Фейсбуктегі парақшасында жазба қалдырған Мәжіліс депутаты, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының тең төрағасы Еділ Жаңбыршин: «Бүгінгі күні халықты екі үлкен мәселе толғандырып отыр, олар:
1. Кезектен тыс Президенттік сайлау және оның 7 жылдық мерзімі;
2. Президент Қ.К.Тоқаевқа қатысты пікірлер.
Мақсатымыз – инклюзивті мемлекет құру
Елдегі саяси және экономикалық ахуалды бәріміз көріп отырмыз. Жағдай қиындамаса, жақсарған жоқ. 30 жыл бойы қалыптасып келген жемқорлық қоғамның барлық жеріне обыр (рак) ауруы сияқты кіріп кеткен. «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» демекші, бұл «ауруды еккен» және оны өз мүдделеріне пайдаланып отырған күштер бар екенін мектептің баласына дейін біледі. Олардың мақсаты сол баяғы ресурстарға иелік етіп, өз биліктерін қайтарып алу. Оларда доллармен есептегенде миллиардтаған қаржы бар, ақпараттық ресурстары тағы бар, биліктің барлық тармақтарына кіріп алған адамдары бар. Олардың құрған жүйесі елді кедейлікке алып келді. Мемлекет басқаруды халықтың әл-ауқатын жоғарылатуға емес, оны тонауға бағыттады. Әлі де сол әрекет жүріп жатыр. Заңды да, банктерді де, тіпті күштік құрылымдарды да өздеріне ыңғайлы қылып жасады. Халықаралық заңдармен, келісімшарттармен бекітіп, Қазақстанды жекеменшік «Жабық акционерлік қоғам» қылып алып, бүкіл байлығын сорып отыр. Біз білмейтін, тоналып жатқан дүние көп.
90-жылдардың басында коммунистік идеологиядан еліміз арылғаннан кейін, мемлекет басындағылар өзіміздің ұлттық идеологиямызды қалыптастырған жоқ. Неге? Бар гәп осы жерде. Өйткені қазақ халқы – асыл халық. Оның неше ғасырлық ділі мен діні, тарихы мен мәдениеті көп елден көш ілгері. Соның арқасында бабаларымыз әлемге руханияттың нұрын шашты, сол заманның озық технологияларын дүниеге әкелді. Ең бастысы әлемде әділдік орнатты! Ал бізде не болды? Тәуелсіз Қазақстанда төл руханиятымызды төрге шығармай, дүние мәселесіне басты көңіл бөліп, «экономика бәрін түзейді» деп, байлықты «прихватизация» жасауға көшті. Ал идеологиялық вакуум ешқашанда болмайды, бос жерге неше түрлі ағымдар кіреді. Ең сорақысы Ислам атын жамылған қаскөйлер еліміздің идеологиясын талқандап, сонау ата-бабадан келе жатқан руханиятымыздың түп-тамырына балта шаба бастады. Оны билік көрді, қарсы келмеді, тіпті қолдап отырды. Себебі ұлттық идеологиямыз әділдікке алып келіп, халықтың байлығын тонатпайтын еді!
Ау, ағайын! Руханиятыңды бұғаттап және түгелге жуық байлығыңды азғантай азғын топтың, кланның қолына өтіп, кемі 25 жыл өз биліктеріне алып, оны шыр айналдырып отырған заманда не істеу керек? Тарихтан белгілі қисайып кеткен нәрсені түзеудің екі жолы бар. Біреуі – революциялық (хирургиялық), екіншісі – эволюциялық (терапиялық). Революциялық жолы өте ауыр жол – өйткені онда қан төгіледі. Шабу, кесу, жұлу, опыру болады. Екі немесе бірнешеге бөлінген күштер ұрысқа шығады. Оны сіздер менен жақсы білесіздер. Кезінде Ресей патшалығын революциямен құлатты. Сол заманда қаншама ел қырылды, қан суша ақты. Оны жасағандарда иман, аяушылық, мейірім деген нәрселер болған жоқ. Олар Құдайды жоққа шығарған тобыр еді. Ол бізге керек пе? Қазақты, қазақ құртып құрған мемлекет кімге керек? Ол дәл маған керек емес! Сізге де керек емес деп ойлаймын! Эволюциялық жол – заң аясында, азаматтық қоғам құрып, басқару жүйесін өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай өзгерту. Инклюзивті мемлекет құру. Бірақ оны жасауға кедергілер көп. Кешегі қаңтар оқиғасы соның дәлелдерінің бірі. Опасыздар мемлекетте төңкеріс жасап, билікті алғылары келді. Құдайға шүкір, ол арамза ойлары іске асқан жоқ. Бұлардың ендігі ойы – билікті эволюциялық жолмен алып, өздерінің «халифатын» жасау немесе ана бір әйелді, немере, күйеулерді билікке әкелу. Болмаса солардың айтқанынан шықпайтын қуыршақты қою. Өркеш майды сорып, халыққа аз-маз бірдеңені лақтырып тастап, өздері құрып алған жекеменшік «Жабық акционерлік қоғамда» отыра беру. Ол бізге керек пе?! Оны қолдасаңыздар, сөз жоқ, Қазақстан құрдымға кетеді! Екінші Сирия болмағанымен, соған жақындаймыз!
Бұл жазып отырғандарыңның «кезектен тыс бір мерзімге 7 жылға сайланатын Президентке қандай қатысы бар?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Жалпы біз көбінесе мәселенің тек бір жағын көреміз. Содан ақиқатын көре алмай, пікір айтамыз. Егер Президент келесі сайлауды не 2023 немесе 2024 жылы өткізетін болса, ана жүрген «акционерлер» мен «паразиттер» сақадай сай келіп, өздерінің адамын алып келеді және қапаста отырған «жақындарын» шығарып алады. Олардың ақшасы пішен, не ойлап, не дайындап отырғандарын бір Құдай біледі. Ал олар осы күзде Президент сайлауы болатынын күтпейтіні анық. Сонымен қатар 30 жыл қоғам мен мемлекет ішінде жиналған «көңді» 3 жылда тазалап шығу деген утопия! Қанша жерден басың алтын болсын, ол «көңді» тазалауға уақыт керек. Оның үстіне толық билікті алғаныңа бір жыл толмаса. Толық билік Тоқаевтың қолына 2022 жылдың қаңтарынан кейін өткен жоқ па? Бірден айтайын, «тазалауға» қанша уақыт керек білмеймін, әулие емеспін! Жұрт мемлекет басқару оңай деп ойлайды. Кейбір пікір жазғыштар өз отбасын айтпағанда, кішігірім мекемені де басқара алмайды. Сондықтан мемлекет басшысына «Авгийдің ат қораларын» тазалау үшін уақыт керек және ана «акционерлер» білсін шамалы уақытта оларға шанс жоқ екенін. Біздің шаруамыз – 2029 жылға дейін сайланған Президентке көмектесіп, азаматтық қоғам жасақтап, ешкім Қазақстанды жеке «Жабық акционерлік қоғам» жасай алмайтын инклюзивті мемлекет құру. Оны жасамасақ Егемендіктен, Тәуелсіздіктен айырыламыз, Қазақстан бөлшек-бөлшек болып ыдырайды. Онда экономика түгіл, дінің де, тілің де ешкімге керек болмай қалады. Халқымыз босып кетеді. Ондай жағдай өткен тарихымызда болды. Тағы бір мәселе. Мемлекетті тазалаудан басқа, оның жаңа архитектурасын құрып, стратегиялық жоспарларды іске асыру қажет. Бұл да уақытты талап етеді. Өз үйіңді жөндеп, тазалау үшін қанша уақыт жоспар құрасың, қанша уақыт күрделі жөндеу жасайсың? Ойланып қара. Енді соның масштабын мемлекет деңгейіне көтер. Сенің проблемаңнан мың, миллион, тіпті миллиард есе үлкен шаруалар. Ол 2-3 жылда немесе 5 жылда біте ме? Анада бір інім: «Қолыма билік берсеңдер, Қазақстанды 6 айда түзеймін», – деген. Адам бірінші өзін түзеген дұрыс. Содан кейін отбасы түзеледі, ауылы түзеледі, ауданы түзеледі, өңірі түзеледі, мемлекеті түзеледі!
Тегі бардан түңілме!
Екінші мәселе Тоқаевқа қатысты. Мемлекет басшысы Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатына бірден-бір жауап беретін адам. Мемлекет космос ұшағынан да күрделі зор «мәшине» екенін жақсы білесіңдер. Бұл «мәшинені» басқару үшін білім керек, тәжірибе керек, біліктілік керек, стратегиялық ой керек, «тазалық» керек, мінез керек, сабырлылық керек, иман керек! Сонымен қатар, әлемде белгілі тұлға, халықаралық қатынастың, оның ішінде көршілеріңнің қыр-сырын жетік білетін адам болуың керек. Енді осы шаблонға Тоқаевты салайық. Ол жоғары оқу орнын сырттай бітірген «заочник» емес, Мәскеудің МГИМО-сын бітірген, кәсіби дипломат. Тәжірибе жетеді. Елші де болды, министр де болды, Премьер-министр де болды, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының орынбасары да болды, Сенаттың төрағасы да болды, Президент те болды. Яғни мемлекет басқаруға қандай білім, біліктілік, тәжірибе қажет, соның бәрінен өтті. Ал, ағайын, осындай тағы бір қазағың бар ма? Халықаралық жағдайға келсек, айналамызда «Аю» мен «Айдаһар» торуылдап жүр. Тоқаев 30 жылда бұрынғы басшыларымыз бетіне қарай алмаған «Аюға» қазақ дипломатиясының қандай екенін көрсетті. Үш жүз жыл тізесін батырған елден бір мезетте ат құйрығын үзіп кете алмайтынымыз бесенеден белгілі. Олар да өз мүдделерін қорғап, шамасы келгенше бізден айырылғысы жоқ. «Айдаһардың» да өз есебі бар. Тек осы екеуінің емес, басқа да біздің стратегиялық әріптестеріміздің сырына Қасекең қанық. Нені айту, нені айтпау, нені істеу, нені істемеуді бізден жақсы біледі. Тоқаев өмір бойы мемлекеттік қызметте болды десек, артық айтпаған болармыз. Ал енді онымен бірге қызмет жасаған, оның баласымен жасты кейбір шенеуніктер одан бай, мультимиллионерлер! Сонда не, Тоқаев билікте жүріп байлық жинай алмады ма? Онда неше бір мүмкіндіктер болса да оған барған жоқ қой! Бұл нені көрсетеді? Қасекең таза адам! Неге? Себебі тұқымы текті! «Тегі бардан түңілме» деген сөз бар. Егер Тоқаев бірдемені жеп қойса, ұрлап қойса, оның оппоненттері баяғыда сахнаға барлық компроматты шығаратын еді ғой! Кезінде бір ғұлама адам маған: «Еділ, мемлекет басқару үшін, адам Құдайға байлану керек, әйтпесе нәпсісі дүниенің соңына кетіп қалады», – деп еді. Яғни Тоқаев иманы бар адам, Құдайдан қорқатын адам! Тоқаевтың мінезі бар адам екенінің дәлелі – ол сын сағатта елін тастап қашып кеткен жоқ. «Өлсем өз ордамда өлем» деп дайын тұрған ұшаққа отырмай, елді опасыздарға бермей, халқын қанішерлерден арашалап алып қалды. Қара басын ойласа, қашып кетпей ме? Ондай тәжірибелерді басқа мемлекеттерден көрдік қой. Базбіреулер «ойбай, Тоқаев халқын атқызды, қанішер» деп даурығуда. Ол ататын болса, ең бірінші көтерілген Маңғыстау халқын неге аттырмады? Біз Самат Мұсабаевпен 3 қаңтардан бастап ел арасында болдық, бір оқ атылған жоқ, бір тамшы қан төгілген жоқ. Оқ ату қанішерлер мен қаскөйлер мемлекет нысандарына шабуылдап, қарусыз сарбаздарды қолдарына не түссе сонымен аяусыз ұрып, атып, өлтіріп бастағанда, соларды құрту үшін бұйырылды. Сенбесеңдер, сол видео интернетте бар, қараңдар. Бұл жерде билікті төңкергісі келген опасыздар барлық жамандықты Президенттің мойнына іліп, өздерін ақ қылғылары келеді. Бұл – ақпараттық соғыстың әдістері! Қазақ мемлекеті бағзы заманнан жауларымен алысып-жұлысып келе жатыр. Өрлеген кездеріміз де болды, құлдыраған кездеріміз де болды. Қазақтың басы біріккенде жауды жеңіп, дамыдық. Ал, ағайын араз болғанда, басымыз бірікпегенде хан, патшаларымыздың басы шабылып, қанға батып құлдырадық.
Осының бәрін Тоқаев білмейді дейсіңдер ме? Оған қазір уақыт керек. Кезінде Наполеонмен соғыста Кутузов Мәскеуді тастап кетті. Астанасын беріп кеткен қолбасшыны опасыз деуге болады. Бірақ ол күш жинап, ақылға салып, сосын соққы беріп, тек Ресейді емес, Еуропаны азат етуге мүмкіндік жасаған жоқ па? Бас қолбасшы М.Кутузов бас қаланы бергенмен, мемлекетті сақтап қалды. «Ұрыста ұтылып, соғыста ұту» деген принцип бар. Тоқаев соған барып отыр! Иә, соңғы сайлауға қатысты өзгерістер оның репутациясына жақсы емес, оны ол өте жақсы біледі. Ол халыққа берген уәдесін орындау үшін, елімізде бастаған реформаларын аяқтау үшін осындай қадамға барып отыр. Әйтпесе қалған мерзімін атқарып жіберіп, демалысқа кетпей ме? Іс бастау үшін ниет керек, оны атқаратын білім керек, басталғасын қиындықтар болады, оған сабыр керек, бастаған нәрсені аяғына дейін жеткізу керек. Міне, осы принциптерді Қасекең жасап отыр! Бірақ сабырдың да шегі бар, «ер кезегі – үш» деген, кеше Үкімет мүшелеріне үшінші рет ескерту берді. Бұл жерде айта кететін бір нәрсе бар. Тоқаев бүкіл қазақстандықтарға, оның ішінде барлық деңгейдегі шенеуніктерге мүмкіндік берді. Түзел, тазалан, әділ жұмыс жаса деп шанс берді. Енді шенеунік немесе Ұлттық компания қызметкерлері жұмыс жасамаса, аямау керек! Өз обалдары өздеріне! Біздің топтың мәлімдемесінен кейін «Еділ жағымпаз, принциптерін өзгертіп кетіпті» дейтіндер шықты. Осы күнге шейін біреуге жағымпазданып, лакей болған адам емеспін. Менімен жақсы араласатын азаматтар біледі. Құдай ондай «аурудан» аулақ қылсын. Адам сын сағатта сыналады! Адам өлім келгенде де таңдау жасайды! Менің маңдайыма біреу мылтығын кезеніп: «Менің сөзімді қалайда айт», – деп тұрған жоқ! Кезеніп жатса, оны да көрерміз! Түбі бір өлім! Ер Тұғырыл би: «Бұл дүниенің құпиясы – әділдік үшін күрес!» – деген. Тоқаев – әділдік үшін күреске басын тіккен адам! Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ, мен өз жеке басым осы кісіні қолдаймын! Әділ қоғам құрамын деген талпынысы үшін! Әркім өзі шешім қабылдасын. Дұрыс кемеге отыра ма, әлде ұры кемеге отыра ма? Жағаның таза жағына шыға ма, әлде лас жағына шыға ма? Таңдау әр адамның өзінде! Себебі Құдай алдында әрқайсысымыз жеке жауап береміз!» – депті. Патша көңілді оқырман, халық қалаулысының сөзіне қалай қарайсыздар?