Бұл соғыс бізге нені ұқтырды?

Бұл соғыс бізге нені ұқтырды?

«Соғыс басталды» деп аңтарыла жазып жатқанымыз кеше ғана сияқты еді. Енді соғыстың соңы немен аяқталады деп тағатсыздана күтіп отырмыз. Осылайша күллі әлем күдіктенсе де, қанды қасап соғыс бола қоймас деген болжамдар адыра қалды. Ресей 21 ақпан күні, өздерін «тәуелсіз республика» етіп жариялап алған екі облыстың егемендігін «дауысқа салып» мойындай салды. Мойындап тұрып, «бұл мемлекеттердің аумағы бұрынғы шекаралар негізінде болуы тиіс» дегенді шегелеп айтты. Ондағы ойы Украинаның осы «мемлекеттердің» аумағын «басып алып отырғандығына» қарсылық таныту болып шықты. Сөйтті де 24 ақпан күні таңға жуық шүріппеге қол салды. Міне сонан бері қарайғы бес күнде дүние біткен апалаң-топалаң болды да кетті. Ресей райынан қайтқан жоқ. Есесіне жекеленіп жалғыз қалды. Көптеген банктері санкцияға ұшырап, керек десеңіз ресейлік ұшақтардың Еуропа аспанынан ұшуына тыйым салынды. Ресей агрессор ел ретінде жаңа ғасырдағы фашизмнің отын қайта жақты. Мұның зардабы талайға созылатын түрі бар. Оған дәлел жауласқан екі тараптың 28 ақпандағы алғашқы келіссөзі пәлендей шешім шығара алмады. Ал орыс әскерлері қуатты зымырандарды қолдана отырып, Киевке қаратқан шабуылды үдетіп жатыр.

 

Соғыстың түпкі себебі

 

Бұл соғыстың түпкі себебі – оқырмандарымыз үшін бейтаныс емес. Тіпті өте таныс әрі жіті бақылауда отырған жағдай деуге болады. Барлығының астарында империялық астамшылыққа мейлінше мас болған орыс шовинизмі мен өздерін Еуропаның өркениетті елдері санатында көргісі келетін украин арманының бір арнаға тоғыспайтын ащы шындығы жатқандай. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Украина батыстық демократияның жолын таңдады. Алайда Ресейге, мәңгі бақи уысында отыра беруі тиіс көрінген Украинаның мына талғамы ұнаған жоқ. 1992 жылы екі ел Қара теңіз флотын бөліске салды. Ал одан кейінгі жылдардағы Ресей ықпалы мен «Түрлі-түсті төңкерістер» кезіндегі Украинаның саяси жүйесіндегі ауыс-түйістер, халықтың билікке наразылығы  сынды ашық та жасырын теке-тірестердің соңы ушығып кетті. 2013 жылдары Украина халқының билікке қарсы наразылық акциялары, Киевті кәдімгідей сансыратып тастады. 2014 жылы наурызда Ресей Қырым түбегіне әскер кіргізді де, «халықтық референдум» өткізе отырып, «бір кездері бауырына сыйға тартқан түбегін» өзіне қосып алды. Халықаралық қауымдастық мұны әлі күнге дейін мойындаған жоқ. Бұл оқиға екі елдің арасын қатты ушықтырып жіберді. Минскіде өткен екі реткі келіссөзден соң қарулы қақтығыстарға бару уақытша тоқтатылғанымен, арада жібіместей тоң пайда болған еді. Одан кейінгі уақыттағы Ресеймен шекарада жатқан Донбасс пен Луганск облыстарында бүлік бұрқ ете түсті. «Бақсам бақа екен» демекші, Мәскеу билігі, екі облыстағы саны басым орыстардың ана тілдері қақпайға ұшырап, азаматтардың құқықтары тапталып жатқандығына үнсіз қарап тұра алмайтындығын көрсетті... 

Екі елдің арасында бұдан бөлек мәселелер өте көп екендігін оқырман қауым жақсы біледі. Бәрінен де маңыздысы Украинаның НАТО мен Еуроодаққа мүше болу атты талғамы Ресейге ұнаған жоқ. Түпкі себеп осында жатыр. Кезекті соғысқа қысқаша тұжырып баға беруге тура келсе бұл Ресей, АҚШ, Еуроодақ арасындағы сенімсіздіктің резонансынан туындағандығы дер едік. Орыстар үшін Украинаның НАТО-ға мүше болу ниеті, НАТО-ның шығысқа қарай ірге кеңейту жоспары, өздерінің ықпал ету аймағының тарылуы ретінде бағаланса, АҚШ өз ықпалының төмендегендігін көргісі келмейтіні белгілі. Ал Еуроодақ болса Ресейдің қару-жарағы мен табиғи ресурстарын көзір ете отырып, өктемдік көрсеткісі келетін астам пиғылын тежеуге тырысатындығын көрсетіп жатыр. Осылайша үш жақтың мүдделер қақтығысы ақыры Украина жерінде қан майданда сынға түсті.

Вторая" война против Украины: решится ли на это Путин? — Эксклюзив ТСН —  tsn.ua

 

Соғыстың Қазақстанға әсері

 

Путин Украинаның шығысындағы екі бүлікшіл аймақтың тәуелсіздігін мойындау туралы жарлыққа қол қойған күннің ертесінде-ақ санкциялар басталды. АҚШ басшысы Байден 22 ақпанда «Ресей халықаралық құқықты өрескел бұзды» деп айыптады. Әрі соның қарымтасы ретінде Ресейдің мемлекеттік Даму Банкі (VEB) мен қорғаныс операцияларымен айналысатын ең ірі жеке банк Промсвязьбанкі мен үш лауазымды тұлғаға блокадалық санкциялар салатынын мәлімдеді. Алайда бұған бола шиеленіс бәсеңдеген жоқ. Ресей әскерлері ұрысты бастап кетті. Есесіне бүкіл әлем күн өткен сайын Ресейді оқшаулаудың түрлі шараларына кірісе бастады. Тіпті дүниежүзілік екі соғыста да бейтараптық сақтаған Швейцария 28 ақпан күні Ресейге қарсы экономикалық санкцияларға қосылатындығын мәлімдеді.

Топ-менеджеры ПСБ вошли в рейтинг топ-1000 лучших менеджеров России - РИА  Новости, 15.09.2020

Бұл соғыстың қазақ еліне зардабы өте ауыр болатындығын мамандардың көбі айтып жатыр. Олардың болжамы бойынша Қазақстан экономикасы ауыр зардап шегетін болады. Мұның алғашқы нәтижелері теңгенің күн сайын құлдырап бара жатқандығынан көрініс тауып жатыр. Бұдан бөлек мемлекет қазынасының қақ жартысын толтырып тұрған мұнай-газ саласы да ауыр шығындарға бататын сияқты. Яғни Ресей аумағы арқылы шетел нарығына кетіп жатқан шикі мұнайдың ағынына тоқтау салынатын болса, «екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» өзі болайын деп тұр. Бұл қауіптің де шеті біліне бастады. Германия Ресей газынан бас тартып, оның орнын АҚШ-нан тасымалданатын сұйытылған газбен алмастыруды шешті. Ал мұнай құбырларының краны қашан жабылатындығы қазірше белгісіз болғанымен, Ресейдің көптеген қаржы институттарына қаратылған санкциялар күн өткен сайын молайып келеді. Экономикалық зардаптарынан бөлек, көпвекторлы саясат ұстанып келген қазақ елі, бұл соғысқа деген ұстанымы арқылы өзінің халықаралық қауымдастық алдындағы беделін төмендетіп алуы да ғажап емес. Қазіргі таңда Ресейдің позициясын қолдайтын мемлекеттер өте аз. Әрі олар да күллі әлемнің көзтүрткісіне айналып бара жатыр. Дегенмен қазақ елі араағайындық танытқысы келетіндігін білдіріп қалды. 28 ақпан күні ҚР СІМ Мұхтар Тілеуберді Украина мен Ресей делегаттарының келіссөздер жүргізуі үшін Нұр-Сұлтанның алаң ұсынуға дайын екендігін мәлімдеді.

Газ свободы» признан худшей фразой года | ProFinance.Ru

Жалпы айтқанда көптеген сарапшылар бұл соғыстың әсері Қазақстанға экономикалық және саяси тұрғыдан үлкен ықпал жасайтындығын дәлелдеп отыр. Ал «оқшауланған Ресей, алдағы уақытта айнала жұртпен Қазақстан арқылы алыс-беріс жасауы мүмкін, бұл бізге тиімді болады» деген позитивті болжам жасап жатқандар да жоқ емес.

 

Не түйдік?

 

Путин заявил, что Россия поддерживает суверенитет всех постсоветских  республик - Газета.Ru | НовостиРесейдің Қырымды аннексиялап алуы, сосын Донбасс пен Луганскінің «тәуелсіздігін мойындауы», соны сылтау ете отырып көрші елдің аумағына басып кіруі «XXI ғасырда өзге елдің территориясын басып алу деген атымен болмайды. Тек қана экономикалық тұрғыдан жаулап алуға болады» дейтін тұжырымды жоққа шығарғандай болды. Ол аз десеңіз Путин ядролық қаруларды қолданудан тайсалмайтындығын ашық білдірді. Бұл сөз Кремльден шыққанына бірер күн өте сала тағы да президент нұсқауы мәлім етілді. РФ Президенті Владимир Путиннің бұйрығымен 27 ақпанда, құрамына стратегиялық ядролық күштер кіретін «Тежеу күштері» әскери кезекшіліктің айрықша режиміне ауыстырылды. Ресей басшысы бұл туралы «НАТО-ның жетекші елдерінің биік лауазымды тұлғалары біздің елімізге қатысты агрессивті мәлімдемеге жол берді. Сондықтан Қорғаныс министріне және Бас штаб бастығына ресейлік армияның тежеу күштерін әскери кезекшіліктің ерекше режимін өткеруге көшіруді бұйырамын!», – деді нықтап тұрып.

Бұл дегеніңіз алпауыттардың ядролық қарулардан бас тарттық дегенінің тек қағаз жүзіндегі арзан уәде екендігін айғақтағандай. Қазірге дейін әлем елдері арасындағы жаппай қырып жоятын қарулардан бас тарту, ядролық қарулардан бас тартқан Қазақстан, Украина секілді елдердің аумақтық тұтастығына кепілдік беру сынды көптеген халықаралық құжаттардың құнының көк тиынға тұрмай қалғандығының белгісі еді. Ендеше қазақ елінің де ойланғаны жөн. Соғысқа дейін Украинаның басына күн туса, әскери күшпен де қолдайтындай көрінген батыс елдері жеме-жемге келгенде Киевті жалғыз қалдырғандай болды. Бар қолдағаны Ресейге қаратылған санкцияларды молайту мен Украинаға қарата қаржылай көмек беруден асқан жоқ. Бұл сонымен қоса, Еуроодақ елдерінің де АҚШ-қа НАТО-ға арқа сүйей отырып, өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету ойларының сенімсіз екендігін айқын дәлелдеп берді.

Украина Кеңес одағы ыдыраған кезде әлемде үшінші орында тұрған ядролық держава еді. Онан кейінгі орын Қазақстанға тиесілі болатын. Алайда орыстың уәдесін алған екі ел де адамзатқа ажал себетін бұл қарулардан бас тартып, күллі дүниеге бейбітшілікті сүйетіндіктерін паш еткені бар. Алайда қол алысқан орыстардың өзі 30 жылға жетпей уәдесінен тайып шықты. Осындайда «орыстан досың болса, айбалтаң жаныңда болсын» дейтін қазақ мақалы еске түседі екен... Ендеше, мәңгілік одақтастық, мәңгілік достық, мәңгілік қауіпсіздік дегендер атымен жоқ деген сөз. Бұл қазіргі соғыстың әлем елдеріне түсіндіріп берген үлкен қағидасы еді. Қазірдің өзінде мемлекет қорғанысы мәселесі басты тақырыпқа айналып келе жатыр. Соның дәлелі Германия бірнеше күн бұрын Ұлттық қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны 100 миллиард долларға бірақ көтерді.

Почему при распаде СССР ядерное оружие осталось только в России - Русская  семерка

Кезекті қан төгіс – әлемге қырғи қабақ соғыстың қайта туындайтындығын да еске салғандай. Себебі мынадай жағдайлардан кейін жауласқан тараптарды қойып, Ресейге алыстан наразылық білдірген елдердің өзінің орыстармен бір үстелде емен-жарқын отыра алуы неғайбыл болары анық. Егер бұл соғыста Ресей жеңетін болса, ол АҚШ пен НАТО-ның әлсірегендігінің көрінісі болмақ. Сондай-ақ Путин Еуразияны уысында ұстау және Кеңес одағын қайта құру мақсатына жету үшін айналасындағы мәселелерді тек қана соғыспен шешуді жалғастыруы да ғажап емес. Ал соғыс Украинаның пайдасына шешілер болса, орыс әлемінің әлсіреуі басталып, әлемдік геосаясатта АҚШ, Қытай сынды санаулы алпауыттардың бәсекесі басталатындығы белгілі.

Қорытып айтқанда, бұл соғыстың барысы – ұлттық қауіпсіздіктің қай кезде де маңызды екендігін түсіндіргендей болды. Кейбір сарапшылар әлем елдері ендігі жерде жаппай қарулануға көше бастайды деген болжам айтып отыр.

 

 

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
03.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

Әділ Қазақстан: Әлібидің азабы
Анықтама жасаған – Абзал Құспан, заңгер - 30.06.2022 183
Абылай хан туралы ащы щыңдық
Самат ӨТЕНИЯЗОВ, Мадрид және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.к. - 30.06.2022 190
Абылай хан туралы ащы шындық
Самат ӨТЕНИЯЗОВ, Мадрид және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т. ғ. к. - 23.06.2022 1191

Топ жаңалықтар

1
Қарағанды облысының өнеркәсіпшілері өз өнімдерін Екатеринбургтегі халықаралық көрмеде ұсынды
Show more
Жомарт Шаймұрат - 2022-07-07 11
2
Қарағандыда Жақсыгелді Сейілов туралы көркем фильм көрсетілді
Show more
Жомарт Шаймұрат - 2022-07-07 19
3
982 тонна қоқыс: Қарағанды облысы Birge – taza Qazaqstan акциясын қолдады
Show more
Жомарт Шаймұрат - 2022-07-07 20
4
Басты мақсат – жас спортшылар қатарын көбейту
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 72
5
«Алтынордалықтардың» алтыншы қойылымы
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 105