Біздің дәл қазіргі елдің даму үрдісі, оның ішіндегі азаматтық пікірдің қалыптасу барысы, не нәрсенің болып, не нәрсенің болмай жатқандығын түсініп, оған аз да болсын баға бере алатын кезеңді көргеніміз бір жағынан жақсы; романтизм, шығармашылық тарапынан; ал екінші жағынан аса бір арқаны кеңге салып өмір сүруге де жағдай жоқ. Facebook азаматтық пікір талас ортасына айналды десек, бір жағынан ол әлеуметтік желіде де «кәрі қоғамның» отырғанын, «ұлт» сөзі қосылған кез келген тақырыптардың «сұранысы» артатынын, «дін», «тіл», «ру» тақырыбындағы посттардың астында жұлып жеуге дайын аудиторияны да байқаймыз.
Неге біздің қоғамда, біздің елде «біреуді көре алмау феномені» асқынып кеткен? Көп адамның ойындағы «шіріп жатқан батыс» елдеріндегідей азаматтық құқықтың біздің елде неге әлі көзге көрінбейтіні де қатты толғандырады. Бірақ біз тіпті сол үшін күресіп жүргендерді де жазғырамыз. 31 шілде күні оппозициялық саясаткер М.Әбіләзов елді митингке шақырды. Өзін әлемге демократиясы бар ел ретінде көрсететін Қазақстан осындайда қаланың алаңдарына әскерилерін, сақшыларын толтырып қояды. Қандай себеппен болса да, бейбіт митингіге шыққандарды тарпа бас салып, көліктерге салып, қол-аяғын қайырып әкете барады. Естеріңізде болса, Алматыда өткен феминистердің маршына бәз біреулер «Оларды неге ұстамайды?» деп жаза бастапты. Қараңыз, «неге ұстамайды?» дейді. Біз қазақ елінде қара болсын, хан болсын, қара қылды қақ жарған әділеттілікті, заңды үстем ете алмай жүргенде, бұлар әйелдердің құқығын талап еткендерді «сақшыға ұстап» бермекші.
Көптеген платформаларда: «Егер әйелдердің теңдігі болса, онда олар да бетон құйып, кірпіш жасасын» деген сынды пікірлер де айтылыпты. Жұмыс таңдау құқығы мен адам құқығын ажырата алмайтын азаматтарға пікір қайтарудың да қажеті шамалы. «Бұның бәрі біздің қоғамда неге қайталана береді?» деген сұрақ туындайды. Қазақстан қоғамында қазір «мен» көп. Яғни, көбі митинг, шеру, тағысын тағы дүниелерде, facebook беттеріндегі жазбаларда; әсіресе, күн сайын «жүздеген» пост жазатын, бірақ өзі ешқашан митингіге шықпайтын аккаунттар; әр адамның «мені» «қоғам» немесе «бізден» биік тұратыны байқалады. Оны «феминистерді де ұстаңдар» деген сөздерден көре аласыздар. Бұған біз қалай тап болдық? Бұл жалпы ұлттық сауатсыздықтан деп ойлаймын. Ғылымның, білімнің дамымай қалуы, докторлардың, профессорлардың мың жылғыны мыжи беруі, авторитеттер мен идолдарды қолдан жасауымыз, білімді ата дәстүрмен бағалайтынымыз, бәрі-бәрі бізді анау айтса анда, мынау айтса мұнда жүгіруімізге итермеледі. Сауатсыздық сананың күңгірттенуіне әкеледі. Сауат дегеніміз сіздің кәсібіңізге, тіл біліп, математикалық есепті шығара алатыныңыз, ментальді арифметикаға қатысқаныңыз емес.
Ментальді арифметика демекші, сол сізге қалай көмектеседі деп ойлайсыз? Бір қиын теңдеу шешерде көзін жұмып, қолдарын сермеп отырған ғалымды елестетіңізші. Бұның бәрі соңында «шарлотандардың» көбеюіне, адамдардың оған жаппай сенуіне әкеледі. Қазақты құтқарғысы келетін бизнес тренер, ұлт жайлы ойлайтын абайтанушылар, трендтен қалғысы келмейтін діндарлар, концерт беріп, ұлттық әдебиет жайлы айтатын ақындар лекция оқи бастайды. Тіпті ұлт пен этникалық топ, этностың айырмашылығын білмесе де. Ұлт деген Қазақстан азаматтары, достар. Орысы, татары бар бәрі бір халық. Ал олардың этникалық айырмашылықтары басқа әңгіме.
1973 жылы эксперимент жасалды. Лекцияға белгілі ғалымдар, докторлар мен профессорлар шақырылды. Лектордың аты Майрон Фокс. Алдымен оның атағын, даңқын айтып таныстырады. Ол негізі актер Майкл Фокс болатын. Бірнеше ғылыми басылымдардан терминдерді алып, оны мақсатсыз, әр жерге қойып, лекция оқып шығады. Лекция аяқталады. Бәрі тікесінен тік тұрып шапалақ ұрады. Тіпті соңындағы сауалнамада көбі лекция ұнағанын айтқан. Яғни айту мен жеткізу теxникалары – ғалым оқыған лекция иллюзиясын тудырған. Кейін көп сыншылар бұны дұрыс деп танымады. Сауалнамада тек иә немесе жоқ секілді екі ғана нұсқаның болғанын айтып, бұл жауап нұсқалары адамның таңдау ерігін айырды деді. 2012 жылы қайта тәжірибе жасалды. Сол лекцияның видеосы студенттерге қойылды. Сауалнама 1-6 аралығында ұнату шкаласымен жүргізілді. Тағы да бәріне ұнаған. Содан кейін басындағы атағын айтатын жерді кесіп тастап, астына субтитрмен қойған. Сонда да ұнаған. Содан кейін сол тақырыпты білетін жоғары курс студенттеріне қойған. Кей нәрселерді білгенімен, олар да ұнатқан. Содан кейін барып «сіз бірдеңе түсіндіңіз бе?» деген сұрақ қойған. Міне сонда көбі ештеңе түсінбегенін айтқан. Сосын бұл эффект дәлелденбеген болып шешілді. Дегенмен ештеңе білмейтін адамдардың алдында бұл эффект жұмыс істейді. Сауатсыздықтың кесірінен біз ненің не екенін ұқпай, комфортты, өзіміз толық түсінбесек те, білгендей болатын, өзімізді жақсы сезінетін ортадан шыққымыз келмейді. Алысты ойлау былай тұрсын, тіпті өзімізді, «менімізді» қорғай алмай жатамыз. Содан да көзге ашық көрініп тұрған Омар Жәлелдің қателігінен де біз астар іздейміз. Феминистердің маршында ешкім ұсталмағаны, көңілімізді басқа жаққа бұрып жатқан саясаттың ісі секілді көрінуі мүмкін. Бізге жалпы ұлттық сауаттылық керек шығар. Әйтпесе қолдан идол жасап, онымен бірге шай ішу руxани әңгіме де, басқасы «тексіз», «сатқын» адамдар болып қала бермек.