Пластмасса ыдыстардың тұрмысымызға әбден кірігіп кеткені соншалық, біз өмірімізді әртүрлі контейнер-бөтелкелерсіз елестете алмаймыз. Мұндай ыдыстарды пайдаланбаймын дегеннің өзінде, күнделікті ішетін кока-кола, фанта секілді түрлі газды сусындардың құтылары да жетіп жатыр. Мәселен, Тараз қалалық «Тұрғын жай- коммуналдық шаруашылық» бөлімі мамандарының айтуынша, соңғы жылдары қалада пластмасса қалдықтарының көлемі едәуір өсіпті. Қазіргі күні полигонға төгілетін қоқыстың ең көбі қағаз қалдықтары болса, екінші орында осы пластмасса бөтелкелер екен. Қоқыстың 15 пайызы осының еншісінде. Біздегі бір кемшілік, қалада пластмасса ыдыстарды тастауға арналған арнайы жәшіктер өте аз. Осыны ескерген тараздық студенттерден құралған еріктілер тобы «Бізге – пластмасса, сізге – сыйлық» деген ұранмен ерекше акция өткізді. Студенттер көше-көшелерді, аулаларды аралап, пластмасса құтыларды жинады. Оларды қоқысқа бей-берекет тастаудың алдын алды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті Аружан Мұқтарқызының айтуынша, күн сайын тау-тау қылып қоқысқа тастайтын пластмасса құтылар жер бетінде 100 жылға дейін шірімейді екен. Бір рет пайдаланылған мұндай ыдыстарды отқа жағуға да болмайды. Өйткені, ол жанған кезде азот тотығы, акролеин, циан сутегі, хлор сутегі секілді өте зиян заттарды бөледі. Аталған проблеманы шешуге аз да болса үлесін қосу үшін белсенді студенттер арнайы зерттеу жұмысын қолға алыпты.
Жобаның аты да ерекше, «Пластмассаның жаңа өмірі» деп аталады. Студенттер өз жұмыстары арқылы пластмасса ыдыстарға «жаңа өмір» сыйлаймыз деп санайды және олардың бұл жобаларының қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Олар осындай ыдыстардан сабақ үстінде пайдаланатын түрлі көрнекілік бұйымдарын жасап шығарған.
Жоба жетекшісі Самат Есенбектің айтуынша, бұл бұйымдарды оқушылар математика, логика, дене шынықтыру сабақтарында қолдануға болады. Тіпті, олардың қолынан шыққан дүниелер балабақша, тұрғын үй аулаларына қоюға да жарамды.
Зерттеу жұмысының авторлары пластмасса қалдықтарының табиғатқа келтірер орасан зиянын азайту үшін өздерінің ұсыныстарын әзірлепті. Олар өндіріс орындарына, аулаларға арнайы жәшіктер орнатып, қалдықсыз технологияға көшу керек дейді. Ал, бұл мүмкін болмаған жағдайда, пластмассаны өздері секілді жеңіл жолмен өңдеп, оған жаңа өмір сыйлауды жөн санайды.
«Таразда өріске шыққан мал қоқыстың үстінде жайылып жүр. Тұрғындар қалдықпен қоректенетін малдың арам қатып жатқанын айтып дабыл да қақты. Ондай малдың еті мен сүтін тұтыну адамдарға түрлі аурулар әкелуі мүмкін. Қазір қаладан шыққан қоқыс полигонға сыймай жатыр. Залал келген аумақтың көлемі ұлғайып, жайылым жерлерге де зияны тие бастады.
Жыл сайын 4 миллионнан астам адам лас ауамен демалғанның кесірінен көз жұмады екен. Ал, сол ауа неден ластанады? Өнеркәсіп орындарының мұржаларынан будақтаған түтінмен шығатын улы қалдықтың белгіленген межеден тыс көптігі, көлік санының артып бара жатқаны, жеке сектордың отынды шамадан тыс жағуы, әлем бойынша қоқыстың, қалдықтың дұрыс игерілмеуі сияқты толып жатқан себептері бар», дейді Самат Есенбек.