Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 97 408 педагог жұмыс істейді, оның ішінде ауылдық жерлерде – 41 596, қалада – 55 811. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева осындай мәліметтерді жария етті. Баланың дамуының маңызды факторы – мұғалімнің кәсібилігі.
«Жыл сайын мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінде болып жатқан өзгерістер шеңберінде біліктілікті арттыру курстарынан өтетін педагогтер саны артып келеді. Мәселен, 2022 жылы мектепке дейінгі білім беру жүйесінің 14 мыңнан астам педагогі курстарды бітірсе, 2023 жылы олардың саны 21 мыңға жетеді», – деді Н. Жұмаділдаева.
Оқу-ағарту министрлігі өкілінің айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілерінің мәртебесін арттыру үшін жалақыны ұлғайту және тәрбиеші – бала жүктемесін ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштеріне дейін төмендету тетіктері қарастырылып жатыр.
Сонымен қатар министрлік жергілікті атқарушы органдарға мектепке дейінгі білім беру жүйесі үшін педагогикалық кадрларды даярлаудың дуалды жүйесін белсенді қолдануды ұсынады, осылайша студенттер мектепке дейінгі ұйымдарға ертерек барып, дағдыларды меңгеріп, осы салада қалады.