Орал қаласында 25-29 шілде күндері «Самал» туристік лагері базасында «Жусан» операциясы аясында елге қайтарылған балаларға арналған «Бақытты бала» жазғы лагері ұйымдастырылды.
Балалар қашан да бақытты болуға лайықты. Осыған орай ұйымдастырылған демалыс лагеріне 16 жеткіншек қатысты. Олар қазақ халқының ұлттық спортынан және басқа да ойын түрлерінен жарыстарға қатысып, қазақ хандығы, ұлт зиялылары туралы және діни-ағартушылық бағыттағы тарихи кинофильмдер көріп, қаладағы мұражайларға саяхаттады. Сонымен қатар арнайы шақыртылған практик-психолог, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, педагогика және психология ғылымдарының магистрі Л.Шакимова, практик-психолог, педагогика және психология ғылымдарының магистрі, Алматы қаласы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, құқық қорғау органдарының аға оқытушысы А.Абдукеева балалармен психологиялық тренингтер өткізді.
Облыстық дін істері басқармасының бас маманы Сандуғаш Нұрланқызы бұл санаттағы балалармен түрлі іс-шаралар, соның ішінде семинарлар мен тренингтер өткізілетінін, ойын-сауық орталықтарына немесе кинотеатрларға апару, аналарымен бірге табиғат аясына алып шығу сынды жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. Басты мақсат – өскелең ұрпақты өз халқының тарихы мен шежіресін, салт-дәстүрін, дінін, мәдени қасиеттері мен ұлттық құндылықтарын түсіне алатын ұлтжанды тұлға етіп тәрбиелеу.