтыбақан тептік. Атпен серуендедік. Маған Ынтымақ ауылының табиғаты ұнады. Біздер үшін киіз үй тігілген, ұлттық тағамдардан дәм таттық. Ұялы телефонға бір сәт алаңдамай, жақсы демалдық, – дейді.