Дәстүрлі экспедициямен Ұлытуға аяқ басқанда ең алдымен облыс әкімшілігінің табалдырығын аттадым. Облыс әкімі Дастан Адайұлы еңбек демалысында жүргендіктен әкімнің орынбасары Зина Жұманазарқызы қабылдады. Қарамағындағы Қоғамдық даму басқармасы, білім басқармасы секілді мекемелердің басшыларын жинап ақылдасып тапсырма берді. Алдағы үш күннің жоспарын бекітті. Зина Жұманазарқызының жіті қадағалауында жұмыстар ретіне келіп бағыттарымыз айқындалды. Әсіресе, «Аманат» партиясының Ұлытау облысындағы атқарушы хатшысы Ерлан Батырбекұлының тікелей ұйымдастыруында іс-шаралар оңына басып жүре берді.
Келесі күні Думан Жұмановтың бастауымен Ұлытау ауданына жолға шықтық. Жоспарланған барлық нысандарға ат басын бұрып аялдап өттік. Аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың қабылдауында болып, экспедицияның мән-маңызы туралы сұхбаттастық. Ұлытауға жеткен соң аудандық Мәслихаттың төрағасы, «Аманаттың» төрағасы, ақын, журналист, аудармашы Ахат Құрмансейітовтың қабылдауында болып, өңірмен таныстым.
10 қазан түске дейін Жезқазғандағы төрт нысанды көріп шықтым. Облыс болғалы бері бой көтерген мәдени, спорт мекемелерін, кітапхананы араладым. Тың серпіліс пен қол жеткен нәтижелеріне қуандық. Түстен кейін Облыстық орталық әмбебап кітапханада маңызды жиналыс болды. Жезқазған мен Сәтпаев қалаларындағы мектеп басшылары, орынбасарлар, кітапханашылар, ата-ана өкілдері бас қосқан шара өте жоғары деңгейде өтті. Білім басқармасының бас маманы Салтанат Дүйсенбекқызы қадағалап, өзі қатысты.
Облыстық «Аманаттың» саяси бөлім жетекшісі Бегзат Азияқызы жиналысты ашып, жүргізіп отырды. Ұстаздар алдында ұлттық құндылық, тәлім-тәрбие, кітап оқу, баспасөзге жазылу туралы айттым. Жиналысқа келген мектеп басшылары өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Ол – ұлттың келешегі ұрпақ қамы. Бүгін газет-журнал оқыған бала, ертең кітап оқитын болады. Кітапқа дос болған адам қоғамның қозғаушы күшіне айналады.