Болашақтың кілті – ақпарат технологиясы

Болашақтың кілті – ақпарат технологиясы

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті IT маманын дайындау міндетін қойып, тапсырма берген еді. Бүгінгі таңда елімізде IT мамандарына сұраныс артып отыр. Өйткені көптеген компания сауатты әрі мамандығын жақсы білетін бағдарламашылар мен әзірлеушілерге мұқтаж. Осы тұста «Елімізде IT саласы қалай дамып жатыр? Мамандар дайындау үшін қандай шаралар қолға алынды, сонымен қоса мықты IT маман болу үшін мамандар қандай дағдыларды дамытуы керек? Әлемдік деңгейде қандай жетістіктеріміз бар?» деген секілді сауалдарға жауап іздеп Қанат Қожахметпен әңгіме өрбіткен едік. 

Қанат Темірғалыұлы IT саласында білім алып, қазіргі таңда сол салада ерен еңбек етіп келеді. Қанат Қожахмет Сүлеймен Демирел атындағы университетте бакалавр, Қазақстан-Британ университетінде магистратураны бітірген. 2014 жылы Информатика, есептеуіш техникасы және басқару бағыты бойынша PhD дәрежесін алды. 17 жылдан бері білім беру саласында жұмыс істеп келеді. Еліміздің бірқатар озық жоғары оқу орындарында сабақ берді. ҚБТУ, SDU, Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университеті сияқты жоғары оқу орындарында профессор қызметін атқарды. Нархоз, SDU университеттерінде ректор болып жұмыс істеді. Astana IT University ашты.