Лэйк-Плэсид (АҚШ) қаласында өтіп жатқан қысқы универсиадада қазақстандық биатлоншы Вадим Куралес 15 шақырым қашықтықта жекелей сында мәре сызығын бірінші болып қиып, чемпион атанды. Жарыс жолына 16-ыншы болып шыққан Вадим нысана көздеуден бір ғана рет (0+1+0+0) мүлт кетіп, 42:37.4 минут нәтиже көрсетті. Норвегиялық биатлоншы Эрьян Мосенг қазақстандықтан 42,6 секундқа артта қалып, екінші орынға ие болды. Франциялық Аксель Гарнье (+1:16.5) үздік үштікті түйіндеді. Осылайша, Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде – алтын медаль түсті. Аталған қашықтықта қазақстандықтардан Александр Мухин, Кирилл Бауэр және Бекентай Тұрлыбеков осы қашықтықта сынға түскен-ді, бірақ олар жүлдеге іліге алмады.
Ал, биатлоннан әйелдер арасында 12,5 шақырымға жекелей жарыста 42:52,9 уақыт көрсеткіші есебімен канадалық Шило Руссо жеңіске жетсе, күміс жүлде польшалық Барбара Скробишевскаға бұйырды. Қола жүлдені чехиялық Тереза Джандова қоржынға салды. Төртінші орынды қазақстандық биатлоншы Полина Егорова иеленді, ол мәреге Яндовадан бір минуттан астам уақытқа кеш жетті. Бағдарламаның бұл түріне Қазақстанның тағы бес өкілі – Кристина Титиевская (12), Арина Крюкова (14), Надежда Пивоварова (22), Арина Скрипкина (32), Ксения Долгополова (35) да қатысты.