Бір облыстың «тізесін» дірілдеткен Елмұратова кім?

Бір облыстың  «тізесін»  дірілдеткен  Елмұратова кім?

Редакцияға менің атыма Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бадам ауылының тұрғыны Оралова Забирадан түскен өтініш хат мені бейжай қалдырмады. Хаттан үзінді келтірейін: «Елмұратова Ұлжан «Боқтампаз завуч» деген атпен әйгілі болған әйел менің жиырма жасар, әскерден Отан алдындағы борышын өтеп келген ұлым Махан Мәдиге жазықсыз жала жауып, бес жылға соттатып жіберді» деп, одан әрі Мәдидің түнде сыныптасының үйіне кірмекші болып, Ұлжанның үйіне кіргенін, содан әрі басы бәлеге қалғанын жазады. Ақырында  «зорламақшы болды» деп, 20 жасар жас жігітті бес жылға соттатады. Ол Елмұратованы соттатуға әрекеттенген-мыс. Баланың ата-анасы аңырап қала берді.  Халық та шулап әділдікті талап еткенімен, бәрі бекерге шыққан.  Біз сотқа сенеміз.  Бас Прокуратура Мәдиді жазықсыз десе, Жоғарғы сот оның жазасын сол күйінше қалдырады... 

Осы хатты оқып, желтоқсан айынан бері соты өтіп жатқан Елмұратоваға деген  «қызығушылығым» артты. «Боқтампаз завуч» туралы біраз зерттеу жүргіздім. Бұл неткен әйел?  Неге елдің бәрі оны қаралауға әуес? Шынымен елді зар еңіреткен жүзіқара ма? Желтоқсанда басталған сот отырысы әлі созылуда.  Бір ғана Ұлжан Елмұратоваға тағылған айыпты атан түйенің өзі көтере алмас.  

Иә, мен әлеуметтік желіден Ұлжан Елмұратова жайлы ішінара таныс болатынмын. Әлеуметтік желіде қасиетті Түркістан облысында «Боғауыз завуч» деген лақап атпен танымал Ұлжан  Елмұратова деген әйел  «жұлдызға» айналғаны тараған.  Мен әңгімеге арқау етіп отырған, атағы елге «кеңінен жайылған» Ұлжан Елмұратова жайлы тағы бірде қоғам белсендісі Құрал Сейітовтың  әлеуметтік желідегі жанайқайын, Елмұратовадан зәбір көрген әйелдермен өткізген сұхбаттарын көрдім. Әлеуметтік желі болғандықтан, мұның бәрі шындыққа жанаспайтын шығар, бәлкім біреулердің жаласы болар деген де ой болды. Тіпті ол әйел туралы жағымсыз   видеоларды көре бергеннен кейін адамдардың да еті  өліп кеткендей көрінетін маған.  Көпшілікте дәп сондай кепте болғаны анық. Себебі әлеуметтік желі халықты мейірімсіздікке, қатыгездікке әбден үйретті ғой. Тіпті жантүршігерлік оқиғаларға селт етпейтін күйге жеттік. 

Ұлжан  Елмұратова Бадам орта мектебіне шаруашылық меңгерушісі болып орналасқан. Содан соң іле-шала директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жоғарылаған. Мұндай тәрбиесіз адам қалай бала тәрбиесімен айналысқан? Оған кім жол берген? Отыз алты жастағы келіншектің төрт баласы бар. 

 

 

Халық жанашыры, ұлттық кеңестің мүшесі Айгүл Орынбекованың осы тұрғыда жасап жүрген істеріне, батылдығына риза болдым. Айгүл «боқтампаз завучтың» талайларды тұзағына түсіріп, миллиондап ақша табуды «кәсіпке» айналдырғанын ашына айтады. Ауылды, ауданды, тіпті облысты уысында ұстағанын, талайларға зәбір көрсеткенін кеңінен жеткізеді. Халықтың қорғаушысы болып жүрген қайсар қыз Айгүл жапа шегіп, жалаға ұшырағандарды әпербақан «боғауыз завучқа» қарсы күреске шақырады. «Осы арқылы біз нағыз әділеттілікке жетеміз»дейді батыл түрде. 

Енді міне, «Мың асқанға – бір тосқан» демекші, Ұлжан Елмұратованы ірі көлемде пара алып жатқан жерінен заң орындары құрықтады. Төрт айдан бері Ордабасы ауданында соты жүріп жатыр екен. Адам тағдырына бейжай қарай алмай, осы сотқа  қатыстым. Көпбалалы ана, ұстаз болған адам осындай жағдайға неліктен барды деген оймен, сот процесін көргім келді. Менің таңғалғаным – айыпталушы Ұлжан Елмұратованың еркін, өз үйіндегідей шат-шадыман жүргені. Қайта оны сотқа берген жәбірленуші полиция қызметкерінің еңсесі түсіп кеткен сияқты. Сотқа журналистер, қоғам белсенділері көптеп келуі керек еді. Бірақ «боғауыз завучтың» туыстарынан басқа адамдарды байқамадым. Неге екенін білмедім, соттың дауысы бәсең естіледі. Ұлжан Елмұратова ә дегенде маған «Ақ шашыңызбен... сіз неге аңдып келдіңіз?» деп, қарғыстарын жаудырды. Мен жауап берейін деп ыңғайланып едім, сот басып тастады. Онысы, әрине, жөн. Келісемін. Елмұратованың төрт бірдей қорғаушысы бар екен. Жәбірленуші Дәулет Төрежанның бірде-бір қорғаушысы жоқ.  «Неге сенің қорғаушың жоқ?» деген сұрағыма «Қорғаушы жалдайтын ақшам жоқ. Сотқа және өзіме сенемін», – деп жауап берді. Енді мұның анық-қанығын сот шешеді.  Ол туралы өз ойымды қазір ортаға салғанды жөн көрмедім. Себебі сотқа тағы да қатыспақшымын. Бір таңғаларлығы, түс ауа Ұлжан 180 градусқа бұрылып, менен кешірім сұрады...

Судағы балықтай қолға түспей жүрген, ешкімге дес бермейтін зор күш иесі, «зорлықшыл, бопсалаушы, боқтампаз әйел» нақты дәлелдермен қолға түсіпті. Енді ол сөзсіз сотталуы керек. Бірақ... Неге екені белгісіз, қалың ел бұған сенбейді. Неге? Сот әлі жалғасады. Біз одан әрі қатысуға шешім қабылдадық.  Сот Ұлжанның бұрын да бопсалаған зұлымдықтарын су бетіне шығару керек деп ойлаймын. Маған келген, шағым жасаған адамдардың пікіріне сүйенсек, ол жәбірленушілерді сотқа кіргізбей жүр екен. 

Қалай болғанда да, әділдік салтанат құруы тиіс. Сонда ғана халықтың сотқа деген сенімі, сот билігінің беделі артады. Жемқорлыққа да тосқауыл қойылады. Біз де сол әділдікті күтеміз. 

Бұл әйел тұтас бір ауылды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрыпты. Бәрі одан қорқады, қаймығады. Себебі тіреуіші күшті. Қолдаушысы мықты!  Елдің айтуынша, барлық атқарушы органдарды сатып алған көрінеді.  

Әділдіктің жалауы желбіреуіне,  жазықты жанның әділ жазасын алуына үн қосуға  дайынмын.  Жоғарыда айттым, әлеуметтік желі деген  адамды өлтіріп жіберуге дайын тұр. Соттан кейін біраз адамдармен сөйлестім, – тырп етпейді. Барлығының айтатыны – «қорқамыз». Бұл бірінші сот емес дегенге саяды. Сонда бір ауданды, ауданды емес-ау, бір облысты  шошытып отырған бұл әйел кім?  Елмұратованың артында қандай күш тұр?  Бәрін соттың ар-намысына саламыз.  Әр сот отырысынан кейін халықты сот процесімен құлағдар етіп отырамыз. Менің жанымды ауыртатыны – ол сотта «төрт балам бар» деп шырқырап отыр. Иә, ол  айыпты  ма,  қылмыскер ме, сот шешеді.  Бұл әйел неге осы күнге дейін сотталмай жүрді? Осының себеп-салдары неде? Неге бұлай болды? Жаңа Қазақстанда жаңа сот әлі қалыптасып үлгерген жоқ па? Әлеуметтік желіде айтылған әр сөзді, әр әрекетті бала да, шаға да көреді. Елмұратова мектепте қалай мұғалім болды?  Оның өзі «Мектепке қызметке тұрғанда құжатым заңсыз болды» деп мойындайды.  Жұмысқа алған білім басқармаларының аты-жөнін де жасырмай  айтып  отыр.   Жай  мұғалім  емес, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жүргендегі боғауыз сөздері әлеуметтік желіде самсап тұр. Бұдан өткен қандай факт мен дәлел-дәйек керек? Бір адамның айыпталуына осының өзі жетіп жатыр білгенге.  

Осы Елмұратоваға қатысты жазылған посттарға мыңдаған адамдар лайк басады.  Ішінде заңгерлер де баршылық. Барлық республика жұрты көріп отыр. Бірақ ешкім алдыға суырылып шықпайды. Қорқады. «Бәледен машайық қашыпты» деген ұстанымда қатып қалған. Алайда бәрі де Әділетті Қазақстанда өмір сүргісі келеді. Парадокс.  Елмұратова бірнеше адаммен сан рет соттасқан.  Зәбір көрген, ақша берген,  қиянат көрген ауыл жұрты да тым-тырыс. Олар да сот процесіне қатысып, өздерінің көрген-білгендерімен бөліссе, соттың әділ өтуіне, халықты қан қақсатқан әйелдің  әділ жазасын алуына  себесін болары анық қой. 

Ата-анасы атын Ұлжан деп қойған, затын халық «боқауыз завуч» деген, «халық айтса, қалт  айтпайды». Енді шешімін Әділетті Қазақстанның әділ сотының ар-ұятына салайық, ағайын.  

Міне, менің әзірге сот процесінен көңілге түйгенім осы! 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі заңға қол қойды. Біріншісі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы», екіншісі – «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы. Болашақта осындай мазмұндағы, ер-азаматтарымыздың құқығын қорғайтын заң қажет болып жатса, таңғалмайтын шығармыз. Тентегін бір ауыз сөзбен тезге салған ата-бабаларымыздың тәрбиесі, ұлттық құндылығымыз қайда? Ауыл ақсақалдары, әжелер алқасы тек сөз жүзінде жұмыс атқармай, ұрпақ тәбиесіне мән берсе, осындай келеңсіздіктер орын алмас па еді?   

 

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

 

10.05.2024

Ұқсас жаңалықтар

МҰХАММЕДСАБЫР ЖОЛДАМАҒА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 29.06.2024 905
ТҮРКІСТАННЫҢ ҚОС СПОРТШЫСЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 15.06.2024 14
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 77 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОҚУШЫҒА АТТЕСТАТ ТАБЫСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 15.06.2024 127
ТӨЛЕБИДЕ ДЗЮДО КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАРЫС БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 15.06.2024 117

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 2249
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 8273
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 12157
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 8317
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 8481