Бақытжан Орынбеков: Тараз қаласының жоспары толығымен орындалады

Бақытжан Орынбеков: Тараз қаласының жоспары толығымен орындалады

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жыл басында БАҚ өкілдерімен жүздесіп, облыс орталығындағы мәселелерді талқылап, ұсыныс-пікірлерін тыңдаған болатын. Сол кездесуде шаһар басшысы Тараз қаласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық даму картасын таныстырған-ды. 

Тілшілер ескертпесі ескеріліп келеді

Сол жиында біраз ұсыныс-пікірлер, сын-ескертпелер айтылып еді. Енді міне, сол Даму картасының орындалу барысы жайлы қала әкімі Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баяндап берді.

– Негізі әлеуметтің әлеуеті көтерілуі үшін өндіріс өркендеуі қажет. Сөзіміз нақты болу үшін, облыс орталығында  өнеркәсіп көлемін 2023 жылдың қорытындысымен 531,2 млрд теңгеге жеткізу көзделген. Ағымдағы жылдың І тоқсанында бұл көрсеткіш 137,8 млрд теңгені құрады.

Биыл жалпы құны 9,2 млрд теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны іске қосу есебінен тиісті көрсеткішті орындаймыз. Атап айтсақ, «Alina Group» ЖШС-ның «Тараз қаласындағы «Alina Group» ЖШС-ның өндірістік базасын кеңейту және жаңарту» жобасы, Жоба құны – 7,3 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 150 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын шығару. Мұнда 169 жұмыс орны ашылады. 

«Kisc» ЖШС-ның «Металл құю цехын жаңғырту» жобасы. Жоба құны 1,9 млрд теңге болса, қуаттылығын жылына 3,5 мың тоннадан 24,0 мың тоннаға дейін арттыру жоспарда бар. Цех іске қосылса, 150 жаңа жұмыс орны ашылмақ. 

Сондай-ақ «Дәмді себет» ЖШС «Ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйымдастыру» жобасын жүзеге асырмақшы. Оған 320 млн теңге қаржы қарастырылып отыр. Жылына 2160 тонна ұн өнімдерін шығара алатын қуаты бар. Цех ашылып жатса, мұнда 105 адам жұмыспен қамтылмақ.

Киелі Әулиеата өңірі ауылшаруашылығы саласы арқылы танылған аймақ. Сондықтан бұл салаға барынша мән беруіміз қажет. Осыны ескере келе, ауылшаруашылық саласында өнім көлемін 2023 жылы 15,3 млрд теңгеге жеткізу көзделген. Бұл межеге жету үшін жыл соңына дейін құны 2,8 млрд теңге болатын 2 жоба іске асырылады, – деді Бақытжан Орынбеков.

Жоғарыда айтылған инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі осы жылдың қорытындысымен 150,0 млрд теңгеге дейін арттыру көзделсе, І тоқсанның қорытындысымен 21,8 млрд теңгеге инвестиция тартылған екен. Ал бөлшек саудадағы тауар айналымын биыл 323,1 млрд теңгеге жеткізу жоспарланса, есепті кезеңде 75,4 млрд теңгені құраған.

– Өздеріңіз білетіндей, Тараз қаласында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұлай деуіміздің себебі, құрылыс жұмыстарының көлемін 2023 жылы 72,8 млрд теңгеге жеткізу көзделсе, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданын 372 мың шаршы метрге дейін арттыру жоспарда. Бұл көрсеткіштердің барлығын жыл соңына дейін толық орындаймыз деп сеніммен айта аламыз.

Жұмыс жүйелі болса, түсетін табыс та, кіретін кіріс те дұрыс болары анық. Биыл қалалық бюджеттің кірістері 58,9 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 14,9 млрд теңгеге артты. 

Бұдан бөлек, жоғары тұрған бюджеттерден жалпы сомасы 19,6 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферттер бөлінді. Оның ішінде, 9,6 млрд теңге даму трансферттері болса, 10 млрд теңге ағымдағы мақсатты трансферттер, – деді Б.Орынбеков.

 

Құрылыстағы қарқын

Даму картасында 2023 жылы бюджет есебінен 47 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. 

Бүгінгі таңда Сүлейменов көшесінің соңындағы 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған, қалған 28 үйді аяқтауға және Асқаров көшесінің соңындағы 16 көпқабатты тұрғын үйлердің бастамасына 9,7 млрд теңге қаржы қарастырылыпты. 

Мердігерлердің жеке қаражат есебінен 2023-2024 жылдары 11 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жоспарланса, бүгінгі күні «Самал» шағын ауданында 50 пәтерден тұратын 5 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал қалған 10 үйдің құрылыстары жүргізіліп жатыр.

Білім саласында 2023 жылы жалпы құны 10,1 млрд теңгеге 5 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. 

Бүгінгі таңда «Барысхан» тұрғын алқабындағы 600 орынды мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 4 мектептің құрылыстары жүргізілуде. Олар Сүлейменов көшесінің соңында 15 мөлтек ауданында әрқайсысы 1200 орынды 2 мектеп, «Арай» тұрғын алқабында 600 орынды 1 мектеп және «Казарма» тұрғын алқабында 180 орынды 1 мектеп. 

Сондай-ақ 1,8 млрд теңгеге 7 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары және 132,0 млн теңгеге 17 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыстар маусым айында басталатын болады.

 

Сан салада серпін бар

Жұмыспен қамту саласында 2023 жылы жеке, бюджеттік инвестициялық жобалардың және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобалардың аясында 10 596 жұмыс орны ашылады. Оның 3367 уақытша жұмыс орындары және 7229 тұрақты жұмыс орындары. 

Спорт саласында 2023 жылға 2 нысанның құрылысы жоспарланған. Атап айтсақ, «Талас» мөлтек ауданында фитнес залының құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілсе, «Құмшағал» тұрғын алқабында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаға қалалық бюджеттен 485 млн теңге бөлген. 

Сонымен қатар аулаларға 4 спорт алаңшаларын салу жоспарланса, бүгінгі күні 15-мөлтек ауданда және Менделеев көшесіндегі спорт алаңшаларының құрылыстары басталды. Ал қалған 2 спорт алаңшалары шілде-тамыз айларында салынады. 

Мәдениет саласында да бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді, Асанәлі Әшімовтің шығармашылық орталығының құрылысы басталады және «Көне қамал» кешенінің үшінші кезеңі іске асырылады.

Туризмді дамыту бағытында Тараз қаласы дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енді. Бүгінгі таңда қаламызда 76 қолөнершілер 8 бағыт бойынша жұмыс істейді. Алдағы кезеңде осы саланы дамыту мақсатында қолөнер орталығын ашу жоспарлануда.

2023 жылы саяжайларды жандандыру мақсатында «Жеңіс», «Қайрат Рысқұлбеков», «Шахристан» және «Арбат» демалыс орындарында гүлзарлар алаңы, демалыс аумағы, велосипедтер, скутерлер т.б. жүргізетін арнайы алаң, дүңгіршектер, заманауи үлгідегі аттракциондар соғылатын болады.

 

 

Тегіс жол, жарық көше – қала көркі

Инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы бойынша 15-шағынаудандағы 40 көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі алаңдық инженерлік желілері бойынша жұмыстар атқарылуда. 25 тұрғын үйдің ішкі алаңдық инженерлік желілерінің құрылыс жұмыстарын бастау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде. Шалғай Қарасу 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, «Шөлдала», «Құмшағал», «Шаңырақ», «Көктем», 28 саяжай алқаптарына және 14, 15 шағын аудандарына электр желісі тартылды.

– Осы жылы 500 млн теңгеге 68 көшедегі темірбетонды бағаналарға түнгі жарық шамдары орнатылады. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліп, мердігерлер анықталды. Аталған жұмыстар қыркүйек айына дейін аяқталатын болады.

Сондай-ақ 3,4 млрд теңгеге 118 көшеге, бұрылыс және тұйықтарымен орташа жөндеу жүргізіледі. 1,1 млрд теңгеге Саңырақ батыр және Шостакович көшелері қайта жаңғырудан өтеді. Қазіргі таңда бұл жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілуде. Сонымен қатар, көшелерді ағымды жөндеуге 200,0 млн теңге қаржы қарастырылып, жұмыстар жүргізілуде.

Нәтижесінде жақсы жағдайдағы асфальт жолдардың үлесі 61,6 пайыздан 65,0 пайызға дейін артады.

Бұдан бөлек 400,0 млн теңгеге қаламыздағы көпқабатты тұрғын үйлердің аула жолдары қалпына келтіріледі.

2023 жылы 625,0 млн теңгеге 27 аула заманауи және соңғы үлгіге сай абаттандырылады. 

Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 10 мыңнан астам тұрғындардың өмір сүру сапасына оң әсерін тигізіп, қаланың сәулеттік келбеті жақсарады.

Ағымдағы жылы даму картасына сәйкес, 43 көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден/модернизациядан өткізу жоспарланған. Бүгінгі таңда 5,4 млрд теңгеге республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Қолдау тапқан жағдайда 63 көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуден өткізуге мүмкіндік болады, – дейді қала басшысы Б.Орынбеков.

 

Жасыл аймақ құрудың жоспары

Жасыл белдеу қаланың көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2023 жылы 12 га жерге 15 мың тал көшеттерін отырғызу жоспарланса, қазіргі таңда 7,8 мың тал көшеттері отырғызылды. Бұл жұмыстар ары қарай өз жалғасын табады.

Арық жүйелерін қалпына келтіру бойынша алдағы үш жылда бюджет қаражаты есебінен 3,5 млрд теңге қаражат бөлініп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. 2023 жылы 3 аумақтық округтың ирригация жүйелерін қалпына келтіру мақсатында бюджеттен 1 млрд теңге қаржы қарастырылып, «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС жұмыстарды жүргізетін болады.

Автобус парктерін жаңарту мақсатында 2023 жылдан бастап жыл сайын үлкен және орта сыйымдылықты 70 автобустан алу жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС 20 бірлік және «Әулиеататранспасс» ЖШС 3 бірлік «Zhong Tong» маркалы автобустар жеткізіп отыр. Сыйымдылығы кемінде 55 адамды тасымалдау мүмкіндігі бар бұл қоғамдық көліктер №11, №19, №46, №28, №55 маршрут бағыттарында қызмет көрсетеді. Жыл соңына дейін жоспарды толық орындау күтілуде.

 

Тұрғын алқаптардың болашағы жарқын

Тұрғын үй салу үшін жер кезегінде бүгінгі күні 113 273 азамат тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 1821,6 га болатын 5 алқапты мемлекеттің мұқтажы үшін алып, қажетті инфрақұрылым жүргізу бойынша жұмыстар басталды.

Аталған тұрғын алқаптарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар жүргізілгеннен кейін, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 6213 жер телімін беруге мүмкіндік болады.

Ал, Тараз қаласының сәулеттік даму жоспарына келер болсақ,  облыс орталығының дамуын заманауи жоспарлау, тұрғындарға қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдарды тиімді салу мақсатында, жаңа Бас жоспар әзірленді.

Қазіргі уақытта қала аумағы 18 787 га құраса, жобалау аумағы 30 542 га құрайды.

Бүгінгі күні қаланың халық саны 428 мыңға жуық. Оған қоса, қала маңындағы Жамбыл және Байзақ аудандарынан 44 500 адам тұратын аумағы 11 755 гектарды құрайтын 14 елді мекен қосылуы көзделіп отыр. Бұл жағдайда қаланың халық саны 472 мыңнан асатын болады. Тиісті заңға сәйкес, «облыс орталығындағы қала халқының саны 400 мыңнан асқан кезде қаладағы аудандар құрылады» деп көзделген. Осыған байланысты қаланы 2 аудан құру жоспарланды. Әр ауданда 200 мыңнан аса халық болады.

Қала әкімі Б.Орынбеков 2040 жылға қарай қала халқының саны 512,0 мың адамды құрайды деп болжанғанын атап өтті.

– Қаланың өмірін және дамуын тиімді қамтамасыз ету үшін Тараз қаласында екі аудан құру қажеттілігі туындап отыр. Ол қаланың аумақтық тұтастығын, бүкіл қаланы бақылауды, жалпыұлттық қызметтер аумақтық ұйымдастыру және төтенше жағдайлар кезінде күштерді жедел ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.

Екі аудан құру туралы ҚР Президентінің атына хат жолданып, келісім құжаты алынды.

Сондай-ақ Тараз қаласында екі аудан құру бойынша іс-шаралар жоспары (жол картасы) әзірленіп, бекітілген жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде.

Бас жоспардың маңызды жобалық шешімдерінің бірі – өзекті мәселеге айналған көлік қозғалысын тиімді ұйымдастырып, көлік жолдарындағы жүктемені азайту. Осыған байланысты екі бірдей көлік жолы құрылысын салу көзделуде. 

Бірі – Абай даңғылын Балуан Шолақ көшесімен қиылысқан аумағындағы теміржол үстінен өтетін көлік жолы құрылысы арқылы халық арасында «за линией» аталатын аумаққа жалғастыру, екіншісі – Абай даңғылын 14 шағын аудан арқылы Кенесары хан даңғылына шығару қарастырылған. 

Қазіргі таңда қалалық бюджеттен жобалық-сметалық құжаттамасына 65 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дей келе Б.Орынбеков: – Көріп отырғандарыңыздай, атқарылған жұмыс аз емес. Дегенмен алдағы уақытта қолға алатын жобалар, жасалатын жұмыстар одан да көп. 

Облыс орталығы – Тараз қаласының даму жоспарын толығымен  іске асыруға бар күш-жігерімізді салып, жұмыс істейміз. Сондықтан қаламыздың дамуы, өсіп-өркендеуі өздеріңіз сияқты БАҚ өкілдеріне, тұрғындарға тікелей байланысты, – деді шаһар басшысы. 

Әрине, барлық игілік ел үшін, қала тұрғындары үшін жасалады. Балалардың ойын алаңшалары, отбасылық серуендеу, тынығу аймақтарының көп әрі жайлы болуы қала тұрғындары үшін аса маңызды. Бүгінде Таразда қолға алынған тірліктерді алдағы уақытта да таныстырып тұрмақпыз.

ЖАСҰЛАН СЕЙІЛХАН, Тараз қаласы
29.05.2023

Ұқсас жаңалықтар

«Ордабасы» президенті маңызды мәлімдеме жасады
«Ордабасы» футбол клубының президенті Абдубаитов Бауыржан Тойшыбекұлы - 25.04.2024 20
ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ ДӘРІЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 29
КЕНТАУДА ҚОҚЫС ЖИНАУ БОЙЫНША  «ПЛОГГИНГ» МАРАФОНЫ ӨТТІ
Түркістан облысының әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 41

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1017
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7064
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10912
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7133
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7275