БАР ҚАЗАҚ ҮНІ – «ҚАЗАҚ ҮНІ» ГАЗЕТІНЕ – 25 ЖЫЛ

БАР ҚАЗАҚ ҮНІ – «ҚАЗАҚ ҮНІ» ГАЗЕТІНЕ – 25 ЖЫЛ

Шерхан Мұртаза: «Кімнің кім екенін білгің келсе, кімнің қазақ тіліне қарсы, кімнің жақ екенін білгің келсе, тек «Қазақ үні» газетінен ғана оқып, біле аласыңдар»

«Егемен Қазақстан» газеті, 2004 жыл.

«Қазақ үні» Қазыбек Исаның бір мақаласымен-ақ ұйқыдағы жұртты оятты. 

Қуанбек Боқай, «Қазақ әдебиеті» газеті, 2004 жыл

Елімізге белгілі республикалық «Қазақ үні» газеті жыл сайын мерекесін Ұлы Абай күнімен бастап, газет күнімен жалғастырады.

Биыл 2025 жылы 11 тамызда «Қазақ үні» газетіне 25 жыл толып отыр.

Иә, осыдан ширек ғасыр бұрын «Қазақ үні» газетінің алғашқы саны жарқ ете қалғанда Алаштың игі жақсылары ақ тілегін айтып, қуана құттықтаған еді. Әйгілі Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов, қазақтың ұлы ақындары Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, заңғар заңгер Салық Зиманов,  атақты  академик  Өмірзақ Айтбайұлы сынды өзге де біртуар тұлғалардың ақ батасын алып, ақ жолымызды бастағанбыз.

Қазір бұл тарландардың ешқайсысы да өмірде жоқ. Пейіште рухтары шалқи бергей!

Басылым ешуақытта ұлт мүддесіне келгенде үндемей қалған жоқ.

Қалың оқырманның да үміті ақталып, «Қазақ үні» газеті барша қазақтың жырын жырлап, мұңын мұңдады.

Қашанда ханнан да, қарадан да тайсалмай, халықтың сөзін сөйлеуге ұмтылды. Кейбір алпауыт қалталы топтардың, белгілі партиялар мен ірі ұйымдардың басылымдары уақыт сынына шыдамай жабылып жатқанда, ұлттық намысты ту еткен «Қазақ үні» ел мүддесі жолындағы ісін тоқтатқан жоқ, талай қиын-қыстау сынақта «майдан даласын» тастап кеткен жоқ.

«Қазақ үні» газеті алғаш «Жас қазақ үні» деген атпен 2000 жылы 11 тамызда 15 мың данамен жарық көрді.

Басында газет «Жас қазақ» деген атпен тіркелмек болып еді. Бірақ газетті бұл атпен сол кездегі ақпарат министрі тіркеуден бас тартқан соң, үш айлық айтыс-тартыстан кейін газет атын «Жас қазақ үні» деп ауыстырдық.

Сонда да сол кездегі министріміз тіркемей қойды. Мен сол кезде ол кісіні сынап, сол кездегі Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайдың атына мақала жазған болатынмын. Шынында да, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып, аты дүрілдеп тұрған айбынды ақпарат министрін сынаған мақаланы басып ел өле алмай жүр дейсіз бе, ешқандай газет баспай қойды. Сонда қазақтың көрнекті ақыны Мейірхан Ақдәулетұлы басқаратын, Ақтөбеде шығып, Алтын Орданы сұрап тұрған «Алтын Орда» газеті бірден басты да жіберді… Үш ай тіркеле алмай жүрген «Қазақ үні» газеті 2000 жылы 1 тамызда тіркеліп кетті. Он күннен кейін 11 тамыз күні алғашқы санымыз жарқ ете қалды! Кейін ол мақаламды интернет басылым дегеннің елесі енді келіп жатқан, «Навигатор» деген орыстілді сайт та басты.

Газетіміз негізі белгілі қаламгер Ырым Кененбай басқаратын «Алматы – Болашақ» баспаханасынан тура 10 тамызда – қазақтың бас ақыны, данышпан Абайдың туған күні шықты. Біз бірақ «Ұлы Абайдың туған күнімен қабаттаспай-ақ қояйық» деп, газет датасына 11 тамызды жаздық. Яғни, жылда газетіміздің туған күнін Абай күнімен бастап, «Қазақ үні» күнімен жалғастырамыз.

«Жас қазақ үні» газеті біраз уақыт ел ішінде «Жас қазақ» деген атпен де белгілі болды.

«Қазақ үні» газеті – республикаға белгілі қоғамдық-саяси ұлттық басылым. Өткірлігі мен әділдігі және көбінесе біржақты басылымдар арасында билікті де, оппозицияны да ашық та, батыл сынайтынымен ерекшеленеді. Ең басты мақсаты – Ұлт мүддесінің ұпайын түгендеу.

Негізгі тақырыбы – мемлекет пен ұлт мүддесін қорғау.

2004 жылы Парламент депутаттары Мемлекеттік тілге қарсы шыққанда, дауыс беру стенограммасын жариялап жіберген «Мемлекеттік тілді табанға таптаған Парламент таратылсын!» атты менің сең қозғаған сенсациялық мақалам елімізді дүр сілкіндірді. Қазақстан Жазушылар одағына жиналған ұлт зиялыларының Сенат пен Мәжіліске Ашық хат жолдауына себепші болды. Оны көптеген баспасөз құралдары қатты қолдап кеткені белгілі. Еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанда» біртуар қаламгер-қайраткер Шерхан Мұртаза: «Кімнің кім екенін білгің келсе, тек «Қазақ үні» газетін ғана оқып, біле аласыздар» десе, «Қазақ әдебиеті» газетінде белгілі журналист Қуандық Боқай: «Қазақ үні» газеті Қазыбек Исаның бір мақаласымен-ақ ұйқыдағы жұртты оятты» деп жазды.

Сол кездегі Мәжіліс депутаты, аталмыш заң жобасына түзетудің авторы, көрнекті қоғам қайраткері Амангелді Айталы ағамыз: «Егер Қазыбек Исаның елді дүр сілкіндірген жақсы мағынасындағы ұлтшылдығы болмаса, мүмкін бұл қазақ тіліне қарсы дауыс беру ақпараты Парламент құпиясы болып қалар ма еді? Осылай «Жас Қазақ үні» талай көкірегі соқыр ұйқысырап кеткен депутаттарды шошындырып қана қоймай, жалпы қазақ қауымына ой салды. Шалажансар Парламент ұлтымыздың, тілінің әлсіздігін, қазақтардың өздерінің ұлтына деген қырсыздығының айнасы болды.

Айта кетейін, осыдан кейін, Парламенттің инженерлік орталығына енді қай мәселе болсын, депутаттардың қалай дауыс бергені туралы ақпарат беруге жоғарыдан үзілді-кесілді тыйым салынды» деп жазды.

Өзіміз де 2021 жылы осы Парламенттің депутаты болғалы ұлттық мүддені қорғауда бар күшімізді жұмсап келеміз. 2022 жылғы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды, ол үшін Ата Заңның 7-бабы 2-тармағын алып тастауды талап еткен депутаттық сауалымыз қоғамдық резонансқа айналып, әлеуметтік желіде челленджге айналды. Ал еGov петициясында қолдағандар саны 500 мыңнан, жарты миллионнан асып кетті… Құдайға шүкір, қазір Қазақстан Парламенті Мәжілісі 90 пайыз қазақ тілінде сөйлейді.

2009 жылы Қазақстанның қазақ туралы бір ауыз сөзі жоқ «Ел бірлігі» доктринасы шыққанда «Ел бірлігін бұзатын» Ертісбаевтардың «ертегісіне» қарсылық танытып, аштық жариялаған әйгілі ақиық ақын Мұхтар Шаханов бастаған ұлт патриоттарының басында «Қазақ үні» газеті ұжымының басшысынан бастап жартысынан астамы болды.

Ал 2011 жылғы бүкіл елді дүр сілкіндірген мемлекеттік тіл Ата Заңға сай болуы үшін Консититуциядан орыс тілі туралы 7-баптың 2-тармағын алып тастау жайлы әйгілі «138-дің хаты» кезінде газетіміз авангард рөлін атқарып, мыңдаған қол жинауды ұйымдастырып, жариялады…

2013 жылдан бастап ұлт мүддесін қорғауда алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан «Жас қазақ үні» газеті ұлт зиялылары мен қалың оқырман талап еткендей бар қазақ үніне айналып, «Қазақ үні» газеті болды.

Бүгінде ұлт мәселесі талқыға түскенде «осы газет не дейді» деп үміт ететін санаулы ғана басылымдардың басында «Қазақ үні» газеті тұрғанын ел жақсы біледі.

Астана қаласы әкімі кезінде белгілі мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетов бас редакторларды жинағанда «Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі президенті Сауытбек Әбдірахманов «ҚазМұнайГаз» секілді қаржы алпауытында істеп жүріп, «Айқарма» атты газет ашқан танымал журналист Шархан Қазығұлға «Тарихта ең тез ашылып, тез жабылып қалған газеттің бас редакторы» деп қалжыңдады. «Ой, газеті құрсын, өте қиын екен, қаржы жетпейді» деген Шәкеңнің кенет маған көзі түсіп кетіп, «Осы Қазыбекке таңым бар, қалай газет шығарып, қалай шыдап келеді» деген еді. Мен жай ғана: «Қазақ үні» жабылудан кеткен газет қой, құдайға шүкір. Өйткені оны қазір бар қазақ іздеп оқиды» деп жауап бердім.

Әрине, «Қазақ үні» газетінің бар қазақ үні болып келе жатқанында ұлтым деген қарымды қайраткерлер мен саңлақ саясаткерлердің де, апта сайын алаңдап күтіп отыратын жалпы оқырман қауымның да еңбегі зор…

Ал жаңа заман талабына сай 2009 жылдың екінші жартысында шыға бастаған, бүгінде алдыңғы қатарда келе жатқан Qazaquni.kz ұлттық порталымыз 2017 жылы республикалық байқауда жеңімпаз болып, «Қазақстандағы ең үздік сайт» атанды.

Тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін сайыпқыран сайтымыз ұлт мүддесін қорғауда қырағылығын күннен-күнге күшейтіп келеді. Қазақ тілін қолдап бір жарым айда 130 мың қол жиналуы – Қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған рекорд екенін бүгінгідей мерекелі күнде айта кетуге тиіспіз.

Иә, 1913 жылы жарық көрген қазақтың алғашқы басылымдарының бірі, ұлттың үні болған «Қазақ» газетінен 87 жылдан кейін дүниеге келген, бүгінде қалың Қазақтың үніне айналған «Қазақ үні» газетіне де 25 жыл толып отыр, құдайға шүкір.

Қазір нар «Қазақ үні» – атына сай бар Қазақ үніне айналды.

Осыдан жиырма бес жыл бұрын 2000 жылы 11 тамызда руханият әлеміне қадам басып, ақпарат аламанына ат қосқан «Қазақ үнін» қарсы алыңыздар, қадірменді оқырман қауым, Қалың Қазақ, Алты Алаш елі!

 

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті  Мәжілісінің депутаты. 

«Қазақ үні» ЖШС 2000-2020 жылдардағы басшысы http://qazaquni.kz/.../163991-bar-qazaq-uni-nar-qazaq-uni...

БАР ҚАЗАҚ ҮНІ – «ҚАЗАҚ ҮНІ» 

ГАЗЕТІНЕ – 25 ЖЫЛ

 

«Қазақ үні» газеті қазақтың көрнекті ақыны, саясаттанушы, қоғам қайраткері, Парламент депутаты Қазыбек Исаның бастамасымен дүниеге келді. Басылым шыр етіп дүниеге келгеннен бастап ұлт, мемлекет мүддесін батыл түрде көтеріп, қалың елді өзіне қаратты. Әсіресе тіл мәселесінде жігерлілік танытып, талай мықтыларды сын тезіне алды. Әлі де сол бетінен үнемі жаңылған емес, әлі де қаһарлы, әлі де бетің бар, жүзің бар демей сынап келеді. Қазақ газеттерінің саны азайып бара жатқан тұста  бір-бірімізді қолдау біздің басты парызымыз. «Қазақ үнімен» біз әрқашанда біргеміз! Әріптестерімізді мерейтойларымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз. Әрқашан әділет биігінен көріне бер, «Қазақ үні»! 

 

Құрметпен “Qazaqstan dauiri” ЖШС-ның ұжымы

04.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17554
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17403
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32575
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31164
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34822