Аграрлық ғылым мен білім саласында кешегі Целиноградта алғашқы болып құрылған бүгінгі Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті еске оралады. Тың игеруден бастап тәуелсіздік тарихымызда да өз жолынан бір рет те тайып кетпей, тек ауылшаруашылығы мамандарын даярлап келе жатқан солтүстік өңірдегі бірден-бір ғылым мен білім ошағы бұл.
Жалпы айтқанда, әр істің алға қадам басып, ілгері жылжуы жолында белгілі бір тұлғаның болатыны шындық. Егер ол болмаған кезде шаңырақтың да шаттығы болмасы анық. Бүгінгі таңда осынау елорданың төріндегі тарихы тереңге тартқан білім ошағы әлемді жайлаған індеттен кейін өзіндік қайта өрлеу жолына түсіп, тыңнан түрен сала бастады десем, артық болмас. Өткен жылдың қараша айында білім ошағына жаңадан басшы, ректор болып ҚР ҰҒА академигі Тіреуов Қанат Маратұлы тағайындалған болатын.
Өзі жас, жас болса да ұшқыр ойлы әрі білікті маман екенін бірден байқаған қалың ұжым, университеттегі білім мен ғылым саласындағы жаңа бетбұрыстың болатындығына кәміл сенген. Алғашқы келген күннен бастап ол шетелдік ғалымдармен жұмыс жүргізе бастады.
Бүгінде тоқтап қалған талай істің бойына қан жүгіріп отыр. Әлемнің дамыған елдері Франция, Қытай, Корея, Германия, Ресей т.б. мемлекеттердің аграрлық салада білім беретін университеттерімен байланыс қайта жаңғырып, арнайы жобалар әзірленуде.
Қазіргі таңда әлемде қос дипломды білім беру деген аса бір ілкімді жоба қалыптасты. Міне, осы әлемдік жобаны бастан-аяқ қайта жобалап жүйеге қою да Қанат Маратұлының пәрменімен жүзеге асырылуда.
Студент Қазақстанда білім алып, белгілі бір деңгейге жеткен уақытта білім беру бағдарламалары сәйкес келетін шетелдік университетке барып білімін жалғастырады. Осылайша екі жақты білім жүйелерін бір арнаға тоғыстыра отырып, студент толық білім бағдарламасын аяқтаған шақта екі елдің университеттерінің дипломын алып шықпақ. Бұл үрдіс бүгінде ауылшаруашылығы саласында аса бір үлкен қызығушылық туғызып отыр. Себебі шетелдің ғалымдары біздің елдегі аграрлық жағдаяттарға өте үлкен мән беруде. Ғылыми жобалар жасау кезінде екі жақтың ғалымдарына ерекше жеңілдік бермек. Осыған сәйкес әлемде бүгінгі таңда тағам қауіпсіздігі мәселесі мықтап қолға алына бастады. «Тағам қауіпсіздігі дегеніміз – әлемнің қауіпсіздігі», – дейді Марат Қанатұлы.
Жақында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен арнайы кездесу өткен болатын. Кездесуде университет тарапынан ғалымдардың келелі мәселеге ғылыми тұрғыда араласып, ауқымды істің түйткілді мәселесі болса, бірге шешу мақсаты болды. Ұйымның Бас директоры Ерлан Байдәулет те өзінің тарапынан университетке барынша қолдау көрсете отырып, арнайы келісімге келді.
Әлемді алдағы уақытта азық-түлік мәселесі үлкен дағдарысқа ұшырататынын ғалымдар болжап отыр. Біз осы бір үлкен дағдарысқа дайын болуымыз керек. Себебі біздің еліміздің аграрлық саладағы мүмкіндігі орасан зор. Осы мүмкіндікті қолдан жіберіп алуға болмайды. Сондықтан тағам қауіпсіздігі, азық-түлік мәселесімен түбегейлі айналысуымыз керек. Әсіресе ауылшаруашылығы саласында жүрген ғалымдардың басты бағыты болуы тиіс, – деп отыр Қанат Маратұлы. Білімді әрі білгір маманның бұл сөзінде үлкен мән бар. Ол келер қауіптің алдын алумен қатар мәселелерін шешудің жолын қарастыру керектігін баяндап отыр.
Рас, адамзат үшін басты мәселеге айналып бара жатқан азық-түлік пен оның қауіпсіздігі – ең алдымен ұлтымыздың әр азаматына деген қамқорлық. Сондықтан қазір кейбіреулер ғылым деп өзге болмашы ғана табыс көзі үшін жасалған дүниелерді алға шығарып жатқанға ұқсайды. Бұл салаға білгір де білікті Қанат Маратұлы Тіреуов сынды қабілетті мамандарды тарту керек.
Астаналық С.Сейфуллин университетінің мамандары мұнымен ғана тоқтамақ емес. Еліміздің ғарыш саласы мен жерді қашықтықтан зонттау, ветеринария, орман шаруашылығы, астық, тұқым шаруашылығы салаларын да табанды түрде қолға алып келеді. Бұл жөнінде жасалып жатқан ауқымды жұмыстарды ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Ерғалиев Қуаныш Асылханұлы арнайы келіп көрді. Оқу орнының ғылыми әлеуетімен танысқан вице жасалып жатқан жұмыстарға оң баға беріп отыр. Министрлік тарапынан ғалымдарға қолдауды тоқтатпайтынын жеткізді.
Соңғы уақытта білім ордасы еліміздің елшілік өкілдерімен бірге өзге елдің ғылым-білім ордаларымен екіжақты кездесулер өткізіп, пікірлесуді дәстүрге айналдырған. Оған дәлел Мәскеу қаласының іргесінде 1960 жылы іргетасы қаланып, 1992 жылы қайта жаңғырған Ресей халықтар достығы университеті мен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті берік келісімге келуі болып отыр. Әлемнің ең озық ЖОО қатарына кіріп «ЮНЕСКО-ның алтын жұлдызы» атанған ресейлік білім ордасы астаналық университетпен серіктестік орнату туралы ұсынысты өздері жасаған. Ресей халықтар достығы университетімен келісімге келу мақсатымыз білім мен ғылым әлеуетін кеңейтіп жастарға, студенттерге барынша мүмкіндік жасау, – дейді ректор Қанат Маратұлы. Көршімен тығыз байланыста болу қағидасын мемлекеттік орындар ғана емес, ғылыми тұрғыдан да берік ұстап отырған университет басшысының да ел үшін жасап жатқан игілігі ісі еленуі тиіс дегенді атап өткен абзал.
Алдағы қыркүйекте Астанада екі елдің бірлескен аса ірі көлемдегі ғылым-білім саласы бойынша конференциясы басталмақ. Бұл жиында әлемнің әр түкпірінен келетін ғалымдар ғылым саласының озық мүмкіндіктері мен жобалары туралы пікір алмасып, ойларын ортаға салады деп күтілуде.
Білімнің көкжиегін кеңейтуді үнемі қағида етіп отырған еліміздегі жоғары оқу орындары туралы Алматыда өткен форумда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Университеттегі ғылымды дамыту – маңызды бағыт. Біздің университеттердің көпшілігі teaching university деңгейінде. Олардың ғылыми-зерттеу университеті форматына ауысуы өте маңызды», – деп айтқан болатын.
Министрдің сөзіне дәлел болғандай, жыл басында С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетіне зерттеу мәртебесі беріліп отыр. Мұның өзі бірінші білім ошағына тың серпін әкелген білікті де білгір ұйымдастырушы басшының және ғылыми әлеуеттің жоғары екендігінің айғағы.