Батыс өңірлердің біріне іссапармен барған едік. Мектеп оқушыларымен жүздескеннен кейін көңілге түйген ой-пікірлерімізбен бөлісуді жөн көрдік. Құдайға шүкір, жергілікті басқару жүйесінде елі үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарды көріп, алабұртқан көңіліміз орнына түскендей болды. Аллаға шүкір! Жас жеткіншектердің тәлім-тәрбиесі де бізді толық қанағаттандырды.
45 минутқа созылған танымдық сабағымызды ұйып тыңдаған оқушылардың кейбірі сабақ аяқталысымен қасымызға келіп, амандасып, суретке түсіп жатты. «Жастар», «анау-мынау» деген бос сөздерді көбейтпей, жастармен жүйелі жұмыс жасау қажет екені айқын сезілді.
Әрбір елді мекеннің өз тарихы бар десек, сол өлкеден шыққан, еліне сыйлы азаматтардың туған жеріне жасаған ерен еңбектерін насихаттап, өскелең ұрпақтың санасына үлгі ретінде сіңіре білсек, үлкен тағылым болары анық.
Қазіргі таңда, қалай десек те, әлеуметтік жағдай біртіндеп түзеліп келеді.
Бұрын көгілдір отынға зар болып, газдың қадірін білетін кезеңдерді еске алсақ, шүкірден басқа айтар сөз жоқ. Көп жылдар бойы күрделі күйде болған халықаралық әрі республикалық ішкі тас жолдардың қарқынды жөнделіп, іске қосыла бастауы да көңіл қуантады.
«Жол азабын жолаушы біледі» деген сөз тегін емес. Шалғай аудандарды көлікпен аралап жүрген біз бұл шындықты жақсы сезінеміз десек, артық емес.
Былтыр аудан орталығынан шалғай жатқан бір ауылға газ тартылған еді. Астана мен Алматыда тұратын ағайын-туыстардың сүйінші сұрап қуанған сәттерінің куәсі болдық. Біз де олармен бірге Құдайға мың тәубе дедік.
Соңғы жылдары 1920-1950 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарының біразы ақталып, ел ішінде түрлі деңгейде ғылыми жиындардың өтіп жатқанына куәміз. Сол асыл аталардың ұрпақтары бірігіп, тарихи кесенелердің айналасын абаттандырып, ағаш отырғызып, ауыл маңын қоқыстан тазартуға өз үлестерін қосуда.
Яғни, сенбіліктер жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Көбі үлкен кісілер болғандықтан, «Бала көргенін істейді» дегендей, жастар да бұл игі іске белсене араласуда. Осы тұста бір ой айтқымыз келеді. Біздің жас кезімізде сәуір айында өтетін бүкілодақтық сенбіліктер шын мәнінде ерекше, шынайы әрі қызықты өтетін еді. Бәлкім, ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығынан шығар. Музыка ойнап, балмұздақ пен лимонад сатылып, ауыл адамдары ерекше бір серпіліс сезінетін. Оқушылар да қуанышқа кенелетін.
«Балаларды еңбекке үйретпеу керек, керісінше, еңбек етуге мәжбүрлеу керек» деген сөзді сол заманның білікті ұстаздарының бірінің естелік кітабынан оқыған едік. Бүгінде жастарды еңбекке, отаншылдыққа баулу мәселесін көтеріп жүрген азаматтардың қатары көбейіп келеді. Бұл – қуанарлық жайт.
«Елу жылда ел жаңа» демекші, ел ішінде ертеңін ойлайтын жаңа буын қалыптасып келе жатқанына куә болып жүрміз. Қазақ халқына аса көп дүние қажет емес: Тыныштық, жұмыс, әділдік.
Қазіргі әлемдегі саяси дағдарыстар мен қарулы қақтығыстарды көре отырып, ішкі саясатымыздың терең талданып, ел ішіндегі ауызбірліктің нығая түсуін тілейміз. Басшылардан бастап қарапайым халыққа дейін бірлік болса, алынбайтын асу жоқ екеніне көзіміз жетіп отыр. Ел ішінде билік өкілдері мен тұрғындар арасында кейбір түсінбеушіліктердің барын да жоққа шығара алмаймыз.
«Көш жүре түзеледі» демекші, мұның да уақыт өте келе орнығарына сенім мол.
Оқу саласына келсек, мұғалімдердің құқы төмендеп бара жатқандай әсер қалдырады. Бұл балалардың көңіл күйіне кері әсер етпей ме деген күдік те жоқ емес. Өйткені, видеоға түсіріп жүрген әріптесімізге бір мұғалім оқушыларды түсірмеуді өтініпті. «Неге болмайды?» деген сұраққа «Шаршаңқы түрлерін көрсетуге болмайды» деп жауап беріпті.
Біздің кезімізде мұғалімге деген құрмет ерекше жоғары еді. Оларды әулиедей көретінбіз. Ал қазір кей мұғалімдердің өздері шаршаңқы, көңілсіз күйде көрінеді...
Кейбір билік өкілдері әлеуметтік мәселелерге басымдық берілгенімен, рухани құндылықтардың кейіндеп қалғанын да мойындап отыр. Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін бәріміз бір кісідей атсалысуымыз қажет-ақ. Әлеуметтік желілерде көбіне негативті тақырыптар алға шығып жатқаны жасырын емес. Ал ел ішінде атқарылып жатқан игі істерді де боямасыз көрсетсек, бұл нағыз әділдік болар еді.
Қорытынды: Қазақстан халқы үшін ауызбірлік ауадай қажет екенін жақсы білеміз.
«Ел үшін өлген ерлердің,
Сөз білер жанда ақы бар» деп ақын Ығылман Шөрекұлы айтқандай, елі үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету – перзенттік парыз.
«Тырнақ астынан кір» іздесек, табыла береді.
Ақиық ақын Ілияс Жансүгіров:
– «Өз елі өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деп бекер айтпаған. Өзімізді өзіміз сыйлай білетін уақыт жетті. «Өз ағаңды жамандап, жақсы аға қайдан табасың» (Бұқар жырау) демекші, әркім өз елінің жақсысын бағалай білуі тиіс.
Алла Қазақстан халқына жар болғай!
Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ















